Акционерлік қоғамды жария компания деп тану және одан жария компанияның мәртебесін қайтарып алу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 наурыздағы N 70 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 14 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4672 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 187 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-1-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген Акционерлік қоғамды жария компания деп тану және одан жария компанияның мәртебесін қайтарып алу ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (М.Ж. Хаджиева):

      1) Заң департаментімен (М.Б. Байсынов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігіне, сауда-саттық ұйымдастырушыларына жіберсін.

      4. Агенттіктің Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н. Өзбековке жүктелсін.

Төраға



  Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2007 жылғы 30 наурыз N 70
қаулысымен бекітілген

Акционерлік қоғамды жария компания деп тану және одан
жария компанияның мәртебесін қайтарып алу ережесі

      Осы Акционерлік қоғамды жария компания деп тану және одан жария компанияның мәртебесін қайтарып алу ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) акционерлік қоғамды (бұдан әрі – қоғам) жария компания деп тану және одан жария компания мәртебесін қайтарып алу тәртібін белгілейді.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Уәкілетті органның қоғамды жария компания деп тану мыналарды:

      1) қоғамның атауын және мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерін (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамаға немесе куәлікке сәйкес);

      2) интернет желісінде қоғамның домендік аты тіркелгенін растайтын құжаттың нөмірін және күнін көрсетіп, қоғамның интернет-ресурсының корпоративтік адрестерін көрсетіп, еркін түрде жасалған қоғамның өтініші негізінде жүргізіледі.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 26.04.2013 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Акционерлік қоғамды жария компания деп тану туралы өтінішке қоса мынадай құжаттар беріледі:

      1) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған шектелмеген инвесторлардың тобы арасында қоғамның жария етілген акцияларын орналастыру жөніндегі жариялымның көшірмесі (мемлекеттік және орыс тілдерінде);

      2) қоғам уәкілетті органға өтінішін ұсынудың алдындағы айдың аяғындағы жағдай бойынша қоғам тіркеушісі жасаған қоғам акционерлерінің тізілімі;

      3) енгізілген өзгерістері мен толықтыруларымен әділет органы белгісімен қоғам жарғысының көшірмесі;

      4) қор биржасы берген және қоғам уәкілетті органға өтінішін ұсынудың алдындағы айдың соңындағы жағдай бойынша Заңның 4-1-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшасында белгіленген критерийлерге қоғамның сәйкес келуін растайтын құжаттар.

      3. Уәкілетті орган Ереженің 2-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген қоғамды жария компания деп тану туралы өтінішті олар уәкілетті органға ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.

      Уәкілетті орган қоғамды жария компания деп танылуын қоғам Заңның 4-1-бабының 1-тармағында белгіленген критерийлерге сәйкес келгенде және қоғам Заңның 4-1-бабының 2-тармағының талаптарын сақтағанда жүргізеді.

      Уәкілетті орган қоғамды жария компания деп тану жөніндегі шешімді қабылдауда, қоғам ұсынған құжаттардағы ақпаратты, сондай-ақ уәкілетті органда бар басқа дерек көздерден алған ақпаратты қолданады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Уәкілетті орган қоғамды жария компания деп танудан бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, уәкілетті орган Заңның 4-1-бабының 5-тармағында көзделген бас тарту негіздерін көрсете отырып, қоғамға ол туралы жазбаша түрде хабарлайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Қоғамды жария компания деп тану туралы қайталап өтініш ұсынылғанда не уәкілетті органға қосымша құжаттар (мәліметтер) түскенде, уәкілетті органның өтінішті қарау мерзімі қайта басталады.

      6. Уәкілетті органға қоғамды жария компания деп тану үшін қоғам ұсынатын құжаттардың көшірмесі бірінші басшының (не оның орнындағы тұлғаның) қолымен және қоғам мөрінің бедерімен расталады.

      Бірнеше парақтан тұратын құжаттар нөмірлеп, әр парағы расталып, тігіліп және тігістің түйіні мен параққа жартылай жапсырылып, қағаз пломбамен бекітіліп ұсынылады. Бірінші басшының (не оның орнындағы тұлғаның) қолы және мөр бедері жартылай қағаз пломбаға, жартылай құжаттың парағына қойылуы тиіс.

      7. Қоғам Заңның 4-1-бабының 4-тармағында аталған жағдайларда жария компания мәртебесін жоғалтады.

      Уәкілетті органда қоғамның жария компания мәртебесін жоғалтатын жағдайлар басталғандығы туралы ақпарат болғанда, уәкілетті орган осы Ереженің 2-тармақта аталған құжаттарды қоғамнан сұрауға, не қоғамның тіркеушісіне, қор биржасына Заңның 4-1-бабының 1-тармағының 2)-4) тармақшаларында белгіленген критерийлерге қоғамның сәйкес келуі (сәйкес келмеуі) жөніндегі мәліметтерді беру туралы жазбаша сұраныспен өтініш беруге құқылы.

      Қоғам Заңның 4-1-бабының 4-тармағында аталған жағдайлар басталғанда, қоғамнан жария компания мәртебесін қайтарып алу жөніндегі өтінішімен уәкілетті органға өздігінен жүгінуге құқылы.

      Жария компания критерийлеріне қоғамның сәйкес келмеуі жөніндегі мәліметтер расталғанда, уәкілетті орган қоғамнан жария компания мәртебесін қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      8. Қоғамды жария компания деп тану туралы немесе одан жария компания мәртебесін қайтарып алу туралы шешімді уәкілетті органның Басқармасы қабылдайды.

      Уәкілетті орган қоғамды жария компания деп тану туралы немесе одан жария компания мәртебесін қайтарып алу туралы шешімді қабылдаған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде тиісті шешімнің көшірмесін уәкілетті орган осы қоғамға, оның тіркеушісіне, қор биржасына жібереді.

      9. Қоғамды жария компания деп тану туралы немесе одан жария компания мәртебесін қайтарып алу туралы мәліметтер Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттік тізіліміне енгізілуге жатады және уәкілетті органның интернет желісіндегі ресми сайтында орналастырылады.

      10. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.