"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 20-бабын жүзеге асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейтудің табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеу ережесі бекітілсін.
2. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Төраға
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық
шаруашылығы комитетінің
2007 жылғы 15 ақпандағы
N 67 бұйрығымен
бекітілген
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрудың немесе
кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және
техникалық-экономикалық негіздемелерінің
жобаларын әзірлеу ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) 2006 жылғы 7 шілдедегі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 20-бабына сәйкес республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ұйымдастыру және олардың әр түрлерінің жұмыс істеуі жөнінде негізделген шешімдер қабылдау мақсатында әзірленді.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеуді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган), қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылатын немесе кеңейтілетін орталық немесе облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдардың техникалық тапсырмалары бойынша мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары екі кезеңмен жүргізеді.
3. Бірінші кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы (бұдан әрі - жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасы) әзірленеді.
4. Екінші кезеңде жаратылыстану-ғылыми негіздемеге орай ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрудың немесе кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеменің жобасы) әзірленеді.
5. Техника-экономикалық негіздеменің жобасы жер учаскелерінің меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен, облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) атқару органдарымен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық органдарымен келісіледі.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобалары мемлекеттік экологиялық сараптауға жатады және оларды уәкілетті орган бекітеді.
2. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің
жобасын әзірлеу
7. Жаратылыстану-ғылыми негіздеменің жобасы:
1) жобалау аумағының табиғи кешендерінің және онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігін, маңыздылығын және танымалдылығын;
2) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жай-күйінің бағалануын;
3) зерттеліп отырған аумақтағы экологиялық жүйелердің және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйін, оларды сақтау жөніндегі тәуекелдерді, қатерлерді және оларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі шараларды;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылып отырған санаты мен түрін;
5) олардың ұсынылып отырған шекарасын, көлемін, сондай-ақ жұмыс істеу аймақтарын, оларды қорғау және пайдалану режимдерін айқындайды.
&1. Жобалау аумағының табиғи кешендерінің және онда
орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің
бірегейлігі, маңыздылығы және танымалдылығы
8. Осы бөлімде табиғи ортаны жан-жақты бағалау негізінде жобалау аумағының табиғи кешендерінің бірегейлігі, маңыздылығы және танымалдылығы айқындалады.
9. Табиғи ортаны зерттеу объектілері: рельеф, топырақ, климат, геология, жердің үстіндегі және астындағы сулар, флора, фауна, аумақта болып жататын физика-геологиялық процестер болып табылады.
10. Рельефті бағалау рельефтің жалпы ерекшеліктерін, оның белгілі бір геоморфологиялық аймаққа жатуын сипаттауды, негізгі орографиялық ерекшеліктерді (жоғарғы және төменгі учаскелердің бөліну сипаты) сипаттауды көздейді. Танымдық және эстетикалық тұрғыдан алғанда мейлінше көрікті және қызықты аумақтар белгіленеді.
Жобалау аумағының инженерлік-геологиялық сипаттамасы, теріс физика-геологиялық процестерге талдауы беріледі, бірегей геологиялық объектілерді сақтап қалу мүмкіндігі қаралады.
11. Қоршаған ортаның жайлылық дәрежесін, оны жақсартудың және ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланудың ықтимал жолдарын айқындау мақсатында жалпы климаттық жағдайға талдау жасалып, баға беріледі. Ұлттық және аймақтық саябақтарды жобалау кезінде дем алудың негізгі түрлері үшін рекреациялық кезеңнің ұзақтығы, жылдың әртүрлі кезеңдерінде ауа райының тұрақтылығы анықталады.
12. Аумақты гидрологиялық бағалау қазіргі су айдындары мен ағын суларға талдау жасауды, олардың ұзақтығын, көлемін, режимін, су айдындарының жылдамдығын, тереңдігін және енін, ағысын, аумақтың батпақтығын анықтауды көздейді. Оларды рекреация және туризм мақсаттарында пайдалану (суға шомылу, су спортын ұйымдастыру) мүмкіндігі қаралады.
Гидроминералдық және басқа да шипалы ресурстарын зерделеу кезінде: кеніштердің құрамы, орналасқан жері, қорлары, күзету жағдайлары, оларды пайдаланудың ықтимал бағыты мен көлемі анықталады.
13. Өсімдіктер қабатын зерделеу және талдау кезінде фитоценоздардың негізгі түрлерінің кеңістікте таралу заңдылықтары (рельефпен, топырақпен, ылғалдану режимімен өзара байланысы, таулардағы белдеулілік), басым және бірегей фитоценоздардың өзгеру және сақталу дәрежесі, олардың қалыптасу шарттары анықталады. Шұғыл қорғау іс-шараларын қажет ететін өсімдіктердің немесе фитоценоздардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан, эндемикалық және басқа да құнды түрлері өсіп тұрған жерлерін анықталады. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің, қауымдастықтардың тізбесі жасалады.
14. Жануарлар дүниесін зерделеу құнды және сирек кездесетін түрлер мекендейтін жерлердің жағдайларын, олардың таралу аймағын, таралымдарының тұрақтылығын, сан алуан түрлерінің маусымдық мекендерін және қоныс аудару жолдарын, фаунаның құнды түрлері таралымдарының сақталуына әсер ететін антропогендік факторларды, сондай-ақ, олардың санын бақылаудың немесе басқарудың ықтимал амалдарын егжей-тегжейлі зерттеуді қамтиды. Осының нәтижесінде қорғауды қажет ететін объектілер белгілі болады және қажетті іс-шаралардың тізбесі айқындалады. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлердің тізбесі жасалады.
&2. Зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық
жағдайлардың жай-күйін бағалау
15. Бұл бөлімде аймақтың қысқаша әлеуметтік-экономикалық сипаттамасы (экономикалық қызметтің сипаттамасы, жобалау аумағындағы халықтың құрамы, әрбір елді мекен тұрғындарының саны, ерекше қорғалатын табиғи аумақ ұйымдастыру жоспарланып отырған аумақ халқының келешектегі саны);
қолда бар өндірістік және тұрғын үй қорының сипаттамасы, оның жай-күйі және пайдаланылуы;
аумақтың мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жүйелері мен объектілерінің сипаттамасы;
жергілікті халықтың табиғи ресурстар жөніндегі қажеттілігі келтіріледі.
&3. Зерттеліп отырған аумақтағы экологиялық жүйелердің
және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйі,
оларды сақтау жөніндегі тәуекелдер, қатерлер және күзету,
қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі шаралар
16. Бұл бөлімде жобалау аумағында немесе оған жақын маңда орналасқан табиғи-қорық қоры объектілерінің және тарих пен мәдениет ескерткіштерінің сипаттамасы беріледі.
Алынған материалдың негізінде тақырыптық карталар: экожүйелер картасы мен ландшафтық карта жасалады.
17. Экожүйелер картасы аэроғарыш түсірілімдерінің негізінде қаз-қалпындағы далалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жасалады. Ландшафтық картадан өзгешелігі - экожүйелер картасына берілетін баяндауда биологиялық объектілердің (өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің негізгі мекен-жайларының) егжей-тегжейлі сипаттамасы беріледі. Экожүйелер картасында бірегей және сирек күзет объектілері бөліп көрсетіледі, ал баяндауда олар мекендейтін жерлердің экологиялық жағдайлары да сипатталады.
18. Ландшафтық карта, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қоса алғанда, аумақтың ландшафтық әртүрлілігін, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың инфрақұрылымын ұтымды пайдалану, қорғау және орналастыру іс-шараларын жоспарлау үшін жасалады. Ландшафтық карта арнаулы материалдарды (әр объектінің карталарын) қаз-қалпында зерттеу және өңдеу негізінде жасалады. Ландшафтық картада бірегей және эталондық табиғи кешендер, туризм мен рекреацияны дамытуға тежеуші немесе шектеуші ықпал ететін қауіпті процестер мен құбылыстар бөліп көрсетіледі.
Қоршаған табиғи ортаға антропогендік әсер етудің табиғи жағдайлары мен факторларына талдау жасау нәтижесінде жобалау аумағының ландшафтарына кешенді бағалау жүргізіледі.
19. Аумақты кешенді бағалау деп ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың алуан түрін ұйымдастыру үшін оның жарамдылығы тұрғысынан алғанда табиғи, шаруашылық-экономикалық және жоспарлау факторларының бүкіл жиынтығын бағалауды түсіну керек.
Аумақтың:
табиғат қорғау;
рекреациялық;
пейзаждық-эстетикалық бағалануы жүргізіледі.
20. Аумақтың табиғат қорғау бағалануын әзірлеу кезінде табиғи жүйелердің эталондарын, фауна мен флораның генетикалық қорын немесе жансыз табиғат объектілерін сақтауды қорықтар құрудың басты мақсаты ретінде, ал аумақты рекреациялық ұйымдастыру мүмкіндігін - ұлттық және аймақтық саябақтар, табиғи резерваттар құрудың құралы немесе шарты ретінде қарастыру керек. Ландшафтардың, өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің, фауна мен флораның жекелеген түрлерінің айтарлықтай жақсы сақталған құрылымы бар аумақтар, сондай-ақ табиғи жүйелерді немесе флора мен фаунаның жекелеген түрлерін сақтау үшін ықтимал аумақтар ретінде қарастырылуы мүмкін шаруашылық мақсаттар үшін пайдаланылмайтын немесе онша жарамды емес жерлер табиғат бағалауды бағалау объектілері болуға тиіс.
Айқындап алуға және бағалауға сондай-ақ мыналар жатады: ландшафтың және флора мен фаунаның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің мекендейтін жерлері, ұя басатын, уылдырық шашатын орындар, қоныс аударатын түрлердің маусымдық мекендейтін жерлері, ғылыми қызығушылық туғызатын жанды және жансыз табиғаттың жекелеген объектілері, су қорғау, топырақ қорғау және гигиеналық маңызы бар объектілер. Осының нәтижесінде табиғат қорғауды бағалау қорғау объектілерін, қорғалатын аумақтардың көлемі мен шекарасын белгілейді, табиғи кешендерді немесе олардың жекелеген компоненттерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар айқындалады.
21. Аумақтың рекреациялық бағалануын әзірлеу кезінде табиғи ортаның қасиеттерін, олардың демалыстың жекелеген түрлерін ұйымдастыруға жарамдылығын көрсететін факторлар алынады.
Негізгі рекреациялық ресурстарға табиғи немесе мәдени ландшафтарды, этнографиялық және басқа да осындай объектілерді, рекреация үшін ауданның жалпы қолайлылығын сипаттайтын климаттық жағдайларды және демалыстың жекелеген түрлерін дамыту мүмкіндігін анықтайтын климат факторларын, өздерінің бальнеологиялық бағасымен бірге гидроминералдық ресурстарды (минералды сулар, шипалы балшықтар) жатқызады.
Аумақтың рекреациялық бағалануы ресурстарды түгендеу және бағалау жөніндегі, сондай-ақ олардың неғұрлым құндыларын таңдап алу жөніндегі дайындамалар жүйесі болып табылады. Осы көрсеткіштердің жиынтығы - ресурстар түрі, көлемі, ұзындығы, маусымның ұзақтығы, ықтимал мамандануы, рекреациялық жүктеме қаралады.
22. Ландшафтың пейзаждық-эстетикалық қасиетін бағалау объектілері мыналар болып табылады:
пейзаждық әртектілік нышандары бойынша (орман, шабындық, дала, шатқал, батпақты, көлді жерлер) немесе олардың аралас кездесуі бойынша (орманды-шабындық, көлді-батпақты, сирек орман) өзгешеленетін ландшафт түрлері;
бірегейлігімен немесе жеке ерекшелігімен өзгешеленетін танымдық сипаттағы жекелеген табиғат объектілері (өсімдіктердің экзотикалық нысандары, үңгірлер, құз-шатқалдар, сарқырамалар, апандар);
кең көріністі және сан салалы пейзаждарды (шыңдар, жоталар, рельеф иілісінің шеттері, жекелеген көру нүктелері, асулар, ашық төбешіктер) тамашалауды қамтамасыз етіп, көру кезінде баса назар аударатын көріністер мен доминант рөлін атқаратын ландшафтың жекелеген элементтері.
Ландшафтың пейзаждық-эстетикалық құндылығының өлшемі оның сыртқы, морфологиялық құрылымы туралы ақпараттың жалпы көлемі болып табылады. Құрылым рельефтің, өсімдіктер топтамаларының, су айдынының жағалай сызығының алуан түрлігімен, жер бетінің тастақтығымен айқындалады. Осы қасиеттердің ашылатын кеңістіктің кең көрінісімен және сан салалығымен үйлесім табуы ландшафтың жалпы ақпараттылығын және оның пейзаждық-эстетикалық құндылығын ұлғайтады.
Мынадай ландшафтар бөліп алынады:
бірегей және ғажайып ландшафтар, сондай-ақ тек қана эстетикалық мәні бар және қорғау мен арнайы пайдалану режимін қажет ететін табиғат объектілері;
аумақты рекреациялық мақсатта пайдаланбауға тыйым салу немесе шектеу ұсынылатын бағалы ландшафтар мен табиғат объектілері;
соншалық бағалы емес және рекреациялық маңызы жоқ ландшафтар.
Ландшафтардың пейзаждық-эстетикалық бағалануы ландшафтардың пейзаждық-эстетикалық қасиеттерін кеңістік бойынша тепе-тең бөліп, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келушілер үшін тартымды неғұрлым ықтимал жерлерді анықтап алуға мүмкіндік беретін бағалау карта схемасын жасауды қамтиды.
23. Шаруашылық қызмет және оның зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендеріне әсері, оның ішінде:
өнеркәсіптің;
ауыл шаруашылығының;
орман және аңшылық шаруашылығының;
көліктің;
туристік қызметтің;
елді мекендердің әсері қаралады.
24. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық тепе-теңдігінің сақталуына және осы аумақтың тиімді дамуына және жұмыс істеуіне жәрдемдесетін жобалау аумағындағы қоршаған ортаның негізгі компоненттерін қорғау жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық жүйелерін қорғау жөнінде іс-шаралар әзірленеді.
25. Жобалау кезінде экологиялық жүйелерді қорғауға бағытталған іс-шаралардың мынадай екі тобы бөліп алынады:
өсімдіктер және жануарлар дүниесінің сирек кездесетін, эндемикалық және Қызыл кітапқа енгізілген түрлерінің, сондай-ақ селекциялық жұмыс үшін құнды генетикалық қор болып саналатын түрлердің мекендейтін жерлері болып табылатын аумақтың табиғи учаскелерін қорық режимінде сақтауға бағытталған іс-шаралар;
жайлы және табиғаты көркем сауықтыру, танымдық, туристік және спорттық учаскелер ретінде олардың тартымдылық қасиеттерін сақтау және қалпына келтіру мақсатында қазірдің өзінде қауырт рекреациялық әсер ету орындары болып табылатын аумақтардағы антропогендік әсерді жоюға немесе жұмсартуға бағытталған іс-шаралар.
26. Екінші топ іс-шараларының кешені өз кезегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық жүйелерін аса қауіпті табиғи процестердің (селдер, көшкіндер, қар тасқындары) әсерінен қорғауға бағытталған шараларға және антропогендік әсерді жою жөніндегі іс-шараларға бөлінеді.
27. Жалпы алғанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтың табиғат қорғау іс-шараларының тобы:
өсімдіктер дүниесін қорғауды;
жануарлар дүниесін қорғауды;
топырақ қорғауды;
ландшафтарды қорғауды;
су көздерін қорғауды;
әуе бассейнін қорғауды;
экологиялық жүйелерді рекреациялық әсерден қорғауды;
тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың учаскелерін қауіпті геологиялық процестер мен құбылыстардан инженерлік қорғауды қамтиды.
28. Өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі іс-шаралар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақта өзгерген өсімдіктер қабаты бар, сондай-ақ антропогендік факторларға неғұрлым осал және табиғи процестердің әсерімен өзгеріске ұшыраған учаскелерді бөліп алуды, оларда келеңсіз зардаптарды жою жөніндегі шараларды жедел қабылдау мақсатында тұрақты бақылау ұйымдастыруды;
өсімдіктердің алуан түрлерін қалпына келтіру және жүктемелерді шектеу жөнінде іс-шаралар әзірлеуді;
ормандарды молықтыруды қоса алғанда, ормандарды күзету және қорғау жөніндегі іс-шараларды; орман қорғау іс-шараларын, өртке қарсы іс-шараларды, орман зиянкестерімен және ауруларымен күрес жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
29. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі іс-шаралар:
жануарлардың табиғи мекендеуінің жайлы жағдайларын бүкіл жыл бойына сақтау мүмкіндігін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасын белгілеуді;
жануарлардың мекендеу орындарының және осында өсетін өсімдіктердің сақталуына кепілдік беретін аумақтың аймақталуын (қорықтық, қаумалдық, экспозициялық-көрсету учаскелерін бөліп алу), ал экспозициялық-көрсету учаскелерінде - туристер үшін барынша көрнекілікті жүзеге асыруды;
аңдар мен құстар үшін "шағын қорықтар" мен тынығу аймақтарын ұйымдастыруды;
құстар ұя басатын кезеңде ағаш кесудің барлық түрін жүргізуге, мал жаюға және шөп шабуға тыйым салуды;
қуысы бар ағаштарды сақтау, құмырсқа илеулерін қоныстандыру;
аңдар мен құстар үшін қорғаныштық және азықтық маңызы бар ағаш және бұта тұқымдарының барлық екпелеріне ғылыми негізделген кіріспені;
қозғалысы қауырт жолдарға жануарлардың шығып кетуіне тосқауыл болатын шарбақтар, тиісті жол белгілерін орнатуды;
жабайы жануарларды есепке алуды ұйымдастыруды қоса алғанда, биотехникалық іс-шаралар кешенін жобалауды қамтиды.
30. Топырақты қорғау жөніндегі іс-шаралар:
пайдалану режимі шектеулі учаскелерді жайылымдар ретінде пайдалануға тыйым салу енгізуді;
оңтайлы жол-соқпақ желісін қалыптастыруды;
топырақ бетіндегі өсімдіктер қабаты бүлінген немесе осындай қабаты жоқ учаскелерді шөп тұқымын себу жолымен көгалдандыруды;
топырақ қабатын ластайтын тұрақты және жылжымалы көздерден зиянды заттардың тастандыларын азайту жөнінде шараларды әзірлеуді және іске асыруды;
ерекше қорғалатын табиғи аумақта және күзет аймағында пестицидтер мен улы химикаттар пайдалануға тыйым салуды енгізуді қамтиды.
31. Ландшафтарды қорғау жөніндегі іс-шаралар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың рекреациялық кешендері мен рекреациялық қызмет көрсету орталықтарын неғұрлым құнды табиғи ландшафтар оқшауланатындай немесе жеңіл рекреациялық жүктемелер аймағында болатындай етіп орналастыруды;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жұмыс істеуі үшін қажет рекреациялық құрылысты, жолдар тартуды, коммуникацияларды негізінен ормансыз, эстетикалық тұрғыдан алғанда құндылығы шамалы учаскелерде орналастыруды;
жолдармен және соқпақтармен тиісінше жүріп өту арқылы қозғалу кезінде жергілікті жер панорамасының көрінуіне жағдайлар жасауды қамтиды.
32. Су көздерін қорғау жөніндегі іс-шаралар:
су арналары туристік соқпақтармен және маршруттармен қиылысатын тұстарда су жағалауын бекіту шараларын, су арналарының жағалауларында - туристік топтардың аялдауы үшін арнайы жабдықталған демалыс орындарын жасауды;
минералдық су көздері шығатын аумақта шипалы ресурстарды қорғаумен және пайдаланумен байланысты емес жер қазу және құрылыс жұмыстарына тыйым салуды қамтиды.
33. Әуе бассейнін қорғау жөніндегі іс-шаралар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қажеттілігі үшін негізінен электр қуатын пайдалану, сондай-ақ балама энергия көздерін жобалауды;
жылжымалы ластау көздеріне бақылау ұйымдастыруды;
шектеу белгілері және шлагбаумдар орнату арқылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың неғұрлым осал учаскелерімен демалушылардың моторлы көлікпен жүріп-тұруына тыйым салуды қамтиды. Автомобиль қозғалысының соңғы нүктесі болып табылатын аумақта автокөлік үшін тұрақтар болуы тиіс. Біршама қашық таныстыру маршруттары ерекше қорғалатын табиғи аумақтың арнайы көлігінің (шағын автобустар, салт атпен серуендеу) көмегімен жүзеге асырылады;
демалушылардың моторлы көлікпен келіп жету орындарын ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шетінде немесе одан тыс жерлерде шоғырландыруды қамтиды.
34. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық жүйелерін рекреациялық әсерден қорғау жөніндегі іс-шаралар:
табиғи ресурстарды рекреациялық мақсатта пайдалануды белгіленген рекреациялық жүктемелерге сәйкес ұйымдастыруды қамтиды. Әрбір қорғалатын аумақ үшін негізгі ереже оның аумағын аймақтау жөнінде, демалыс сипаты жөнінде жоспарлау шешімдерін әзірлеу және белгілі бір рекреациялық учаскелерде болудың арнайы режимдерін енгізу болып табылады;
рекреациялық аймақтарда демалушылар көп жиналатын орындарда қызықты, жарқын және тартымды демалыс және көңіл көтеру объектілерін жобалауды;
жазғы маусымда саны ерекше қорғалатын табиғи аумақтың рекреациялық сыйымдылығынан әлдеқайда асып түсуі мүмкін жексенбі күнгі демалушылар лектерін реттеп отыру жөніндегі ұсыныстарды;
рекреациялық аумақтарды көркейтуді, оның ішінде қысқа мерзімді демалыс орындарында (өзендерге жақын маңдар, алаңқайлар, төңіректі шолып қарау нүктелері) көркейтуді қамтиды.
35. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі іс-шаралар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың мақсаттары мен міндеттерінің жалпы кешенінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің атқаратын функционалдық рөлін айқындауды;
ескерткіштерді қорғау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді қамтиды. Бұл жұмыс мәдени-тарихи мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе отырып орындалады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы ескерткіштердің орналасуының карта-сызбасы жасалады;
ерекше қорғалатын табиғи аумақта мәдени-тарихи мұраның әртүрлі нысандары болған жағдайда аумақ ішінде әртүрлі мамандану аймақтарын: тарихи-сәулет, археологиялық, этнографиялық аймақтарды бөліп алуға болады;
ашық аспан астындағы мұражайлар құру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді қамтиды.
36. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың учаскелерін қауіпті геологиялық процестер мен құбылыстардан инженерлік қорғау жөніндегі іс-шаралар:
аса қауіпті табиғи процестерден - селдерден, қар көшкіндерінен және тау беткейлеріндегі жойқын процестерден - тасқындар мен жердің опырылып құлауынан алдын алу шараларын әзірлеуді қамтиды.
Аумақты сел процестерінен қорғау жөніндегі іс-шаралар ұйымдық-шаруашылық (белсенді) және гидротехникалық (бәсең) іс-шаралар болып бөлінеді.
Жердің опырылып түсуіне қарсы және көшкінге қарсы іс-шаралар:
қауіпті алқаптардың жағдайын анықтауды;
тіреуіш қабырғалар, контрфорстар, пломбалар, белдеулер, анкерлік бекіткіштер, қадалар қою, жарықшақтарды бітеу арқылы нығайтуды, аралас тәсілдерді;
тау жыныстарын тіреуіш қондырғыларымен бекітуді;
фитоорманмелиоративтік жұмыстарды көздейді.
37. Зерттеліп отырған аумақтағы табиғи кешендерді және табиғи-қорық қорының объектілерін сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану мақсатында ғылыми-зерттеу, экологиялық-ағарту және рекреациялық қызмет жүргізіледі.
38. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ғылыми-зерттеу жұмыстары мазмұнының негізі мынадай екі бағыт болып табылады:
табиғи кешендерді зерттеу жөнінде жүйелі байқаулар ұйымдастыру, табиғи процестердің мониторингі, сондай-ақ биологиялық сан алуандықты сақтаудың, мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерін қалпына келтірудің ғылыми негіздері мен әдістерін әзірлеу;
табиғи кешендердің экологиялық-танымдық және рекреациялық құндылықтарын зерделеу, аумақты теңдестірілген, реттелмелі рекреациялық мақсатта пайдалану жөнінде шаралар әзірлеу.
39. Экологиялық-ағарту қызметін жоспарлау кезінде туристер мен демалушылардың негізгі тобын ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қатаң түрде белгіленген орындары мен объектілеріне тартуға бағытталған шаралар әзірлеу қажет.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың экологиялық-ағарту қызметі екі функцияны - тікелей ағарту, адамға экологиялық тәрбие беру функциясын және аса құнды және қатаң қорғауды қажет ететін учаскелерден рекреациялық лектердің назарын басқа жаққа аударту, олардың осында келуін кідірту функциясын орындайды.
40. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ақпараты мен насихатының негізгі құралы мына баспа басылымдары болып табылады: кітаптар, кітапшалар, проспектілер, анықтамалықтар, карталар, жолкөрсеткіштер, парақшалар, жарнамалық-баспа қызметі. Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізу үлкен рөл атқарады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың табиғи ресурстарын пайдалану ерекшеліктерін насихаттаудың басқа бір нысаны ақпараттық стенділер мен аншлагтар болып табылады.
41. Туристік маршруттар мен соқпақтарды таңбалауға да насихаттық, түсіндіру және ақпараттық сипат беру керек. Жол-соқпақ желісінде, қажет болған жерлерде маршруттар көрсеткіштерін орнату көзделеді, олардың тақырыбы, қашықтығы, демалыс орындарының атаулары, осы учаскенің схемалық жоспары көзделеді.
Жобалау кезінде осындай объектілердің бірі Табиғат мұражайы, Визит-Орталық болуға тиіс екенін атап өту қажет, олардың басты рөлі - ерекше қорғалатын табиғи аумақ идеяларын кеңінен тарату.
&4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын
санаты және түрі
42. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың санаты мен түрін таңдау кезінде:
табиғи эталондар, бірегей және көне түрлер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, экологиялық ағарту және білім беру нысаны ретінде ерекше экологиялық және ғылыми құндылығы бар аумақтың табиғи кешендерінің сақталуы дәрежесі;
аралас аумақтарда жүзеге асырылатын шаруашылық қызметке жол бермейтін немесе елеулі түрде әлсірететін аумақтың оқшаулануы:
ландшафтардың бірегейлігі мен көркемдігі және олардың жоғары пейзаждық және эстетикалық ерекшеліктері;
табиғи ландшафтар мен экологиялық жүйелердің сақталуының айтарлықтай жоғары деңгейі;
мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің өлшемдеріне сәйкес келетін табиғи кешендердің, жанды және жансыз табиғат объектілерінің болуы;
танымдық және тәрбиелік маңызы бар объектілердің болуы, рекреация мен туризмнің әртүрлі нысандарын ұйымдастыруға аумақтың жарамдылығы;
рекреациялық ресурстарды пайдалануға мүмкіндік беретін көлік байланыстарының болуы ескеріледі.
&5. Ұсынылатын шекаралар, алқаптар, сондай-ақ
функционалдық аймақтар, оларды қорғау мен пайдалану
режимдері
43. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасын белгілеу кезінде мыналар ескеріледі:
өздерін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамына қосу талаптарына сай келетін тән табиғи кешендердің табиғи шептері;
жобалық аумақта орналасқан әртүрлі кәсіпорындарды сыртқа шығару және қайта мамандандыру қажеттілігі мәселелері.
44. Қорықтардың, ұлттық және аймақтық саябақтардың, табиғи резерваттар мен табиғат ескерткіштерінің шекарасын белгілеу кезінде мынадай шектеулер ескеріледі:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың негізгі аумағында өндірістік кәсіпорындар, әуежайлар, шахталар, пайдалы қазбалар өндіру жөніндегі карьерлер, сондай-ақ пайдалануға ықтимал жарамды пайдалы қазбалар кеніштері орналастырылмауға тиіс;
ландшафтардың қазіргі жай-күйі, аумақтарды пайдалану сипаты бойынша немесе әлдеқандай басқа белгілері бойынша жүктелген функцияларға сай келмейтін аумақтар есепке алынбайды. Бұл ретте: қалыптасқан антропогендік ландшафтардың өзгеру дәрежесі мен келбеті, табиғат пайдаланудың ерекшеліктері және оларға ілеспе табиғи процестер, оның ішінде шаруашылық қызметтен туындаған ластану мен жайсыз зардаптар ескеріледі.
45. Қорықтар, табиғи саябақтар, табиғи резерваттар шекаралары бойына күзет аймағын орналастыру көзделеді.
Сыртқы шекарасы меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгіленетін күзет аймағының ені екі шақырымнан кем болмауы тиіс.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) атқару органдары шешім шығару үшін күзет аймағының аумағында күзет режимі мен табиғат пайдалану тәртібі айқындалады.
46. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жалпы көлемі, оның шекарасы ұсынылады, күзет объектілері айқындалады, бүлінген табиғи кешендерді қалпына келтіру, күзет режимі жөнінде іс-шаралар, қажет болған жағдайларда ерекше қорғалатын табиғи аумақ функционалдық аймақтау белгіленеді.
3. Техникалық-экономикалық негіздеменің
жобасын әзірлеу
47. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрудың немесе кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы мына бөлімдерді орындауды қамтиды:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алынатын (сатып алынатын) меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскелерінің координаты, санаты және көлемі, алып қойылмай ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілетін меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскелерінің санаттары мен көлемдері, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен көлемі сипатталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жерлерін бөлудің жерге орналастыру жобасы (бұдан әрі - жерлер бөлу жобасы);
2) меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін сатып алуға және (немесе) оларды алып қою жөніндегі залалдарды өтеуге, күзет аймағында шаруашылық қызметті шектеуге байланысты, сондай-ақ жерлерді алып қоймай ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жағдайларындағы шығындар;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың инфрақұрылымын құруға және осы аумақты күтіп ұстауға, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындар;
4) рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындап алып, аумақты функционалдық аймақтауды, белгіленген функционалдық аймақтар шегінде табиғи кешендерді реттелмелі туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет мақсаттарында пайдалану шарттары;
5) экологиялық туризмді дамытуды ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасы және оның инфрақұрылымы (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын): туристік соқпақтарды, тамашалау алаңдарын, дем алу алаңқайларын, көлік тұрақтарын, кемпингтерді, шатырлы лагерьлерді, қонақүйлерді, мотельдер, туристік базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, құбырларды, электр және байланыс желілерін, жолдарды орналастыру орындары.
&1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жерін бөлудің
жерге орналастыру жобасы (жер бөлу жобасы)
48. Бұл бөлімде картографиялық материалдың негізінде әкімшілік облыстар мен аудандар шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасының сипаттамасы, географиялық координаттар беріледі, ерекше қорғалатын табиғи аумаққа тұрақты жер пайдалануға берілетін жер учаскелерінің экспликациясы келтіріледі. Алынбай ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілетін меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің көлемі көрсетіледі.
49. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер бөлу жобасы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқару органымен келісіледі және оны облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекітеді.
50. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер бөлу жобасы уәкілетті органның аумақтық органымен, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі облыстық органдармен келісіледі және облыстың (республикалық маңызы бар қала, астана) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекітеді.
&2. Меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер
учаскелерін сатып алуға және (немесе) оларды алып қою
жөніндегі шығындарды өтеуге, күзет аймақтарында шаруашылық
қызметті шектеуге байланысты, сондай-ақ жерлерді алып қоймай
ерекше қорғалатын табиғи аймақтар құру жағдайларындағы
залалдар
51. Бұл бөлімде меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін алып қою (сатып алу) жағдайындағы залалдардың болжамды сомалары, күзет аймақтарында шаруашылық қызметті шектеуге байланысты шығындарды өтеу үшін қажет, сондай-ақ жерлерді алып қоймай ерекше қорғалатын табиғи аймақтар құру жағдайларындағы залалдардың сомалары келтіріледі.
&3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың инфрақұрылымын
құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты ұстауға,
мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін күзету, қорғау
және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындауға
жұмсалатын шығындар
52. Бұл бөлімде ерекше қорғалатын табиғи аумақтың инфрақұрылымы объектілерінің құрылысына (қайта жаңартуға) жұмсалатын шығындардың болжамды сомалары келтіріледі.
53. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың табиғи кешендерін қорғауға, реттеуге, пайдалануға байланысты жүргізілетін жұмыстардың көлемі мен сипаты негізгі және айналым қаражатын қамтитын тиісті материалдық-техникалық база құру қажеттігіне негіз болады.
Негізгі өндірістік қорлар бюджеттік қаражат және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өз қаражаты есебінен сатып алынады.
Негізгі және айналым қаражаты табиғат қорғау және шаруашылық қызметтерді орындауға жұмсалады. Оларға: машиналар, механизмдер, орман өртін сөндіру техникасы, өрт сөндіру, радио байланысы құралдары, техникалық және зертханалық жабдықтар жатады.
54. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты орман және дала өрттерінен қорғау мақсатында оларды жобалау кезінде өрт сөндіру-химия стансаларының құрылысы көзделуге тиіс.
55. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты міндетті табиғат қорғау мақсаттарымен үйлестіре отырып рекреациялық пайдалану, сондай-ақ аумақтың ландшафтық ерекшеліктері оның кеңістік-жоспарлау ішкі шаруашылық құрылымын айқындайды.
56. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар айналмаларға (инспекторлық учаскелерге) бөлініп, олар техникалық учаскелерге біріктіріледі. Бір айналманың нормативтік көлемі бір инспекторға шаққанда "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсіру жөніндегі нормалар мен нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 53 қаулысына сәйкес айқындалады.
Айналмалар мен техникалық учаскелердің нақты көлемін айқындау кезінде мына факторлар ескерілуі тиіс:
аумақтың рельефі мен ландшафтары;
аумақтың шолынуы;
аумаққа ұйымдаспай келу мүмкіндігі;
жақын маңдағы елді мекендер халқының аумақтағы ресурстарды пайдалану мүмкіндігі;
аумақтың жол торабы мен өткізгіштігі;
күнделікті қарауылдау үшін қажет уақыт.
Айналмалар неғұрлым жоғары санатқа - техникалық учаскеге өтетін күзет қызметінің тізбегінің төменгі құрылымдық буыны болып табылады.
57. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрылымдық бөлімшелері арасында байланыс жүйесі жобаланады, маусымдық қарауылдау жолдары және оны жүзеге асыру үшін қажет көлік құралдары айқындалады.
58. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты жобалау кезінде орталық усадьбаның орнын таңдауға және кордондардың орналасуына ерекше назар аударылады.
59. Кордондар күзет қызметінің инспекторлары барлық айналмаларды біркелкі күзетуді қамтамасыз етіп, барлық негізгі жолдар мен қатынас бағыттарын бақылай алатындай етіп жобаланады.
Мемлекеттік табиғи қорықтарда кордондарды күзет аймағында аумақтың периметрі бойынша орналастыру көзделеді.
60. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты басқару құрылымы табиғат қорғау ұйымының мақсаттарымен және міндеттерімен, табиғи ерекшеліктерінің сипатымен, аумақты игерілу дәрежесімен, рекреациялық объектілердің болуымен, тұрақты және уақытша тұратын тұрғындар санымен, табиғи кешендерде болып жататын процестерге бақылау жасау қажеттігімен айқындалады.
61. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрылымын қалыптастыру үшін "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы мен "Мемлекеттік қызметшілер болып саналмайтын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қаңтардағы N 41 қаулысы базалық құжаттар болып табылады. Қараныз P070001400
62. Табиғат қорғау және ғылыми мекемелер болып табылатын мемлекеттік табиғи қорықты, мемлекеттік ұлттық және өңірлік табиғи саябақтарды, мемлекеттік табиғи резерватты басқарудың үлгілік құрылымы әкімшілік-басқару аппаратын, табиғи кешендерді қорғау бөлімін, ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімін, экологиялық ағарту және туризм бөлімін, қаржы және ұйымдық жұмыс бөлімін, шаруашылық бөлімін қамтиды.
Жоспарланып отырған ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де басқару құрылымы да ұсынылуы мүмкін.
63. Табиғат қорғау мекемелері күзет қызметінің штат саны аумақтың көлеміне, бөлінген техникалық учаскелер мен айналмалардың санына байланысты.
64. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ қызметінің экономикалық тетігі құрылыс, табиғи кешендерді ұстау, қорғау және молықтыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражат пен жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметтер көрсетуден түскен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың өз қаражатын, сондай-ақ, тауарлар өткізуден түскен табыстарды жұмсауды қамтиды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты жобалау кезінде қаржыландыру көздері белгіленуге тиіс, олардың қатарында:
бюджеттік қаражат;
табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты;
гранттар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту қорларының қаражаты, жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырымдылық қаражаты болады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шығындарын:
күрделі құрылысқа, күрделі жөндеуге және инфрақұрылым объектілерін қайта жаңартуға;
табиғи кешендер мен объектілерді сақтауға және қалпына келтіруге;
экологиялық тәртіп бұзушылық зардаптарын жоюға;
ақпараттық қызмет көрсетуге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың табиғи және мәдени құндылықтарын насихаттауға;
аумақты көркейтуге;
әкімшілік-басқару шығындарына және ағымдағы қызмет көрсетуге жатқызу қажет.
&4. Аумақты функционалдық аймақтау, күзет режимінің
түрі және реттелмелі туристік, рекреациялық және шектеулі
шаруашылық пайдалану шарттары
65. Аумақтың экологиялық, рекреациялық және қала салу ерекшеліктерін зерделеу жолымен айқындалатын және бірегей табиғи кешендерді, сирек кездесетін түрлер мен қауымдастықтарды қатаң күзетуді қамтамасыз ететін функционалдық аймақтау ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жоспарлы ұйымдастырылуының негізі болып табылады.
Әрбір функционалдық аймақ үшін табиғат кешендерін күзету мен ықтимал реттелмелі, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызметтің тиісті режимі айқындалады. Рекреациялық жүктемелер нормалары айқындалады.
66. Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорық аймақтары алқабының пайыздық арақатынасын мынадай шекте айқындау ұсынылады: мемлекеттік табиғи қорықтар 100 %, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар 40 %, мемлекеттік табиғи резерваттар 30 %-дан аспауға тиіс.
&5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты және оның
инфрақұрылымын жоспарлау жобасы (инфрақұрылымды
дамытудың бас жоспары)
67. Инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары мыналарды қамтиды:
1) туристік әлеуетті анықтау:
туристік қызметті дамыту үшін жергілікті әлеуметтік-экономикалық факторларға, табиғи, тарихи-мәдени және әкімшілік ресурстарға талдау жасау;
туристік әлеуетті, туристік мүмкіндіктердің шектері мен көлемдерін айқындау және бағалау (оның ішінде жобалау аумағының жол берілетін рекреациялық сиымдылығының есеп-қисабы);
туристік және рекреациялық қызметтен төлемдер түсуінің қазіргі жай-күйіне талдау жасау, инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес инфрақұрылымды дамытуды ескере отырып, көрсетілген қаражаттың түсуін болжамдау;
жеке және заңды тұлғалар (жергілікті халық, туристік агенттіктер, отандық және шетелдік инвесторлар) үшін туристік қызметтен табыс табуда экономикалық басымдықтарды айқындау;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар әкімшілігінің туристік фирмалармен және туризм инфрақұрылымын дамыту үшін тартылатын мамандармен бірлескен қызметін жоспарлау.
2) туризм инфрақұрылымын жоспарлау:
аумақтың функционалдық аймақталуын, экологиялық талаптарды, эстетикалық талғамды, ұзақ мерзім қызмет етуін, туристер мен қоршаған орта үшін үнемді және қауіпсіз болуын ескере отырып, туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерді: туристік маршруттарды (соқпақтарды), тамашалау алаңдарын, аялдау алаңқайларын, көлік тұрақтарын, кемпингтер, шатырлы лагерьлер, қонақүйлер, мотельдер, туристік базалар (кешендер), қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, бақылау-өткізу бекеттерін, аншлагтар (жоспарланып отырған объектілердің қысқаша сипаттамасымен және жол берілетін рекреациялық жүктемелердің, өткізу қабілетінің есеп-қисабымен) орналастыру орындарын айқындау;
белгіленген нормаларға сәйкес көлік инфрақұрылымы, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализация, байланыс объектілерін орналастыру орындарын айқындау;
3) санитариялық нормаларға сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың экологиялық қауіпсіз тәсілдері мен орындарын жобалау;
4) туристік қызмет мониторингінің әдістерін әзірлеу, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ қызметкерлерінің болуы және жұмыс режимі;
5) туризм инфрақұрылымының кадрлармен қамтамасыз етілуін негіздеу, ерекшеліктерді ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақта туристердің болу ережесін әзірлеу.
68. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлаудың жалпы принципі әртүрлі өзара байланысты жоспарлау элементтерінің жүйесін қалыптастыру болып табылады, оларға мыналарды жатқызуға болады:
неғұрлым маңызды және қызықты көрсету объектілері шоғырланған аудандарды қамтитын туристік-рекреациялық аймақтар. Бұл аймақта туристік кешендер, демалыс базалары, шатырлы қалашықтар орналасады;
туризмге және экскурсияға арналған ландшафтық-маршруттық дәліздер;
негізгі көлік жолдарын дамыту және келушілердің негізгі легін қабылдау, оларды орналастыру күзет аймағы шегінде жүзеге асырылады;
ерекше қорғалатын табиғи аумаққа негізгі кірме жолдарда саяхат жоспарын жасауға және неғұрлым құнды көрікті жерлер туралы мәліметтер алуға болатын жақсы ұйымдастырылған ақпараттық-таныстыру қызмет орталығы бар кіру орталықтары жобаланады.
69. Табиғат және қала салу жағдайларының әртүрлілігі алуан түрлі жоспарлау құрылымдарын қалыптастыруды көздейді, олардың негізгілері мыналар болып табылады:
1) шеңберлі жоспарлау құрылымы, онда қорық аймақтары орталық, ал рекреациялық аймақтар - шеткі жағдайды иеленеді;
2) линиялық жоспарлау құрылымы, саябақтың функционалды аймақтарының ретімен алмасып отыруы және саябақ аумағына екі жақтан келіп кіруді көздейтін желілік табиғи белдеулердің болуы негізінде құралған желілік жоспарлау құрылымы;
3) тұйықталған жоспарлау құрылымы рекреациялық аймақтар орталықта орналасқан жағдайда орын алуы мүмкін;
4) шеңберлі, желілік және тұйықталған құрылымдардың қосындысын құрайтын құрама жоспарлау құрылымы.
70. Рекреациялық пайдалану аймағы шегінде туристік және рекреациялық қызметтің қарқындылығы функционалдық аймақтау кезінде белгіленген рекреациялық сиымдылық деңгейімен және табиғат пайдалану режимімен реттеледі. Туризм түрлерінің барынша көп шоғырлануы мен сан алуандығы қауырт рекреациялық пайдалану және шектеулі шаруашылық қызмет аймағында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтың күзет аймақтарында орын алған.
Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келушілерді орналастыру және оларға қызмет көрсету рекреациялық кешендерде және қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.
Кешеннің көлемі орналасқан жеріне және қызмет көрсету маршрутының түріне: желілік, радиалдық немесе шеңберлік түрлеріне байланысты.
Рекреациялық аймақтарда сиымдылығы шағын қызмет көрсету орталықтары құрылады. Олар туристік маршруттар қиылысатын орындарда немесе туристік объектілеріне жақын маңда орналастырылады және келушілердің аз мөлшеріне бастапқы қызмет көрсетуге есептеледі. Бұл - маусымдық қызмет көрсетуге арналған шатырлы қалашықтар, лагерьлер, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, сауда кәсіпорындары.
71. Шаруашылық құрылыстарын мүмкіндігіне қарай рекреациялық кешеннен тысқары жерлерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шаруашылық немесе күзет аймағына шығару керек, мұнда рекреациялық аймақтарға орталықтандырылған шаруашылық қызметін көрсетуді ұйымдастырған жөн.
Рекреация мекемелерінің бағыты мен сиымдылығы ерекше қорғалатын табиғи аумақтың негізгі бағытына, табиғи жағдайларға, көрсету және туризм объектілерінің болуына сай келуге тиіс.
72. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа келуді аумақтық ұйымдастыру ерекше қорғалатын табиғи аумақтың белгілі бір учаскесіне туристердің санын шектеу немесе олардың көп мөлшерін тарту мақсатында туристер лектерін реттеумен, олардың аумақтар бойынша бөлінуіне қатаң бақылау орнатумен тұжырымдалады. Туристік маршруттар мен соқпақтарды тарту кезінде негізгі өлшем олар өтетін табиғи кешендерге рұқсат етілетін рекреациялық жүктемелерді есепке алу болып табылады.
Экологиялық соқпақтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтың рекреациялық қызметі сүйенетін негізгі құрылымдық элемент болып, өздерінің негізгі функцияларының бірін - демалушы адамның экологиялық білім алуын ұйымдастыруды орындайды.
Табиғат қорғау қызметінің жаңа нысаны ретінде экологиялық соқпақтарды жобалау өзара байланысты үш мақсатты: рекреацияны, оқытуды және тәрбиелеуді көздейді. Экологиялық соқпақтың екі басты талабы болуға тиіс, олар: келушілердің әртүрлі санаты үшін тартымдылық және барлық жас топтарына шаққанда хабардар болушылық.
Қорықтарда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың басқа түрлерінің қорық режимі бар учаскелерінде тек арнайы ғылыми-зерттеу экологиялық соқпақтарын ғана, ал қалған аймақтарда - таныстыру, оқыту, ағарту және басқа да экологиялық соқпақтар түрлерін ұйымдастыруға болады.
Соқпақ жүктемесі оның ұзындығына, маршруттың күрделілігіне, учаскенің рекреациялық сиымдылығына, көру нүктелерінің алуан түрлі болуына, тұрақтардың кеңдігіне байланысты. Бұл компоненттер туристер топтарының өту уақыты мен топтардағы адамдар санын айқындайды. Бұл көрсеткіштер соқпақты жабдықтауға жұмсалатын шығындарды айқындайды.
73. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта туристік және экологиялық соқпақтар мен маршруттар жобалау және құру Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі 2007 жылғы 11 наурызда N 4564 нөмірмен тіркеген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2007 жылғы 9 ақпандағы N 56 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар аумағындағы реттелмелі туризм және рекреация ережесіне және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2006 жылғы 24 қазандағы N 234 бұйрығымен бекітілген ерекше құнды экологиялық жүйелер мен объектілерді қамтымайтын арнайы бөлінген учаскелерде мемлекеттік табиғи қорықтарда реттелмелі экологиялық туризмді өткізу үшін экскурсиялық соқпақтар мен маршруттар құру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
74. Жолдар кең көріністі панораммалар мен перспективаларды шолуды, алыстағы көру объектілерін байқау мүмкіндігін есепке ала отырып жобаланады. Егер трассаның пейзаждық учаскелері арасында құндылығы шамалы ландшафтары бар орындар сыналап кірген болса, оны байытуды көздеу қажет.
Қызмет көрсету объектілерінің ықтимал құрылыс көлемдерін анықтау үшін аумақтарды резервке қалдыру мақсатында уақытша және тұрақты тұрғындарға, сондай-ақ қысқа мерзімді демалушыларға қажеттіліктің есеп-қисабы жасалады.
75. Көлік байланыстарына, оның ішінде жалпы жұрт пайдаланатын көлік жолдарына (темір жол, тас жол, қара жол, кеме қатынайтын өзендер, көлдер), ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көлік қызметін көрсетуде олардың атқаратын рөліне, көлік жолдарының оған түйісетін тұстарына талдау жасалады. Жолдардың жұмыс істеуінің маусымдығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақ жеріндегі олардың ұзындығы, қажеттіліктердің көлік жолдарымен қамтамасыз етілуі сипатталады.
Автокөлік құралдары орналасқан жерлер (гараждар, тұрақтар) туралы деректер келтіріледі.
76. Көлік байланыстарын жобалауға қойылатын негізгі талаптар:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жоспарлау-сәулет құрылымына сәйкестігі;
жұмыс істеп тұрған жол желісін ұтымды пайдалану;
келушілердің жүріп-тұру және пайдалы ақпарат алу жөніндегі қажеттіліктерін қанағаттандыру;
қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкестігі;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтың рекреациялық сиымдылығының сәйкестігі.
77. Жобалау кезінде жолдардың мынадай түрлері бөліп алынуы мүмкін:
айналма жолдар - күзет аймағынан өтеді және жоспарлау аудандарының арасында байланысты қамтамасыз етуге арналған, сыртқы автокөлік трассаларын ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ішкі жолдарымен байланыстыратын тарқату жолының міндеттерін орындайды. Жолаушылар көлігі мен жеңіл көліктің негізгі легі осы жолмен өтеді;
бас трасса - туристік көліктің жүруіне арналған. Оның ауқымы баяу қозғалыс жылдамдығына есептелуге тиіс. Онда автотұрақтар мен тамашалау алаңдарының болуы ескерілуі керек;
рекреациялық кешендерге кірме жолдар - айналма (тарқату) жолды рекреациялық кешендермен, қызмет көрсету мекемелерімен байланыстырады;
шалғай туризм мекемелері мен объектілеріне кірме жолдар;
қорық аймақтары учаскелеріндегі режимдік жолдар тек қызмет көрсету көлігінің жүруіне арналған. Келушілердің осы жолдармен емін-еркін жүріп-тұруына тыйым салынған, ерекше қорғалатын табиғи аумақ қызметкерлерінің бастап жүруімен экскурсиялық топтардың ғана жүруі көзделген;
шаруашылық жолдар - орманға күтім жасау үшін, жануарларға жемшөп әкелу, шектеулі шаруашылық қызметін жүргізу үшін пайдаланылады;
туристік соқпақтар мен маршруттар - туристер мен туристік топтардың ұйымдасқан қозғалысына арналған.
78. Моторлы (көлікті) туристер легін реттеуге жоспарлау іс-шараларымен, тұрақтар мен кемпингтердің сиымдылығымен, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақта болу ұзақтығымен қол жеткізіледі.
79. Көлік қызметін көрсету мекемелерінің желісін ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағынан тыс жерлерде, тек күзет аймағы мен кіреберістерде орналастыру керек.
80. Аумақты инженерлік жағынан қамтамасыз ету жөніндегі деректер: құрылыстар мен сумен жабдықтау және су бөлу желілері, электрмен және жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, байланыс жүйесінің жұмысы бойынша мәліметтерді қамтиды.
81. Инженерлік жабдықтар желілерін жобалау аумақтың функционалдық аймақталуын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ландшафтық ерекшеліктерін және оны құру мақсаттарын ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың табиғи кешендерін барынша сақтап қалу жағдайында жүргізіледі.
Тік құлама жарларда көшкіндерден қорғану көзделуге тиіс. Зілзала қаупі жоғары аймақтарда жер сілкіну құбылыстарынан қорғану қажет.
82. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта барлық рекреациялық мекемелер үшін орталықтандырылған сумен жабдықтау көзделеді. Ластанудың алдын алу мақсатында су тартқынын айналасында жобалау кезінде санитарлық қорғау аймағы көзделуі тиіс.
Су тартқы су ағысының бойында елді мекеннен биік орналасуы тиіс. Жақын орналасқан объектілер үшін топтастырылған су тартқыларды пайдалану ұсынылады.
Туристік жатын орындарды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың басқа да шалғай объектілерін сумен жабдықтау әдетте жер асты суымен қамтамасыз етіледі.
83. Қоршаған ортаны сақтау және су көздерінің ластануын болдырмау үшін рекреациялық мекемелер үшін ағын суды биологиялық жолмен толық тазалау қондырғылары орналасқан алаңы бар орталықтандырылған канализация жүйесін орнату көзделеді. Тазаланған соң оны жергілікті жағдайларға байланысты кейіннен пайдалану үшін егіс алқабына шығару жөнінде ұсыныс жасауға болады.
84. Электр желілері ерекше қорғалатын табиғи аумақтың күзет, рекреациялық және шаруашылық аймақтарында жобаланады.
85. Жобалау кезінде жел мен күн көзін пайдаланатын қондырғыларды және энергияның басқа да балама көздерін қолдану мүмкіндігі туралы ұсыныстар беріледі.