Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы N 29-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 23 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5562 болып енгізілді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер департаменті:
      осы бұйрықты облыс, Астана және Алматы қалаларының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының назарына жеткізсін;
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр Г. А. Ділімбетоваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін, он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                           Б. Сапарбаев

Қазақстан Республикасы    
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің      
2009 жылғы 28 қаңтардағы   
N 29-ө бұйрығымен      
бекітілген         

Учаскелік комиссиялар туралы
үлгілік ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Ереже) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 3-тармағына және «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және учаскелік комиссиялардың мәртебесі мен өкілеттігін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Осы Үлгілік ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы.
      учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия.
      Сонымен қатар, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асырады, ал учаскелік комиссия әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізеді.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Учаскелік комиссиялар (бұдан әрі - Комиссиялар) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады. Комиссиялар өз жұмысын ашықтық, жариялылық, алқалылық және әділдік қағидаттарымен ұйымдастырады.
      4. Комиссиялар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссиялардың міндеттері мен функциялары

      5. Комиссиялардың негізгі міндеті уәкілетті органға, ал ауылдық жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне халыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) немесе жергілікті өкілетті органдар бекітетін әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек көрсету, олардың атаулылығын арттыру жөніндегі қызметіне жәрдемдесу болып табылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Комиссияның негізгі функцияларына:
      1) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмекті алуға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу (бұдан әрі – тексеру);
      2) қажетіне қарай атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайына зерттеу жүргізу үшін қажетті жетіспейтін мәліметтерді алу үшін тиісті органдарға сұрату жіберу;
      3) атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамның (бұдан әрі – өтініш беруші) материалдық жағдайын тексеру актісін жасау;
      4) ұсынылған құжаттардың және/немесе тексеру нәтижелерінің негізінде атаулы әлеуметтік көмек немесе Қағидаларға сәйкес көрсетілетін әлеуметтік көмек берудің қажеттілігі немесе қажеттіліктің жоқтығы туралы қорытындыны дайындау жатады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      7. Комиссия өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асырады.
      8. Учаскелік комиссиялар туралы ереже осы Үлгі ереженің негізінде әзірленеді, жергілікті өкілетті органдармен келісіледі және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдармен бекітіледі.
      9. Уәкілетті орган, ал ауылды жерлерде – кент, ауыл, ауылдық округтың әкімі учаскелік комиссияның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар (отырыс өткізуге арналған жеке бөлме беру, нормативтік құқықтық актілермен, техникалық құралдармен қамтамасыз ету) жасайды.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Комиссияның құрамы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, кооперативтердің, үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері, халықтың, ұйымдардың және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау уәкілетті органдарының өкілдерінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құрылады.
      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссияның жалпы құрамы бес адамнан кем болмауы тиіс.
      11. Төраға Комиссияның жұмысын ұйымдастырады және Комиссияға осы Үлгі ережеде жүктелген міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуы үшін дербес жауаптылықта болады.
      12. Комиссия отырысының өткізілетін күні туралы өтініш берушіні хабардар етуді, отырыстың күн тәртібі бойынша ұсыныстар даярлауды, Комиссия отырысына қажетті құжаттар, материалдар мен оны өткізгеннен кейін хаттаманы рәсімдеуді комиссияның хатшысы жүзеге асырады.
      13. Өтініш беруші Комиссияның отырысына қатыса алады.
      14. Комиссия:
      уәкілетті органнан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттар және (немесе) атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер өтініш берушінің материалдық жағдайын тексерудің нәтижелері негізінде қорытынды дайындап, оны уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді;
      құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш білдірген адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, Қағидаларға сәйкес адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды әзірлейді және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне жібереді.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.07.2013 № 326-ө-м бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 
      15. Комиссияның шешімдері оның құрамы жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды болады.
      16. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.
      17. Комиссияның қабылдаған шешімі қорытынды түрінде ресімделеді, өтініш беруші онымен танысып, қол қояды.
      18. Өтініш беруші Комиссияның қорытындысына уәкілетті органға, сондай-ақ сот тәртібімен шағымдануына болады.