Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2007 жылғы 7 қыркүйектегі N 37 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде 2007 жылғы 5 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4958 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмысын жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасының»"Прокуратура туралы" Заңының  11-бабының  4-тармағына сәйкес,  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі ұсынылып отырған нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының департаменттері, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары, Бас әскери прокурор, облыс прокурорлары, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлар, қала, аудан, мамандандырылған прокуратуралар, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы ғылыми және өзге де мекемелерінің басшылары:
      1) барлық прокуратура органдары қызметкерлерінің осы Нұсқаулықпен оқып танысуларын ұйымдастырсын, өтініштерді оның талаптарына қатаң сәйкестікте қаралуын қамтамасыз етсін;
      2) заңмен берілген өкілеттікті толық қолданумен өтініштердің уақытылы, объективті және толық қаралуын қамтамасыз ету бойынша жан-жақты шаралар қолдансын, олардың тиісті түрде қаралмауының әрбір жағдайын тексерсін және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешсін;
      3) жарты жылда кемінде бір рет өтініштерді, депутаттық сауалдарды қарау жұмысына кешенді талдау жүргізіп, жеке және заңды тұлғалардың негізді өтініштерін туындататын себептер мен жағдайларды анықтау бойынша пәрменді шаралар қолдансын. Азаматтардың өтініштерін қарау жұмысының талдау нәтижесі жөніндегі толық анықтаманы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының Азаматтардың өтініштерін қарау және іс жүргізу заңдарының қолданылуын қадағалау басқармасына 20 қаңтар және 20 шілдеге қарай ұсынсын.
      Талдау нәтижелерін қадағалау жұмысын болжау және жоспарлау үшін пайдалансын.

      3. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының Азаматтардың өтініштерін қарау және іс жүргізу заңдарының қолданылуын қадағалау басқармасы Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде, сондай-ақ кемінде жарты жылда бір рет Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінде азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйін тексерсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, облыс прокурорларына, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокурорларға, қала, аудан прокурорларына, Қазақстан Республикасының Бас прокуратура жанындағы ғылыми және өзге де мекемелерінің басшыларына жүктелсін.

      5. Бұйрық Бас әскери прокурорға, облыс және оларға теңестірілген прокурорларға, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокурорларға, қала, аудан прокурорларына, мамандандырылған прокурорларға, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы ғылыми және өзге де мекемелерінің басшыларына жолдансын.

      6. Осы бұйрық ресми түрде жарияланған күннен бастап қолданысқа енеді.

      7.»"Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде азаматтардың өтініштерін қарау және шешу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2003 жылғы 31 шілдедегі  N 47 бұйрығының  (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде N 2437 тіркелген) күші жойылған деп танылсын.

    Қазақстан Республикасының
         Бас Прокуроры

Қазақстан Республикасы   
Бас Прокурорының     
2007 жылғы 7 қыркүйектегі 
N 37 бұйрығымен     
бекітілген       

Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен
мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау
жөніндегі Нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының» "Прокуратура  туралы",» "Әкімшілік  рәсімдер туралы",» "Жеке және заңды тұлғалардың  өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңдарға және өзге де заңнамаларға сәйкес Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде азаматтардың өтініштерін, депутаттық сауалдар мен өтініштерді қарау мәселелерін нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта қолданылатын негізгі ұғымдар:
      1) өтініш - заңды тұлғалардың немесе олардың тиісті уәкілеттелген өкілінің дербес немесе жазбаша, ауызша нысандағы ұжымдық немесе электрондық сандық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы ұсынысы, арызы, шағымы, пікірі, сауалдары;
      2) депутаттық сауал - Қазақстан Республикасының»"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңының  27-бабына  сәйкес Парламент сессиясында жарияланып, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сауал түрінде рәсімделіп жолданған Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының талабы;
      3) депутаттық өтініш - Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, комитеттері мен комиссиялары мүшелерінің прокуратура органдарына өтінішті қарау және ол бойынша ақпарат беру туралы жолдаған депутаттық сауал түрінде рәсімделмеген өтініші;
      4) ұжымдық өтініш - жеке және заңды тұлғалардың екі немесе одан да көп өтініші, сондай-ақ митингте немесе жиналыста қабылданған және митингті, жиналысты ұйымдастырушылардың және қатысушылардың қолы қойылған өтініш;
      5) өтініш көшірмесі - бұрынғы өтініштің көшірмесі немесе бір мәселе бойынша және бір адамның мүддесіне берілген өтініштің данасы.

  2. Нұсқаулықтың қолданылу шегі

      3. Осы Нұсқаулықтың ережелері прокуратура органдары мен мекемелеріне, соның ішінде мемлекеттік органдар арқылы келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне, сондай-ақ депутаттық сауалдар мен өтініштерге қолданылады.

      4. Жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарламалар, қылмыстық іс өндірісін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттері мен шешімдеріне берілетін шағымдар қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген тәртіпте қаралады.

      5. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша қабылданған сот актілеріне берілетін шағымдар, өтініштер қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңдарда көзделген тәртіп пен өкілеттік шекте қаралады. Жоғарыда аталған заңнамамен реттелмеген жағдайда Қазақстан Республикасының»"Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" заңының және осы Нұсқаулықтың ережелері қолданылады.

      6. Ақтау туралы арыздар Қазақстан Республикасының»"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңында көзделген тәртіпте қаралады. Азаматтарды ақтауға қатысты өтініштер бойынша депутаттық сауалдар осы Нұсқаулыққа сәйкес қаралады.

      7. Шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалардың өтініштері Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық шарттармен оларды қараудың өзге тәртіптері көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қаралады.

  3. Өтініш берудің рәсімі мен нысаны

      8. Өтініш онда қойылған мәселелерді шешу құзырына кіретін органға немесе лауазымды адамға жолданады.
      Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, пошталық мекен-жайы, ал заңды тұлғаның - атауы, пошталық мекен-жайы, шығыс нөмірі және күні жазылады. Өтініште арыз иесінің қолы қойылған немесе электрондық сандық қолтаңбамен куәландырылған болуы керек.
      Шағым беру кезінде органның атауы немесе әрекеттері шағымданып отырған лауазымды адамдардың лауазымы, тегі және аты-жөні, шағымдану себептері мен талаптары көрсетіледі.
      Өтініштер ұжымдық немесе жеке болуы мүмкін, олар ауызша, жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында беріледі. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік тілде, ұлтаралық қарым-қатынас тілінде, ана тілінде немесе өзі білетін кез келген басқа тілде өтініш беруге құқылы.

      9. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне), сондай-ақ өтініштерді қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдерге шағым тиісті органның, ұйымның немесе лауазымды адамның жасаған әрекеті немесе қабылдаған шешімі туралы жеке немесе заңды тұлғаға белгілі болған кезден бастап жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға бағыныштылық тәртібінде үш айдан кешіктірілмей беріледі.
      Шағымдану мерзімінің өтіп кетуі орган немесе лауазымды адам үшін шағымды қараудан бас тартуға негіз бола алмайды. Мерзімнің өту себептері шағымды мән-жайы бойынша қарау кезінде анықталады және ол шағымды қанағаттандырудан бас тартуға бірден бір негіз болып табылуы мүмкін.

      10. Өтініш иесі туралы мәліметтер жоқ, қолы қойылмаған, сондай-ақ электрондық сандық қолтаңбасы, арыз иесінің пошталық мекен-жайы жоқ домалақ арыздар дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп тудыру туралы мәліметтері бар болған жағдайдан басқа кездерде қаралуға жатпайды. Мұндай арыз мемлекеттік органдарға олардың құзырына сәйкес қарауға дереу жолдануға жатады.

      11. Мәтіні түсініксіз немесе мәселенің мәні жазылмаған, сондай-ақ оларды шешуге жеткілікті мәліметтері жоқ өтініштер (домалақ арыздардан басқа) үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті түсінік берумен арыз иесіне қайтарылады. Өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болған мән-жайлар кейіннен жойылған болса, онда орган немесе лауазымды адам аталған өтінішті қарауға міндетті.

  4. Өтініштерді тіркеу, есепке алу және қарау

      12. Прокуратура органдарына келіп түскен өтініштер, сондай-ақ депутаттық сауалдар мен өтініштер қосымша тіркелген құжаттарымен бірге келіп түскен күні тіркеледі және олар бойынша статистикалық карточкалар жасалады.
      Ауызша өтініштер келушілерді қабылдауды есепке алу карточкасына тіркеледі, онда жауаптың мазмұны да көрсетіледі. Азаматтың талабы бойынша ауызша өтінішке жауап жазбаша түрде жолданады.

      13. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына (бұдан әрі - Бас прокуратура) келіп түсетін өтініштердің барлығы алдымен Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының Азаматтардың өтініштерін қарау және іс жүргізу заңдардың қолданылуын қадағалау басқармасында, ал төмен тұрған прокуратураларда - тиісті бөлімшелерде тіркеліп, бар материалдары мен қадағалау өндірістері зерделеніп, алдын-ала қаралады.

      14. Бас прокуратурада алдын ала қаралғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына (бұдан әрі - Бас Прокурор) немесе оның міндетін атқарушы адамға:
      1) Қазақстан Республикасының Президентінен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінен, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің басшыларынан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысынан, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысынан және оның орынбасарларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысынан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағаларынан келіп түскен алғашқы өтініштер, заңнамаға сәйкес ресімделген депутаттық сауалдар, сондай-ақ Бас Прокурордың орынбасарларының, Бас прокуратурасы жанындағы ғылыми және өзге мекемелердің басшыларының шешімдері мен (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған өтініштер;
      2) мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша саяси мемлекеттік қызметкерлерге жататын лауазымды тұлғалардың тарапынан сыбайлас жемқорлық және қызмет бабын теріс пайдалану фактілері туралы, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық, экономикалық және қоғамдық қауіпсіздіктерге қауіп төндіретін басқадай елеулі заң бұзушылықтар туралы өтініштер баяндау үшін тапсырылады.

      15. Бас Прокурордың орынбасарларына:
      1) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан (депутаттық сауал ретінде тиісті рәсімделмеген), Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Соты төрағаларының орынбасарларынан, министрліктер мен ведомствалар басшыларынан өтінішті қарау нәтижелері туралы ақпарат талап етумен қатар келіп түскен алғашқы өтініштер;
      2) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағымданған өтініштер;
      3) Бас прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзырына кіретін мәселелер қозғалған өтініштер;
      4) прокуратура органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымданған өтініштер;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың қызметтеріне қатысты өтініштер;
      6) Бас Прокурор орынбасарларының құзырына кіретін мәселелер қозғалған басқа да өтініштер баяндау үшін тапсырылады.

      16. Бас прокуратураның департаменттері, дербес басқармалары мен бөлімдерінің бастықтарына:
      1) Бас прокуратура басшысы мен оның орынбасарларының нұсқауымен Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына тікелей жолданған өтініштер, соның ішінде депутаттардың өтініштері мен сұрау салулары;
      2) орталық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған өтініштер;
      3) аудандық, облыстық және оларға теңестірілген соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне берілген шағымдар, егер өтінішке облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың жауабының немесе облыстық, оған теңестірілген соттың қадағалау сатысында қабылданған қаулысының көшірмелері қосымша тіркелсе (қадағалау шағымын алдын ала қарау нәтижесі бойынша тиісті сатыдағы сотпен қабылданған қадағалау өндірісін қозғаудан бас тарту туралы қаулыны қоспағанда);
      4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының істерді бірінші сатыда, апелляциялық және қадағалау тәртібінде қарау кезінде қабылданған сот актілеріне келтірілген шағымдар;
      5) заңды күшіне енген сот актілерін орындауды тоқтату өтініштер;
      6) судьялардың іс-әрекеттеріне келтірілген, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағымдар;
      7) облыс және оларға теңестірілген прокурорлардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) келтірілген шағымдар;
      8) облыс және оларға теңестірілген прокурорлардың, сондай-ақ олардың міндетін атқарушылардың жауаптары тіркелген өтініштер;
      9) облыс және оларға теңестірілген прокурорлар орынбасарларының шешімдеріне келтірілген өтініштер, егер бұл шешімдер Бас прокуратура тарапынан бірнеше рет жолданған өтініштер бойынша қабылданған болса;
      10) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінде бұрын қаралған өтінішке байланысты өтініштер;
      11) заңды тұлғалардың алғашқы өтініштері;
      12) өз құзыреті шегінде олардың қарауына жататын басқа да мәселелер жөніндегі өтініштер қарау үшін жолданады.

      17. Бас Прокурор Аппаратының Азаматтардың өтініштерін қарау және іс жүргізу заңдарының қолданылуын қадағалау басқармасында:
      1) азаматтардың алғашқы өтініштері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, комиссиялары мен комитеттерінен (депутаттық сауал ретінде тиісті ресімделмеген), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінен, басқа орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен, бақылауға алынбаған және төмен тұрған прокуратураларға немесе басқа ведомстволарға аймақтық немесе ведомстволық бағыныштылығына қарай жолдауға жататын өтініштер;
      2) облыс және оларға теңестірілген прокурорлардың жауабы тіркелмеген, бір мәселе бойынша бір адамнан қайтадан келіп түскен азаматтардың қайталама өтініштері;
      3) азаматтардың өтініштерін қарау және қабылдау тәртібін реттейтін заңнамаларды түсіндіруді қажет ететін өтініштер қаралады.
      Алғаш келіп түскен өтініштердің барлығы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті төмен тұрған прокурорларға немесе ведомстволарға қарау үшін жолданады және ол жайында арыз иесіне хабарланады.
      Облыс және оларға теңестірілген прокурорлардың жауабы тіркелмей, қайталанып түскен өтініштерді, жоғарыда аталған Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі тиісті прокуратураларға қарау үшін және оның нәтижесі туралы прокуратураның бірінші басшысының қолымен жауап сұратылып жолданады.

      18. Бас әскери прокурор, облыс және оларға теңестірілген прокурорлар:
      1) Бас әскери прокурордың орынбасарларының;
      облыс және оған теңестірілген прокурордың орынбасарларының;
      Бас әскери прокуратурасының, облыс және оған теңестірілген прокуратурасының құрылымдық бөлімшелері басшыларының;
      қала, аудан, әскери, мамандандырылған прокурорлардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымданған өтініштерді;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінен, Қазақстан Республикасының Парламентінен, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан бақылаумен жолданған, сондай-ақ өз құзыры шегінде оларды қарау нәтижелері туралы ақпарат сұратылып басқа орталық мемлекеттік органдардан, облыстық өкілдік және атқарушы органдардан жолдаған өтініштерді;
      3) облыс деңгейіндегі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымданған өтініштерді;
      4) аудан, қала, әскери, мамандандырылған прокурорлар қанағаттандырусыз қалдырған аудандық және оған теңестірілген соттардың сот актілеріне келтірген шағымдарды;
      5) облыс және оған теңестірілген соттардың істерді бірінші сатыда және апелляциялық тәртіпте қарау кезінде қабылдаған сот актілеріне келтірген шағымдарды;
      6) олардың құзырына кіретін басқа да мәселелер жөніндегі өтініштерді қарайды.

      19. Бас прокуратура жанындағы ғылыми және басқа мекемелердің басшылары, қала, аудан, әскери, мамандандырылған прокурорлар өз құзырына кіретін және жоғары тұрған прокурорлардың қарауына жатпайтын мәселелер жөніндегі өтініштерді қарайды.

      20. Осы Нұсқаулықта көрсетілген өтініштердің тізімі мен олардың міндетті түрде баяндау тәртібі түпкілікті болып табылмайды және тиісті прокурордың өз өкілеттігі шегінде шығарған бұйрығымен кеңейтілуі мүмкін.

      21. Әрбір өтініш бойынша прокуратура органдарында мына шешімдердің бірі қабылдануы тиіс:
      өз өндірісіне қабылдау туралы;
      шешу үшін төмен тұрған прокуратураларға жолдау туралы;
      тиістілігіне қарай басқа органдарға жолдау туралы;
      бар материалдарға тіркеу туралы.

      22. Төмен тұрған прокуратураларда, басқа органдарда, ұйымдарда шешілуге жататын өтініштер келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті орынға жолданады және ол жайында арыз иесіне хабарланады.
      Аймақтық және басқа белгілері бойынша өтінішті шешу прокуратураның құзырына кірмейтін өтініштер түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті прокурорға жолданады және ол туралы арыз иесіне хабарланады.
      Өтінішті оны шешуге тиісті прокурорға қайта жолдау кезінде оны шешуге қажетті материалдар қосымша тіркеледі.

      23. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының өзара келісімі немесе прокуратура басшысының нұсқауы бойынша өтініш бір құрылымдық бөлімшеден екінші бөлімшеге тапсырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініштің тапсырылу себептері мен негіздемелері тиісті баянатпен ресімделеді.
      Өтініш тиісті құрылымдық бөлімшеге уақытылы тапсырылмаған жағдайда (шешу мерзімінің өтуі) өтінішті тапсырудың уақытылығын қамтамасыз етпеген құрылымдық бөлімшенің бастығы кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесін көтерумен қарау мерзімін ұзарту туралы өтінішті рәсімдейді.

      24. Бір мәселе бойынша бір адамның мүддесіне берілген бірнеше өтініштер бір уақытта немесе әр түрлі уақытта түскен кезде, егер олардың түсуі кезінде олар бойынша шешім қабылданбаса және жауап берілмесе, онда алғаш түскен өтініш негізгі өтініш ретінде, ал кейінгілері негізгі өтінішке қосымша тіркеліп, бір өтініш ретінде қаралады және алғашқы өтініш түскен күннен бастап есептелетін белгіленген мерзім ішінде олардың шешілу нәтижелері жайында өтініш иелеріне хабарланады.
      Егер негізгі өтініш шешілгеннен кейін ұқсас өтініш келіп түссе (арыз иесінің негізгі өтінішке жауап алмай тұрып жолдаған), онда соңғы өтініш түскен күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде қабылданған шешімнің қысқаша мән-жайын мазмұндаумен және бұдан бұрын жолданған жауаптың күні мен шығыс нөміріне сілтеме жасаумен жауап беріледі.

      25. Өтінішті қарау кезінде:
      1) шағым немесе арыз берген немесе оның мүддесіне берілген адамның өзіне зиян келтіруге;
      2) лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымданған өтініштерді сол адамдарға немесе жолдауға;
      3) мәселені объективті шешілуіне мүдделі деп есептеуге негіздер бар адамдарға тексеріс жүргізуді жүктеуге;
      4) азаматтардың келісімісіз олардың жеке өмірі туралы немесе мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге құпияларға жататын мәліметтерді жариялауға;
      5) өтінішке қатысы жоқ жеке тұлғаның жеке басы туралы мәліметтерді анықтауға;
      6) егер осындай өтініш бұрын төмен тұрған прокурорға екі рет жолданып, осыған ұқсас өтініштің бірнеше рет жолданғанына қарамастан жоғары тұрған прокурорлар олардан өтініште көтерілген мәселе бойынша толық ақпарат алуын қамтамасыз етпесе, мұндай өтініштерді жоғарғы тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокурорларға жолдауына жол берілмейді.

  5. Өтініштерді шешу

      26. Өтініштерді, депутаттардың сұрау салуларын шешу кезінде прокурор онда келтірілген дәлелдерді жан-жақты және объективті тексеруге, өтінішке қатысты нақты жағдайларды анықтауға және зерттеуге, қажет болған жағдайда әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасалған лауазымды және өзге адамдардан түсініктеме алуға, қажетті материалдарды талап етуге және зерттеуге, өтініш бойынша шешім қабылдау үшін қолдануға жататын заңдардың нормаларын дұрыс айқындауға және қолдануға міндетті.
      Істер мен тексеру материалдарын жедел талап ету үшін ақпараттық және байланыстық техника құралдары пайдаланылады. Істерді, қажетті материалдарды талап ету жөніндегі тапсырма өтініш түскен күннен бастап үш жұмыс күн мерзім ішінде кешіктірілмей жолдануы тиіс.
      Өтінішті тексеру барысында жеке және заңды тұлғалардың өкілдері өтініштерін қарайтын прокурорға өздерінің жеке дәлелдерін келтіруге және өзінің өтінішінің негізділігін растайтын қосымша материалдар беруге не оларды талап етуді өтінуге құқылы.
      Заң бұзушылық анықталған жағдайда прокурор өз өкілеттігінің шегінде құқық бұзушылықты жою, оған жол бермеу, алдын алу жөнінде, жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру жөнінде кідіріссіз, толық шаралар қабылдауға міндетті.
      Егер өтініште көтерілген мәселелер қаралып, қажетті шаралар қолданылып, арыз иелеріне жазбаша түрде дәлелді және толық жауап берілсе, өтініштер, депутаттардың сұрау салулары шешілген болып саналады және бақылаудан алынады.

      27. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың тиісті бағасын алмаған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жүйелі түрде қиянат жасалғаны туралы, көптеген немесе дөрекі заң бұзушылықтар жөніндегі өтініштер, депутаттардың сұрау салулары, әдетте жергілікті орындарға барып тексеріледі.
      Оларды толық және объективті тексеруді қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда тексеріске басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ мамандар тартылуы мүмкін.

      28. Депутаттардың сұрау салулары тікелей Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде түпкілікті шешіледі. Оларды шешуге облыстық және оларға теңестірілген прокурорларға жолдауға болмайды.

      29. Заң талаптарын бұзушылықпен прокуратура органдарына жолданған депутаттардың сұрау салулары, соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша мемлекеттік органдардың тапсырмалары мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының тарапынан бұзушылыққа жол бермеу және оларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдаумен қатар заңда көзделген тәртіпте және өкілеттік шектерінде қаралады.

      30. Прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыретіне жататын мәселелер бар өтініштерді тексеруді ұйымдастыру бөлімшелердің ішінде бірінші аталған бөлімшенің басшысына толық көлемде жүктеледі. Ол өтініш бойынша түпкілікті жауаптың жобасын да дайындайды.
      Түпкілікті жауапты дайындаған құрылымдық бөлімше өтінішті шешкен болып саналады.

      31. Азаматтардың ақтау туралы өтініштері "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес сот тәртібінде қуғын-сүргінді қолдану туралы шешім қабылдаған органның немесе лауазымды тұлғаның орналасқан жері бойынша прокуратура органымен шешіледі. Егер қуғын-сүргінді қолдану туралы шешім әкімшілік не өзге тәртіпте қабылданса, онда мұндай өтініштер ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына шешу үшін жолданады.

      32. Төмен тұрған прокурорлардың әрекеттеріне шағымданған өтініштерді олардың өздері берген қорытындылар бойынша шешуге болмайды.

      33. Төмен тұрған прокурорларға өтініштердегі, депутаттардың сұрау салуларындағы дәлелдерді тексеру туралы тапсырманы Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе олардың орынбасарлары, ал облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда құрылымдық бөлімшенің басшысы не оның міндетін атқаратын тұлға тексерілуге тиісті нақты мән-жайларды көрсетіп, тапсырманың орындалу мерзімін міндетті түрде белгілеп береді.
      Қажет болған жағдайда сұратылған ақпараттарға қосымша тексеріс материалдары, прокурорлық қадағалау актілерінің көшірмелері мен басқа құжаттар талап етілуі мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш бойынша түпкілікті шешімді тапсырма берген прокуратура қабылдайды.
      Тапсырманы дайындау кезінде оның орындалу мерзімі, аймақтың қашықтығы мен тапсырылған жұмыстың көлемі ескеріліп, белгіленеді. 

      34. Прокурор объективті себептермен тапсырманы дер кезінде орындай алмаған жағдайда, осы тапсырманы берген лауазымды тұлғаға мерзімді ұзарту туралы өтініш жолдайды.

      35. Жолданған тапсырманы сапасыз орындаған жағдайда немесе бар материалдарды зерттеу кезінде қосымша мәселелерді тексеру қажет болса, төмен тұрған прокурорларға ескертулер мен тексерілуге тиісті нақты мәселелер және тапсырманың орындалу мерзімі көрсетіліп, қосымша тексеріс жүргізу туралы тапсырма жолданады.

      36. Прокурор қызметкерінің әрекеттеріне шағымдарды олардан жоғары тұрған лауазымды тұлғалар қарайды. Өз әрекеттері мен шешімдеріне шағым түскен лауазымды тұлға жоғары тұрған прокурорға өзінің түсініктемесімен бірге шағымды кідіріссіз жолдауға міндетті.

      37. Егер шағымдалған заңсыз әрекеттермен немесе шешімдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүліктік зиян келтірілсе, оған заңда көрсетілген зиянды өтеуге не жоюға оның құқығы мен осы құқықты жүзеге асырудың тәртібі түсіндірілуі тиіс.

      38. Қылмыстық, азаматтық және басқа істерді, сондай-ақ төмен тұрған прокурорлармен жүргізілген тексеріс материалдарын зерттеу арқылы шешілген өтініш бойынша, егер іс жөнінде шығарылған шешіммен келіскен жағдайда, арыз иелерінің келтірген барлық мән-жайлары ескеріліп, дәлелді қорытынды жасалады. Бас прокуратурада әзірленген қорытындыны Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары, ал төмен тұрған прокуратурада прокуратура басшысы не оның орынбасары бекітеді.

      39. Арыз иесімен хат-хабар алмасудың тоқтатылуы мүмкін, егер қайталама өтініште жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болмаса, ал бұрынғы өтініш бойынша толық және объективті тексеріс жүргізіліп, ол туралы материалдар жеткілікті болса және прокуратураның құқылы лауазымды тұлғамен осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіп бойынша арыз иесіне жауап берілсе.
      Өтініш бойынша хат-хабар алмасу прокуратура басшысы немесе оның орынбасары бекіткен орындаушының дәлелденген қорытындысының негізінде бір рет тоқтатылады. Ұқсас өтініштер түскен жағдайда арыз иесіне хат алмасудың тоқтатылғаны хабарланып, мұндай өтініштер қараусыз қалдырылып, қадағалау өндірісіне тіркелетіні түсіндіріледі.
      Егер өтініште заң бұзушылық туралы жаңа мәліметтер келтірілсе немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетілсе, хат-хабар алмасу қайтадан жаңғыртылады. Мұндай жағдайда өтініш осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіп бойынша тексеріледі.

      40. Өтініштерді, депутаттардың сұрау салуларын шешу кезінде заңды күшіне енген соттың шешімімен немесе үкімімен анықталған фактілер, жаңадан ашылған мән-жайлардан басқа, қайтадан тексеруге жатпайды.

      41. Өтініштерді шешудің қорытындысы бойынша төмендегі шешімдердің біреуі қабылдануы мүмкін:
      өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
      осы шешімді қабылдаудың негізділігімен қатар, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы;
      өтініштің мән-жайы бойынша түсініктеме беру туралы;
      өтінішті қарауды қысқарту туралы.

      42. Арыз иесінің өтініші бойынша оның өтінішін қарауға қатысты материалдармен (танысу тәртібі іс жүргізушілік заңнамада белгіленген сот істері мен материалдардан басқа) танысуға, өтінішін қарау барысына қатысуға мүмкіндік беріледі, егер бұл басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбайтын болса.

      43. Арыз иесіне құжаттармен танысуға мүмкіндік беру туралы жазбаша шешімді Бас прокуратурада Бас Прокурордың не оның орынбасарларының келісімі бойынша құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, төмен тұрған прокуратураларда прокуратура басшысы не оның орынбасарлары қабылдайды.
      Арыз иесін құжаттармен таныстырған прокуратура қызметкері оны қандай материалдармен таныстырғаны жөнінде анықтама жасап, қадағалау өндірісінің материалдарына қосып тіркейді.

  6. Өтініштерді шешу мерзімдері

      44. Қарау үшін төмен тұрған прокуратуралардан, басқа органдардан, лауазымды және өзге тұлғалардан ақпарат (материалдар, істер) алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші күнтізбелік он бес күн ішінде қаралады.
      Қарау үшін төмен тұрған прокуратуралардан, басқа органдардан, лауазымды және өзге тұлғалардан ақпарат (материалдар, істер) алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші прокуратура органына (мекемесіне) келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
      Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, прокуратураның басшысымен не оның орынбасарымен қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады.
      Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда өтініш түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы күнтізбелік үш күн ішінде арыз берушіге хабарланады.
      Жоғарыда көрсетілген мерзімдер осы Нұсқаулықтың 47, 48-тармақтарында көзделген өтініштерге қолданылмайды.

      45. Қазақстан Республикасының Президентінен, Қазақстан Республикасының Сенат пен Парламент Мәжілісінің төрағаларынан, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысынан, Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің Басшысынан және оның орынбасарларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңес Хатшысынан, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңес төрағасынан келіп түскен өтініштер, сондай-ақ Бас Прокурормен, оның орынбасарларымен бақылауға алынған өтініштер осы Нұсқаулықтың 44-тармағында көзделген мерзімнен кешіктірілмей қаралады.

      46. Заңға сәйкес ресімделген депутаттардың сұрау салулары (соның ішінде азаматтарды ақтауға байланысты мәселелер бойынша) келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде шешіледі.
      Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының сұрау салулары бойынша алдын ала жауаптың жобасымен бірге немесе Бас Прокурордың нұсқауы бойынша Парламентте сөз сөйлеу үшін баяндама ретінде барлық қажетті материалдар Бас Прокурорға сұрау салудың мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күннен кешіктірілмей ұсынылады.

      47. Азаматтардың ақтау туралы өтініштері "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес прокуратураға келіп түскен күннен бастап үш айдан кешіктірілмей шешіледі. Өтініш бойынша қосымша ақпарат, құжаттар, анықтамалар алу қажеттілігіне байланысты ерекше жағдайларда, оның шешілу мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін, мұндай жағдайда арыз иесіне өтініштің шешілу мерзімі, оның ұзартылу себептері міндетті түрде хабарланады.

      48. Қылмыстық іс бойынша өндірісті жүзеге асыратын анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің, прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  108-бабына  сәйкес олар келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде қаралады. Егер шағымды тексеру үшін қосымша материалдарды талап ету немесе басқа шаралар қабылдау қажет болған ерекше жағдайларда шағымды қарау мерзімі жеті тәулікке созылады, ол жайында арыз иесіне хабарланады.

      49. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша заң күшіне енген сот актілеріне шағымдар, өтінімдер осы Нұсқаулықтың 44-тармағында көзделген мерзім ішінде шешіледі.

      50. Өтініштердің шешу мерзімін ұзарту туралы өтінім, олардың шешілу мерзімінің аяқталуына дейін бір күн бұрын дайындалады.

      51. Өтініштер, депутаттардың сұрау салулары прокуратураға келіп, тіркелген күннен бастап олардың шешілу мерзімі есептеледі.
      Арыз иесіне өтініші бойынша қабылданған шешім туралы жазбаша немесе ауызша жауап жолданған күні, оның қаралу мен шешілу мерзімі аяқталған болып саналады.
      Жауаптың жобасы қайта қарауға қайтарылып, өтініштің шешілу мерзімі аяқталып жатса, тиісті құрылымдық бөлімше басшысының өтінімі бойынша прокуратура басшысы не оның орынбасары мерзімді ұзарта алады.

  7. Өтініштерге жолданатын жауаптар

      52. Өтініштерге берілетін жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша дәлелді және негізделген, мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде болуға, арыз иесінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді қамтуға тиіс.
      Өтініш толық немесе ішінара қанағаттандырылған кезде, оның қарау қорытындысы бойынша наразылық енгізілсе, талап-арыз берілген не прокурорлық шара қолданудың басқа шаралары қабылданған жағдайда, өтініш иесіне ол жайында прокурорлық қадағалау актілерінің қаралу қорытындысы туралы ақпарат алудың келесі тәртібін түсіндірумен қоса хабарлануы тиіс.

      53. Өтініштердің, депутаттардың сұрау салуларының қорытындысы бойынша жауап мынадай тәртіпте жолданады:
      1) Бас Прокурор немесе оның міндетін атқаратын орынбасарлар мынадай өтініштерге жауап береді:
      Бас Прокурордың орынбасарларының шешіміне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы;
      Бас Прокурордың орынбасарларымен бұрын жауап берілген бұрынғы өтініштерге байланысты мәселелер бойынша;
      Бас Прокурормен бақылауға алынған;
      Қазақстан Республикасының Президентімен, Қазақстан Республикасының Сенат пен Парламент Мәжілісінің басшыларымен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысымен, Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінің Басшысымен және оның орынбасарларымен, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңес Хатшысымен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңес төрағасымен бақылауға алынған;
      сондай-ақ заңнамаға сәйкес ресімделген депутаттардың сұрау салуларына;
      2) Бас Прокурордың орынбасарлары мынадай өтініштерге жауап береді:
      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының шешіміне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы;
      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларымен бұрын жауап берілген бұрынғы өтініштерге байланысты мәселелер бойынша;
      Қазақстан Республикасының Парламент депутаттарынан (заңнамаға сәйкес ресімделмеген депутаттардың сұрау салулары), Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасы Парламентінен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарларынан, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңес Хатшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағаларының орынбасарларынан, министрліктер мен ведомстволардың басшыларынан ақпарат талап етіліп түскен өтініштерге;
      егер Бас прокуратурада өтінішті шешудің қорытындысы бойынша оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданса (осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген өтініштерден басқа);
      3) Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мынадай өтініштерге жауап береді:
      заңнаманың нормаларына түсініктеме беру, оны қолдану туралы не басқа түсіндіру сипатындағы Бас прокуратурада шешілген өтініштер бойынша;
      осы тармақтың 1), 2), 7) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өзге өтініштер бойынша;
      4) Бас әскери прокурор, прокуратура мекемесінің басшысы, облыс прокуроры, оған теңестірілген прокурор немесе олардың міндетін атқаратын тұлғалар мынадай өтініштерге жауап береді:
      Бас әскери прокурордың орынбасарының, прокуратура мекемесі басшысының орынбасарының, сондай-ақ облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурордың орынбасарларының шешіміне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы;
      Бас әскери прокурордың, прокуратура мекемесі басшысының, сондай-ақ облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурордың орынбасарларымен бұрын жауап берілген бұрынғы өтініштерге байланысты мәселелер бойынша;
      бақылауға алынып, Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігінен, Қазақстан Республикасының Парламентінен, Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан, басқа орталық органдардан келіп түскен;
      егер Бас әскери прокуратурада, прокуратура мекемесінде, облыстық прокуратураларда және оларға теңестірілген прокуратураларда өтінішті шешудің қорытындысы бойынша оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданса;
      5) Бас әскери прокурордың, прокуратура мекемесі басшысының, сондай-ақ облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурордың орынбасарларымен мынадай өтініштерге жауап беріледі:
      заңнаманың нормаларына түсініктеме беру, оны қолдану туралы не басқа түсіндіру сипатындағы Бас әскери прокуратурада, прокуратура мекемесінде, облыстық прокуратураларда және оларға теңестірілген прокуратураларда шешілген өтініштер бойынша;
      осы тармақтың 4), 7) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өзге өтініштер бойынша;
      6) қалалық, аудандық, әскери, мамандандырылған прокурорлармен өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру туралы, түсіндіру сипатындағы жауаптар беріледі;
      7) өтінішті қанағаттандыру туралы жауаптар, өтініштерді қараған прокурордың, не басшының нұсқауы бойынша басқа лауазымды тұлғаның қолы қойылып, арыз иесіне жолданады.

  8. Өзге ережелер

      54. Өтініш депутаттардың сұрау салуларын қараудың қорытындылары өтініш бойынша жүргізілетін статистикалық карточкаға жазылады, олар әр құрылымдық бөлімшенің статистикалық есеп беруі болып табылады. Осы карточкаларда көрсетілген мәліметтердің объективтілігі мен толықтылығы үшін толық жауап беретін орындаушылар карточкаларды толтырады және оларға қол қояды.
      Өтініштер бойынша бекітілген нысанға сәйкес есеп беруді құрастыру өтініштердің, депутаттардың сұрау салуларының шешімімен тікелей айналысатын құрылымдық бөлімшелерге жүктеледі.

      55. Прокуратура органдары мен мекемелерінің бірінші басшылары азаматтардың өтініштерімен жұмыстың ұйымдастырылуы үшін жеке жауапты.
      Өтініштердің уақытылы және сапалы қаралуына тиісті бақылаудың қамтамасыз етілуіне, олар бойынша жауаптарды жолдау тәртібінің сақталуына, өтініштер бойынша статистикалық есептің құрастырылуына жауаптылық Бас прокуратурада Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, Бас әскери прокуратурада, прокуратура мекемелерінде, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда Бас әскери прокурордың, прокуратура мекемесі басшысының, облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурордың орынбасарларына, ал қалалық, аудандық, әскери, мамандандырылған прокуратураларда прокуратура басшыларына жүктеледі.