Спорт ғимараттарын пайдалану ережелері

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің м.а. 2009 жылғы 14 тамыздағы N 01-01-07/141 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 12 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5788 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2011 жылғы 14 сәуірдегі N 02-02-18/59 Бұйрығымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Туризм және спорт министрінің 2011.04.14 N 02-02-18/59 (ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Дене шынықтыру және спорт туралы" Заңының 23-бабының 17) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі N 329 қаулысымен бекітілген Туризм және спорт министрлігі туралы ереженің 14-тармағына сәйкес және спорт ғимараттарын пайдалануды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, пайдалану кезінде оларды сыныптары мен санаттарына сәйкестендіру үшін БҰЙЫРАМЫН:
      1. Спорт ғимараттарын пайдалану ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті (А.Қ. Құлназаров) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын және оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. "Спорт ғимараттарына санаттар беру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі төрағасының 2004 жылғы 27 наурыздағы N 06-2-2/102 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу реестрінде N 2820 болып тіркеліп, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық бюллетенінде 2004 жылғы N 37-40, 1002-бетте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Т.А. Ермегияевке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күннен бастап, он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы                       Қ. Өскенбаев

Қазақстан Республикасы  
Туризм және спорт министрінің
міндетін атқарушының   
2009 жылғы 14 шілдедегі 
N 01-01-07/141 бұйрығымен
бекітілді        

Спорт ғимараттарын
пайдалану ережелері 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорт ғимараттарын пайдалану ережелері (бұдан әрі - Ережелер) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызмет көрсету жөніндегі спорт ғимараттарын және, оларды жарақтандыру мен ғимараттардың параметрлеріне байланысты спорттық қызметтерді пайдалануды реттейді.
      2. Спорттық ғимараттар өздерінің мақсатына қарай спорттық-думанды (демонстрациялық), оқу-жаттығу және дене шынықтыру-сауықтыру болып бөлінеді.
      Көрермен орындарының саны келесі сандары бар ғимараттар, олардың трибуналары немесе жеке қатарлары, көру ыңғайлығы және көшіруге қажетті жағдайлары бар ғимараттар спорттық-думанды ғимараттарға жатады: үйдің ішінде - 500 және одан да көп; ашық ауада - 1500 және одан да көп;
      Есу, желкенді, шаңғы, тау шаңғысы, шана-бобслей, ату, коньки мен сырғанау, ат спорты (ипподромдарды қоспағанда), тас жолдағы велосипед, шахмат және дойбы спорты ғимараттары көрермендерге арналған орындардың болуына қарамастан, оқу-жаттығу түріне жатады.
      Дене шынықтыру-сауықтыру ғимараттарына азаматтардың дене жаттығуларымен және спортпен шұғылдануына арналған ғимараттар жатады.
      Дене шынықтыру-сауықтыру қызметтері арнайы дайындықтарды қажет етпейтін және шұғылданушылардың өміріне және денсаулығына қауіп келтірмейтін жаттығуларды өткізуге арналған барлық ғимараттарда жүзеге асырылады.

2. Спорт ғимараттарының түрлері мен санаттар

      3. Пайдалануына қарай спорт ғимараттары келесі түрлерге бөлінеді:
      1) спорттық ядро - жан-жағы жүгіру жолдарымен белгіленген футбол (ойын) алаңы, жолдың өлшемі 400 м және бұрылу радиусы 36 м тең болса қалыпты деп есептеледі. Ядроның құрамында жүгіру жолы және жеңіл атлетика секторы болады;
      2) спорт аренасы - трибуналары бар ашық спорт алаңы - ашық алаңда 1500 адам, үйдің ішінде - 500 адам;
      3) спорт залы – ұзындығы кемінде 18 метр, ені 9 метр және биіктігі 5 метр жабық спорт ғимараты (көлемі шағын болған жағдайда "спортқа арналған жай" деген атау қолданылады), белгілі жаттығу (арнайы мамандандырылған) немесе барлық спорт түріне арнап жабдықталған. Құрылыс спорт ғимаратына немесе басқа мақсатқа арналған ғимаратқа қоса салынған. Көрермендерге арналған орындары болуы мүмкін;
      4) спорт кешені - жеке тұрған ғимарат, оның негізгі элементі - спорт залы болып табылады. Залдардың санына шек қойылмайды. Көрермендерге арналған орындары болу мүмкін. Залмен бірге жүзу бассейні де орналасуы мүмкін;
      5) спорт манежі (футбол, жеңіл атлетика, ат спорты) - оқу-жаттығу үдерісінің талаптарына және спорт түрлері бойынша жарыстардың ережелері мөлшерін қанағаттандыратын жабық тұрған немесе қоса салынған ғимараттар, олар жазық және негізгі үлкен мөлшердегі ғимараттар ретінде пайдаланылады. Көрермендер үшін орындар салынуы мүмкін;
      6) әмбебап спорттық думанды (өнер көрсету) залы (Спорт сарайы) - 1000 және одан да көп көрермендерге арналған жабық ғимарат (жабық арена). Көрермендер залы бар негізгі алаңның көлемі қолмен ойналатын барлық спорт түрлерін өткізуге мүмкіндік береді. Жарыс ережелерімен айқындалған көлемге хоккей қораптары да сияды. Әмбебаптыққа тасымалдау есебінен қол жеткізіледі;
      7) спорттық жүзуге, су добына, суға секіруге немесе үйлесімді жүзуге арналған жүзу бассейні (бассейндер) - жарыс ережелерінде қарастырылғаннан кем емес негізгі өлшемді ваннасы бар ашық және жабық ғимараттар. Бір ваннада спорттың бірнеше түріне жағдайлар жасалуы мүмкін. Көрермендерге арналған орындар болуы мүмкін;
      8) спорттық жол (жеңіл атлетикалық, кросс, тау шаңғысы, шана, бобслей, шаңғы роллерлі, велосипед, биатлон, шаңғы, тұрғылықты жерді бағдарлау үшін) - жарыстардың реттелген ережелері мен оқу-жаттығу үдерісінің талаптарына сәйкес қашықтықтың екі аралығындағы жол;
      9) ату тирі - әскери немесе спорттық қарудан атуға арналған жабық немесе ашық ғимарат;
      10) ату алаңы - әр түрлі атыс түріне арналған ашық немесе жабық (жартылай жабылған) ғимараттардан тұратын кешен;
      11) велотрек - вираждарға, жай жүруге арналған еңістеу жабық немесе ашық көлемді ғимарат және қызмет көрсету бөлмесі. Көрермендерге арналған трибуналары болуы мүмкін.
      12) велодром - велотректі қоса алғанда 3000 және одан да көп көрерменге арналған жабық ғимарат;
      13) есу арнасы - 220 м қашықтықтағы, "тура" және "кері қайту" сулары және тиісті қызмет көрсету құрылыстары бар жасанды ғимарат;
      14) эллинг - спорттық кемелерді сақтауға және жөндеуге арналған үй-жай. Эллинг пен кемелердің жағаға келіп тоқтауын, спортпен шұғылданғанда оған отырғызуға арналған көлік байланысы болғаны дұрыс;
      15) яхта клубы - желкенді спортпен шұғылдануға арналған ірі су қоймаларының жағалауындағы ғимараттар кешені;
      16) есу базасы - есу және желкенді спорт түрлерімен шұғылдануға арналған ғимараттар кешені;
      17) шаңғы базасы - жаттығуға немесе сырғанауға арналған қызмет көрсететін жайлары, трассалары, шаңғыларды сақтайтын және жуынатын орындары бар ғимараттар кешені. Трассаның құрамында шаңғы стадионы, жарыстың сөресі мен мәре учаскесінің ұзындығы 400 м, ені 100 м, төрешілер павильоны, көрермендерге арналған трибуналары болады;
      18) шаңғымен секіруге арналған трамплин - жылдамдық алу биіктігі (әдеттегі эстакада түрінде), жерге түсу биіктігін қоса алғанда, нормаларға сәйкес және оқу-жаттығу жұмыстары мен жарыстар үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған көлемді ғимарат. Пайдаланудың қауіпсіз шарттарын бір мезгілде қамтамасыз ету қажет;
      19) жабық конькимен жүгіру жолы - жасанды мұзы бар жылытылатын және сөренің ұзындығы кемінде 250 м. Көрермендерге арналған орындар салынуы мүмкін;
      20) спорт ғимараттары кешені - оқу-жаттығу жұмыстары және жарыстарға арналған көлемі бір үлгідегі жабық ғимараттар тобы. Олар бір аумақта орналасады және бір жерден басқарылады;
      21) стадион - спорттық аренасы бар кешен;
      22) құрама командалардың базалары, құрама командалардың оқу-жаттығу орталықтары - бұл кешенде спорт ғимараттары, дәрігерлік-қалпына келтіру орталығы, жатын корпустар, тамақтану бөлігі және ұзақ мерзімдік жаттығуларды қамтамасыз ететін қызмет мекемелері болады.
      4. 3-тармақта көрсетілген спорттық ғимараттар төрт санатқа бөлінеді:
      жоғарғы санатқа - ғимараттардың негізгі көлемі және жарақтандыруына қарай параметрлері спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың талаптарына сәйкес келетін және жоғары білікті спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстарын немесе халықаралық ережелер бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін (әлем, Еуропа чемпионаттары, ТМД чемпионаты, кубок жарыстары және т.б.) немесе дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық қызметпен шұғылдануға лайықты тиісті халықаралық талаптарға жауап беретін, заманауи спорттық жарақтандырылған спорт ғимараттары мен үймереттер;
      1-ші санатқа - өзінің көлемі және жарақтандырылуы бойынша негізгі параметрлері көпшілік разрядты спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстарын немесе республикалық жарыстарды өткізуге (республика, облыс, қала чемпионаттары) мүмкіндік беретін ғимараттар;
      2-ші санатқа - өзінің көлемі және жарақтандырылуы бойынша негізгі параметрлері бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық жаттығуларға немесе жаппай жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ғимараттар;
      3-ші санатқа - ғимараттың параметрлері дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
      5. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті (бұдан әрі – Спорт комитеті) спорт ғимараттарына жоғарғы санат береді және бекітеді, бірінші, екінші, үшінші санаттарды – облыстық, Астана мен Алматы қалаларының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармалары (бұдан әрі – облыстық (қалалық) басқармалар) береді.
      Спорт ғимаратының санаты спорт ғимаратының паспортында көрсетіледі.
      6. Спорт комитетінде жоғарғы санатты бекіту, облыстық (қалалық) басқармаларда бірінші, екінші және үшінші санаттарды бекіту үшін спорт ғимаратының басшысы келесі құжаттарды тапсырады:
      1) спорт ғимараты паспортының көшірмесін;
      2) спорт ғимаратын пайдалануға қабылдап алу туралы мемлекеттік комиссия актісінің көшірмесін;
      3) спорт ғимаратының пайдалануға беріктігі, құрылыс құрылғыларының тұрақтылығы және қауіпсіздіктің қажетті дәрежесін қамтамасыз етуге қатысты спорт ғимаратының техникалық тексеру актісінің көшірмесін;
      4) сәулет-құрылыс сызбаларының көшірмесі (қасбеті, жоспарлары, қиюлары);
      5) шұғылданушылардың сандық құрамының жоспарлы-есептік көрсеткіштері және спорт ғимаратының тәуліктік жұмыс тәртібін;
      6) санитарлық-тазалық және өртке қарсы нормалар мен талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды;
      7) спорт мүкәммалдары мен жабдықтарының болуы туралы ақпарат;
      8) мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін спорт ғимараттарына баруға қол жетімділік туралы ақпарат.
      7. Ұсынылған құжаттарды және спорттық ғимараттардың сипаттамасын қараудың нәтижесі бойынша 30 күнтізбелік күн ішінде спорт ғимаратына санат беру немесе санат бермеу туралы шешім қабылданады.

3. Спорт ғимараттарын пайдалану

      8. Дене шынықтыру-спорт ғимараттары бірыңғай жүйені құрайды. Ал функционалдық мақсаттарына қарай алты топқа бөлінеді. Олар:
      1) балалардың мектепке дейінгі және оқу орындары бағдарламасы бойынша жаттығуды қамтамасыз ететіндер;
      2) еңбек үдерісінде жұмыс уақыты режимінде және жұмыстан кейінгі қалыпқа келтіру жаттығуларын қамтамасыз ететіндер;
      3) қарулы күштер қызметіне дайындықты, әскери қызмет үдерісін және арнайы жұмыс түрлерін орындау үшін (азаматтық авиация, құрал-жабдықтарды монтаждау, электр қуатын беру желілері) дене тәрбиесі деңгейін қалыпты ұстауды қамтамасыз ететіндер;
      4) тұрғындар арасында емдеу-алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ететіндер (емханалардың емдік-дене шынықтыру кабинеті, санаторийлердің, демалыс үйлерінің, шипажайлардың ғимараттары);
      5) демалған кезде дене шынықтыру жаттығуларын өткізуді қамтамасыз ететіндер;
      6) жоғары сыныпты спортшылардың дайындығын және жарыстарды өткізуді қамтамасыз ететіндер.
      9. Балалардың мектепке дейінгі мекемелері, кәсіпорындардың, оқу орындары (кәсіпорынның аумағындағы), әскери қызметте және қарулы күштерде қызмет ету дайындығын қамтамасыз ететін, тұрғындар арасында дене шынықтыру деңгейін және емдеу-алдын алу жұмыстарын қолдау, дене шынықтыру-спорттық ғимараттарды пайдалану аталған ұйымдардың ішкі тәртібі ережелерімен айқындалады. Арнайы рұқсаты жоқ оқу орындары, кәсіпорындардың және оқу-алдын алу мекемелерінің ғимараттары негізгі сабақ және жаттығудан бос кезде тұрғындардың мәдени-спорттық сұранысын қанағаттандыруы үшін қызмет етеді. Жоғарыда аталған ғимараттардың қызмет көрсетуі ақысыз жүргізіледі.
      10. Мамандандырылған құрама командаларының және оқу-жаттығу орталықтарының спорт базаларының ғимараттары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық даярлау орталығы, олимпиада резервінің даярлау орталығы, мектеп интернаттың оқу-жаттығу үдерісінің талаптарына сәйкес пайдаланылады. жаттығудан бос уақытта аталған ғимараттарда тұрғындарға ақылы дене шынықтыру-спорттық қызмет көрсету ұсынылады. Бірақ бұл жерде ақылы қызмет көрсету негізгі мақсат болып саналмайды.
      11. Пайдалануы шектелген (спорттық-шаңғы трамплиндері, тау шаңғысы және шана-бобслей жолдары, велотректер және велоайналма жолдары, тирлер мен ату алаңдары) жаттығушылардан арнайы дайындықты талап ететін және жоғары сыныпты спортшылардың оқу-жаттығу үдерісі мен жарыстарына арналған ғимараттарды пайдалану арқылы қауіпсіздік сақталған жағдайда, тұрғындарға қызмет көрсетеді (немесе дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы қызметтер). Бірақ бұл жерде ақылы қызмет көрсету негізгі мақсат болып саналмайды.