«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 2 сәуіріндегі Заңының 167-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына, 174-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесі бекітілсін.
2. «Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесі бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитет Төрағасының 2010 жылғы 26 сәуіріндегі № 01-01-31/142 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6253 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы Д. Құсдәулетов
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі міндетін атқарушының
2010 жылғы 3 қарашадағы № 303
бұйрығымен бекітілген
Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесі
1. Жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өту ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуіріндегі Заңының (бұдан әрі - Заң) 167-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына, 174-бабына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушылары тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібін, шарттары мен мерзімін анықтайды.
2. Заңның 156-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының жоғары заңгерлік білімі бар азаматтары сот орындаушысының тағылымдамашылары бола алады.
3. Тағылымдамашылар сот орындаушысы болып кемінде үш жыл, оның ішінде жеке сот орындаушысы болып кемінде бір жыл жұмыс істеген жеке сот орындаушысында тағылымдамадан өтеді.
4. Тағылымдама ұзақтығы бір жылдан кем болмауы тиіс.
5. Осы Ереженің 2-тармағының талаптарына жауап беретін және тағылымдамадан өтуге ниет білдірген тұлға еркін нысанындағы өтінішпен жеке сот орындаушылары алқасының төрағасына жүгінеді және өтініш тапсыру күнінен бастап он күнтізбелік күннің ішінде жеке сот орындаушылары алқасымен тағылымдамадан өту шарт жасасады. Өтінішке нотариалды куәландырылған жеке куәлік құжатының және жоғары заңгерлік білім туралы дипломының көшірмелері тіркеледі.
6. Тағылымдама жеке сот орындаушыларының аумақтық алқасының төрағасымен тағайындалған жеке сот орындаушысының басшылығымен өтеді. Бір жеке сот орындаушысында екі тағылымдамашы бір уақытта тағылымдамадан өте алады.
7. Тағылымдамадан өту аумақтық органмен келісім бойынша өңірлік жеке сот орындаушыларының алқасы бекітетін және барлық тағылымдамашылар үшін міндетті болып табылатын бірыңғай бағдарлама бойынша жүзеге асырылады.
Бағдарлама жеке сот орындаушыларының кәсіби және этикалық мінез-құлық нормаларын зерделеуді, жеке сот орындаушылары немесе арнайы тағылымдамашылар үшін ұйымдастырылған семинарлық дәрістерге баруды қоса алғанда атқарушылық іс-қимылдар жасау және жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі практикалық дағдыларды тағылымдамашының меңгеруіне бағытталған іс-шаралар тізбесін қамтуы тиіс.
8. Тағылымдама жетекшісі атқарушылық іс-қимылдар жасау және жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру бойынша тағылымдамашының кәсіби дайындық деңгейін ескере отырып, бекітілген бағдарлама негізінде жеке тағылымдама жоспарын әзірлейді және аумақтық органның басшысына және аумақтық жеке сот орындаушылары алқасының төрағасына бекітуге береді.
9. Тағылымдамадан өту кезеңінде тағылымдамашы тағылымдама жетекшісінің басшылық етуімен:
азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруды;
түсетін хат-хабарды қабылдау, тіркеуді және есепке алу тәртібін;
кіріс және шығыс хат-хабарларын тіркеуді;
іс номенклатурасын жасауды;
есепке алу және берілген тапсырмалар кітаптарын, журналдарын жүргізу тәртібін;
есепті жасауды зерделейді.
10. Тағылымдамашы атқарушылық іс-қимылдарын жасау кезінде қатысуы, тағылымдама жетекшісінің тапсырмасы бойынша және бақылауымен іс жүргізу мен атқарушылық іс жүргізу жөніндегі өзге де құжаттардың жобаларын дайындайды.
11. Тағылымдамашы атқарушылық іс жүргізу қызметін реттейтін заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерді дербес зерделеуі тиіс.
12. Тағылымдама аяқталғаннан кейін тағылымдамашы жеке сот орындаушыларының аймақтық органы мен аймақтық алқасына ұсынатын екі данада қорытынды есеп дайындайды, есеп мыналарды қамтуы тиіс:
тағылымдамадан өту орны, мерзімі мен тәртібі туралы жалпы мәліметтер;
тағылымдама жоспары бойынша орындалған жұмыстардың сипаты;
практикалық жеке жұмыстан алған машықтары.
Есепке тағылымдамашы тағылымдама уақытында жеке жасаған, тағылымдамашы және тағылымдама жетекшісі қол қойған іс жүргізу және өзге құжаттардың үлгілері, сонымен қатар тағылымдама жетекшісінің ұсынымы беріледі, онда тағылымдамашының жалпы дайындығының деңгейі, ол тағылымдама өту барысында алған кәсіби білім мен тәжірибелік дағдылары көрсетіледі
13. Осы Ереженің 12-ші тармағында көрсетілген материалдар аумақтық органның және өңірлік жеке сот орындаушылары алқасының бірлескен отырысында бір ай мерзім ішінде қаралады.
Әңгімелесуде отырыс мүшелері тағылымдамашының жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыруға теориялық және тәжірибелік дайындық деңгейін анықтайды.
Тағылымдаманың нәтижелері туралы шешім барлық отырыс мүшелерінің дауыс беру жолымен қабылданады. Шешімдер қабылдауға негіз болатын критерийлері атқарушылық құжаттарды орындау бойынша дербес қызмет үшін қажетті дайындық пен машықтарды оқып-үйрену дәрежесі болып табылады.
14. Осы Ереженің 13-ші тармағында анықталғандай әңгімелесу және тағылымдамадан өту туралы материалдарды қарау нәтижелері бойынша аумақтық орган және аумақтық жеке сот орындаушыларының алқасы өткен тағылымдаманы оң бағалаған кезде тағылымдама қорытындысы туралы қорытынды шығарады, оған тағылымдама жетекшісі қол қояды және аумақтық орган басшысы мен өңірлік жеке сот орындаушылар алқасының төрағасы бекітеді.
Тағылымдаманың нәтижелері туралы қорытынды үш жұмыс күннің ішінде тағылымдамадан өткен тұлғаға жіберіледі.
Тағылымдамадан өтудің оң бағалауы кезінде тағылымдамашы тағылымдамадан өтті деп есептеледі.
Өткен тағылымдама теріс бағаланған кезде тағылымдамашы тағылымдамадан өтпеді деп есептеліп, жалпы негізде тағылымнамаға қайта жіберіле алады. Тағылымдаманың нәтижелері туралы қорытындыға территориялық, уәкілетті органға немесе сот тәртібімен шағымдана алады.