Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы N 642 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 6 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5534 болып енгізілді.

Жаңартылған

      "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 11-бабының 6-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару және мемлекеттік сатып алу әдіснамасы департаменті (Б.К. Тәшенов) заңнамада  белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның кейіннен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министр                                         Б. Жәмішев

                                          Қазақстан Республикасы
                                             Қаржы министрінің
                                        2008 жылғы 30 желтоқсандағы
                                              N 642 бұйрығымен
                                                 бекітілген

Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау Ережесі

      Осы Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 6-тармақшасына сәйкес әзірленген және Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдаудың тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Шарт талаптарын орындау нәтижесінде туындаған Концессия объектілері құрылған сәттен бастап және кейіннен осы объектілердің концессионері пайдаланатын концессия объектілері мемлекеттік меншікке берілуге жатады.
      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      концессия - концессия шарты бойынша мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жақсарту және тиiмдi пайдалану мақсатында уақытша иеленуге және пайдалануға беру, сондай-ақ концессионердiң қаражаты есебiнен мiндеттi түрде қаржыландыра отырып және мемлекетке бере отырып, концессионерге иелену, пайдалану және билiк ету құқығын берiп, не онсыз, жаңа объектiлердi концессионер қаражаты есебiнен құру (салу) құқықтарын беру;
      мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектілері – концессия шарттарын орындау нәтижесінде құрылған (салынған) концессия объектілері;
      объектінің құрылған сәті – салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі бекітілген күн;
      республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган - экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында (аясында) республикалық меншiк объектiлерiн басқару саласында өз құзыретi шегiнде арнайы атқару және бақылау-қадағалау функцияларын, меншiктi жекешелендiру мен мемлекеттiк мониторингiн жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      тиiстi саланың уәкiлеттi мемлекеттiк органы - мемлекеттiк басқарудың тиiстi саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      концессионер – концессия шартының негізінде концессия объектісін құрған (салған) және осы Ережеге және концессиялар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы концессия объектiлерін пайдалануға құқық алған заңды тұлға (мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда);
      мемлекеттік қабылдау комиссиясы – салынған объектіні пайдалануға қабылдайтын уақытша немесе тұрақты алқалы орган.
      3. Объектілерді мемлекеттік меншікке:
      республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - республикалық меншiкке билiк ету құқығын жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.

2. Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібі

      4. Концессионер мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектісін құрған (салған) сәттен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына - республикалық меншiкке жататын концессия объектiлерiне қатысты немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына – коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты мемлекеттік меншікке концессия объектісін қабылдау туралы өтініш жасайды және құжаттарды осы Ереженің қосымшасында келтірілген концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау үшін концессионер мемлекеттік органға ұсынатын құжаттардың тізбесіне сәйкес ұсынады.
      5. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы концессионердің өтінішін алған күннен бастап бес жұмыс күнінің ішінде тиісінше концессия шартына сәйкес республикалық меншікке қабылдауға жататын концессия объектісін салудың (құрудың) аяқталғаны туралы концессионердің өтініші және осы концессия объектісін мемлекеттік меншікке қабылдау мүмкіндігін қарау туралы республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөнінде уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етеді.
      6. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының хабарламасында мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессияның көрсетілген объектісін бекітіп беру көзделетін мемлекеттік заңды тұлға көрсетілуі тиіс.
      7. Республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары хабарлама алғаннан кейін 10 күндік мерзімде мемлекеттік меншікке қабылдауға және де оны мемлекеттік заңды тұлғаға беруге жататын концессия объектілерін тиісінше республикалық және коммуналдық меншікке қабылдау туралы шешім қабылдайды.
      8. Осы Ереженің 7-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін концессионер мен мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектісі бекітіліп берілетін мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ мемлекеттік меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектісін қабылдап алу-беру актісін ресімдейді.
      9. Қабылдап алу-беру актісін ресімдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін бір-бір данадан, мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада қабылдап алу-беру актісі жасалады.
      10. Мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектісіне мемлекеттік тіркеу құқығы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту: 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 2011.05.04 N 237 (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

3. Қорытынды ережелер

      11. Мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын концессия объектісін беру және қабылдау кезінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қарастырылады.

                                 Концессия объектілерін мемлекеттік
                                       меншікке қабылдау ережесіне
                                                қосымша

Концессия объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдауды жүзеге асыру үшін концессионер ұсынатын құжаттардың тізбесі

Құжаттың атауы

      N р/р
      1. Концессия шарты
      2. Салынған объектіні пайдалануға қабылдауы туралы мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісі
      3. Концессионердің құрылтай құжаттарының, концессионердің әділет, салық және статистика органдарына мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттардың көшірмелері