Тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіту, ауыстыру және қайта қарау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 19 шілдедегі N 166-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде 2007 жылғы 13 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4866 болып енгізілді.

Жаңартылған

      2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің  117-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған тиісті қызмет салаларының мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіту, ауыстыру және қайта қарау ережесі бекітілсін.

      2. Еңбек және халықты жұмыспен қамту департаменті (С.С. Әбденов) осы бұйрықтың Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және белгіленген тәртіппен ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Министр

Қазақстан Республикасы Еңбек   
және халықты әлеуметтік    
қорғау министрінің       
2007 жылғы»19»шілдедегі   
N 166-ө бұйрығымен бекітілген  

  Тиісті қызмет салалары мемлекеттік органдарының
еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді
бекіту, ауыстыру және қайта қарау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тиісті қызмет салалары мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіту, ауыстыру және қайта қарау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек  кодексіне сәйкес әзірленді және тиісті қызмет салалары мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіту, ауыстыру және қайта қараудың бірыңғай тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      еңбектің үлгі нормалары (өндірім, уақыт, қызмет ету) - бұл жұмыстардың бірыңғай технология бойынша жекелеген элементтерін немесе кешендерін орындауға, жабдықтарға қызмет көрсетуге, сондай-ақ тиімді ұйымдастыру-техникалық жағдайларына қарай өндірістік, басқарушылық функцияларды орындау үшін қажетті жұмыс орындарына жұмсалатын еңбек шығындарының регламенттелген мәні;

      еңбек жөніндегі нормативтер - жұмыстың жекелеген элементтерін (кешендерін) орындауға, жабдықтың бірліктеріне, жұмыс орнына, құрылымдық бөлімшеге қызмет көрсетуге жұмсалатын еңбек (уақыт) шығындарының, сондай-ақ нақты өндірістік факторлар мен ұйымдастырушылық-техникалық жағдайларға байланысты өндірістік, басқарушылық қызметтерді немесе өлшем бірлігіне қабылданған жұмыстардың көлемін орындау үшін белгілі бір кәсіби-біліктілік құрам қызметшілер санының регламенттелген мәні (шамалары);

      еңбек жөніндегі уәкілетті орган - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган.
      Осы ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

  2. Тиісті қызмет салалары мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіту тәртібі

      3. Тиісті қызмет саласы мемлекеттік органының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді қайта қарауы және еңбек жөніндегі уәкілетті органның оларды жаңа мерзімге келісуін қарау нәтижесі бойынша тиісті қызмет саласы мемлекеттік орган оларды бұйрықпен бекітеді.

      4. Еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді бекіткеннен кейін тиісті қызмет саласы мемлекеттік органы нормативтердің бір данасын мемлекеттік және орыс тілдерінде, қағаз және электрондық жеткізушіде 10 күнтізбелік күннің ішінде еңбек бойынша уәкілетті органға ұсынады.

      5. Еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді тиісті қызмет саласы мемлекеттік органы еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімге бекітеді.

  3. Тиісті қызмет салалары мемлекеттік органдарының еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді ауыстыру және қайта қарау тәртібі

      6. Еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді қайта қарау және ауыстыру үшін қолданыстағы еңбек жөніндегі нормалар мен нормативтердің мерзімінің аяқталуы, әзірлеу процесінде ұйымдастыру-техникалық жағдайлары дұрыс ескерілмеген немесе дәлсіздікке, нормативтік материалдарды қолдану кезінде немесе есептерді орындауда, сондай-ақ өндірістің ұйымдастырушылық-техникалық жағдайын өзгерту барысында қателерге жол берілген, қате белгіленген нормалар негіз болып табылады.

      7. Еңбек нормалары мен үлгі нормаларды қайта қарауды және ауыстыруды оларды бекіткен тиісті қызмет саласы мемлекеттік органы үш жылда кемінде бір рет қамтамасыз етеді.

      8. Еңбек нормалары жұмыс орындарына аттестаттау мен рационализациялау жүргізу, еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа техника, технология және ұйымдық-техникалық іс-шаралар енгізу шамасына қарай міндетті түрде қайта қарауға және ауыстыруға жатады. Қате белгіленген нормаларды қайта қарау олардың анықталуына қарай жүргізіледі.

      9. Жекелеген қызметкерлердің өз бастамасы бойынша еңбектің жаңа тәсілдерін қолдану арқылы өнім өндірудің (қызмет көрсетудің) жоғары деңгейіне қол жеткізуі және жұмыс орындарын жетілдіруі бұдан бұрын белгіленген еңбек нормаларын қайта қарау үшін негіз болып табылмайды.

      10. Еңбек нормаларын қайта қарау және ауыстыру жөніндегі жұмысты орындауға еңбекті нормалау жөніндегі қызметкерлермен қатар, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, экономикалық талдау бөлімдерінің өкілдері мен басқа да мамандар тартылуы мүмкін.

      11. Еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтерді қайта қарау және ауыстыру жөніндегі жұмыстар аяқталғанда тиісті қызмет саласы мемлекеттік органы келісу туралы тапсырысты Еңбек жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      Егер нормалар, еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтер келісілген мерзімнің ішінде ұйымының ұйымдастырушылық-техникалық шарттары өзгермеген жағдайда, тиісті қызмет саласы мемлекеттік органы еңбек жөніндегі уәкілетті органға еңбек жөніндегі үлгі нормалар мен нормативтердің түпнұсқасын, негіздеуші материалдар мен түсіндірме жазбаны міндетті түрде ұсына отырып, олардың қызмет ету мерзімін ұзарту туралы өтінім жасауға құқығы бар.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің  2009.12.30 N 393-ө Бұйрығымен.