Кемелердің портқа кіру мен порттан шығу, порт акваториясы шегінде кемелердің жүзу мен портта тұру, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің 2005 жылғы 22 маусымдағы N 217-І Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 15 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 3733. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 6 тамыздағы № 496 бұйрығымен

Күшін жойған

      Күші жойылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2011.08.06 № 496 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының 9-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған Кемелердің портқа кіру мен порттан шығу, порт акваториясы шегінде кемелердің жүзу мен портта тұру, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалану ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Су көлігі департаменті (Б.Қ.Уандықов) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Т.Б.Әбілғазинге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы       
Көлік және коммуникация      
министрдің міндетін атқарушының  
2005 жылғы 22 маусымдағы     
N 217-І бұйрығымен бекітілген  

  Кемелердің портқа кіру мен порттан шығу, порт
акваториясы шегінде кемелердің жүзу мен портта тұру,
сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық
байланысты пайдалану ережесі

МАЗМҰНЫ

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кемелердің портқа кіру мен порттан шығу, порт акваториясы шегінде кемелердің жүзу мен портта тұру, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже кемелердің порт акваториясы мен оларға кіреберістердегі жүзу мен тұру тәртібіне қатысты талаптарды, сондай-ақ тасымалдаушылардың технологиялық байланысты пайдалану тәртібін анықтайды.

      3. Осы Ереже порт аумағы мен олардың акваториясында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ портқа кіретін және олардан шығатын, порт акваториясы шегінде жүзетін және тұратын кемелерге тарайды.

      4. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланады:
      вахталық қызметкер - кемеде, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кезекшілік ететін кеме экипажының мүшесі;
      уәкілетті орган - ішкі су көлігі саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, ішкі су көлігі қызметін үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

  2. Кемелердің портқа кіру мен порттан шығу ережесі

  &1. Кеме жақындауы туралы ақпарат

      5. Кеменің баратын портына жақындауы туралы ақпаратты кеме капитаны Қазақстан Республикасының портына жүзу кезінде порт капитанына береді.

      6. Жақындау туралы ақпарат 24 сағат бұрын хабарланады және жақындауға дейін 4 сағат қалғанда нақтыланады. Өтудің ұзақтығы кемінде 24 сағат болғанда - кеменің жөнелту портынан шыққанынан кейін 2 сағат шегінде. Балық аулау кәсіптік флоты кемелерінің капитандары кәсіпті бітіру уақытын, сондай-ақ портқа кіру уақытын 24 сағаттан кешіктірмей хабарлайды.

      7. Кеме капитаны кіру туралы ақпаратта мынадай деректерді хабарлайды:
 

      1) кеменің атын, оның туын, иесінің атауын;
 

      2) жөнелткен портын (соңғы кірген порты, кәсіп жасау ауданы, бұрғылау қондырғысы және басқалар);
 

      3) кеменің ең үлкен ұзындығын;
 

      4) кеменің басымен және артымен шөгуін;
 

      5) жолаушылар санын;
 

      6) жүктің атауын, жүктің ерекше қасиеттерін, фумиганттың атауын (егер жүк кемеде фумигацияға душар болса), жүктің санын (массасын), жүктің кемеде: палубада, твиндекте, трюмдарда (тура өтпелі трюмдер бар болғанда - әрбір люк бойынша) орналасуын, ұзын өлшемді жүктердің бір орнының ұзындығы мен ауыр салмақты жүктердің массасын (3 т жоғары), сондай-ақ жүк түсіруге бара жатқан танкер үшін - айлақ алдындағы балласт массасы мен балластан босату уақытын, бұрын әкелінген жүктің атауын;
 

      7) жүк алушылардың атауын;
 

      8) бункерге, ауыз суға, жабдықтарға және т.б. қажеттілігін;
 

      9) қосымша техникалық және жөндеу операцияларын орындау қажеттілігін, сондай-ақ мыналарға тапсырыс береді:
      льялды, балластық, шаруашылық-фекалды ағын суларын тапсыру үшін баржаға және қоқыс үшін контейнерлерге;
      тарту кемелері мен тарту қызметіне;
      мұз жаруды қамтамасыз етуге;
      лоцманға.

      8. Кеменің мекен-жайы өзгергенде капитан алғашқы баратын портқа бұрын берілген тапсырыстарды радиограммамен жоққа шығарады.

      9. Кеме капитаны кіру туралы өзінің ақпаратында кеменің барлық жүк қондырғыларының (механизмдерінің) істен шығуы туралы хабарлайды.

      10. Ақпарат болмау немесе кеме анықталмаған ақпаратты не уақытында ақпарат бермеу жағдайында, соның салдарынан кемені өңдеу кідіріп қалғанда, оның бос тұрған уақыты кеме есебіне жатқызылады.

      11. Порт капитаны оның зәкірге тұру орны, арқандап байлануы және тиеу-түсіру немесе басқа жұмыстарының әдісі туралы кеменің портқа келуіне дейін 4 сағаттан кешіктірмей кемеге хабарлайды.

  &2. Кеме келуін ресімдеу

      12. Кеменің портқа келуін порт капитаны келген сәттен бастап 12 сағаттың ішінде ресімдейді. Кеменің келуі капитан кеме құжаттарын, кеме ролі мен жолаушылар тізімін ұсыну бойынша ресімделеді.

      13. Егер рейсте уәкілетті орган техникалық жай-күйіне бақылау жүргізуге жауап беретін қандай да бір құрылғылар немесе тораптар мен механизмдер істен шығып қалса, кеме капитаны портқа келу бойынша ол туралы порт капитанына жазбаша хабарлайды.

  &3. Кеме шығуын ресімдеу

      14. Кеменің рейске шығуын ресімдеуді Порттың теңіз әкімшілігі жүзеге асырады. Ресімдеу уәкілетті орган кеменің қанағатты техникалық жай-күйін растайтын кеме құжаттары бар болған кезде жүргізіледі.

      15. Кеменің теңізге шығу дайындығын порт капитаны, порттың өрттен қорғау органдары және санитарлық-карантиндік қызметі тексереді.

      16. Порт капитаны порттан шығуға мынадай жағдайларда рұқсат беруден бас тартуы мүмкін:
 

      1) кеме жүзуге жарамсыз болғанда, оны тиеу, жабдықтау, экипажды жинақтау туралы талаптары бұзылғанда және жүзу қауіпсіздігіне немесе кемедегі адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге соқтыратын кеменің басқа да жетіспеушіліктері болғанда, сондай-ақ кеме құжаттарын ресімдеу талаптары бұзылған жағдайларда;
 

      2) белгіленген алымдар мен айыппұлдар төленбегенде.

      17. Сондай-ақ, авария, құтқару, кемелер соқтығысу пайда болу жағдайында немесе өзге де зақым келтіруде тұлғаның талабы бойынша, сондай-ақ порт құрылыстарының, порттағы басқа мүліктің бүлінуінен және навигациялық жағдайдың бұзылуынан туындаған порттың талабы бойынша кеме мен жүкті порт капитаны болашақта кеме иесінің немесе жүк иесінің жеткілікті қамтамасыз етуді ұсынуына дейін портта кідіртіп ұсталуы мүмкін.

      18. Тексеру кезінде анықталған кемелерді порттан шығуға дайындаудағы барлық бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы порт капитаны ескертулер журналына жазба жасайды және акт жасайды. Кеменің жүруін ресімдеу кезінде порт өкіліне ескертулер жойылғаны туралы белгілері бар актінің данасын береді.

      19. Қазақстан Республикасы кемесінің капитаны өзен сағасында орналасқан порттан шығуды ресімдеу үшін порт капитанына мыналарды ұсынады:
 

      1) жалпы декларацияны немесе кету құқығына арналған өтінішті;
 

      2) кеме рөлін;
 

      3) экипаж мүшелерінің дипломдары мен біліктілік куәліктерін;
 

      4) жолаушылар тізімін;
 

      5) порттан шығуға арналған санитарлық-карантиндік қызметтің рұқсатын;
 

      6) ауытқымаушылық есебін;
 

      7) жүзуге жарамдылық туралы куәлікті;
 

      8) өлшем куәлігін;
 

      9) жолаушы кемесінің қауіпсіздігі туралы куәлікті немесе жолаушылар куәлігін;
 

      10) конструкциясы бойынша жүк кемесінің қауіпсіздігі туралы куәлігін, оған қосымшаларын, ал танкер үшін - оған толықтыруларды;
 

      11) жабдықталу мен жарақтандырылу бойынша жүк кемесінің қауіпсіздігі туралы куәлігін, оған қосымшаларды;
 

      12) телеграф радиобайланысы бойынша жүк кемесінің қауіпсіздігі туралы куәлігін;
 

      13) телефон радиобайланысы бойынша жүк кемесінің қауіпсіздігі туралы куәлігін;
 

      14) кеменің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең аз экипаж құрамы туралы куәлігін;
 

      15) палубалық ауыр салмақты жүктерді қабылдау кезінде - олардың кемеде бекітілу есебі немесе үлгілі схемаларға сай кемедегі ауыр салмақты және ірі көлемді жүктерді бекітуде қолданылып жүрген техникалық шарттарға (ережелерге) сәйкес бекіту туралы актіні;
 

      16) сусымалы жүктерді қабылдау кезінде - Технологиялық режимдер карталарын немесе Тиеудің үлгілік жоспарларын немесе жүктің дымқылдылығы мен табиғи еңіс бұрышы көрсетілген сертификатын;
 

      17) жүк маркасы туралы халықаралық куәлікті;
 

      18) біліктілік куәлігін;
 

      19) конверсия кітабын;
 

      20) кеменің конструкциясы мен жабдығының Қазақстан Республикасы Үкіметінің техникалық қадағалау мен сыныптау саласындағы талаптарына сәйкестігі туралы уәкілетті органның куәлігін;
 

      21) шетелдік кеме капитаны кетуді ресімдеу кезінде порт капитанына Жалпы декларацияны және конвенциялық құжаттарды ұсынады.

      20. Сүйретілетін кеменің шығуы, онда капитан басқаратын экипажы болғаны кезде осы ереженің 21-тармағына сәйкес ресімделеді. Сүйретілетін керуеннің шығуы сүйрететін кеме капитанымен ресімделуі тиіс.

      21. Сүйретілетін кеменің шығуын ресімдеу кезінде порт капитаны мыналарды ұсынады:
 

      1) сүйреу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты;
 

      2) өту жоспарын;
 

      3) сүйреу жолының сызбасы мен есебін.

      22. Сүйреуді ресімдеу кезінде сүйреушінің де сүйретілетін кеменің де теңізде жүзу жай-күйін тексеру актісін сүйретуге рұқсат етілген жазбамен бірге ұсыну міндетті болады.

      23. Егер кеме табиғи құбылыстар немесе авариялық-құтқару жұмыстарына қатысуға порт капитанының бұйрығы бойынша порттан шыққан кезде шығуды ресімдеу талап етілмейді. Осындай кеменің капитаны, егер ол мүмкін болса, порткапитанына өзінің қолда бар барлық құралдарымен шығатыны туралы хабарлайды.

      24. Шығуға рұқсат 24 сағат ішінде күшінде болады.

      25. Шектеулі жүзу ауданының кемелері шығуды порттан әрбір шығу кезінде порт капитанынан рұқсат алу шартымен өрт және санитарлық куәліктерінің қолданылу күші мерзіміне ресімдейді. Рұқсат телефон немесе УҚТ байланысы арқылы алынуы мүмкін.

      26. Егер қандай да бір себеппен кеме портта белгіленген мерзімнен артық кідіріп қалса, капитан ол туралы порт капитанына хабарлайды және шығуды қайтадан ресімдейді.

      27. Шығуды ресімдеуден кейін экипаж құрамы өзгерген немесе кеменің техникалық жай-күйінде өзгеріс болған жағдайда капитан ол туралы порт капитанына хабарлайды және шығуды қайтадан ресімдейді.

  3. Кемелердің портта тұруы

  &1. Кемелердің рейдте тұруы

      28. Егер портта Кемелер қозғалысын басқару жүйесі болмаса, кемелерді зәкірге қою немесе тұру орнын өзгерту әрбір жағдайда порт капитанының рұқсатымен (нұсқауымен) орындалады.

      29. Кемелерде және жүзу құралдарында навигациялық белгі болып көрінуі мүмкін әртүрлі жарық оттарды көтеруге тыйым салынады.

      30. Зәкірде тұрған кемелер УҚТ-да радиовахтаны жүргізуі тиіс, арнасы 16 (156,8 МГц).

      31. Зәкірде тұрған кемеде тәуліктің түн мезгілінде штаттық сыртқы жарықтандыру қосылады.

      32. Көзделген жарықтар мен белгілерден басқа артқы жағында зәкірмен (верптермен) бекітіліп, рейдте тұрған кеме тәуліктің түн мезгілінде ақ жарық от, борт биіктігінің жарымына дейін зәкір шынжырының қасында төмен түсірілген қызыл жалау бекітеді.

      33. Сүйреусіз жоқ өз бетімен жүзбейтін жүзбелі құралдарды зәкірде экипажсыз қалдырып қоюға тыйым салынады.

      34. Кеме капитаны өзге тұлғаларды қабылдағанда немесе кемеде байқап қалғанда, бұл жөнінде жедел хабарлауы ішкі істер органдарына тапсыруы тиіс.

      35. Катерлер мен шлюпкаларды суға түсіру порт капитанының рұқсатымен ғана жүргізіледі. Осы талап суға батушыларға көмек көрсету және авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшін кемедегі жүзу құралдарын жедел пайдалану қажет болғанда жағдайларда қолданылмайды.

  &2. Кемелерді арқандап байлауға айлақтарды дайындау

      36. Айлақ иесі кемелердің кіруі мен шығуына айлақ дайындығын қамтамасыз етеді.

      37. Айлақ дайындығы кезінде:
 

      1) кіретін кемені арқандап байлау үшін айлақтың жеткілікті бос ұзындығы қамтамасыз етіледі;
 

      2) қалыпты арқандауға (арқаннан босатуға) кедергі болатын жүктер мен басқа заттардан айлақ кордоны босатылады;
 

      3) арқандау (арқаннан босату) бойынша жұмыстар жүргізілетін айлақтың кордон маңының бөлігі мұз бен қардан тазартылады және барлық ұзындығы бойы құм шашылады;
 

      4) арқандау аймағында барлық көлік түрлерінің жұмыстары мен қозғалысы тоқтатылады;
 

      5) тәуліктің қараңғы уақытында айлақтың толық жарықтандыру жүйесі қосылады. Кеменің арқандап байланатын орны (форштевень тұрған жер) айлақ иесінің өкілі былай белгілейді: күндіз - қызыл жалаумен, түнде - қызыл от жарығымен.

      38. Кеме капитаны арқандап байлауға дейін порт диспетчерінен немесе лоцманнан айлақтың жай-күйі, бос кіреберістердің мөлшері туралы, айлаққа кіреберістердегі және оның бойындағы тереңдік туралы ақпаратты алады.

  &3. Кемелерді арқандап байлау

      39. Кемені айлаққа арқандау үшін айлақ иесі саны кеменің жалпы сыйымдылығына байланысты шынжыр байлаушыларды белгілейді.

      40. Кемені айлақта тұрған кеме бортына арқандау кезінде соңғы кеме өз экипажының күшімен өз бортының кранцты қорғалуын қамтамасыз етеді және кемеге лақтырылатын арқан ұштарын қағып алады. Жағада арқан ұштарын қағып алуды айлақ иесі қамтамасыз етеді.

      41. Шағын өлшемді кеме айлаққа порт капитанының рұқсатымен ғана арқанмен байланады.

  &4. Кемелердің айлақта тұруы

      42. Кемелерді айлақ жанында орналастыруды порт капитаны жүзеге асырады. Кемелер арасындағы қашықтық кемінде 10 м болуы тиіс.

      43. Айлақ жанында борты бортқа тіреліп (лагымен) тұратын кемелердің жеткілікті саны әрбір нақты жағдайда порт капитаны белгілейді.

      44. Бірінің бортында қауіпті жүктер бар, бір біріне лагымен арқандап байланған екі кеменің тұруына тыйым салынады.

      45. Айлақ жанында арқанға байланған кеменің капитаны су бетінің, айлақ пен су түбінің ластауы мен қосқыстануын болдырмау, сондай-ақ басқыш ауданы жерлерін қар мен кірден тұрақты тазалауды ұйымдастыру үшін шаралар қабылдайды.

      46. Айлаққа кемеден берілетін түскіштер мен басқыштар тұтқалар немесе қоршаулармен жабдықталуы тиіс. Түскіш ауданында жібі кемінде 30 м болатын құтқару шеңбері болуы тиіс. Басқыштар мен түскіштер алаңында адамдардың суға құлауын болдырмайтын қорғағыш торлар болуы тиіс. Тәуліктің қараңғы уақытында басқыштар (түскіштер) жарықтандырылуы тиіс.

      47. Кеме жөндеу кәсіпорнының иесі жөнделетін кемелер мен өзге де жүзу объектілерінің қауіпсіз тұруын ұйымдастыруды, сондай-ақ кеме жөндеу кәсіпорны акваториясында қоршаған ортаны қорғау мен бақылауды қамтамасыз етеді.

      48. Айлақта тұрған кемеде тәуліктің қараңғы уақытында сыртқы жарықтандыруы, ал багі мен кеме артында кеменің басы-аяғын білдіретін оттар ілінуі тиіс.

      49. Сұйық отыны бар танкер немесе бункерлеуші, егер оның жүк танкі жүк қалдығы мен газдан тазаланбаса, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тізіліміне N 1009 нөмірмен тіркелген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 1999 жылғы 30 қарашадағы N 849-І бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары бойынша жүзу  ережесіне сәйкес жоғарыда аталған жарықтарды қоспағанда, бүкіл көкжиек бойынша көрінетін анағұрлым көрінетін жерде бір қызыл жарығын жағады.

      50. Айлақта тұрған кемеде оның мөлшері мен тиесілігіне қарамастан басқыш алдында вахталық қызметкер тұрады. Вахталық қызмет порт капитаны телефондарының нөмірлерімен қамтамасыз етіледі.

      51. Бас қозғалтқыштардың, руль, зәкір және арқанды қондырғылардың істен шығуына байланысты кеме жұмыстары, сондай-ақ борт сыртында шлюпкада немесе басқа жүзу құралдарындағы жұмыстар тек порт капитанының жазбаша рұқсатымен орындалады.

      52. Авариялық кеменің қасында тұрған немесе оның жанынан өтетін кемелер адамдарды, кемені, жүк және басқа мүлікті құтқару жөнінде шаралар қабылдайды.

      53. Тұрақты экипаж ұстауға жабдықталмаған шағын өлшемді кемелердің иелері өз кемелерінің тұруын тәулік бойы қадағалап, күзетпен қамтамасыз етеді.

      54. Жүк операциялары кезінде кеменің бір жағына қисаюы 50 градустан артық болмауы тиіс.
      Әрбір қайта тиеу тетік үшін жел жылдамдығы паспорт мәліметтерінен артық болған кезде жүк жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.

  &5. Тұру орнын ауыстыру

      55. Кезекші диспетчер кеменің тұрған орнынан алдағы ауысуы туралы кеме капитанына жұмыс уақытында 2 сағаттан бұрын кешіктірмей хабарлайды.

      56. Егер қайта арқандап байлау, кемені қайта сүйреу және оның орнын ауыстыру алдағы тәуліктің сағат 17-ден 8-ге дейін жоспарланса, бұл жөнінде порт капитанға 15 сағат бұрын хабарлайды.

      57. Егер орнын ауыстыратын кеме айлақта тұрған басқа кеменің бортына лагімен тұратын болса, онда соңғы кемеге бұл жөнінде ауысу басталарға дейін 1 сағат бұрын ескертіледі. 

      58. Кемені бір айлақтан басқасына ауыстыру немесе оны айлақтан рейдке апару тек кемеде капитан немесе аға көмекші болғанда ғана мүмкін болады.

      59. Айлақтың ұзына бойы кемені қайта сүйреткен жағдайда оған басқа кемеден әкелінген арқандар, бұл жөнінде басқа кеме капитанының вахта көмекшісіне хабарланғаннан кейін беріледі. Егер арқандарды беру кезінде олар басқа кеме арқандарымен қыстырылып қалса, басқа кеменің вахта қызметі өзінің арқан бауларын осы уақытта босатады.

  &6. Дауыл кезіндегі іс-қимыл

      60. Порт капитаны ауа райының күрт нашарлайтыны туралы деректер алғаннан бастап порт айлақтарында тұрған барлық кемелердің капитандарын дереу хабардар етеді.

      61. Капитан дауыл туралы ескерту алған кезде немесе ауа райы нашарлайтыны анық белгілі болғанда кеме қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      62. Порт капитаны дауыл туралы ескерту алған кезде порттың диспетчерлік қызметіне дауыл кезіне порттан шығуы тиіс кемелердің тізімін, сондай-ақ портта қалатын кемелердің қолайлы жабық жерлерде орналасуын ескере отырып, тұруға жылжуын хабарлайды. Сонымен бірге капитандарға портта қалған кемелер мен жүзу құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар жүргізу туралы нұсқаулар береді.

      63. Кез келген техникалық жағынан жарамды кеме порт капитанының талабы бойынша дауыл кезіне порттан шығады.

  &7. Қыстау және портта қазықта тұру

      64. Кеменің меншік иесінің немесе кеме иесі немесе кеме капитанының өтінімі бойынша кеменің қыстап тұру, жөндеуге тұру немесе қазықта тұру мүмкіндігі туралы шешімді порт басшысы қабылдайды, өтінімде әрбір кеме бойынша мыналар көрсетіледі:
 

      1) үлгісі, атауы, тіркеу нөмірі, ұзындығы, ені және шөгуі;
 

      2) тіркелу порты;
 

      3) портта тұруға қалаған орны;
 

      4) капитанның немесе жауапты тұлғаның тегі;
 

      5) кемеде қыстауға қалатын экипаж мүшелерінің, немесе кемеде өмір сүретін күзетшілердің тегі;
 

      6) команданың (күзетшілермен) вахта қызметін жүргізу тәртібі мен кезекшілік кестесі;
 

      7) кеменің меншік иесінің немесе кеме иесінің және кеме капитанының мекен-жайы;
 

      8) кемелерді орналастыру сызбасы.

      65. Бірнеше кемелер қыстаған кезде кеменің меншік иесі немесе кеме иесі керуен қалыптастырады, керуендегі барлық кемелердің тұру қауіпсіздігіне жауапты керуен капитанын тағайындайды.

      66. Кеме капитаны (шкипер) қыстау портынан шығатын болса ол жоқ кезде кемеге және экипажға жауапты тұлға туралы порт капитанына хабарлайды.

      67. Қыстауға қойылған кемелерде кеме иесімен әзірлеп бекіткен және порт капитаны келісілген кеменің тұрақта тұруы кезеңінде кеме қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары болуы тиіс.

      68. Құйма кемелерін тұраққа қояр алдында танкілері мен сорғы бөлімдерін толық тазалау және газдарынан желдету орындалады.

      69. Қыстайтын кемеде сұйық отын қоры порттың өрттен қорғау күзетінің рұқсатымен ғана қалдырылуы мүмкін.

      70. Тұру кезінде кемелер порт капитанымен байланыспен қамтамасыз етіледі.

  &8. Акваторияның ластануын бодырмау

      71. Кемелер өз кемесінен немесе кез келген басқа кемеден зиянды заттардың тасталу жағдайлары туралы, сондай-ақ байқалған ластаулар туралы порт капитанына және кіру портының кезекші диспетчеріне жедел хабарлауы тиіс.

      72. Порт кемеде жиналған лас суларды және тұрмыс қалдықтарын қабылдауды қамтамасыз етеді.

      73. Қатты ажыратылған мұнай өнімдерінің қалдықтары, майланған шүберектер, қоқыс, майда ыдыстар, техникалық, тағам және басқа тұрмыстық қалдықтар өтінім бойынша кемеден порт ұсынған арнайы тарамен шығарылады.

      74. Порт айлағында тұрған кемеде салқындату суының құю шпигаттары арнайы қалқандармен жабу, ал борт сыртына шығарылатын буды қосымша құбырлармен суға жіберу қажет. Қалқандарды кеме айлаққа келгенше орнату қажет.

  4. Технологиялық байланысты пайдалану

      75. Кеменің қауіпті жағдайда болуын немесе апатты болдырмау үшін хабар беруін немесе авариялық жағдайдағы басқа кемелерге көмек көрсетуін қоспағанда, кемелерге порт акваториясында телеграф пен телефон радиостанцияларын пайдалануға жол берілмейді.
      Порт акваториясында УҚТ радиостанцияларын және спутниктік байланыс құралдарын пайдалануға рұқсат беріледі.

      76. Кемелер қозғалысын реттеуге арналған УҚТ арнасында қозғалыс реттеуге қатысы жоқ келіссөздер жүргізуге тыйым салынады.

      77. Айлақта арқандалған кеме абонентпен жаға телефон желісімен байланысу мүмкін болмағанда ғана спутниктік немесе УҚТ радиобайланысын пайдалануы мүмкін.