Екінші деңгейдегі банктердің баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар жөніндегі күн сайынғы және ай сайынғы есепті беру мерзімдері туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 27 желтоқсандағы N 388 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 31 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 3413

Қолданыстағы

     "Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 6)-тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банктік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабының 1-1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
     1. Агенттікте екінші деңгейдегі банктердің баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар жөніндегі есепті берудің мынадай мерзімдері белгіленсін:
     1) күн сайынғы есеп есепті күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірілмей; ай сайынғы есеп - есепті айдың соңғы күнінен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі;
     2) он және одан астам филиалдары бар банктер күн сайынғы есепті есепті күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей; ай сайынғы есепті - есепті айдың соңғы күнінен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
     2. Күн сайынғы және ай сайынғы есеп нысаны Агенттіктің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
     3. Күн сайынғы есеп электрондық тасымалдаушыда, ай сайынғы есеп электрондық және қағаз тасымалдаушыларда беріледі.
     Қағаз тасымалдаушыдағы есепке банктің бірінші басшысы мен бас бухгалтері қол қояды және мөрмен куәландырылады. Банктің ішкі құжаттарымен көзделген жағдайларда, есепке осы құжаттарға сәйкес оларға қол қоюға уәкілетті тұлға қол қояды, және осы ішкі құжаттардың көшірмелерімен бірге Агенттікке беріледі.
     Қағаз тасымалдаушыдағы есеп электрондық тасымалдаушыда берілген есепке сәйкес келуі тиіс.
     4. Есепке өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, банк есепті берген күннен бастап үш күндік мерзімде өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу қажеттігінің себептерін түсіндіре отырып, жазбаша өтінішті Агенттікке береді.
     5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.
     6. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
     1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын және оның қабылдануына байланысты өзге де шараларды қолға алсын;
     2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
     7. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті (Несіпбаев Р.Р) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялау шараларын қолға алсын.
     8. Осы қаулы қолданысқа енген күннен бастап "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі екінші деңгейдегі банктердің күн сайынғы және ай сайынғы баланстарын беру мерзімдері туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 532 қаулысының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2166 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 2003 жылғы 10-23 ақпанда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
     9. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л. Бахмутоваға жүктелсін.

     Төраға