"Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі үлгісін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2003 жылғы 29 сәуірдегі N 02-01-02/59 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Төрағасының 2005 жылғы 15 шілдедегі N 02-01-02/94 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 3 тамызда тіркелді. Тіркеу N 3766

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы"  Заңының  12-бабы 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы N 319 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің ант беру тәртібінің  7-тармағына  сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік қызметшілердің қызмет тізімі үлгісін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2003 жылғы 29 сәуірдегі N 02-01-02/59  бұйрығына  (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2290 тіркелген, 2003 жылғы 23 мамырда N 123-124 "Егемен Қазақстан" және 2003 жылғы 23 мамырда N 150-151 "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған (N 3142 тіркелген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2004 жылғы 10 қыркүйектегі N 02-01-02/100  бұйрығымен  толықтырулар енгізілген, 2004 жылғы 19 қазанда N 127 "Заң газеті", 2004 жылғы 19 қазанда N 127 "Юридическая газета" газеттерінде жарияланған) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      осы бұйрықтың қосымшасында "Аттестацияның күні және нәтижелері" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:
      "Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жазалар туралы мәлімет (бұйрықтың нөмірі және күні, жазаның түрі)";
      "Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің ант беру күні".

      2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға