Бағалы қағаздар рыногының субъектілеріне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану Ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 наурыздағы N 68 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 10 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4669 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының  3-1-бабына  сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Ұсынылып отырған Бағалы қағаздар рыногының субъектілеріне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану Ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Бағалы қағаздар рыногының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (Хаджиева М.Ж.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің  мүдделі бөлімшелеріне,»"Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне және бағалы қағаздар рыногы субъектілеріне мәлімет үшін жіберсін.

      4. Агенттіктің Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі осы қаулыны Қазақстан Республикасының баспасөз басылымдарында жариялау шараларын қолға алсын. 

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н. Өзбековке жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен 
қадағалау агенттігі 
Басқармасының 2007 жылғы
30 наурыздағы N 68  
қаулысына қосымша  

  Бағалы қағаздар рыногының субъектілеріне шектеулі
ықпал ету шараларын қолдану Ережесі

      Осы Ереже " Бағалы қағаздар рыногы туралы ", " Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздар рыногының субъектілеріне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін белгілейді.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) пруденциалдық қалыптарының және сақталған міндетті басқа да нормалар мен лимиттердің бұзылғанын, уәкілетті органның нормативтік құқықтық кесімдерінің бұзылғанын, бағалы қағаздар рыногы субъектісінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін анықтаған жағдайда уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектісіне мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолдануы мүмкін:
      1) белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді жою туралы орындалуы міндетті жазбаша ұйғарымды беру;
      2) бағалы қағаздар рыногы субъектісі басшы қызметкерлерін орнынан шеттету туралы акционерлер алдында мәселе қою;
      3) міндеттеме-хат талап ету;
      4) бағалы қағаздар рыногы субъектісімен жазбаша келісім жасау.
      2. Уәкілетті органның бағалы қағаздар рыногы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдануы мыналарды ескеріп жасалады:
      1) бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің болуы мүмкін салдарлары мен жолсыздықтарының сипатын;
      2) жолсыздықтың жиілігі мен ұзақтығын;
      3) жол берілген жолсыздықтың нәтижесіндегі бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің шығындарының мөлшерін;
      4) жол берілген жолсыздық туралы бағалы қағаздар рыногы субъектіcі басшы қызметкерлерінің хабарландырылуын;
      5) бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің жалпы қаржылық жай-күйін.
      Бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің жалпы қаржылық жай-күйі есеп беру деректері, тексеру материалдары, аудиторлық есептер, ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесінің болуына байланысты талаптарды орындау, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің қаржылық жай-күйі нашарлаған жағдайында қаржылық қолдау алу мақсатында бағалы қағаздар рыногы субъектіcі басшылығының акционерлермен өзара ынтымақтасу қабілеттілігі негізінде анықталады.
      3. Ықпал етудің бір шектеулі шараларын қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайдағы ықпал етудің басқа шектеулі шараларын қолдануды жоққа шығара алмайды және осының алдында қабылданған шаралардың қолданылуын уақытша тоқтатпайды және тыйым салмайды.
      4. Уәкілетті орган қолданылған шектеулі ықпал ету шараларын есепке алуды жүргізеді.

  2-тарау. Жазбаша ұйғарым

      5. Уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің атына белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзетуді орындау шараларын қабылдау туралы жазбаша ұйғарым шығаруы мүмкін.
      6. Бағалы қағаздар рыногы субъектіcіне қатысты міндеттеме-хатты, жазбаша келісімді қолдану оның қызметіне тиісінше түзету жасауды қамтамасыз ете алмайтындығын немесе жасамайтындығын ескеріп, жіберілген тәртіп бұзулардың сипатынан пайда болатын жағдайларда қолданылады.
      7. Уәкілетті органның жазбаша ұйғарымы бойынша сотқа шағым беру оның орындалуын тоқтата алмайды.
      8. Түзету шаралары жазбаша ұйғарымда көрсетіледі және ол мына төменде көрсетілген шараларды орындаудың міндеттілігін білдіреді:
      1) клиенттердің алдындағы міндеттемені орындау бойынша;
      2) уәкілетті органның нормативтік құқықтық кесімдерінің бұзылуын анықталған жолсыздықтың жою бойынша;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар рыногы субъектіcіне қойылатын басқа талаптарды орындау бойынша.
      9. Жазбаша ұйғарым бес күнтізбелік күн ішінде атқарушы органның барлық мүшелеріне және бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің басқару органына жазбаша ұйғарым жасалғандығы туралы хабарлайтын бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға мәлімет үшін жіберіледі.

  3-тарау. Бағалы қағаздар рыногы субъектіcі басшы қызметкерлерін орнынан шеттету

      10. Уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектіcі қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзылуын анықтаған немесе уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзуларын бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің басшы қызметкерлері уәкілетті орган белгілеген мерзімде жоймаған жағдайда уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектіcі акционерлері алдына бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің басшы қызметкерлерін орнынан шеттету туралы мәселені жазбаша түрде қоюы мүмкін.
      11. Бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің акционерлері он күнтізбелік күн ішінде қажетті құжаттарды қоса беріп, қабылданған шаралар туралы ақпаратты уәкілетті органға мәлімет үшін жібереді. 

  4-тарау. Міндеттеме-хат

      12. Уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектіcінен бар кемшіліктерді тану фактісі болуы тиіс міндеттеме-хатты және бағалы қағаздар рыногы субъектіcі басшылығының оларды қатаң белгіленген мерзімде жою және (немесе) жоспарланған іс-шаралар тізбесін көрсете отырып, бұдан былай осыған ұқсас жолсыздықтарға жол бермеу жөніндегі кепілдікті талап ете алады.
      13. Уәкілетті органның міндеттеме-хатты ұсыну туралы талап етуі бағалы қағаздар рыногы субъектіcі қызметінде кемшіліктерді жою жөнінде өзіне тиісті міндеттеме қабылдаған тұлғалар тарапынан объективті шаралар қабылдануы мүмкіндігі айтылған жағдайда қолданылады.
      14. Міндеттеме-хатты ұсыну мынадай жағдайлардың бірі болған кезде жеткілікті ықпал ету шарасы болып табылуы мүмкін:
      1) өзіне тиісті міндеттеме қабылдаған тұлға ниет білдіріп отырғандығына және оны орындауды қамтамасыз етуге жағдайының барлығына негіз бар деп болжалданса;
      2) міндеттемеде шаралардың нақты құрамы және оларды жүзеге асыру мерзімі және уәкілетті орган оны жолсыздықтарды жоюға жеткілікті деп таныған болса.

  5-тарау. Жазбаша келісім

      15. Уәкілетті орган анықталған кемшіліктерді дереу жою қажеттігі және осыған байланысты бірінші кезектегі шараларды орындау туралы бағалы қағаздар рыногы субъектіcімен жазбаша келісім жасауы мүмкін.
      Жазбаша келісім бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің басқару органының және (немесе) атқарушы органның бірінші басшысымен немесе оның орнындағы адаммен жасалады.
      16. Жазбаша келісім бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің қызметінде қаржылық жағынан елеулі нашарлау белгіленген және оларды түзету жөнінде тиімді үйлестірілген шаралар қабылдауды талап ететін жағдайда жасалады.
      17. Жазбаша келісімде бағалы қағаздар рыногы субъектіcінің басқару және (немесе) атқарушы органы қабылдайтын кемшіліктерді жою, қаржылық жай-күйді жақсарту жөніндегі іс-әрекеттері және олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі. Бағалы қағаздар рыногы субъектіcі жазбаша келісімге қол қоя отырып, оның талаптарын орындау жөнінде өзіне міндеттеме алады.
      18. Жазбаша келісім мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалады.

  6-тарау. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану
жөніндегі талаптар

      19. Бағалы қағаздар рыногы субъектіcі шектеулі ықпал ету шараларын қолдану жөніндегі уәкілетті органның хабарламасын алғаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде уәкілетті органға қажетті құжаттарды қоса беріп, бар кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспар-кестесін береді.
      Уәкілетті орган ұсынылған жоспар-кестені қарайды және ол бойынша өз қорытындысын он күнтізбелік күн ішінде жолдайды. Уәкілетті орган жоспар-кестемен келіспеген жағдайда бағалы қағаздар рыногы субъектіcіне белгілі бір мерзімде нақтылы іс-шараларды орындау қажеттігі туралы нұсқау жібере алады.
      20. Бағалы қағаздар рыногы субъектісі уәкілетті органды тиісті құжатта көрсетілген мерзімде шектеулі ықпал ету шараларын орындау туралы хабардар етеді.
      Жолсыздықты жоюды орындаудың белгіленген мерзімі бір айдан асып кеткен жағдайда бағалы қағаздар рыногы субъектісі ай сайын айдың жиырмасына дейін уәкілетті органға бар кемшіліктерді жоюды кезең-кезеңімен орындау туралы хабардар етеді.
      21. Бағалы қағаздар рыногы субъектісінің уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шараларын қолдану туралы шешімінде көзделген талаптар мен іс-шараларды орындау мерзімінің басы уәкілетті органның осы шешімінің келіп түсуін тіркеу күні болып табылады.
      22. Бағалы қағаздар рыногы субъектісі шектеулі ықпал ету шараларын орындамаған жағдайда уәкілетті орган оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санкцияларды қолдануы мүмкін.

  7-тарау. Қорытынды ережелер

      23. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіп бойынша шешіледі.