Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 73-бабын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi іс-шараларды жүргізу ережесі бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2004 жылғы 3 желтоқсандағы № 258 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 3312 тіркелген, «Заң газетінде» 2005 жылғы 2 қарашада № 138 (762) жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті (Ж.Ы. Омаров) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланғаннан бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министрдің м.а. Е. Аман
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің м.а.
2010 жылғы 26 қарашадағы
№ 729 бұйрығымен
бекітілген
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi іс-шараларды жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi іс-шараларды жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 73-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсiру және олардың сапасына бақылау жасау жөнiндегi іс-шараларды жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Ормандарды молықтыру және орман өсіру учаскелердің әлеуетті орман өсіру жағдайларына, сүрек және бұта тұқымдас ағаштардың ағаш өсірушілік қасиеттеріне, екпелер өсіру мақсаттарына сәйкес аймақтық-типологиялық негізде жүзеге асырылады және мыналарды:
орман өсірушілік, экологиялық және экономикалық жағынан мейлінше тиімді тәсілдермен ең қысқа мерзімде орман ресурстарын молықтыруды;
мемлекеттік орман қоры жерлерін ұтымды пайдалануды;
ормандардың өнімділігі мен сапасын арттыруды;
аумақтың оңтайлы ормандылығын қамтамасыз етуді;
ормандардың ортаны қорғау және ортаны құру қызметтерін атқаруы үшін олардың су қорғаныштық, қорғаныштық, санитарлық-гигиеналық және басқа да пайдалы қасиеттерін арттыруды қамтамасыз етеді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орманды табиғи және жасанды молықтыру көлемі ревизия кезеңінде және жыл сайын орман орналастырумен анықталады. Көрсетілген тәсілдердің қатынастарын әр орман өсіру аймағы, өңірі (облысы) және мемлекеттік орман иелену бойынша орманның табиғи жаңару барысын арнайы зерттеу негізінде ғылыми және жобалау-іздестіру ұйымдары анықтайды.
4. Осы Ережеде төмендегідей ұғымдар қолданылады:
1) кеспеағаш аймағы - ағаш кесудiң барлық түрлерi үшiн бөлiнген немесе ағаштары кесiлу сатысындағы орман учаскесi;
2) орман дақылдарын түгендеу - мемлекеттік орман иеленушілердің екпелерді өсірудің бірінші және екінші жылында, және орман көмкерілген жерлерге дақылдарды ауыстыру кезінде күзде жүргізілетін орман екпелерінің сапасын аттестациялау (әуеден себу үшін жүргізілген жұмыстардан кейін екінші және бесінші жылы);
3) тұқымдықтар (тұқымдандыру көздері) - тұқымдық жеке тұрған ағаштар немесе олардың тұқымдық топтары, орман учаскесінің шоқ ағаштары немесе орманның табиғи жаңаруын қамтамасыз ету үшін жақын учаскелерден тұқымның ұшып келуі мүмкін емес кеспеағаштарда қалдырылған орман учаскесінің тұқымдық жолақтары;
4) алаңша - сүйретiп шығаратын кеспеағаш соқпағы арқылы ағаштар, сыпталған ағаштар немесе сортименттер көлiк құралдарымен сүйретiп әкетілетiн кеспеағаштың немесе мөлдектiң бiр бөлiгі;
5) орман дақылдарын орман көмкерген жерлерге ауыстыру - мемлекеттік орман иеленушісінің белгіленген сапа көрсеткіштеріне жеткен орман дақылдарын орман көмкерген жерлер санатына енгізу туралы шешім қабылдауы;
6) бастапқы орман дақылдары - өсіп тұрған орман қолтығындағы кесуден бірнеше жыл бұрын қажетті тұқымдылардың сенімді түрде жаңаруын қамтамасыз ету үшін өсірілген дақылдар;
7) орман дақылдарының жерсінуі - орман екпелерінің бірінші немесе екінші жылында анықталатын тірі өсімдіктері бар отырғызу (екпе) орындарының жалпы отырғызу (екпе) орындарына проценттік қатынасы;
8) орман дақылдарын қайта жаңарту - құндылығы мен өнімділігі төмен екпелерді құнды және өнімділігі жоғары екпелерге ауыстыру;
9) өздігінен өну - табиғи түрде жаңарған орман ағаштары мен бұталардың өсімі;
10) аралас орман дақылдары - құрамында бірнеше ағаш немесе бұта тұқымдылары бар орман екпелері;
11) орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу - шаруашылық құндылығы жоғары орманның пайда болуына, сақталуына жағымды жағдай жасау;
12) орман дақылдарын техникалық қабылдау - орман дақылдары өндірілген сәттен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей мемлекеттік орман иеленушінің комиссиясы жүргізетін міндетті сипаттағы іс-шара, ол осы Ережеге қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша орындалған орман дақылдары жұмыстарының сапасын бағалап, қабылдап алу актісін жасауды қамтиды;
13) орман дақылдарының типі - ағаш және бұта тұқымдыларының құрамында, өсімдіктердің орналасуында, аудан бірлігіндегі санында және топырақты өңдеу ерекшеліктерінде айырмашылықтары бар орман дақылдары;
14) агротехникалық күтім - орман дақылдарын шөп және ұсақ ағаш бұта өсімдіктерінің басып кетуін болдырмаумен тұжырымдалатын және топырақта ылғалдың жиналуын қамтамасыз ететін осы дақылдарға күтім жасау шаралары;
15) орманды күтіп-баптау - орманды жарықтандыру және тазарту түрінде орман дақылдарына күтім жасау шаралары, бұл олардың өсу жағдайларын жақсарту мақсатында оларды көлеңкелеп тұрған тез өсетін ағаш және бұта тұқымдыларының табиғи өскіндерін кесуді және (немесе) қалың екпелерді сиретуді білдіреді;
16) ормандарды молықтыру және орман өсіру қоры (ОМОҚ) - орман дақылдарын өсіруге, орманның табиғи өсіп-өнуіне және орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларына арналған мемлекеттік орман қоры жерлері;
ОМОҚ мынадай санаттарға бөлінеді: орман дақылдары қоры, орманның табиғи жаңаруына арналған жерлер қоры және орман өсіруге арналған жерлер қоры;
17) жартылай орман дақылдары - дақылдар мен табиғи жаңарудан қалыптасқан екпелер;
18) таза дақылдар - нәтижесінде осы тұқымның таза екпесі өсуге тиіс белгілі бір тұқымның дақылдары.
2. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі іс-шараларға қойылатын жалпы талаптар
5. Ормандарды молықтыруды, орман өсіруді және орман тұқымдарын дайындау мен сүрек және бұта тұқымдыларының екпе көшеттерін өсіру жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету орман иеленушілер сияқты, орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді пайдалануға берілген орман пайдаланушылар да іске асырады (бұдан әрі - орман пайдаланушылар).
6. Мемлекеттік орман иеленушілері:
1) ормандарды молықтыру және орман өсіру жерлері мен ормандарды молықтыру және өсіру жұмыстары жүргізілген жерлердің қорын есепке алады;
2) орман орналастыру материалдары бойынша мемлекеттік орман қорында болған өзгерістерді ескере отырып, ормандарды молықтыру және орман өсіру қорының жерлерінің әрбір санаты үшін жеке ормандарды молықтыру және орман өсірудің көлемін, кезегін, мерзімін, әдісі мен тәсілін белгілейді;
3) сүрек тұқымдыларын селекциялау, тұқым шаруашылығы мен сорттарды сынау жұмыстарын жүргізеді;
4) құнды тұқымдылардан жаңа екпелер шығару және оларды күтіп-баптау жолымен ормандардың орта құру және қорғаныштық қасиеттерін арттыру үшін шаралар қолданады;
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде су және жел эрозиясын, саздануды болдырмау жөніндегі шараларды іске асырады.
7. Орман пайдаланушылардың ағаш дайындау жұмыстарында қолданатын технологиялары осы Ережеде және «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы № 141 қаулысында көрініс тапқан нормаларға сәйкес орман ортасының мейлінше сақталуын және шаруашылық жағынан құнды тұқымдардан тезірек жаңа ұрпақ алуды қарастырады.
Ағашы кесілген жерлердегі ормандарды молықтыру тәсілдері және оны қамтамасыз ету бойынша ағаш дайындаушыларға қойылатын талаптар рұқсат құжаттарында көрсетіледі.
8. Ормандарды молықтыру жұмыстарын жоспарлағанда мемлекеттік орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар орман орналастыру немесе жобалау-іздестіру ұйымдары осы аумақ үшін белгілеген орманның қалпына келтірудің табиғи және жасанды тәсілдерінің қатынастарын ескереді.
Таулы ормандардың орта және жоғары белдеулерінің тік беткейлерінде ормандарды молықтыру негізінен орманның табиғи жаңаруы арқылы немесе ормандардың табиғи жаңаруына әсер ету жолымен жүргізіледі, ал қалған табиғи аймақтарда - табиғи жаңарудың табыстылығы мен шаруашылықтың қарқындылығына байланысты, табиғи жаңару немесе орман екпелерін егу арқылы жүргізіледі.
Ағашы кесілген жерлерде орманды молықтыру тәсілін орман иеленуші кеспеағашты бөлу мәліметтері, кесілген орындарды куәландыру және табиғи жаңарудың күнделікті жағдайларын бағалау бойынша анықтайды.
9. Орман мекемелерінде шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың табиғи жаңаруын (өсуін) ескере отырып, ормандарды молықтыру жұмыстарының көлемі ағаш кесу мен орманды молықтыру арасында алшақтыққа жол берілмейтіндей етіп қалыптасады.
10. Ағашы кесілген жерлерде және басқа да ормансыз жерлерде шаруашылық құнды тұқымдылардың табиғи жаңаруы барынша мүмкін мерзім ішінде мүмкін болмаса, ол жерлерде орман екпелері егіледі. Кесілгеннен кейін дереу екпелер егілетін орман типі топтарының тізбесін орман орналастыру немесе жобалау-іздестіру ұйымдары белгілейді.
11. Ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шаралар әрбір учаске үшін нақты алдын ала әзірлеген осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдары әзірлеген мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен арнайы жобалар бойынша жүзеге асырылады.
12. Аса құнды екпелерді молықтыру жөніндегі іс-шаралар (мемлекеттік қорғаныш орман жолақтары, плантациялық дақылдар, маңызды халық шаруашылығы объектілері аймағындағы қорғаныш екпелері) осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдары әзірлеген мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткен арнайы жобалар бойынша жүзеге асырылады.
Ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шараларды жобалаған кезде орман пайдаланушылар сол учаскелердің өртке қарсы орналастырылуын қарастырады.
13. Басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу кезінде орман пайдаланушылар ағашын кескен орманның алқабынан екі мәрте асып түсетін алқапта ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу туралы заңнамалық ережелерді олардың іске асыруы мақсатында мемлекеттік орман иеленушілер оларға осы мақсаттар үшін орман дақылдары қорының құрамынан қосымша алқаптар береді. Бұл орайда көрсетілген алқаптар әдетте мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөніндегі тендерге қойылатын лоттың құрамына енгізіледі.
14. Табиғи жас өскіндер құнды сүрек екпелері санатына енгізілген кезде және орман дақылдары орман көмкерілген жерлерге ауыстырылған кезде олар «Мемлекеттік орман қорындағы орман көмкермеген жерлерді орман көмкерген жерлерге ауыстыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м. а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 561 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6531 тіркелген) бұйрығында көзделген нормативтік талаптарға сәйкес болуы керек.
3. Орманның табиғи жаңаруы
15. Орман иеленушілердің орманды табиғи жаңартуға қалдырған учаскелерінде орман пайдаланушы ағашты кескен кезде бүтін өскендерді, шаруашылық жағынан құнды жіңішке ағаштарды, сондай-ақ тұқымдану көздерін (тұқымдық ағаштар, тұқымдық шоқ ағаштар немесе жолақтар) қалдырулары керек. Егер орман пайдаланушы орман топырағын енді орман өспейтіндей жағдайға дейін бүлдірген болса, онда ол жерді қалпына келтіреді.
16. Мемлекеттік орман иеленушілер және жобалау-іздестіру ұйымдары ормандардың табиғи жаңаруын мынадай жағдайларда қарастырады:
шаруашылық жағынан құнды тұқымдылар өскінінің саны нақты орман өсіру аймағы үшін бағалау шкаласы бойынша табиғи жаңаруы «жақсы» деп табылған нормадан кем болмаса;
түбірден немесе тамырдан балақ шыбықтардың пайда болу жолымен барлық өсу кезеңінде жаңару қабілеті бар ағаш тұқымдыларын кескен кезде, тұқымдық жаңаруы мүмкін болмай барлық өсу кезеңіндегі жаңаруы шаруашылық жүргізу мақсатына дәл келсе.
17. Учаскеде орманның ойдағыдай табиғи жаңару өлшемі барынша шекті мерзім ішінде шығымдылығы жоғары екпенің одан әрі қалыптасуын қамтамасыз ететін шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың біркелкі орналасқан жас ағаштарының жеткілікті мөлшерінің бой көтеруі болып табылады. Орманның табиғи жаңаруы кезінде жас ағаштардың саны бойынша қойылатын талаптар «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 ақпандағы № 141 қаулысында көзделген.
Орманның қайта жаңару мерзімінің басталуы болып мыналар қабылданған: ағаш кесілген жерлерде - сүрекдіңді кесу мерзімінің аяқталуы; алаңқайларда, басқа да орман көмкермеген жерлерде - топырақты минералдандыруды өткізудің немесе қоршаудың аяқталу сәті; ормандануды талап ететін мелиорацияланған ормансыз жерлерде - мелиоративтік жұмыстардың аяқталу сәті.
18. Ормандарды жаңартудың барынша шекті мерзімін орман өсетін аймақтар мен орман түрлерінің топтары бойынша орман орналастыру немесе жобалау-іздестіру ұйымдары белгілейді.
4. Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу
19. Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шаралары тек табиғи жаңаруы ойдағыдай болады деп күтілетін орман типі топтарында ғана жүргізіледі.
20. Орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларына мыналар жатады:
ағаш дайындау кезінде шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың өміршең өскіндері мен шыбықтарын сақтау;
кеспеағаш жұмыстары аяқталған соң өскіндер мен табиғи тұқымдануды күтіп-баптау;
топырақтың үстіңгі қабатын жартылай минералдандыру;
ағашы кесілген жерлерді қоршау;
шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың табиғи жаңаруының кейбір жерлерде өскіндер мен табиғи (өз бетінше) тұқымданудың жетіспеушілігі немесе біркелкі еместігі байқалса, табиғи жаңартуға қосымша ретінде басты тұқымдылардың көшеттері отырғызылады.
Тұқымдықтарды (ағаштар мен шоқ ағаштарды) қалдыру кеспеағаштарды бөлгенде және кескенде табиғи түлеуді қамтамасыз ететін маңызды жағдай және міндетті орман өсірушілік шара ретінде, орманды табиғи түлету шараларына өз бетінше шара түрі ретінде енгізілмейді. Қалдырылған тұқымдықтарды орналастыру және олардың саны мемлекеттік орман құру жерлеріндегі ормандарды кесу ережелерімен анықталады.
21. Ағаш дайындау кезінде өміршең өскіндер мен шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың шыбықтарын сақтауды орман пайдаланушы кеспеағаш жұмыстарының тиісті технологияларын қолдану арқылы қамтамасыз етеді.
22. Сүректерді тасып әкету мен кесілген жерлерді тазалауды қосқанда, кеспеағаш жұмыстары аяқталған соң, шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың сақталған өскіндері мен жетілмеген жіңішке ағаштарының ауданы бүкіл кеспе ағаштың 75 пайыздан кем емес болуы керек (кеспе ағашты бензинді арамен кесіп, трактормен сүйреп тасығаннан соң), ал ағаш дайындағыш машиналармен дайындағанда - 60 пайыздан кем болмауы тиіс. Ағаш дайындаған кезде қар түскен кеспеағаш аймағының өскіндері мен шыбықтарының (мөлдектің жалпы ауданында кесу жұмыстарына дейін есепке алынған) 70 пайызы, ал қарсыз кезде 60 пайызы сақталу керек.
Орман пайдаланушы өскіндерді кесу қалдықтарынан тазалап, көлеңке түсіретін ағаштар мен бұталардан босатып, түзетіп, қалың топтарды сиретіп отыруға міндетті.
23. Толымдылығы 0,6 аспайтын кесуге түсетін екпелердің қолтығында тұқымдар мен өскіндердің өсуіне жағымды жағдайлар жасау мақсаты мен тұқымдықтар бар кезде топырақтың үстіңгі қабатын минералдандырады.
Топырақтың үстіңгі қабатын минералдандыру ағашы кесілген жерлер мен алаңқайларда топырақтың механикалық құрамына және ылғалдылығына, топырақ жамылғысының тығыздығы мен қалыңдығына, төсеніштің қалыңдығына, кеспеағаш жұмыстары кезіндегі топырақтың үстіңгі қабатының минералдану дәрежесіне, тұқымдықтар санына және учаскенің басқа да жағдайларына байланысты, топырақты механикалық немесе химиялық заттар мен өңдеу арқылы жүргізіледі.
Минералдандырылған қабаттың үлесі бүкіл ауданның 30 пайыздан кем емес болуы керек. Соқаның және фрезердің жолақтары тұқымдықтар үшін - 5 метр немесе сақталған өскіндер мен шыбық топтарына - 2-3 метр жақын орналасуы керек.
24. Топырақ бетін минералдандырудың оңтайлы мерзімі - тұқым түсуінің алдындағы кезеңі, яғни жаздың аяғы немесе күздің басы.
Топырақты минералдандыруды гүлденуі мен жеміс беруі үшінші балдан кем болмайтын тұқым өнімімен бірге тұқым беретін жылы өткізеді. Гүлденуі мен жеміс беруі балын анықтау «Орман тұқымдарын дайындауды, өңдеуді, сақтауды, пайдалануды және олардың сапасын бақылауды ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 299 (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6259 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
25. Орманның барлық өсу кезеңіндегі жаңаруы ағаштардың жастары, мөлшері және жай-күйі бойынша түбір мен тамырдан балақ шыбықтар құру қабілетіне ие болатын осындай сүректерді кескеннен кейін қарастырылады. Бұл ретте ағаш кесуді қыста жүргізеді, түбірлерді аласа етіп қалдырады (өзен аңғарындағы жағдайларда су тасуының биіктігі мен ұзақтығы ескеріледі), кеспеағаш тазалауды балақ шыбықтар мен тамыр атпа өскіндері пайда болғанға дейін аяқтайды. Еменнің балақ шыбықтан жаңаруы екі генерациядан, ал қайың, көктеректе - үш генерациядан аспауы тиіс.
26. Жас ағаштарға, орманның табиғи жаңаруы учаскелерінде үй және жабайы жануарлардан зақымдану қауіпі туса, оларды барлық жағынан немесе мал айдайтын жерін қоршап қою керек.
27. Ағашы кесілген жерлердегі өздігінен шыққан, сақталған өскіндер мен шыбықтардың саны аз болғанда, орманның табиғи жаңаруы табысты болуы үшін қосымша көшеттердің отырғызылуы мүмкін. Бұл кезде отырғызу орындарының саны, осы жағдайлар үшін жаппай отырғызылған орман өсімдіктерінің 25 пайыздан аспауы керек.
28. Орманның табиғи жаңаруына жүргізілген жәрдемдесу шараларының қорытындысы мемлекеттік орман иеленушісінің комиссиясымен бағаланады.
29. Шаруашылық қызметтің шектелген режимі бар ормандарда (орман бақтарында, ұлттық табиғи парктерде, жасыл аймақтарда және т.б.) орманның табиғи жаңаруына әсер ету шаралары шаруашылық жүргізу режимін бұзбаған жағдайда ғана басталады.
5. Орман екпелерін құру
30. Босатылған уақыт шегінде шаруашылыққа құнды тұқымдарды табиғи жаңару, табиғи жаңаруға жәрдемдесу арқылы қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман иеленушілер орман дақылдарын құрады.
31. Орман дақылдарын құруға арналған мемлекеттік орман қоры учаскелері орман дақылдары қорын құрайды да, мынадай санаттарға бөлінеді:
1) 1-2 жыл бұрын ағашы кесілген жерлер;
2) 3 және одан көп жыл бұрын ағашы кесілген жерлерде ормандардың шаруашылық құнды тұқымдыларының босатылған мерзім уақытында табиғи жаңаруы болмаса;
3) өрттің салдарынан (өртеңдер) немесе басқа да себептерден жойылған екпелер учаскелерінде босатылған мерзімде, ормандарда шаруашылық құнды тұқымдыларының табиғи жаңаруы күтілмесе;
4) жойылған және есептен шығарылған орман екпелері;
5) алаңқайлар, сондай-ақ қазба байлықтары алынғаннан кейінгі орман өсіруге жарамды жағдайға келтірілген жерлер;
6) ауыл шаруашылығына пайдаланудан шығарылған, орман өсіруге жарамды жерлер;
7) орман өсіруге жарамды құмдар, жыралар және басқа да ормансыз жерлер; бұл жағдайда осы категориядағы жерлер агрохимиялық-топырақ зерттеулерінен кейін орман дақылдары қорына енгізіледі:
8) орман дақылдарын егу тәсілімен қайта құруды қажет ететін құндылығы аз орман екпелері.
32. Бірінші кезекте орман дақылдары қорының жерлері игеріледі:
1) су және жел эрозиясына ұшыраған жерлер;
2) елді мекендердің жасыл аймақтарында және өзендер, көлдер, су қоймалары, тоғандар т.б. су нысандары жағалары бойына орналасқан жерлер;
3) биік шөп өсімдіктері мен жылдам өсіп кететін қаупі бар қылқан жапырақтылардың жаңадан кесілген жерлері және өртең алаңдары;
4) жоғарғы класс бонитетіндегі екпелерді өсіруге жарамды, тың жерлердегі орманмен қамтылмаған жерлер;
5) құнды ағаш тұқымдарын енгізу үшін қарастырылған, құны төмен екпелердің кесілген жерлері;
6) орман өсіруге жарамды жағдайларға келтірілген, пайдалы қазба байлықтарын өндіруден қалған жерлер.
Орман дақылдары қорын игерудің нақты кезегі орман орналастыру және жобалау-іздестіру жұмыстарымен анықталады.
33. Орман дақылдарын егуге учаске дайындау кезінде, барлық алдағы орман дақылдары операцияларын сапалы атқару үшін, сондай-ақ өрт қауіпін азайту және дақылдардың санитарлық жағдайын жақсарту үшін жағдай жасау жөнінде іс-шаралар жүргізіледі.
Учаскені дайындау мыналарды қамтиды:
1) жерді табиғи қалпында зерттеу;
2) орман дақылдарына учаске бөлу;
3) болашақ дақылдар қатарын немесе топырағы өңделетін жолақтарды белгілеу және машиналардың жұмыс істеуіне қауіпті жерлерді белгілеу;
4) учаскені жаппай немесе жолақтармен құлаған ағаштардан, тастардан, қажетсіз ағаш өсімдіктерінен, кішкентай түбірлерден, кепкен ағаштардың діндерінен тазалау;
5) түбірлерді қопару немесе оларды орман екпелері техникасына бөгет жасамастай биіктікке дейін қысқарту;
6) топырақ бетін тегістеу, оның аумағын мелиорациялау, беткейлерде террасалар жасау;
7) топырақта шамадан тыс орныққан зиянды құрт-құмырсқалармен алдын-ала күрес жүргізу.
34. Учаскені зерттеген кезде оның жағдайы мен орман егуге жарамдылығы анықталады, шаруашылыққа құнды тұқымдардың жас өміршең өсімдіктерінің саны мен орналасуы, құлаған ағаштар және кесу қалдықтарымен қоқыстану дәрежесі, түбірлердің саны мен биіктігі, машиналардың жұмыс істеуіне қолайлылығы, топыраққа зиянды құрт-құмырсқалардың орнығуы белгіленеді, орман өсіру жағдайының типі нақтыланады және орман дақылдарын егу тәсілдері анықталады.
35. Орман дақылдарын егуге жер бөлгенде, оған орман шекараларына, жолдарға және басқа планшетте белгіленген тұрақты белгілерге байланыстыра отырып геодезиялық зерттеулер жүргізіледі.
Орман дақылдарын техникалық жобалауды осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдарымен орман иеленушілердің келісімімен жүзеге асырылады.
36. Орман дақылдарын егу үшін ағашы кесілген жерлерді дайындау орман пайдаланушылар мен кеспеағаш жұмыстарын орындаған кезде жүргізіледі.
Жаппай тазалаған кезде құлаған ағаштар, қажетсіз орман өсімдіктері, кішкентай түбірлер және тастар учаскенің шекарасына ысырылады немесе оның аумағына 25-50 метр сайын жиналады.
Жартылай тазалау, жаппай тазалау мүмкін болмаған немесе қажет емес жағдайларда, ені әртүрлі жолақтармен, сондай-ақ орман дақылдарын дәліз тәсілімен және бөлек еккенде жүзеге асырылады.
37. Жаппай түбірлерден тазалау, ерекше құнды орман дақылдарын егу, топырағы бай ағашы кесілген жерлер немесе өртеңдерде арам шөптер және тамыр атпа немесе балақ ағаш екпелерінің қарқынды даму қауіпі туғанда арнайы жолақтар жасау үшін жүргізіледі.
Құнарсыз топырақта, ағашы кесілген жерлер мен өртеңдерде және беткейдің тіктігі 6 градустан асқанда, топырақ эрозиясын болдырмау үшін, сондай-ақ орман аймақтарындағы сазды және өте сазды жерлерде түбір тазалағанда оның су-физикалық қасиеттері төмендейтін болса, түбірлерді жаппай тазалауға тыйым салынады.
Түбірлерді жартылай тазалау әдетте егілетін тұқымдылардың биологиялық ерекшеліктеріне және басқа да факторларға байланысты ені 2 метрден кем емес жолақтармен жүргізіледі.
Учаскелерді тазалағанда және түбірлерді қопарғанда топырақтың жоғарғы құнарлы қабатының мұқият сақталуы қамтамасыз етіледі.
38. Ғылыми ұйымдары әзірленген, топырақты өңдеу тәсілі, орманды қалпына келтіру жөніндегі қолданыстағы аймақтық ұсыныстарға және топырақ өңдеудің нормативтік-техникалық талаптарына сәйкес, орман типінің тобына немесе орман өсіру жағдайларына, орман екпелері қорының санатына, учаске дайындау тәсілі және қабылданған орман дақылдарының типіне байланысты осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдарымен таңдалады.
Топырақ өңдеу барлық учаскеде (жаппай өңдеу) немесе оның бөлігінде (жартылай өңдеу) механикалық немесе химиялық тәсілдермен іске асырылады. Топырақты әртүрлі механикалық (тракторлық) құралдармен өңдеу негізгі тәсіл болып табылады.
Топырақты жаппай өңдеу, барлық аумақта өңдеу жұмыстарына кедергі келтірмейтін учаскелерде жүргізіледі (6 градусқа дейінгі беткейде және топырақта су және жел эрозиясы болмағанда).
Топырақты бөлектеп механикалық өңдеу жолақтап жырту, жолақтар мен алаңдарды минералдандыру немесе қопсыту, соқалау немесе жыра жасау, кішкентай төмпешіктер жасау (қатарлар, жолдар, төбешіктер), шұңқырлар дайындау жолдарымен іске асырылады.
Топырақты соқалап немесе жолақтап өңдеген кезде құралдар жүрісі жолақтардың түзулігі мен паралельдігін қамтамасыз ету керек.
39. Сусыма құмдары, қажет болған жағдайда, бұталардан ықтырмалар жасау жолымен немесе шөп өсімдіктерін егу, механикалық қалқалар қою (қалқалар, бұтақтар, қамыс немесе сабан бумалары), жер бетіне жабысқақ заттар тастау және басқа да тәсілдермен бекітеді. Бұл жағдайда, басты тұқым егілгенге дейінгі алдын-ала егілген бұталар орман дақылдары көлеміне есептелмейді.
40. Тау жағдайларында топырақ өңдеу тәсілі жердің географиялық аймағын, бедерін, беткейлердің орналасу тәртібі мен көлбеулігін, топырақтың төсенішінің су өткізгіштігін, топырақтың тастылық дәрежесін, учаскенің мөлшері мен қолайлылығын, эрозиялық процестердің пайда болу және даму қауіптілігін ескере отырып таңдалады. Беткейлердің көлбеулігіне, топырақ және басқа да жағдайларға байланысты таулы учаскелерінде топырақ өңдеудің мына тәсілдеріне рұқсат етіледі:
1) тасы көп және тасы аз топырақты 6 градусқа дейінгі тау беткейлерінде - жаппай өңдеу;
2) 6 градустан 12 градусқа дейін тау беткейінде: тасы аз топырақтарда - жолақтап жырту, сондай-ақ түбін қопсыта отырып, қабаттар бойынша бороздалар кесу; құрғақ және биік өсімдіктер өспейтін тасты топырақты террасаларда - жолақтап қопсыту, түбін қопсыта отырып, бороздалар кесу немесе микротеррасалар дайындау; бұталар немесе биік шөп өсімдіктері өсіп кеткен учаскелерде - бульдозер немесе жинағыш қопарғыштар мен ұзындығы 15-20 метр, арасы 3-4 метр дайындалған үзік-үзік жолақтармен ұзын жағымен қабаттар бойына аралары 2,5-3,5 метр етіп орналастырылады;
3) 12 градустан 20 градусқа дейінгі жайпақ беткейлердегі терең және орташа профильді тастары аз топырақтарда - бульдозерлермен немесе қопарғыш-жинағыштармен беткей бойына 3-5 метр үздік-үздік қысқа жолақтар жасалады;
4) тік беткейлердегі (21 градустан жоғары) астыңғы жыныстары су өткізгіш болатын топырақтарда топырақты сатылап немесе алаң етіп дайындауға рұқсат етіледі.
5) аз мөлшердегі тасы өте көп топырақтарда - алаң жасап қолдан өңдейді, шұңқырлар дайындайды.
41. Топырақты химиялық гербицидтермен өңдеу «Пестицидтердің (улы химикаттардың) қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 мамырдағы № 515 қаулысымен белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ерекшелік ретінде алдын ала топырақты өңдемей-ақ орман екпелері көшеттерін жақсы тазаланған ағашы кесілген жерлерге 1 гектарға 500 дейін түбірлер болып, тез өсіп түлейтін тұқымдар қауіпті болмаса егуге рұқсат етіледі, сондай-ақ арамшөптен таза, жыртылған жерлерде, құмдарда, ағаш егуге жарамды тегістелген үйінділер және басқа да жерлерде, орман екпелерінің өсуіне бөгет жасайтын өсімдіктер өспейтін және өте құрғақшылыққа ұшырамайтын желерге де сондай тәсілмен егуге рұқсат етіледі.
42. Құрамы бойынша орман дақылдары таза немесе аралас болуы мүмкін.
Басты тұқым жергілікті орман құраушы тұқымдылардан таңдалады, ал оң тәжірибелер болғанда интродукциялық тұқымдылардан да таңдалады. Ол шаруашылықты жүргізу мақсатына дәл келуі және жердің орман өсімдіктері жағдайларына сәйкес болуы керек.
Ілеспелі тұқымдылар мен бұталарды таңдағанда, олардың басты тұқыммен өзара әсерін ескеру керек.
Ілеспелі ағаш тұқымдылары мен бұталар екпелерге басты тұқым қатарының өз қатарымен алмасуы жолымен енгізіледі.
43. Орман дақылдарының алғашқы жиілігі және отырғызатын (себетін) орынды орналастыру жоғары өнімді сүрекдіңнің қалыптасуын қамтамасыз етуі тиіс.
Орман өсімдіктерін орманды жерге ауыстыру жасында бір гектарға қажет өсімдіктердің саны нақты орман өсіру жағдайлары үшін қолданыстағы стандарттармен белгіленеді.
Орман өсімдіктерін көшеттермен отырғызғанда, отырғызылған өсімдіктер саны стандарт бойынша оларды орманды жерлерге ауыстыруға белгіленген саннан кем болмауы тиіс.
Көшеттермен отырғызылған сексеуіл өсімдіктерінің алғашқы жиілігі 1 гектар жерге 1,78 мың дана отырғызу орнынан кем болмауы керек.
44. Орман зиянкестері мен аурулары таралған ошақтарда отырғызылған (себілген) алғашқы жиілік және өсімдіктердің құрамы орманды қорғау жөніндегі ұсыныстарға сәйкес қабылданады.
Мақсатты орман дақылдарын құрғанда, отырғызылатын (себілетін) орынның саны мен орналастыру схемасы арнайы ұсыныстар және техникалық талаптармен белгіленеді.
Екпелердің бастапқы жиілігінің нақты нормалары, қатар аралығының рұқсат етілген ені және қатардағы отырғызатын (себілетін) орынның ара қашықтығы басты ағаш тұқымының түріне, орман өсіру жағдайларының типіне, өсімдіктерді егудің әдісі мен мақсатына, көшеттердің мөлшеріне байланысты. Бұл нормалар орман өсіру аймақтары бойынша ғылыми ұсыныстарға сәйкес жобалау ұйымдары мен, орманды қалпына келтіру жөніндегі өңірлік нұсқаулықтармен белгіленеді.
45. Орман дақылдарын құрудың негізгі әдісі отырғызу болып табылады. Отырғызу су және жел эрозиясына ұшырайтын тым ылғалды және отырғызылатын орынның арам шөптермен тез өсіп кететін учаскелерде, сондай-ақ ылғалы аз аудандарда жүргізіледі. Айрықша отырғызуға селекциялық көшеттер, сондай-ақ қылқан жапырақты тұқымдардың дақылдарын қолдана отырып, дақылдар егіледі.
Отырғызуға көшеттер, сондай-ақ қалемшелер пайдаланылады, олар орман дақылдарының өсу сенімділігін қамтамасыз етуге, агротехникалық күтіп-баптау қажеттілігін азайтуға және орман дақылдарын орман көмкерілген жерлерге ауыстыруды тездетуге мүмкіндік береді.
Кебуден зиянкестер мен ауруға шалдығудан қорғау үшін, сондай-ақ дақылдар тез қалыптасып тез өсуі үшін, отырғызар алдында көшеттер әртүрлі заттармен өңделеді.
46. Шөл және шөлейт аймақтардағы жеңіл механикалық құрамдағы топырақтарда орман өсіруге қолайлы жағдайларда сексеуіл, черкез, жүзгін және басқа да құмды бекітіп тұратын өсімдіктерді, сондай-ақ Қазақтың шағын қыратты тауларының далалы аймақтарында құнды ағаш тұқымдылары басым тік беткейлерде (21 градустан астам) тұқым себумен өсіруге рұқсат етіледі. Қатаң орман өсіру жағдайларында механикалық құрамы орта және ауыр топырақта екпелерді көшетпен егеді.
Тұқым себу әдісімен: емен, талшын, жаңғақ, бадам, пісте және басқа да тұқымдары ірі жапырақты ағаштарды егуге рұқсат етіледі.
Орман екпелерін себу тәсілі, егу нормасы және басқа да технологиялық талаптар ғылыми ұсыныстарға, өңірлік нұсқауларға (басшылықтарға) сәйкес осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдарымен белгіленеді.
47. Ағаштарды отырғызу және себу кезінде тыңайтқыштар, зиянкестер мен аурулардан өсімдікті қорғайтын заттар сондай-ақ кейіннен тыңайтқыш және шөп ретінде және басқа да мақсаттар үшін арнайы шөп өсімдіктерінің тұқымы бірге қолдануы мүмкін.
Көпшілік жағдайларда себу мен отырғызудың жақсы мерзімі бүршік жарғанға дейінгі ерте көктем болып табылады.
Жағымды ауа райы жағдайларында, егер де өсімдіктер суға тұншықпаса, суыққа және үсікке ұрынбаса жаз аяғында және күзде отырғызу мен себуге (ірі жапырақты тұқымдарды) рұқсат етіледі.
48. Агротехникалық күтіп баптауларға мыналар жатады:
1) өсімдіктерді қолмен тіктеп қою оларды шөп және топырақтың басып қалмауы мен суықтың сығымынан сақтайды;
2) шөп және ағаш өсімдіктерін жоя отырып, қатар бойындағы және араларындағы топырақты қопсыту;
3) егілетін өсімдіктерді қажеті жоқ шөп және ағаш өсімдіктерінен механикалық немесе химиялық құралдармен өңдеу;
4) қатар арасындағы қажеті жоқ шөп және ағаш өсімдіктерін шабу немесе жаншу.
Орман өсімдіктерін минералдық тыңайтқыштармен қоректендіру және суару агротехникалық күтімдерге жатады, бірақ олар арнайы шара ретінде жоспарланады және жүргізіледі.
49. Орманды аймақтарда агротехникалық шараларды негізінен басты тұқымдылар арам шөптер және қажетсіз ағаш өсімдіктері тұншықтырып тастамау мақсатында жүргізіледі.
Орманды дала, далалық, шөл және шөлейт аймақтарда агротехникалық күтім негізінен топырақта ылғалдың сақталуына және үнемді пайдалануына бағытталады. Өте қуаңшылық жағдайларда ол орман дақылдарын орманды жерлерге ауыстырғанда да жалғаса береді.
Агротехникалық күтімдердің тәсілдері, қайталануы және ұзақтығы орман өсіру жағдайларына, егілген тұқымдардың биологиялық ерекшеліктеріне, топырақты өңдеу тәсіліне, дақылдарды егу әдісіне, пайдаланылған көшеттердің мөлшеріне байланысты болады және жобалау ұйымдарымен анықталады.
50. Минералдық және органикалық тыңайтқыштар, әдетте, құнарсыз (құмды, жуылып кеткен, кеуіп қалған, тегістелген, т.б.) топырақтарға енгізіледі, ол жерлерде шөп өсімдіктерінің өспейтінін еске ала отырып, сондай-ақ орман екпелерін мақсатты өсіргенде пайдаланады.
51. Орман дақылдарының бейімделуі 85-25 пайыз болғанда кәсіпорынға белгіленген нормативке байланысты екпелер қосымша егіледі. Дақылдар учаске алаңы бойынша селдір біткен болса, олар кез келген бейімділікте қосымша егіле береді.
Жекелеген жағдайларда орман аурулары мен зиянкестері болса, орман мекемесінің түгендеу комиссиясы жерсінуі 25 пайыздан астам орман дақылдары учаскелерін толықтырудың қажетсіздігі және оларды осындай алқаптарды орман дақылдары қорына енгізіп, есептен шығару мүмкіндігі туралы, сондай-ақ жерсінген дақылдар қылқан жапырақты ағаш тұқымдастары болып, жақсы өсіп-өнсе, жерсінуі 25 пайыздан төмен бір жылдық дақылдарды есептен шығарудың қажетсіздігі, бірақ оларды келесі жылдың көктемінде міндетті түрде толықтыру туралы шешім қабылдайды. Қабылданған шешім еркін түрде жазылатын актімен ресімделеді.
52. Орман көмкерген жерлерде орман дақылдарын құны төмен екпелерді қайта жаңартқанда, орман қолтығына еккенде және алдын ала орман дақылдарын құрғанда отырғызады.
5 жастағы және одан да үлкен жастағы құны төмен екпелер өзінің құрамына, толымдылығына, жасына қарай пісу өнімділігіне және атқаратын қызметтеріне қарай орман өсіру жағдайларына және оның мақсатына сәйкес келмесе қайта құруға белгіленеді.
Қайта құру қорына мыналар енгізіледі:
1) неғұрлым өнімді сүрекдіңдер өсіру үшін қолайлы учаскелерде бұталар;
2) учаскенің орман өсіру жағдайларына жауап бермейтін құны төмен ағаш тұқымдарының жас өскіндері;
3) толымдылығы бұзылған (толымдылығы 0,5 және төмен) немесе зақымданған екпелер және 2-сынып және одан жоғары керексіз тұқымдардың болуымен өнімділігі төмен сүрекдіңдер.
Құны төмен екпелердің құрамы мен биіктігіне байланысты, аумаққа біркелкі бөлінген басты тұқымдар болғанда дәліздік, шоқтанған-топтанған немесе екпелерді жаппай қайта құру тәсілі қолданылады.
Орман қолтығы дақылдары негізінен санитарлық-гигиеналық қызметтерді арттыру мақсатында ерекше күзетілетін табиғи аймақтардың жасыл және рекреациялық аймақтарындағы ормандарда, орман шаруашылығын жүргізу аудандарындағы эрозияға қарсы және басқа да қарқынды қорғаныш екпелерінде егіледі. Екпелердің дақылға енгізілуге дейінгі толымдылығы 0,6 аспауы керек.
Орман көмкерілген жерлердегі орман дақылдарының алғашқы жиілігі осы орман өсіру жағдайларындағы жаппай егілетін дақылдар үшін оңтайлы жиілік мөлшерінен 50 пайыздан кем емес болмауы тиіс.
53. Плантациялық орман дақылдары ғылыми ұсыныстарға сәйкес бүкіл өсіру циклына жасалған арнайы жобалар мен технологиялар бойынша сүрекдіңдерді және басқа да орман өнімдерінің түрлерін жеделдетіп алу мақсатында құрылады.
54. Плантациялық орман дақылдары үшін неғұрлым өнімді орман өсіру жағдайларындағы аудандар бөлінеді.
Дақылдарды отырғызу алдында топырақ мұқият және жаппай өңделеді. Болашақта қажет тыңайтқыштарды енгізу жолымен топырақ құнарлылығын қолдау мен арттыру жөніндегі шаралар қолданады.
55. Плантациялық дақылдарды егу үшін перспективті сорттардың, нысандардың және өскіндердің жоғары сапалы отырғызу материалдары пайдаланылады. Дақылдарда барлық орман дақылдары мен орман өсіру операцияларын механизациялауды қамтамасыз етуге, егілген екпелерге тұрақты күтім жасауға және оларды зиянкестер мен аурулардан қорғауға мүмкіндік беретін оңтайлы отырғызу орындарын орналастыру қамтамасыз етіледі.
56. Әдетте плантациялық орман дақылдар бір ғана тұқымнан егіледі. Оларға бағдарлама бойынша бүкіл өсіру кезеңін қамтитын күтім жасалады.
57. Плантациялық орман өсіру принциптерімен кәдімгі орман екпелері және басты ағаш тұқымының жақсы өсіп тұрған, біркелкі орналасқан жергілікті мөлшердегі табиғи жас ағаштары да қалыптасуы мүмкін. Учаскелер мен орман өсіру жағдайларына қойылатын талаптар плантациялық дақылдарды егумен бірдей.
58. Аумақтың ормандылығын арттыру, эрозиялық процестерді болдырмау және бұрын орманы болмаған аумақтардың экологиялық жағдайларын жақсарту мақсатында:
1) тау беткейлерінде және жыралы-сайларда, судың жер бетіндегі ағыстарын реттеу, топырақтың су эрозиясымен күресу және жер үсті ағыстарын реттеу, топырақтың су эрозиясымен күресу және жер үсті ағыстарын топырақ ішіне ауыстыру үшін екпелер отырғызу;
2) жердің гидрологиялық және микроклиматтық жағдайларын жақсарту, жолдарды қар басудан қорғау үшін мемлекеттік қорғаныш орман жолақтарын жасау;
3) кіші өзендерді және басқа да су көздерін эрозия қалдықтарынан ластанудан қорғау және олардың су режимін жақсарту үшін бұлақ, саға және жаға бойына екпелер отырғызу;
4) құмдарда оларды бекіту, жел эрозиясынан қорғау, сүрек алу мақсатында, жасыл аймақтар құру үшін т.б. алқаптық, ықтырмалық немесе жолақтармен екпелер құру;
5) жайылым жерлерде жердің жемшөптік өнімділігін арттыру, қатты желдерден, қардың және топырақтың басуынан, мал шаруашылығының ғимараттарын қорғау, малды күн радиациясынан, желден және зиянды құрт-құмырсқалардан қорғау үшін орман жолақтарынан шоқ ағаштар және алқаптық екпелер құру;
6) тез өсетін ағаш тұқымдарының плантацияларын жасау шаралары жүргізіледі.
59. Тез өсетін ағаш тұқымдарының плантациясын, орман дақылдарын егу және өсіру осы салаға маманданған жобалау-iздестiру ұйымдарының жасаған жобалары мен технологиялары бойынша жүргізіледі.
6. Ормандарды молықтыру мен орман өсірудің тиімділігін бағалау
60. Ормандарды молықтыру, орман өсіру жөніндегі орындалған жұмыстардың сапасына дәлелдеу үшін және оларды жақсарту жөнінде уақтылы шаралар қабылдау:
1) орман дақылдарын және орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесу шараларын жүргізген жерлерді техникалық қабылдау;
2) орман дақылдарын орман көмкерілген жерлерге ауыстырғанға дейінгі күзгі түгендеу;
3) орман дақылдарын орман көмкерілген жерлерге ауыстыру;
4) орманның табиғи жаңаруына жәрдемдесудің жүргізілген шараларының нәтижелерін есепке алу жүргізіледі.
Көрсетілген іс-шаралар атқарылған жұмыстардың көлемі мен сапасын нақтылауға мүмкіндік береді. Алынған деректер қажетті күтім шараларын жоспарлау үшін пайдаланады, сондай-ақ санитарлық есептілікті және техникалық құжаттамаларды қамтиды.
61. Орман дақылдарының және орманның табиғи жаңаруына жүргізілген жәрдемдесу шараларының барлық учаскелері кезекті орман орналастыру кезінде зерттеледі, оларға қажетті шаруашылық іс-шараларын жобалайды.
62. Ормандарды молықтыру және орман өсіру жұмыстарының соңғы кезеңі орман дақылдарын және табиғи жаңаруына жәрдемдесу шаралары жүргізілген алқаптарды орман көмкерілген жерлерге ауыстыру болып табылады. Егілген екпелерді неғұрлым өнімді сүрекдіңді қалыптастыру үшін негіз болып табылатын құнды ағаш екпелерінің жас өскіндерінің санатына енеді.
Шаруашылық жағынан құнды жас өскіндерге мемлекеттік орман қорын жақсартатын, осы орман өсіру талаптарына және халық шаруашылығының экономикалық талаптарына неғұрлым толық жауап беретін қылқан жапырақты, қатты жапырақты, сондай-ақ басқа да ағаш тұқымдары жатады.
63. Осы кезеңдегі ормандарды молықтырудың жай-күйі мен оның тиімділігі мыналарды:
1) жаппай кесудің және өртеңдердің жалпы ауданына орманды қалпына келтіру жалпы ауданының қатынасына тең ормандарды молықтыру коэффициенті;
2) шаруашылық жағынан құнды екпелер санатына енгізілген жас ағаштар ауданының ормандарды молықтыру жұмыстары жүзеге асырылған жалпы ауданға қатынасына тең ормандарды молықтырудың тиімділігі коэффициенті;
3) жаппай кесудің және өртеңнің жалпы ауданына енгізілген жас ағаштардың ауданының қатынасына тең шаруашылық жағынан құнды екпелер санатына енгізілген жас ағаштар коэффициенті;
4) егер көрсетілген коэффициенттерінің мәні бірге тең болса (немесе оған жақындаса), онда бұл ормандарды молықтырудың ойдағыдай жүргізілгенін сипаттайды.
64. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі жұмыстардың сапасын бақылау жасауды уәкілетті орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде
ормандарды молықтыру мен орман өсіру
және олардың сапасына бақылау жасау
жөніндегі іс-шараларды жүргізу
ережесіне қосымша
Нысан
Орындалған орман екпелері жұмыстарын қабылдау актісі
20_жылғы «___» _______
Комиссия құрамындағы______________________________________орман шаруашылығындағы орман екпелерін құру жөніндегі (ай, жыл) орындалған жұмыстарға ______________________________________ қабылдау өткізді.
Жұмыстарды техникалық қабылдауда белгіленді:
1. _____тоқсанда бөлінген ___ га. алаңдағы жұмыстар орындалды.
2. _________________ жылдар аралығындағы егу және отырғызу жөніндегі жұмыстарды өткізу уақыты (басталуы мен аяқталуы, кейінге қалдырылу себептері).
3. Орман екпелерін құру тәсілі (отырғызу, егу - қатардағы, ұялы, тұқым және.т.б. орналастыру сызбасы).
4. Құнарлы топырақтарды әзірлеу уақыты мен тәсілі (тұтас, сүдігер айдау, ерте пар, қара пар: алаңдардағы ені, ұзындығы көрсетілген жекелеген жолақтар, бороздалар) __________________________________________________________
5. Әзірленген тұқымдардың саны (жер жырту тереңдігі, ластануы, кесектелуі)__________________________________________________________
6. Отырғызу сапасы (жасы, стандарттылығы), егу материалдары, пайда болуы, жинау уақыты. Сапалылығы, сертификат №, датасы, егу алдындағы өңдеу __________________________________
7. Өндіру жұмыстары (отырғызу машиналарымен, Колесова семсері және т.б.) _________________________________________________________
8. Егу, отырғызу жөніндегі жұмыстардың сапасы (бітеу тереңдігі, тамырлардың орналасуы, бітеулердің тығыздығы, белгілердің дәлдігі және т.б) __________________________________________________________
9. Тұқымдардың құрылымы мен ылғал жинауын жақсарту жөніндегі іс-шаралар (гипс салу, тыңайтқыш, қар тоқтату, егу алдындағы культивация және т.б) __________________________________________
10. Жұмыс жобасынан бас тарту және оның себептері бас тарту _____________________________________________________________________
11. Дақылдар сапасындағы айқын көрінетін егу және отырғызу жөніндегі жұмыстардың негізгі ақаулары (көлемі, сипаты).__________________________________________________________
12. Құны мен жұмыстарды көрсетілген жорамалдарды түзеу жөніндегі іс-шаралар. _____________________________________________________________________
13. Дақылдардың күтілетін жерсінуі есебімен орындалған жұмыстар сапасының жалпы бағасы (жақсы, қанағаттанарлық, қанағаттандырылмайтын)______________________________________________
14. ___________________ Орманшылығы ____________________ орман дақылдары бригадасындағы жұмыстар орындалды.
15. ____________________________________________________орман дақылдары жұмыстары жауапты атқарушы, басшылармен орындалатын болады.
Комиссия мүшелерінің қолдары:
Лауазымы ___________________ (қолы)