Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2009 жылғы 10 шілдедегі N 118-П Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 6 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5740 болып енгізілді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына және 158-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау және мемлекеттік жер кадастры департаментінің Мемлекеттік жер кадастры және жер мониторингі басқармасы осы Бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жолдануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары К.Ө. Раймбековке жүктелсін.
      4. Осы Бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                           Ө. Өзібеков

Қазақстан Республикасы  
Жер ресурстарын     
басқару агенттігі Төрағасының
2009 жылғы 10 шілдедегі 
N 118-П бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулық

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына және 158-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік құпияларды және өзге шектеуліктерді қамтымайтын мемлекеттік жер кадастрының (бұдан әрі – Кадастр) мәліметтерін беру және оның ақпаратын пайдалану тәртібін нақтылайды.
      2. Кадастр мәліметтері беріледі:
      1) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органымен – Қазақстан Республикасы жерінің сапасы және пайдаланылуы туралы мәліметтер:
      жер санаттары бойынша;
      әкімшілік-аумақтық бірліктері бойынша;
      алқаптардың түрлері, олардың саны және сапасының жағдайы бойынша;
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары-облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жер балансында болатын жерлері туралы мәліметтер:
      облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жерінің жалпы көлемі туралы;
      жерді жер санаттары бойынша бөлу;
      алқаптардың түрлері бойынша бөлу;
      Кадастрда болатын жердің жағдайы және пайдаланылуы туралы мәліметтер;
      3) Кадастрды жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар - жер-кадастрлық істерді қамтитын, жер учаскелері туралы мәліметтерді:
      жер учаскелерін құқықтардың жеке және заңды тұлғаларға тиістілігі;
      жер учаскелерінің орналасқан жері және олардың шекаралары;
      шектес жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары;
      жер учаскелерін пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
      жер учаскелерінің бөлінетіндігі және бөлінбейтіндігі;
      жер учаскелерінің нысанды тағайындалуы;
      жер учаскесіне құқықтың түрі;
      өтеулі негізде берілген жер учаскесінің бағалау құны;
      жерлердің сапалық жағдайы туралы (жер учаскесінің топырақ және геоботаникалық сипаттамасы, оның мелиоративтік жағдайы) және жер мониторингі мәліметтері, жер-кадастрлық, топырақ және геоботаникалық карталардан үзінді көшірмелер;
      жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамалары.
      3. Жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мәліметтері баршаға қолжетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде беріледі. Жер кадастрының мәліметтерін мемлекеттік органдарға беру ақысыз негізде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      4. Кадастрдың мәліметтерін жеке және заңды тұлғаларға беру үшін төлемақының мөлшеріне мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорынның мәліметтерді әзірлеуге, оларды рәсімдеуге және жіберуге жұмсалған шығындары кіреді, және ол Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мекеме туралы" Заңының 26-бабына сәйкес белгіленеді. қараңыз:Z110413
      5. Мәліметтерге сұрау салып отырған мемлекеттік органдар осы органның бірінші басшысы немесе мемлекеттік органның басшысының міндетін атқарушының қолы қойылған органның тиісті бланкідегі, жазбаша сұрау негізінде беріледі.
      6. Кадастр мәліметін алуға мүдделі тұлға тиісті ұйымға өзінің реквизиттерін, сұрап отырған мәліметтердің сипаттамасын және көлемін, беру нысаны мен жеткізу тәсілін көрсете отырып жазбаша өтініш береді.
      Өтінішті сенiм бiлдiрiлген тұлға берген жағдайда "сенімхат бойынша" деген жазба енгізіледі және өтінішті білдіруші тұлға туралы мәліметтермен қатар сенiм бiлдiрiлген тұлға туралы мәліметтер де көрсетіледі.
      Мүдделі жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдарды қоспағанда, өтініштен басқа, Кадастрды жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорынға келесі құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін (жеке тұлғалар ұсынады);
      2) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмесін (мемлекеттік емес заңды тұлғалар ұсынады);
      3) сенімхаттың көшірмесін (сенімхат берілген тұлғалар);
      4) заңнамада белгіленген жағдайларда, өкілдің өкілеттілігін куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      5) мәліметтерді беру қызметі үшін төлемақының төлегені туралы түбіртекті ұсынады.
      7. Жер учаскесі туралы мәлімет алу үшін, өтініште сол жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, ал егер ол болмаған жағдайда, жер учаскесінің орналасқан орнының сипаттамасы көрсетіледі.
      8. Нақты аумақтың шекараларында орналасқан бірнеше жер учаскелері туралы мәліметтерді алу үшін, өтініште аталған аумақтың сыртқы шекараларының сипаттамасы беріледі.
      9. Нақты өңірдің бар жерлері және оның сапасының жағдайы туралы мәліметтер алу үшін, өтініште өңірдің атауы және сұрап отырған мәліметтердің құрамы көрсетіледі.
      10. Мәліметтердің сипаты мен көлеміне байланысты ресми сұраныс кезінде өтініш:
      Республиканың жер қоры бойынша - жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органға, Кадастрды жүргізетін мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорынға;
      нақты жер учаскесі, бір ауданның шегіндегі жер учаскелерінің тобы, тұтас алғанда аудан бойынша – аудандық жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға, Кадастрды жүргізетін облыстық мамандандырылған кәсіпорынға, немесе оның аудандық жер-кадастрлық бөлімшесіне;
      облыстық жер қоры бойынша – облыстық жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға, Кадастрды жүргізетін облыстық мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорынға;
      республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жер учаскелері, жер учаскелерінің тобы бойынша – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың немесе облыстың кадастрды жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорынға беріледі.
      11. Кадастрдың мәліметтері өтініш берілген сәттен он жұмыс күні мерзіміне дейін қағаз және (немесе) электронды тасымалдағыштарда үзінді түрінде, сондай-ақ техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдана отырып, Кадастр деректерi банкiсіне тiкелей санкцияландырылған рұқсат түрiнде берiледi.
      12. Кадастрдың мәліметтерін беруден бас тартудың дәлелді себептерi көрсетiлуі және өтініш берілген сәттен он жұмыс күні мерзіміне дейін өтініш иесіне жіберілуі тиіс.
      Осы Нұсқаулықтың 5 және 6-тармағында тізімделген құжаттарды бермеу (немесе толығымен бермеу) Кадастрдың мәліметтерін беруден бас тартуға негіз болып табылады.
      13. Кадастрдың мәліметтерін беру туралы өтініш және осы мәліметтерді беру фактісі берілген мәліметтердің есеп кітабында тіркеледі.