Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Заңды тұлғаға өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін беру және одан айрылу ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 2 желтоқсандағы N 418 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 26 қарашадағы N 407 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 21 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3981

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  нормативтік құқықтық актілерді сәйкес келтіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Заңды тұлғаға өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін беру және одан айрылу ережесін бекіту туралы" 2003 жылғы 2 желтоқсандағы N 418  қаулысына  (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2633 тіркелген, "Казахстанская правда" газетінде N 9 2004 жылғы 16 қаңтарда жарияланған), мынадай өзгерістер енгізілсін:

      аталған қаулымен бекітілген Заңды тұлғаға өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін беру және одан айрылу ережесінде:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Бағалы қағаздар рыногына реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) заңды тұлғаға осы заңды тұлғаның мүшелері болып табылатын, бағалы қағаздар рыногында қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыратын кәсіби қатысушылардың өтініші мен тізімінің негізінде өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін береді.";

      4-тармақтағы "1-тармақтың 1)-4) тармақшасындағы" деген сөздер "1-тармақтың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-тармақтағы "1-тармақтың 1)-4) тармақшасындағы" деген сөздер "1-тармақтың" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Лицензиялау басқармасы (Жұмабаева З.С.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне және "Активтерді басқарушылар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.

      Төраға