Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 27 наурыздағы N 68 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 5 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5660 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және "Қазақстан инвестициялық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 13 ақпандағы Заңын , "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 73-1-бабының 3-1-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Ұсынылып отырған Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы ол алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      3. Банктерді қадағалау департаменті (Бөбеев М.С.):
      1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен кейін он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.
      4. Агенттіктің Төрайым қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

      Төрайым                                        Е. Бахмутова

Қазақстан Республикасы Қаржы 
нарығын және қаржы ұйымдарын 
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының 2009 жылғы 27  
наурыздағы N 68 қаулысымен   
бекітілген          

Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру ережесі

      Осы ереже " Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы " Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы (бұдан әрі - Заң), " Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы " Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңдарына сәйкес әзірленді және жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру тәртібін, ерекшеліктерін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операциялар (бұдан әрі - операция) депозиторлардың мүдделерін қорғау үшін жүзеге асырылады.
      2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар:
      1) иеленуші банк - жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөнінде шарт жасалған басқа банк;
      2) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      3. Операцияны жүзеге асыратын банк иеленуші(-лер) банк(-тер) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша болғалы отырған активтер мен міндеттемелердің бөлігін не толық мөлшерде иеленуші (-лер) банктің (-терінің) қарауына байланысты алынған ақпараттың жарияланбауын, құпия ұсталуын сақтауды қамтамасыз етеді.
      4. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерін бір және бірнеше банктерге жіберуге рұқсат етіледі.

2-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру тәртібі

      5. Банк операцияны банктің басқару органының шешімі бойынша уәкілетті органмен келісе отырып жүзеге асырады.
      Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде иеленуші банкке (банктерге) бір мезгілде беру банкпен жасалған шарттар негізінде жасалады.
      6. Операцияны жүзеге асыру жөніндегі дайындық іс-шараларын банк бұл туралы оның басқарушы органы оны беру туралы шешім қабылдағанға дейін жасайды.
      Операцияны жүзеге асыру жөніндегі дайындық іс-шараларының құрамында мыналар бар:
      1) беріліп отырған банк активтерінің құнын, қажет болған жағдайда олардың тәуелсіз бағасын анықтау.
      Дебиторлық берешек бойынша талаптардың беріліп отырған құқықтарының құны баланстық және баланстан тыс шоттарда есепте тұрған берешек сомасы ретінде анықталады. Операцияны жүзеге асыру кезінде аталған құн банк пен дебиторлық берешек бойынша талаптар құқықтарын беру күнгі иеленуші (-лер) банктің (-тердің) арасында келісіліп жасалған болып есептеледі;
      2) банк депозиторларының тізімін қалыптастыру;
      3) банк пен иеленуші (-лер) банктің (-тердің) арасында жүзеге асырылғалы отырған операцияны ескеріп, банктің активтері мен міндеттемелерін беретін күні келісіліп жасалған пруденциалдық нормативтердің есебі.
      7. Банктің иеленуші (-лер) банкті (-терді) таңдауы берілетін активтер мен міндеттемелердің мөлшерлерін негізге алып, мынадай талаптарды ескеріп, дербес түрде жүзеге асырады, атап айтқанда иеленуші (-лер) банк(-тер):
      1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы (-лары) болып табылуы (-лары) керек;
      2) жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашатын және жүргізетін, заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдайтын, банктік шоттарын ашатын және жүргізетін, банктік заемдық операцияларды, кассалық операцияларды жүргізетін уәкілетті органның депозиттерді қабылдауға арналған лицензиясын иеленуі (-лері) керек;
      3) уәкілетті орган қолданған қолданыстағы шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялары жоқ;
      4) банк клиенттеріне қызмет көрсететін филиалдары бар.
      8. Банк оның басқару органы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде операцияны жүзеге асыру жөнінде уәкілетті органға мынадай құжаттар пакетін келісу және жүзеге асыру үшін береді:
      1) банктің және иеленуші (-лер) банктің (-терінің) Басқарма Төрағасы немесе олардың орнындағы адамдар қол қойған бірлескен хабарламалары;
      2) банктің басқару органының операцияның жүзеге асырылғандығы туралы шешімі;
      3) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде беру кезіндегі тізбесі, түрлері және алдын-ала мөлшері;
      4) банктің және иеленуші (-лер) банктің (-тердің) күнін және оны жүзеге асыру талаптарын көрсете отырып, операцияны жүзеге асыру туралы алдын-ала шарты (-тары);
      5) банктің және иеленуші (-лер) банктің (-тердің) арасында операцияны жүзеге асыру күні келісіліп жасалған пруденциалдық нормативтердің есебі.
      Уәкілетті орган қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұратады.
      9. Уәкілетті орган осы Ереженің 8-тармағымен көзделген құжаттар пакетін оны алған сәттен бастап бір мерзімде қарайды.
      Уәкілетті орган келісу қорытындылары туралы ақпаратты банкке және иеленуші (-лер) банкке (-терге) жазбаша түрде жібереді.
      10. Операцияны жүзеге асыруға келісуден бас тарту негіздемесі мыналар болып табылады:
      1) иеленуші (-лер) банктің (-терінің) осы Ереженің 7-тармағымен белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
      2) құжаттар пакетінің осы Ереженің 8-тармағымен белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.
      11. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің міндеттемелерін банкке (банктерге) беру депозиторлардың келісімі бойынша жүзеге асырылады.
      Уәкілетті органның оң келісімін алған кезден бастап банк депозиторлардың келісімін алу мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімдік баспасөз басылымдарында операцияны жүзеге асыру жөніндегі хабарландыруларды қазақ және орыс тілдерінде, депозиторлардың келіспеушіліктерін беру бойынша мерзімдерді және олардың келіспеушіліктерін қабылдайтын мекен-жайларды көрсете отырып, жариялайды.
      Хабарландыру жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде депозиторлардың жазбаша келіспеушіліктерінің болмауы депозиторлардың депозиттерін беруге келісімдерін беру деп қаралады.
      Операцияны жүзеге асыру жөніндегі хабарландыруды жариялауға байланысты шығыстар банк қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      12. Банк операцияны жүзеге асыру жөніндегі хабарландыруды жариялаған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін депозиттерін басқа банкке (банктерге) беруге келіскен және одан бас тартқан депозиторлардың тізімін қалыптастырады.
      13. Банк операцияны осы Ереженің 11 және 12-тармақтармен көзделген іс-шараларды өткізгеннен кейін жүзеге асырады.
      14. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде, сондай-ақ тиісті құжаттарды (шарттарды, кредиттік істерді, куәліктерді және басқа құжаттарды) басқа банкке (банктерге) беру екі данадағы қабылдау-өткізу актісімен ресімделеді.
      Қабылдау-өткізу актісін ресімдеу кезінде онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      1) атауы, мүкаммал нөмірі, баланстық, бағалау құны, банк активтері көрсетілген шоттар нөмірі, банктің меншік құқығын растайтын құжаттар ескерілген банктің беріліп отырған активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;
      2) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), дебиторлардың атауы, дебиторлық берешек сомасы ескерілген шоттар нөмірлері, заем сомасы, банктік заем шартының жасалған күні және нөмірі, банктік заем шартының қолданылу мерзімі, банктік заем бойынша, банктің банктік заем бойынша есептеген және қабылдаған сыйақы сомалары көрсетілген дебиторлық берешек бойынша талаптар құқықтарын беру құны және тізбесі;
      3) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері, депозиттер сомасы, депозит сомасы, банктік шот және (немесе) банктік салым шартын жасау күні және шарттың нөмірі, шарттың қолданылу мерзімі, депозиторлардың салым бойынша алған және есептелген сыйақы сомасы бойынша салымның сыйақы ставкасы ескерілген депозиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), шоттар нөмірлері көрсетілген депозиттер тізбесі.
      15. Банктің және иеленуші (-лер) банктің (-тердің) арасында операцияны жүзеге асырғандығы жөнінде жасалған шарттың (-тардың) көшірмелері және қабылдау-өткізу акті жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банктің активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерде толық өткізген күннен бастап жеті күн ішінде уәкілетті органға беріледі.
      16. Банктің депозиттері бойынша активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беруге байланысты шығыстар иеленуші (-лер) банктің (-тердің) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      17. Банк операцияны жүзеге асыру жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімдік баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.

3-тарау. Қорытынды ереже

      18. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешілетін болады.