"Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесiн бекiту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2006 жылғы 8 қыркүйектегі N 57 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы N 1 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 5 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5124 болып енгізілді.

Қолданыстағы

       Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін  3-тармақтан  қараңыз

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнiң  57-бабына  сәйкес Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. "Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесiн бекiту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2006 жылғы 8 қыркүйектегі  N 57  қаулысына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4415 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      Республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүргiзу ережесiнде:

      7-тармақта:
      "сондай-ақ" деген сөз алынып тасталсын;
      "бағдарламалардың іске асырылуына" деген сөздерден кейін ", Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген өкілеттіктер шегінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына" деген сөздермен толықтырылсын;

      46-тармақ "төлеудің дұрыстығы" деген сөздерден кейін ", Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуы, әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігі" деген сөздермен толықтырылсын;

      64-тармақта: "анықталған заң бұзушылықтардың тiзiлiмiн ресiмдейдi және" деген сөздер алынып тасталсын, "оларды" деген сөз "оны" деген сөзбен ауыстырылсын;

      65-тармақта "талдау" деген сөз "негізгі" деген сөзбен ауыстырылсын;

      66-тармақта:
      3-абзацта "бағдарламалардың" деген сөз "бақылау бағдарламаларының" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-абзац "тізбесі" деген сөзден кейін ", сондай-ақ талдау жазбасы немесе бақылау процесінде жиналған талдау материалдарының көздері" деген сөздермен толықтырылсын;

      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "67. Қорытындының талдау бөлімі саланың жай-күйінің, іске асырылуына бақылау объектісі (мемлекеттік орган) жауап беретін мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың талдау нәтижелерін қамтиды.
      Мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыру үшін мемлекеттік органға және басқа да ұйымдарға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуын талдау нәтижелері 3 жылдан бастап 5 жылға дейінгі кезеңде көрсетіледі. Бұл ретте талдауды ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша, даму бағдарламалары бойынша және тұтастай алғанда бақылау объектісі бойынша жүргізген жөн, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды іске асыру процесінде және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметі процесінде қандай нәтижелер алынғанын көрсеткен орынды.
      Салық, салықтан тыс түсімдер немесе бюджетке төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміндегі әрі республикалық және мемлекеттік бюджеттердің жалпы кіріс көлеміндегі үлесі көрсетіле отырып, 3 жылдан бастап 5 жылға дейінгі кезеңде талданады.
      Мемлекет активтерінің пайдаланылуын талдау кезінде акционерлік қоғамның жалпы сипаттамасы, оның негізгі функциялары, жарғылық қорын құруға немесе толықтыруға бөлінген бюджет шығыстары, бөлінген бюджет кредиттерінің мөлшері, олардың бюджетке қайтарылуы көрсетіледі.
      Бақылаудың нәтижелері жүйеге келтіріліп, мынадай бөлімдерді қамтиды:
      1) мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың қызметін, бюджетке қаражаттың толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға немесе жекелеген әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы министрліктерінің, агенттіктерінің, басқа да мемлекеттік органдардың қызметі;
      3) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша бақылаудың нәтижелері;
      4) бюджеттік даму бағдарламалары бойынша бақылаудың нәтижелері;
      5) мемлекет активтерінің пайдаланылуын бақылаудың нәтижелері.
      Сондай-ақ Қорытындының талдау бөлімінде қаржы активтерін сатып алу бойынша және оларды сатудан бюджетке түскен қаражат бойынша бақылаудың нәтижелері бөлек көрсетіледі.";

      69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "69. Қорытындының жиынтық бөлімі "Бақылау барысында қабылданған шаралар", "Бақылаудың нәтижелерi бойынша қорытындылар", "Бақылаудың нәтижелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар" сияқты бөлімдерден тұрады.
      "Бақылау барысында қабылданған шаралар" деген бөлім қосымша есептелген салықтар, айыппұлдар, өсімақылар туралы, бюджет қаражатының қалпына келтірілгені туралы, заң бұзушылықтарға орын берген бақылау объектісінің лауазымды адамына қолданылған тәртіптік жазалау шаралары туралы ақпаратты қамтуы қажет.
      "Бақылаудың нәтижелерi бойынша қорытындылар" деген бөлім мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың, бюджетке кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету бойынша, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің ұтымды және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар (бюджеттік бағдарламалар әкімшілері) қызметінің тиімділігіне берілген жалпы бағалауды қамтуы қажет. Қажет болған жағдайда, бюджет қаражатының мақсатына сай емес, тиімсіз және негізсіз пайдаланылғанын көрсете отырып, бақылау жүргізу барысында анықталған заң бұзушылықтар туралы жалпы мәліметті көрсеткен жөн.
      "Бақылаудың нәтижелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар" деген бөлiмде Есеп комитетiнiң бақылау жүргiзуге жауапты мүшесiнiң Есеп комитетiнiң отырысында бақылаудың нәтижелерiн қарау не Есеп комитетiнiң бақылау нәтижелерi жөнiндегi ұсынымын жiберу мүмкiншiлiгiн көздейтiн пiкiрi көрсетiледi.
      Сондай-ақ аталған бөлiмде нормативтiк құқықтық базаны, бюджет қаражатының жоспарлау, пайдалану рәсімдерін жетiлдiру жөнiнде ҚР Үкіметіне, мемлекеттік уәкiлеттi органдарға, сондай-ақ бақылау жүргiзу барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде бақылау объектiлерiне арналған ұсыныстар келтiрiледi.

      74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "74. Қаулының қаулы шығарушы бөлiгi мыналарды қамтиды:
      1) Есеп комитетi мүшесiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметiне және бақылау объектiлерiне нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi және республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне анықталған заң бұзушылықтарды жою, заң бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнiндегi ұсынымдарды;
      2) бақылау объектiсiнiң және тиiстi лауазымды тұлғалардың анықталған заң бұзушылықтар мен кемшiлiктердi жоюы жөнiндегi атқаруға міндетті тапсырмаларды;
      3) лауазымды тұлғалардың, бақылау объектiлерiнiң республикалық бюджет қаражатын пайдаланудағы iс-әрекетiнде құқық бұзу белгiлерi және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де заң бұзу фактiлерi анықталған жағдайда қаулы шығарушы бөлiкке құқық қорғау органдарына және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайтын уәкiлеттi органдарға бақылау материалдарын тапсыру туралы тармақтар енгiзiлуi мүмкiн;
      4) Қаулының орындалуын бақылау жүктелген Есеп комитеті мүшесінің аты-жөнін қамтиды.";

      75-тармақ:
      мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Ұсыным осы Ереженің 73 және 74-тармақтарына сай қаулыны толтыруға қойылатын нысандар бойынша толтырылады.";

      мынадай мазмұндағы 75-1-тармақпен толықтырылсын:
      "75-1. Анықталған заң бұзушылықтар тізілімі Қаулыға немесе ұсынымға қол қойылғаннан кейін толтырылады.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-бөліммен толықтырылсын:
      " 6-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуына бақылау жасау
      76-1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды Есеп комитеті мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламаларға, мемлекет активтерінің пайдаланылуына бақылау жүргізген кезде жүзеге асырады.
      76-2. Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау объектілеріне мыналар жатады:
      1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, конкурстық комиссия, сараптамалық комиссия, сарапшы;
      2) әлеуетті өнім беруші, конкурсқа қатысушы, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау үшін қосалқы мердігерлер не қызметтерді көрсету үшін бірлескен атқарушылар ретінде тарататын тұлғалар;
      3) ұйымдастырылған электрондық сауда-саттықта мемлекеттік сатып алуға қатысушы тұлғалар;
      4) мемлекеттік сатып алуға ашық тауар биржалары арқылы қатысатын тұлғалар.
      76-3. Бақылау объектілеріне қатысты жоспарлы тексерулер күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық жүзеге асырылмайды.
      76-4. Есеп комитеті бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде тиісті бақылау объектілерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған жағдайда мынадай шаралар қолданады:
      1) бақылау объектісіне Қаулы немесе ұсыным жібереді;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгіну жөнінде шаралар қабылдау үшін мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға Қаулы немесе ұсыным жібереді.
      76-5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің қылмыс құрамы белгілері бар іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасасу фактісі анықталған жағдайда, Есеп комитеті осындай факті анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған іс-әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына береді".

      93-тармақта "Құқық қорғау органдарына және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға" деген сөздер "Құқық қорғау органдарына, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға және мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      94-тармақта "құқық қорғау органдарының және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың" деген сөздер "құқық қорғау органдарының, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың және мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органның" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Есеп комитетінің аппарат басшысы Е.Қ. Сыздықов бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы қаулының мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Төрағаның міндетін
      атқарушы