"Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Суға батқан мүлікті көтерудің ережесі мен мерзімдері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Су көлігі департаменті (Б.Қ.Уандықов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар вице-министрі Т.Б.Әбілғазинге жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің
2005 жылғы 3 ақпандағы
N 58-І бұйрығымен
бекітілген
Суға батқан мүлікті көтерудің
ережесі мен мерзімдері 1. Жалпы ережелер
1. Суға батқан мүлікті көтерудің ережесі мен мерзімдері (бұдан әрі - Ереже) "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Ереже суға батқан мүлікті көтерудің тәртібі мен мерзімдерін белгілейді.
3. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) суға батқан мүлік - ішкі су жолдары шегінде қалқып жүруіне немесе су астына, су түбіне кетуіне не саяз суларға немесе жағаға шығып қалғанына қарамастан, апатқа ұшыраған кемелер, олардың сынықтары, жабдықтар, жүктер мен басқа да заттар жатады;
2) кеме көтеруші ұйым - суға батқан мүлікті көтеруді, аластауды және жоюды жүзеге асыратын заңды тұлға;
3) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі - аумақтық бөлімше) - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық органы.
4. Осы Ереженің мақсаты кеме қатынасының, гидротехникалық және басқа жұмыстардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кедергілерді жою, қоршаған ортаға ластаудан не су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін, ішкі су көлігіндегі қызметті және ішкі су жолдары шегінде жүргізілетін жол жұмыстарын жүзеге асырудан келтірілетін залалды жою, сондай-ақ суға батқан мүлік иесінің заңды құқықтарын қорғау болып табылады.
2. Суға батқан мүлікті көтерудің
тәртібі мен мерзімдері
5. Егер суға батқан мүліктің меншік иесі анықталмаса және аумақтық бөлімше суға батқан мүліктің иесін анықтауға арналған шаралар қабылдаса, суға батқан мүлікті көтеру мен аластау аумақтық бөлімшенің талабы бойынша жүргізіледі.
6. Уәкілетті органның кәсіпорны суға батқан мүлікті табу мақсатында ішкі су жолдарын тексеруді жүргізеді.
7. Мүлік суға батқан жер уәкілетті орган кәсіпорнының өкімі бойынша қадалармен, буйлармен, жарықтармен немесе навигациялық жабдықтың өзге де құралдарымен белгіленуі тиіс. Егер бату немесе суға батқан мүлікті көтеру үдерісінде қоршаған ортаның ластану қаупі туындаса, суға батқан мүліктің меншік иесі оны болдырмау жөнінде шұғыл шаралар қолданыла алады.
8. Уәкілетті органның кәсіпорны мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша суға батқан мүлікті көтеру және аластау жөніндегі жұмыстарды жүргізу тәртібін және жағдайларға байланысты оларды орындау үшін жеткілікті мерзімді белгілейді.
9. Суға батқан мүлікті көтеруге рұқсат алу үшін оның иесі жұмыстар басталуының болжамды уақытын, олардың ұзақтығын және суға батқан мүлікті аластау тәсілін (көтеру, орнын ауыстыру, жою) хабарлайды және уәкілетті органның кәсіпорнына мыналарды:
1) суға батқан кеменің, жүктің және басқа да мүліктің атауы мен дәл сипаттамасын;
2) суға батқан мүлікке меншік құқығын немесе оны иелену құқығын;
3) суға батқан мүліктің орнын;
4) мүліктің суға батқан уақытын;
5) оқиға жағдайларын;
6) суға батқан мүлікті көтеру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге кеме көтеруші ұйымның келісімін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
10. Суға батқан мүліктің меншік иесі мүлік суға батқан сәттен бастап бір айдан кешіктірмей суға батқан мүлікті көтерудің тәртібі мен мерзімінің жобасын уәкілетті органның кәсіпорнымен келісе алады.
11. Егер суға батқан мүліктің меншік иесі 10-тармаққа сәйкес жобаны белгіленген мерзімде ұсынбаса, мұндай жағдайда көрсетілген жұмыстар уәкілетті орган кәсіпорнының немесе уәкілетті органның кәсіпорны таңдаған кеме көтеруші ұйымның қолданыстағы заңнамаға сәйкес.
12. Егер 11-тармақта көзделген жұмыстарды уәкілетті органның кәсіпорны орындаса, олар басталғанға дейін суға батқан мүліктің иесі уәкілетті органның кәсіпорнына шығыстарды және өзге де шығындарды өтеуді қамтамасыз ететін тиісті соманы ұсына алады. Егер уәкілетті органның кәсіпорны таңдаған кеме көтеруші ұйымның құралдарымен жүзеге асыру қажет деп танылған болса, уәкілетті органның кәсіпорны суға батқан мүліктің иесіне осындай ұйыммен шарт жасасуды ұсынады. Кеме көтеруші ұйымның және суға батқан мүлік иесінің өзара құқықтары мен міндеттері сол шартпен белгіленеді.
13. Суға батқан мүлікті көтеру көтерілген мүлік және көтерілген мүліктің орнын экологиялық тазарту актісімен ресімделеді. Көтерілген мүлік туралы актіге суға батқан мүліктің меншік иесі немесе сол мүлікті көтеруді жүргізген тұлға және уәкілетті орган кәсіпорнының өкілі қол қоя алады.