Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу қағидасы туралы

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі N 176 қаулысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Әділет басқармасында 2008 жылғы 11 маусымда N 14-12-59 тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңдарына сәйкес Созақ аудандық әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса тіркелген әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы бірінші ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күннен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Б. Мейірбековке жүктелсін.         

      Аудан әкімі:                               С. Әбдіқұлов      

      Аудан әкімдігінің 2008 жылғы
      25 сәуірдегі N 176
      қаулысымен бекітілген

Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу Қағидасы 1. Жалпы қағидалар

      1. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің әлеуметтік жұмыс орындарын құру тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидада пайдаланатын ұғымдар:
      1) әлеуметтік жұмыс орны – жұмыс беруші нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жергілікті атқарушы органмен (оның уәкілетті органымен) штаттық негізде құратын, жұмыс берушінің олардың еңбегіне ақы төлеу шығындары ішінара өтелетін жұмыс орны;
      2) жұмысқа орналастыру – халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық іс-шаралар кешені;
      3) нысаналы топтар – жұмысқа орналасуда қиындық көріп жүрген және әлеуметтік қорғауды қажет ететін адамдар ретінде осы заңмен белгіленген адамдар топтары;
      4) жұмыс беруші – қызметкер еңбек қатынастарында тұратын заңды немесе жеке тұлға;
      5) уәкілетті орган – жергілікті атқарушы органдардың аймақтық деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу үшін және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшесі.
      3. Жұмыс іздеп жүрген, бірақ уәкілетті орган жұмыссыз деп танымаған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға осы Қағида қолданылмайды.
      4. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейтіндердің еңбек және басқа қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттестіріледі.

2. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру

      5. Жұмыс беруші - нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін, жергілікті атқарушы органмен (оның ішінде уәкілетті органымен) штаттық негізде жұмыс орындарының саны шектелмейтін және уақытша сипаттағы әлеуметтік жұмыс орындарын құрады. Оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен лауазым пайдаланылмайды.
      6. Әлеуметтік жұмыс орындарын құрмақшы болған жұмыс берушілер, уәкілетті органға құрылатын әлеуметтік жұмыс орындарының саны, еңбек ақы мөлшері көрсетілген еркін нысанды мәлімет береді және оған мына құжаттарды қосымша өткізеді:
      1) кәсіпорынның, мекеменің жарғысының көшірмесі;
      2) кәсіпорынның, мекеменің мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі;
      3) салық төлеушінің тіркеу куәлігінің көшірмесі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2010.02.05 N 50 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      7. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеп, тізімін жасауды ауданның уәкілетті органы төмендегі сипаттар негізінде жүзеге асырады:
      1) қаржы ауқаттылығы;
      2) материалдық базасының барлығы және техникалық қамтамасыздандырылуы.
      8. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілердің тізімін уәкілетті орган жасайды және олармен үш жақты "Уәкілетті орган – Жұмыс беруші – Қызметкер" шартын жасасады. Тараптардың әр қайсысында шарттың бір данасынан сақталады.
      9. Шартта жұмыс уақыты режиміне байланысты еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамысыз ету, еңбек ақы төлеу шарттары, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың мерзімі мен көздері, шартқа өзгерістер енгізу мен бұзу тәртібі және басқа да еңбек заңнамаларында көзделген мәліметтер қамтылады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2010.02.05 N 50 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      10. Әлеуметтік жұмыс орнына орналасқан нысаналы топтардағы жұмыссыздардың жұмыс істеу мерзімі 6 айға дейін болады. Еңбек шартының ұзақтығы 6 айдан асқан жағдайда, жұмыс беруші бұл қызметкерді тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруы тиіс.

3. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орнына жіберу

      11. Ескерту. Алынып тасталды - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2009.05.28 N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
       12. Жұмыссыздарды жұмысқа қабылдағандығы туралы бұйрықтың көшірмесін жұмыс беруші үш күн мерзімінде уәкілетті органға береді.
      13. Әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздар, өз бетінше себепсізден жұмысты тоқтатқан жағдайда, жұмыссыз ретінде қайтадан тіркелген және нысаналы топқа жатқызылған күннен үш ай өткеннен кейін әлеуметтік жұмыс орнына жаңадан жіберілуі мүмкін.        

4. Нысаналы топтардан әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналастырылған адамдарға еңбекақы төлеу

      14. Қызметкердің еңбек ақысы Республикалық және жергілікті бюджеттен төленеді.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2009.05.28 N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      15. Жалақының мөлшері орындалатын жұмыстың саны мен сапасы және күрделілігіне байланысты белгіленеді, бірақ ол Қазақстан Республикасының заңдарында ағымдағы жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы керек.
      16. Көрсетілген санаттағы қызметкердің бюджет қаражаты есебінен берілетін еңбекақысы үш жақты келісімнің негізінде екінші деңгейдегі банктегі қызметкердің жеке есебіне аудару арқылы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Қызметкер банк мекемелерінің филиалында ашқан жеке есебі туралы уәкілетті органға мәлімет береді.
      Уәкілетті орган қаражатты аударуды, жұмыс беруші берген қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі және жұмыс уақытына есеп жүргізу табелінің негізінде жүзеге асырады.
      17. Мерзімінен тыс жұмыстарға, мереке және демалыс күндеріндегі жұмыстарға, түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу Қазақстан Республикасының еңбек заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      18. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейтін адамдардың жалақыларына салынатын салық және әлеуметтік аударымдар заңдарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      19. Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығына, еңбек міндетін атқару кезінде жарақаттануы немесе денсаулығына басқалай зиян келтіруіне байланысты әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуді жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.      

      5. Есеп берушілік

      20. Нысаналы топтардағы жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орнына қабылдаған жұмыс беруші, оларды тұрақты жұмысқа ауыстырғаны және жұмыстан босатқаны туралы (бұйрықтың көшірмесін қоса береді) үш күн мерзім ішінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге тиіс.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2010.02.05 N 50 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      21. Аудандық уәкілетті орган әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына тұрақты мониторинг жүргізеді және олардың жұмыспен қамтылуы туралы Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тоқсан сайын ақпарат береді.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы әкімдігінің 2009.05.28 N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.