Инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы алған кірістерге сақтандырылушының (пайда алушының) қатысу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Бақармасының 2006 жылғы 12 тамыздағы N 155 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2006 жылғы 22 қыркүйектегі тіркелді. Тіркеу N 4399. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 3 қыркүйектегі N 134 Қаулысымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 134 (ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының 7-бабының 2-2-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған   Инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы алған кірістерге сақтандырылушының (пайда алушының) қатысу ережесі   бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Сақтандыру нарығының субъектілерін және басқа қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті (Қарақұлова Д.Ш.):
      1) Заң департаментiмен (Байсынов М.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы қабылданған күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне, "Қазақстанның Актуарийлер Қоғамы" қоғамдық бірлестігіне жіберсін.
      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н.Өзбековке жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасы      
Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі 
Басқармасының          
2006 жылғы 12 тамыздағы     
N 155 қаулысымен бекітілген  

    Инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру
ұйымы алған кірістерге сақтандырылушының
(пайда алушының) қатысу ережесі

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Сақтандыру қызметі туралы" Заңының 7-бабының 2-2-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы алатын кірістерге сақтандырылушының (пайда алушының) қатысу тәртібін анықтайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережені қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
 

      1) ағымдық құн факторы - сақтандырылушының (пайда алушының) өмірінің ақырына дейінгі жасының көрсеткіштерін жасау, аннуитет есебі күніне, жыл ішіндегі сақтандыру төлемдерін алу жасына дейінгі және 1 және сақтандыру төлемдерінің мөлшерінің есебі үшін пайдаланылатын кірістіліктің тиімді проценттік мөлшерлемесінің сомасының кері шегіне тең тиісті дәрежедегі дисконттық фактор;
 

      2) инвестициялар портфелі - әр түрлі қаржы құралдарының, сондай-ақ үйлердің, ғимараттардың және жер учаскелерінің жиынтығы; 
 

      3) инвестициялық тәуекел - сақтандыру ұйымының инвестициялық қызметті жүзеге асыруға байланысты тәуекелі;
 

      4) қор - қор бірліктерінің төленген саны бойынша қалыптасатын ақша сомасы;
 

      5) қор бірлігі - инвестициялық басқару нәтижесінде ішкі резерв қорының өзгеруін сипаттауда пайдаланылатын шек;
 

      6) полистің кезеңділігі - сақтандыру полисінің шыққан күнімен (күні және айы) сәйкес келетін жыл сайынғы сақтандыру қорғанысының қолданылу кезеңіне тура келетін күн (күні және айы);
 

      7) тәуекелді сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырылушының қайтыс болу тәуекелін, сақтандыру ұйымының әкімшілік шығыстарын жабатын сақтандыру полисінде көрсетілген сақтандыру сыйлықақысының бөлігі;
 

      8) ішкі резерв қоры - осы Ережеге сәйкес сақтандыру ұйымы қалыптастырған ақша сомасы;
 

      9) ішкі тәртіп - сақтандырылушының қорларға қатысу талаптары мен тәртібін, сондай-ақ қорлардың қалыптасу тәртібін реттейтін сақтандыру ұйымының құжаты.

  2-тарау. Ішкі резервтік қор

      2. Сақтанушының тәуекелді сақтандыру сыйлықақыларын шегере отырып, сақтандыру сыйлықақыларын теңдей төлеген ақша сомасы ішкі резервтік қорға аударылады.

      3. Сақтандыру ұйымының ішкі резервтік қорды орналастыруы қор бірлігі арқылы жүзеге асырылады. Сақтандыру ұйымы қорларды ішкі тәртіпке сай қалыптастырады және белгілі бір күнге қор бірлігінің құнының есебін шығарады. Қор бірліктерінің саны бүтін немесе бөлшектелген түрінде көрсетілуі мүмкін.

      4. Сақтанушы сақтандырушының инвестициялық кірісіне қатысатын қорды сақтандыру ұйымының ішкі тәртібіне сәйкес  таңдайды. Сақтанушы бірмезгілде бірнеше қорларға қатыса алады. 

      5. Қор қаражаты "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пруденциалдық нормативтер есебінің нормативтік мәні мен әдістемесі, пруденциалдық нормативтердің орындалғандығы жөніндегі есепті беру нысандары мен мерзімі туралы Нұсқаулықты бекіту туралы" 2008 жылғы 22 тамыздағы N 131 қаулысына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 5331 тіркелген) инвестицияланады, сақтанушы инвестициялар портфелі құрылымын дербес анықтай алады.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.29 N 49 қаулысымен.

      6. Сақтандыру ұйымы ішкі резервтік қорды орналастыруға байланысты инвестициялық тәуекелдерді мойнына алмайды. Сақтандырушы ішкі резервтік қорды орналастырудан алған инвестициялық кірістерін сақтандырылушының ішкі резервтік қорына аударады.

      7. Ішкі резервтік қордың белгілі күнгі мөлшерін актуарий қор бірлігі құнының өсуін немесе төмендеуін ескеріп, есепке алады. 

      8. Сақтандырушы сақтандыру резервін сақтандырылушының қайтыс болу тәуекелін жабатын сақтандыру сыйлықақысынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Республикасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру резервтерін есептеу әдісіне қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту туралы" 2002 жылғы 3 маусымдағы N 211 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1921 тіркелген)  қаулысына сәйкес қалыптастырады.

      9. Сақтандыру сыйлықақысына бір жолғы төлем жасалған жағдайда жыл сайынғы тәуекелді сақтандыру сыйлықақысын сақтандыру ұйымы полис кезеңділігі үшін ішкі резервтік қорға аударылатын ақша сомасынан ұстайды.

      10. Сақтандыру ұйымы полис кезеңділігі үшін сақтандырылушыға (пайда алушыға) ішкі резервтік қордың мөлшері туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      11. Сақтандыру ұйымы сақтанушының талаптары бойынша сақтанушының ішкі резервтік қорының жай-күйі туралы ақпарат береді. 

  3-тарау. Сақтандыру төлемінің мөлшері

      12. Сақтандыру төлемінің мөлшері былайша анықталады:
 

      1)  қайтыс болу жағдайына байланысты өмірді сақтандыру бойынша сақтандыру төлемі қайтыс болу жағдайына байланысты сақтандыру сомасы мен сақтандыру төлемін жасау күнгі ішкі резервтік қор мөлшерінің сомасын қосу арқылы;
 

      2) өмірдің ақырына дейінгі жағдайды сақтандыру бойынша сақтандыру төлемі сақтандыру төлемін жасау күнгі ішкі резервтік қор мөлшеріне тең;
 

      3) соңынан аннуитеттік сақтандыруға ауысатын өмірдің ақырына дейінгі жағдайды сақтандыру бойынша тұрақты сақтандыру төлемі  сақтанушысының тиісті жасындағы ағымдық құнының кері факторына, шегіне көбейтілген ішкі резервтік қор мөлшеріне тең;
 

      4) сақтандыру шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған кездегі сақтандыру төлемі ішкі тәртіпті ескергендегі сақтандыру төлемін жүзеге асыру күнгі ішкі резервтік қор мөлшеріне тең.

  4-тарау. Қорытынды ережелер

       13. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.