Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу мөлшері мен тетігін келісу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2006 жылғы 7 тамыздағы N 192-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 29 тамызда тіркелді. Тіркеу N 4358

Қолданыстағы

       "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  14-бабы 1-тармағының 17-1) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
       1. Қоса беріліп отырған Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу мөлшері мен тетігін келісу ережесі бекітілсін. 
       2. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Труба құбырлары және су кәріздері жүйелері  саласындағы реттеу мен бақылау департаменті (А.Г.Асқарова) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
       3. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Әкімшілік жұмысы және талдау департаменті (Е.О.Есіркепов) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін: 
       1) оны белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
       2) оны Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының назарына жеткізсін.
       4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары А.П.Нефедовқа жүктелсін.
       5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Төрағаның міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы    
Табиғи монополияларды     
      реттеу агенттігінің      
2006 жылғы 7 тамыздағы   
N 192-НҚ бұйрығымен бекітілген

  Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің
(тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын
сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу
мөлшері мен тетігін келісу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу мөлшері мен  тетігін келісу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының   Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық кесімдеріне сәйкес әзірленді.

      2. Осы Ереже реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу мөлшері мен тетігін келісу тәртібін  айқындайды. 

      3. Осы Ереженің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) төлем құжаты - негізінде реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) төлем жүргізілетін табиғи монополия субъектісінің құжаты (есептеу құралдары көрсеткіштерінің  негізінде жасалған шот, хабарлама, түбіртек, ескерту шоты);
      2) тұтынушы - табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланылатын жеке немесе заңды тұлға; 
      3) есептеу құралы - заңнамада белгіленген тәртіппен  қолдануға рұқсат етілген реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтыну көлемін есептеуге арналған техникалық құрылғы;
      4) уәкілетті орган - табиғи монополиялар салаларында  қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      Осы Ережеде пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

  2. Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын
сатып алу және орнату үшін ақыны өндіріп алу мөлшері
мен тетігін келісу тәртібі

      4. Табиғи монополия субъектісі (бұдан әрі - Субъект) реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың)  есептеу құралдарын тұтынушыларға орнату кестесін (бұдан әрі - Кесте) әзірлейді. 
      Субъект уәкілетті органға Кестенің орындалуы туралы  ақпаратты есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5 күнінен кешіктірмей тоқсан сайын ұсынады. 

      5. Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақының (бұдан әрі - Ақы) мөлшерін Субъект есептейді және уәкілетті органмен келісіледі. Ақыны бекіту туралы Субъектінің шешімі Ақыны өндіріп алу мерзімін көрсете отырып, Субъектінің  бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы тұлға бұйрығының түрінде қолданылады.

      6. Ақыны және үй-жайдың алаңына не тұрғын үйдегі  пәтерлердің санына қарай, Ақыны өндіріп алу мерзімін саралауға жол беріледі.

      7. Ақыны бекіту туралы бұйрықты Субъект уәкілетті органға Кестені, сондай-ақ Субъектінің реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алуға және орнатуға арналған шығындарды негіздейтін есептерді және  құжаттарды қоса бере отырып, оған қол қойған күнінен бастап 3 жұмыс күн ішінде қарауға және келісуге ұсынады. Негіздеуші материалдардың әрбір бетіне Субъектінің бірінші басшысы қол қояды.

      8. Уәкілетті орган Субъекті ұсынған Ақыны бекіту туралы шешімін және Ақы есебінің негіздеуші материалдарына олар уәкілетті органға түскен күннен бастап 30 жұмыс күн ішінде қарайды.

      9. Уәкілетті орган Субъект ұсынған Кестені жергілікті атқарушы органға жолдайды.

      10. Құжаттардағы және ақпараттағы коммерциялық құпия олар уәкілетті органға ұсынудан бас тартудың негізі болып табылмайды. Бұл ретте Субъект және өзге де мүдделі тараптар уәкілетті органға құжаттарды және ақпаратты ұсынған кезде коммерциялық құпияны құрайтын  мәліметтердің тізбесін айқындайтын ішкі  актінің қосымшасын қоса бере отырып, коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің толық тізбесін көрсетуге тиіс.

      11. Құжаттар және (немесе) ақпарат Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде орналасса, ол оны уәкілетті органға ұсынудан  бас тартудың негізі болып табылмайды. 

      12. Субъект жеке қосалқы шотта реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алуға және орнатуға байланысты шығындар мен табыстардың есебін жүргізеді. 

      13. Субъект реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарына ақы төлеу үшін  тұтынушыға ұсынған төлем құжатында осы Ережеде белгіленген тәртіппен келісілген Ақы көрініс табатын жеке жолды көздейді.

      14. Субъект тұтынушыға реттеліп көрсетілетін коммуналдық  қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын тұтынушымен жасалған шартқа сәйкес сатып алады және орнатады. 

      15. Реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдары Субъектіге тұтынушы реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептеу құралдарын сатып алынған және орнатылған барлық құнына ақы төлегеннен кейін тұтынушының меншігіне өтеді.