"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтік кеңесі қызметінің үлгі ережесі бекітілсін.
2. Техникалық және кәсіптік білім департаменті (Қ.Қ. Бөрібеков) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
3. "Бастауыш және орта кәсіптік оқу орындарының педагогикалық кеңесі қызметін ұйымдастыру туралы қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2000 жылғы 25 сәуірдегі N 392 бұйрығының (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2000 жылғы 24 мамырда N 1137 тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде 2000 ж., N 6, 233б. жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Ф. Қуанғановқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы
Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрінің міндетін
атқарушының 2007 жылғы 24 қазандағы
N 506 бұйрығымен бекiтiлген
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру ұйымдарының педагогтік кеңесі қызметінің үлгі ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Осы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру ұйымдарының педагогтік кеңесі қызметінің үлгі ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі - білім ұйымдары) педагогтік кеңесінің (бұдан әрі - педагогтік кеңес) қызметін айқындайды.
2. Педагогтік кеңестің міндеттері
2. Педагогтік кеңестің міндеттері:
1) білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің жағдайын, оқытушылардың кәсіби даярлық деңгейін, білім беру ұйымдарында білім алушылардың білімділігін, тәрбиелілігін және дамуын диагностикалау;
2) білім беру ұйымдары дамуының, кәсіби шеберлігінің және әрбір оқытушы мен өндірістік оқыту шеберінің шығармашылығының кешенді нысаналы бағдарламаларын әзірлеу;
3) сапалы оқу-тәрбие жұмыстары үшін білім беру ұйымы ұжымының күшін біріктіру;
4) республика экономикасының даму перспективаларын, еңбек рыногының қажеттілігін ескеріп, кадрларды даярлаудың сапасын әрдайым жетілдіру үшін жағдайлар жасау;
5) білім алушыларды тұлғалық бағытталған біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ету;
6) білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда құзіретті көзқарасты қалыптастыру;
7) оқу-тәрбие процесінің нәтижелігі мен тиімділігі мониторингісінің нысандары мен әдістерін жетілдіру;
8) білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы шығармашылық көзқарасты қамтамасыз ету болып табылады.
3. Педагогтік кеңестің құрамы
3. Білім беру ұйымының педагогтік кеңесінің құрамына: білім беру ұйымын басқарушылар құрамы, барлық оқытушылар мен оқу-көмекші персонал, сондай-ақ негізгі кәсіпорындардың, мекемелердің өкілдері, білім алушылар және ата-аналар жұртшылығының өкілдері кіреді.
Педагогтік ұжым өкілдері жиналыста ашық дауыс беру арқылы сайланады (оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері ұсынған әрбір кандидатура бойынша).
Педагогтік кеңестің мүшелігіне ата-аналарды білім беру ұйымының ата-аналар комитеті ұсынады.
Ең жақсы практика жетекшілерінің қатарынан негізгі кәсіпорындардың, мекемелердің өкілдерін аталған кәсіпорындардың, мекемелердің басшылары ұсынады.
4. Педагогтік кеңестің құрамы білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен оқу жылына бекітіледі.
Білім беру ұйымының басшысы педагогтік кеңестің төрағасы болып табылады.
Педагогтік кеңестің төрағасы жалпы басшылықты жүзеге асырады, мәжілістерде төрағалық етеді, қабылданған шешімдерді бекітеді.
Педагогтік кеңес мүшелерінің қатарынан ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.
4. Педагогтік кеңестің құқықтары
5. Педагогтік кеңес:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді және құқықтық актілерді орындау бойынша іс-шараларды;
2) оқу-тәрбиелік және әдістемелік жұмыстардың жағдайын, оқытудың барлық нысандары бойынша оқыту әдістерін жетілдіру мәселелерін, оқытудың жаңа технологияларын енгізуді (ақпараттық, модульді, тұлғалық бағдарланған және тағы басқалар);
3) оқу - көмекші бөлімшелердің, бөлім жұмысының жағдайын;
4) білім беру ұйымдарының оқу-материалдық базаcының дамуын жоспарлау мәселелерін;
5) оқу-тәрбиелік және әдістемелік жұмыстарды жоспарлау мәселелерін;
6) басшылардың, оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің, оқу-көмекші персоналдардың біліктілігін арттыру және біліктілік арттырудың жаңа нысандарын пайдалану мәселелерін;
7) білім беру ұйымында жаңа мамандықтар мен пәндер бойынша оқытушыларды және өндірістік оқыту шеберлерін, оқытушылар құрамын даярлауды, жас мамандарды оқытушылық қызметке тартуды;
8) басқарушы және педагогтік кадрларды аттестаттауға даярлаудың аттестаттау жүйесін және ұйымдастыруды жетілдіру;
9) білім алушыларды қабылдау, бітірушілерді бітірту және жұмысқа орналастыру мәселелерін;
10) білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау, дипломдық жұмыстарын (жобаларын) қорғауға даярлау және өткізу бойынша іс-шараларды;
11) білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастыру және өткізу мәселелерін;
12) білім алушылардың тәртібінің жай-күйін, үлгермегені үшін, жатақханадағы ішкі тәртіп және тұру ережелерін бұзғаны үшін оқудан шығару мәселелері, сондай-ақ жеке жағдайларда білім алушыларды білім беру ұйымдарына қайта қабылдау мәселелерін;
13) оқу - тәрбие процестерін компьютерлеудің жай-күйін;
14) білім алушылар контингентінің сақталуын;
15) білім алушылардың тұлғалық бағдарланған тәрбиесі мен білімінің мәселелерін;
16) республиканың еңбек рыногының талаптарына және экономиканың дамуының перспективаларына сәйкес кадрларды даярлау мәселелерін қарастырады.
6. Жеке жұмысшылардың біліктілігінің осы білім ұйымдарында орындалып жатқан жұмыстарына сәйкестігі туралы мәселелер, қажетті жағдайда, педагогтік кеңесте қарауға ұсынылады.
Педагогтік кеңестің отырысында қызметі талқыланатын білім беру ұйымының қызметкерлері педагогтік кеңестің отырысына қатысуға құқығы бар. Отырыстың өту күні туралы қызметкерлерге кемінде жеті күн бұрын хабарланады.
5. Педагогтік кеңес қызметінің тәртібі
7. Педагогтік кеңестің жұмысы оқу жылына әзірленетін жоспар бойынша өткізіледі, педагогтік кеңестің отырысында қаралады және білім беру ұйымының басшысымен бекітіледі.
8. Педагогтік кеңес білім беру ұйымының басшысы белгілеген мерзімде екі айда бір реттен кем емес жиналады.
Педагогтік кеңестің отырысында талқыланатын мәселелер бойынша орындау мерзімі мен орындауға жауапты тұлғалар көрсетілген шешім шығарылады.
9. Педагогтік кеңестің шешімі жай дауыс берумен қабылданады және білім беру ұйымының басшысы бекіткеннен кейін күшіне енеді.
Педагогтік кеңестің төрағасы қабылданған шешімдердің орындалуын жүйелі тексеруді ұйымдастыруға және тексеру қорытындысын педагогтік кеңеске талқылауға салуға тиіс.
10. Педагогтік кеңестің әрбір мүшесі кеңестің барлық отырысына қатысуға, оның жұмысына белсенді араласуға, жүктелген тапсырмаларды уақытылы және нақты орындауға тиісті.
11. Педагогтік кеңестің отырысы хаттамамен ресімделеді. Хаттамаға педагогтік кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды. Әрбір хаттамада оның нөмірі, кеңес отырысының күні, қатысқандардың саны, отырыстың күн тәртібі көрсетіледі. Талқыланатын мәселе бойынша сөйлеген сөздер мен қабылданған шешім анық және түсінікті жазылуы керек.
Педагогтік кеңес отырысының хаттамасы білім беру ұйымдарының іс номенклатурасында үнемі сақталатын құжаттар болып табылады және білім беру ұйымдарының істерін қабылдау мен тапсыру кезінде акт бойынша тапсырылады.