Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының 2007 жылғы 2 ақпандағы N 44 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 5 наурыздағы Нормативтік құқытық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4562 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі N 555 Бұйрығымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі N 555 (ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 6) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі бекітілсін.
      2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Төраға

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрлігі 
Орман және аңшылық      
шаруашылығы комитетінің    
2007 жылғы 2 ақпандағы N 44 
бұйрығымен бекітілген    

  Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын
табиғи аумақтарда болу ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда болу тәртібін реттейді.

      2. Осы Ереже республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды мына түрлеріне қолданылады:
      табиғат қорғау мекемелері - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер;
      мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары - мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық парктер (бұдан әрі - табиғат қорғау кәсіпорындары);
      заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар - мемлекеттік табиғат ескерткіштері, мемлекеттік табиғи қаумалдар және мемлекеттік қорық аймақтары.

      3. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында жеке тұлғалардың болуына тек ғылыми және экологиялық-ағартушылық мақсаттарда ғана рұқсат етіледі.

      4. Мемлекеттік табиғи қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде орналасқан белгілі бір дін жолын ұстанушылар тәу ететін орындарға (қасиетті орындарға) қорық аумағы арқылы өтетін жолдармен кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігі тиісті діни бірлестіктің келісімі бойынша ақы төлемей, мемлекеттік табиғи қорық инспекторларының бастап жүруімен, топпен осы орындарда болуға немесе осы орындарға жақындап келуге рұқсат берілуі мүмкін.

  2. Жеке тұлғалардың табиғат
қорғау мекемесінде болуы

      5. Жеке тұлғалар үшін (бұдан әрі - келушілер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың (бұдан әрі - ЕҚТА) түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне қарай табиғат қорғау мекемесінің аумағында болу кезінде мынадай іс-әрекеттер жасауға рұқсат етіледі: 
      1) жалпы жұрт пайдаланатын жолдармен және экскурсиялық маршруттардың арнайы жолдарымен механикаландырылған көлікпен және сал атпен жүру, қорықтық күзет режимі бар учаскеден басқа, арнайы жабдықталған орындарда аялдау;
      2) белгіленген туристік маршруттармен және соқпақтармен табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен алдын-ала келісілген, ЕҚТА экскурсия ұйымдастырушыларының немесе инспектор-гидтерінің бастап жүруімен ұйымдасқан экскурсиялар мен туристік жорықтар өткізу;
      3) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша  су айдындарында тек қана моторсыз жүзу құралдарымен жылжу;
      4) осыған белгіленген орындарда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен әуесқойлық (спорттық) балық аулау.
      Мемлекеттік табиғи қорықтарда әуесқойлық балық аулау мемлекеттік табиғи қорықтың күзет аймағында тұратын жергілікті халықтың мұқтажы үшін арнайы бөлінген учаскелерде рұқсат етіледі;
      5) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде, осыған арнайы бөлінген орындарда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен жабайы өсетін жемістерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды, дәрі-дәрмектік шөптерді әуесқойлықпен жинау шөп шабу, отын дайындау және дәстүрлі табиғат пайдаланудың басқа да түрлері;
      6) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша спорттық және экологиялық-ағарту іс-шараларын, туристік слеттер өткізу;
      7) кәсіби және әуесқойлық фото-бейнетүсірімдер жүргізу;
      8) оқу практикаларын өткізу;
      9) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде оқу мақсаттары үшін гербарий жинау, топырақ үлгілерін іріктеу;
      10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында көзделген өзге де қызметтер.

      6. ЕҚТА-ның түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында:
      1) ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегені туралы растайтын құжаттарсыз ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болуға;
      2) жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан немесе арнайы экскурсиялық соқпақтар мен туристік маршруттардан тыс жерлерге келіп кіруге және олар арқылы жүріп өтуге;
      3) белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөлік және басқа да механикалық құралдар қоюға;
      4) автокөлікті және басқа да механикалық құралдарды су айдындары жағалауына қоюға және жууға, ыдыс-аяқ жууға, кір жууға, үй жануарларын шомылдыруға;
      5) су айдындарында, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция пайдаланатын моторлы жүзу құралдарынан басқа, моторлы яхталардың, катерлердің, моторлы қайықтардың, скутерлердің, квадроциклдердің болуына;
      6) арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерлерде тағам әзірлеу үшін от жағуға, мангал, ошақ орнатуға;
      7) осы мақсаттар үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде аялдау орындарын жабдықтауға, шатырлар құруға;
      8) аулармен және басқа да тыйым салынған құрал-жабдықтармен балық аулауға, сондай-ақ балық аулаудың Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген нормаларынан артық аулауға;
      9) арнайы рұқсатсыз жабайы жануарларды алып қоюға;
      10) жабайы жануарларды үркітуге және қоректендіруге;
      11) ұяларды, індерді, апандарды және құмырсқа илеулерін бүлдіруге;
      12) ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға және оларға зақым келтіруге, тұрмыстық қажеттілік үшін сыпыртқылар мен сыпырғыштарға шыбықтар дайындауға;
      13) табиғат, тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін қиратуға және бүлдіруге;
      14) рұқсат етілген жинау орындарынан тыс жерлерде жабайы өсетін ағаш, бұтақ, шөп өсімдіктерін және дәрі-дәрмектік шикізат жинауға және қазып алуға;
      15) осы үшін арнайы бөлінген орындардан басқа жерлерде жабайы өсетін жемістер, саңырауқұлақтар және жидектер жинауға;
      16) көрнекі үгіт құралдарын (стенділер, паннолар, аншлагтар және басқалар), орман орналастыру, орман шаруашылығы және жерге орналастыру белгілерін қиратуға және бүлдіруге;
      17) құрылыстарға, ағаштарға, тастарға және жартастарға жазулар жазуға және суреттер салуға;
      18) өз бетімен мал жаюға, шөп жинауға, сүрек дайындауға және басқа да заңсыз орман пайдалануға;
      19) топырақ қабатын тұрмыстық қоқыспен және қалдықпен ластауға;
      20) қоршаған ортаға Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген нормалардан асатын шу шығаратын және басқа да акустикалық әсерлерді қолдануға;
      21) мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен табиғи кешендер объектілерінің табиғи дамуын және сақталуын бұзатын өзге қызметтерге жол берілмейді.

      7. Мазалау факторына жол бермеу мақсатында табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігі жабайы жануарлардың, оның ішінде балықтардың жаппай шоғырланатын орындарында болуға олардың қоныс аудару және өсімін молайту кезеңінде шектеулер енгізуі мүмкін.

      8. Келушіде ЕҚТА-ны ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану үшін ақы төлегені туралы, нысаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін растайтын құжаттың болуы табиғат қорғау мекемесінде келуге негіз болып табылады.
      ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжат келушінің болу мерзімінің соңына дейін сақталуы тиіс.

      9. Табиғат қорғау мекемесі аумағының шекарасында немесе оның күзет аймағында тұрақты тұратын жергілікті халыққа табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметтің негізгі түрлерін жүзеге асыру үшін, қорықтық күзет режимі бар аймақтан басқа, ЕҚТА-ның тиісті түрлерінің барлық функционалдық аймақтарына еш бөгетсіз өтуіне жол беріледі.

      10. Рекреациялық жүктеменің жол берілетін нормаларына байланысты келушілер легін реттеп отыру мақсатында табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігі осы Ережеге қосымшаға сәйкес Келушілерді есепке алу журналын (бұдан әрі - Журнал) жүргізеді.
      Журнал нөмірленеді, жіппен байланады және табиғат қорғау мекемесінің мөрімен бекітіледі.

  3. Жеке тұлғалардың табиғат қорғау
кәсіпорнының аумағында болуы

      11. Табиғат қорғау кәсіпорнының аумағында:
      1) арнайы бөлінген асфальт төселген немесе қара жолдармен өтуге;
      2) арнайы бөлінген орындарда өсімдіктер, жануарлар коллекцияларын қарап көруге;
      3) табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісім бойынша экспозициялар мен коллекциялардағы өсімдіктерді, жартылай еркіндік және жасанды жағдайларда ұсталатын жануарларды суретке және бейне таспаға түсіруге;
      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында немесе табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігі белгілеген аумақта болудың ішкі тәртібінде көзделген өзге де қызметке жол беріледі.

      12. Мемлекеттік зоологиялық парктердің аумағында жануарларды және келушілердің жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында:
      1) радиоқабылдағыштар мен магнитофондарды қосуға, музыкалық аспаптарда ойнауға;
      2) жануарларды қоректендіруге, ызаландыруға және үркітуге;
      3) жануарларды ұстауға арналған арнайы қоршалған үй-жайларға бөтен заттар лақтыруға;
      4) жабайы жануарлар бар үй-жайлардың торлары мен шарбақтарына сүйеніп тұруға, сондай-ақ орнатылған қоршаулар арқылы аяқ-қолды созуға, қолжетімді жануарлармен байланыс жасау үшін қол созуға және оларды әртүрлі заттармен (қолшатырмен, таяқпен және басқа заттар т.б.) түрткілеуге;
      5) штативтер мен жарқылдауық шамдарды қолданып, жануарларды суретке түсіруге;
      6) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың және басқа да құрылыстардың орнатылған кедергілері мен қоршаулары арқылы кіруге немесе секіріп түсуге;
      7) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың маңайында орнатылған кедергілерге, дуалдарға, қоршауларға балаларды тұрғызуға және отырғызуға;
      8) балаларды, әсіресе жас балаларды қараусыз қалдыруға және оларға парктің аумағында орналасқан жануарларды өз еркімен қарап көруге рұқсат беруге;
      9) көкалдармен жүруге, ағаш және шөп екпелерін бүлдіруге;
      10) өзімен бірге үй жануарларын әкелуге немесе ертіп жүруге;
      11) бақ-парк мүлкінің орнын ауыстыруға;
      12) жануарлар бар қоршаулар мен торлардың қасында кезекшілерімен сөйлесуге, жануарларды қорғау жөніндегі қызметінен олардың назарын басқа жаққа аударуға;
      13) кәсіпорынның экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға;
      14) қоғамдық орындарда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтық тәртіп нормаларын бұзуға жол берілмейді.

      13. Мемлекеттік ботаникалық бақтар мен мемлекеттік дендрологиялық парктердің аумағында:
      1) гербарийлік материал жинауды қоса алғанда, ағаш және шөп өсімдіктерін алып қоюға және бүлдіруге;
      2) жемістер, тұқымдар жинауға;
      3) табиғит қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісіп алмай табиғи және мәдени объектілерді суретке және бейне таспаға түсіруге;
      4) топырақ қабатын қоқыспен және тұрмыстық қалдықпен ластауға;
      5) экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға;
      6) қоғамдық орындарда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтық тәртіп нормаларын бұзуға жол берілмейді.

      14. Келушіде ЕҚТА-ны ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану үшін ақы төлегені туралы, нысаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін растайтын құжаттың болуы табиғат қорғау мекемесінде келуіне негіз болып табылады.
      ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжат келушінің табиғат қорғау кәсіпорнының болу мерзімінің соңына дейін сақталуы тиіс.

  4. Жеке тұлғалардың заңды тұлға мәртебесі жоқ
ерекше қорғалатын табиғи аумақта болуы

      15. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ЕҚТА аумағында болу тиісті ЕҚТА түрлерін қорғау және пайдалану режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуы жағдайында және осы ЕҚТА-ның паспортына сәйкес жүзеге асырылады.

                                  Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын
                                   табиғи аумақтарда болу ережесіне
                                                 қосымша

          200__ жылы келушілерді есепке алу журналы
      _____________________________________________________
                (табиғат қорғау мекемесінің атауы)

Р/с№

Күні

Келуші.
нің не.
месе топ
жетекші.
сінің
Т.А.Ә.

Топ.
тағы
адам.
дар
саны

Авто.
көлік
(а/к
марка
сы,
мем.
нөмірі)

Келу
мақсаты

Топ
жібер.
ілген
жер

Болу
мерзімі

Ақы төлен.
гені тура.
лы белгі
(ақы төлен
генін рас.
тайтын
құжаттың
N)

1

2

3

4

5

6

7

8

9