Трансферттік баға белгілеуді қолдану бойынша келісім жасасу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 12 ақпандағы N 63 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 10 наурызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5584 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Трансферттік баға белгілеу туралы" 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Трансферттік баға белгілеуді қолдану бойынша келісім жасасу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (Ерғожин Д.Е.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитетi Төрағасына (Ерғожин Д.Е.) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендiк бақылау комитетi Төрағасына (Кәрбозов Қ-К.Ж.) жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

       Министр                                         Б. Жәмішев

Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің 
2009 жылғы 12 ақпандағы
N 63 бұйрығымен бекітілген

Трансферттік баға белгілеуді қолдану бойынша келісім жасасу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (бұдан әрі – Салық комитеті), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (бұдан әрі - Кедендік бақылау комитеті) мен мәмілеге қатысушы арасында трансферттік баға белгілеуді қолдану бойынша келісім (бұдан әрі - Келісім) жасасу тәртібін көздейді.
      2. Келісімде мынадай тармақтар көрсетіледі:
      1) жалпы ережелер;
      2) Келісім тараптары;
      3) Келісім мәні;
      4) ұсынылатын құжаттар тізбесі;
      5) нарықтық бағаны айқындау әдісі;
      6) нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын ақпарат көзі;
      7) Келісімнің қолданыс мерзімі;
      8) Келісім күшіне енген күн;
      9) Келісім қолданысы кезеңінде қолданылатын бағалар туралы ақпарат беру мерзімі;
      10) құпиялылық;
      11) Келісім шарттарын салық төлеушінің орындамауының (бұзуының) салдарлары;
      12) қосымша шарттар.

2. Трансферттік баға белгілеуді қолдану бойынша келісім жасасу тәртібі

      3. Мәмілеге қатысушы өзіне мыналарды:
      1) шаруашылық ететін субъектінің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін, құрылтай құжаттарын (жарғы, құрылтайшылық шарт) және 5%-дан аса акциялары (үлестері) бар акция (үлес) ұстаушылар тізілімінен көшірме жазбаны;
      2) бизнес-сәйкестендіру нөмірін;
      3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
      4) жеке басын куәландыратын құжат пен салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін (жеке тұлғалар үшін);
      5) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін;
      6) тауарларды өткізу және сатып алу бойынша келісім-шартты (толықтырулармен және өзгерістермен);
      7) жер қойнауын пайдалануға арналған (толықтырулармен және өзгерістермен) және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметімен (уәкілетті органдармен) келісім-шарттарды;
      8) Қазақстан Республикасының және шет елдердің компанияларына инвестициялары (акциялары) туралы ақпаратты;
      9) тараптардың өзара байланыстылығы туралы деректерді;
      10) мәмілелер жасасу кезінде баға белгілеуге пайдаланылатын нарықтық бағалар бойынша ақпарат көзін;
      11) нарықтық баға белгілеу үшін ұсынылатын әдісті;
      12) маркетингтік саясатты (тауарлық, өткізу, бағалық, сондай-ақ тауардың рыноктағы жылжу саясаты), баға белгілеуде ықпал ететін факторларға қатысты ақпаратты қоса нарықтағы беделін қоса алғанда бизнес стратегиясын қамтитын Келісім жасасу үшін қажет құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін Салық комитетіне тапсырады.
      Осы тармақтың 1)-12) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды табыс ету мүмкін болмаған кезде мәмілеге қатысушы оларды табыс ету мүмкін еместігі туралы негіздеме тапсырады.
      4. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) өзара байланысты компаниялардан сатып алған жағдайда Келісім жасасатын мәмілеге қатысушы сонымен қатар өзара байланысты компаниялардан осы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) сатып алуға байланысты құжаттарды да тапсырады.
      5. Салық комитеті мәмілеге қатысушы тапсырған құжаттарды қарағаннан кейін құжаттарды қоса Келісім жобасын бес жұмыс күні ішінде қорытынды беру үшін Кедендік бақылау комитетіне келісуге жібереді.
      6. Салық комитеті мәмілеге қатысушыдан келісім жасасуға өтініш алған күннен бастап 60 жұмыс күні ішінде мәмілеге қатысушыға қол қойылған күнінен бастап үш жылдан аспайтын мерзім ішінде қолданылатын уәкілетті органдар қол қойған Келісімді жібереді.
      Уәкілетті органдардың қол қоюы мүмкін емес болған жағдайда мәмілеге қатысушыға негізделген жауап жіберіледі.
      7. Қажет болған кезде уәкілетті органдар мемлекеттік органдардан және басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарынан Келісім жасасуға қатысы бар құжаттарға сұрау салдырады.
      Сұрау салулар жіберу сұрау салынған құжаттар (ақпарат) алынғанға дейін, отыз күнтізбелік күннен артық емес уақытқа уәкілетті органдардың тапсырылған құжаттарды қарау мерзімін тоқтата тұрады.
      8. Тиісті рынокта белгілі бір тарапқа нарықтық бағалар өзгерген жағдайда уәкілетті органдар мен мәмілеге қатысушы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасайды.
      9. Мәмілеге қатысушының Келісім ережелерін орындауы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органдар оны бір жақты тәртіпте бұзады, бұл ретте Салық комитеті мәмілеге қатысушыны бір айдан кешіктірмей Келісімнің бұзылғаны туралы хабарлайды.
      Келісімді бір жақты тәртіпте бұзуға әкелетін бұзушылықтарға:
      уәкілетті органдармен келісілмеген өзге нарықтық бағаларды айқындау әдістері мен ақпарат көздерін пайдалану;
      мәмілеге қатысушы берген құжаттарда дұрыс емес немесе бұрмаланған ақпараттардың болуы.
      Келісім ережелерінің бұзылуына жол берген мәмілеге қатысушылармен соның салдарынан осыған ұқсас Келісім жасалмайды.
      10. Уәкілетті органдар мен мәмілеге қатысушының өзара келісімі бойынша Келісім көзделген қолданыс мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін, бұл ретте Келісімнің шарты бұзылғанға дейін өз күшін сақтайды.
      11. Келісім ережелерін бұзушылықтар нәтижесінде болған мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуы анықталған кезде уәкілетті органдар Заңға сәйкес бақылау шараларын жүзеге асырады.