Қаржылық есептіліктің тізбесі, ұсыну мерзімдері және тәртібі, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің қаржылық есептілігін жариялау мерзімдері туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 5 ақпандағы N 11 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 23 ақпандағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4553 болып енгізілді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына, "Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттiк реттеу және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54 және 55-баптарына, "Бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Еншілес ұйымдары жоқ екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі - банктер) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде Халықаралық қаржылық есеп стандарттарында және осы қаулының 3-5-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес жасалған, аудиторлық ұйым растаған, қағазға басып шығарылған шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкілеттi мемлекеттiк органға (бұдан әрі - уәкілетті мемлекеттік орган) ұсынсын.
      Еншілес ұйымдары бар банктер жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде Халықаралық қаржылық есеп стандарттарында және осы қаулының 3-5-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес жасалған, қағазға басып шығарылған шоғырландырылмаған және шоғырландырылған жылдық қаржылық есептіліктерді уәкілетті мемлекеттік органға ұсынсын.
      Банктер шоғырландырылмаған және шоғырландырылған жылдық қаржылық есептіліктерді ұсынған кезде аудиторлық ұйымның растауы тек шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілік үшін ғана талап етіледі.

      2. Банктер:
      1) шоғырландырылмаған бухгалтерлік балансты және кірістер мен шығыстар туралы есептілікті тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 30-на дейінгі мерзімде жарияласын;
      2) еншілес ұйымдары жоқ банктер есепті жылдан кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде аудиторлық ұйым растаған, шоғырландырылмаған жылдық бухгалтерлік балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті жарияласын;
      еншілес ұйымдары бар банктер есепті жылдан кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде аудиторлық ұйым растаған, шоғырландырылған жылдық бухгалтерлік балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті жарияласын;
      3) жалпыға ортақ телекоммуникациялық желілерде өзінің WEB-сайты бар банктер оларда есепті жылдан кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде:
      еншілес ұйымдары жоқ банктер - аудиторлық ұйым растаған, шоғырландырылмаған жылдық бухгалтерлік балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті;
      еншілес ұйымдары бар банктер аудиторлық ұйым растаған, шоғырландырылған жылдық бухгалтерлік балансты және кірістер мен шығыстар туралы есепті орналастырсын;
      4) есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 10-нан кешіктірмейтін мерзімде уәкілетті мемлекеттік органға осы тармақтың 1) тармақшасының орындалуы туралы мәліметтер ұсынсын;
      5) есепті жылдан кейінгі жылдың 10 мамырынан кешіктірмейтін мерзімде уәкілетті мемлекеттік органға осы тармақтың 2) тармақшасының орындалуы туралы мәліметтер ұсынсын.

      3. Банктің бухгалтерлік балансында мынадай ақпарат ашып көрсетіледі:
      1) ақша және ақша баламалары;
      2) тазартылған қымбат металдар;
      3) тартылған және орналастырылған депозиттер;
      4) заемдар және қаржылық жалдау;
      5) реттелген борыш;
      6) клиенттердің банктік шоттары және салымдары;
      7) сатып алынған және шығарылған бағалы қағаздар;
      8) РЕПО және кері РЕПО операциялары;
      9) туынды қаржы құралдары;
      10) мерзімі ұзартылған салықтық талаптар мен міндеттемелер;
      11) салықтық міндеттемелер;
      12) дебиторлық және кредиторлық берешектер;
      13) Халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сәйкес өзге де ақпарат.

      4. Банктің кірістері мен шығыстары туралы есепте мынадай ақпарат ашып көрсетіледі:
      1) қаржы құралдарының түрлері бөлігінде пайыздық кірістер мен шығыстар;
      2) залалға қалыптастырылған резервтер;
      3) дивидендтер түріндегі кірістер мен шығыстар;
      4) қайта бағалаудан болған кірістер мен шығыстар;
      5) сатып алу-сатудан болған кірістер мен шығыстар;
      6) комиссиялық сыйақылар түріндегі кірістер мен шығыстар;
      7) қауымдасқан ұйымдарға қатысумен байланысты кірістер мен шығыстар;
      8) бірлескен қызметтен болған кірістер мен шығыстар;
      9) операциялық кірістер мен шығыстар;
      10) төленген салықтар;
      11) Халықаралық қаржылық есеп стандарттарына сәйкес өзге де ақпарат.

      5. Банк ақшасының қозғалысы туралы есеп тікелей әдіс бойынша Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес жасалады.

      6. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-тармақты қоспағанда, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      7. Осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

      8. Бухгалтерлік есеп департаменті (Шалғымбаева Н.Т.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіне және банктерге жіберсін.

      9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Г.З.Айманбетоваға жүктелсін.

       Ұлттық Банк
       Төрағасы 

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қаржы рыногы мен қаржылық
      ұйымдарды мемлекеттiк реттеу
      және қадағалау агенттігінің
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының 
Ұлттық Банкі Басқармасының 
2007 жылғы 05 ақпандағы  
N 11 қаулысына қосымша  

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
күші жойылды деп танылған қаулыларының тізбесі

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің шоғырландырылған қаржылық есебін жасау ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 11 ақпандағы N 25 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1170 тіркелген);
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының»Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің шоғырландырылған қаржылық есебін жасау ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 11 ақпандағы N 25 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2002 жылғы 26 наурыздағы N 107 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1835 тіркелген);
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің жылдық қаржылық есебінің тізбесі, нысандары, мерзімдері және ұсыну мен жариялау тәртібі туралы" 2005 жылғы 14 ақпандағы N 25 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3499 тіркелген);
      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің шоғырландырылған қаржылық есебін жасау ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 11 ақпандағы N 25 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 14 ақпандағы N 28 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3496 тіркелген);
      5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің жылдық қаржылық есебінің тізбесі, нысандары, мерзімдері және ұсыну мен жариялау тәртібі туралы" 2005 жылғы 14 ақпандағы N 25 қаулысына толықтыру енгізу туралы" 2005 жылғы 27 тамыздағы N 94 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3863 тіркелген).