Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 22 қазандағы N 501 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 12 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4995 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңы  44-бабының 9-тармағына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік ережелері бекітілсін.

      2. Мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаменті (М. Санатова) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.

      3. Облыстық, Астана, Алматы қалаларының білім департаменттері осы бұйрықты білім беру ұйымдарының барлық аудандық (қалалық) бөлімдеріне жеткізсін.

      4. "Білім беру ұйымының қамқоршылық кеңес қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 16 қарашадағы N 923  бұйрығының (N 3254 нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Білім және ғылым вице-министрі К. Шәмшидиноваға жүктелсін.

      6. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Министрдің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым министрінің  
2007 жылғы 22 қазандағы    
N 501 бұйрығымен бекітілген   

Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау
тәртібінің үлгілік
ЕРЕЖЕЛЕРІ 1. Жалпы ережелер

      1. Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік ережелері (бұдан әрі - Ережелер) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңы  44-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесі (бұдан әрі - Қамқоршылық кеңес) білім беру ұйымын алқалы басқару нысанының бірі болып табылады.

      3. Қамқоршылық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Ережелерді, сондай-ақ білім беру ұйымының жарғысын басшылыққа алады.

      4. Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі ведомстволармен және басқа да ұйымдармен өзара қарым-қатынаста болады.

      5. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өз қызметтерін орындауы өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

  2. Қамқоршылық кеңестің құрамы, құрылымы және қызметі

      6. Қамқоршылық кеңес аталған білім беру ұйымының құрылтайшысы және білім алушылардың ата-аналарының бастамасы бойынша жалпы жиналыста құрылуы мүмкін.

      7. Қамқоршылық кеңестің құрамына:
      1) Қамқоршылық кеңес құрылатын білім беру ұйымының басшысы;
      2) басқа да білім беру ұйымдарының, басқару органдарының өкілдері;
      3) жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер;
      4) қоғамдық ұйымдардың, қорлардың, қауымдастықтардың өкілдері;
      5) демеушілер кіруі мүмкін.

      8. Қамқоршылық кеңестің құрамы 3 жыл мерзімге сайланады. Қажет болған жағдайда жалпы жиналыстың шешімімен оның құрамына жекелеген өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      9. Қамқоршылық кеңестің отырысында сайланатын оның төрағасы Қамқоршылық кеңестің басшысы болып табылады. Төраға Қамқоршылық кеңестің атынан арнайы өкілеттіксіз әрекет етеді, оны білім беру ұйымының, мемлекеттік органдар және басқа да тараптар алдында таныстырады. Төраға Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырады және оның қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережелерге сәйкес қамтамасыз етеді.

      10. Қамқоршылық кеңес төрағасының орынбасарын Қамқоршылық кеңес сайлайды.

      11. Хатшыны Қамқоршылық кеңес сайлайды және ол Қамқоршылық кеңестің іс-қағаздарын жүргізуге жауап береді.

      12. Қамқоршылық кеңестің отырыстары оның жұмыс жоспарына сәйкес, жылына кемінде бір рет өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар қажеттілікке қарай Қамқоршылық кеңес төрағасының шешімімен немесе Қамқоршылық кеңестің төрттен бір мүшелерінің талаптары бойынша өткізіледі.

      13. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің кемінде 2/3-сі отырысқа қатысса, шешім қабылдауға құқылы. Қамқоршылық кеңестің шешімі ашық дауыс берумен оның қатысып отырған мүшелерінің басым көпшілігінің даусымен қабылданады.

      14. Қамқоршылық кеңес қызметінің мақсаттары:
      1) білім беру ұйымына оның жарғылық қызметтерін жүзеге асыруға ықпал ету;
      2) білім беретін оқу бағдарламаларын ойдағыдай іске асыру мақсатында білім беру ұйымының оқушылары мен педагогикалық ұжымы үшін қажетті жағдайлар жасау;
      3) білім беру ұйымына қаржылық қолдауды, материалдық-техникалық базасын күшейтуді қамтамасыз ету;
      4) білім беру ұйымының әрі қарай дамуына ықпал ету болып табылады.

      15. Қамқоршылық кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
      1) білім беру ұйымына әлеуметтік-мәдени, сауықтыру және дамыту іс-шараларын өткізуге көмек көрсету;
      2) тәрбие мен оқыту саласында халықаралық ынтымақтастықты орнату мен дамытуға ықпал ету;
      3) халықтың әлеуметтік осал жіктерінен шыққан білім алушылардың білім алуына, тұрмыс жағдайларын жақсартуына және еңбекпен қамтылуына ықпал ету;
      4) білім беру ұйымының қызметіндегі кемшіліктерді жоюға бағытталған ұсыныстар енгізу болып табылады.

  3. Қамқоршылық кеңестің қызметін тоқтату

      16. Қамқоршылық кеңестің қызметін тоқтату:
      1) құрылтайшының бастамасы бойынша;
      2) Қамқоршылық кеңестің бастамасы бойынша;
      3) білім беру ұйымын таратуға және қайта ұйымдастыруға байланысты жүзеге асырылады.