Бастапқы, орта және жоғары кәсiби бiлiм берудi ұйымдастыру шарттары мен пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесi мен нормаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрдің м.а. 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 866 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 25 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 3382. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2010 жылғы 3 тамыздағы № 594 Бұйрығымен.

Күшін жойған

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2010.08.03 № 594 (ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10-тармақшасына және 17-бабының 1) және 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған "Бастапқы, орта және жоғары кәсiби бiлiм берудi ұйымдастыру шарттары мен пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесi мен нормалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетi (Байсеркин Б.С.) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркеуге Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне жiберсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Әкiмшiлiк департаментi (Акрачкова Д.В.) осы бұйрықты оның Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгенiнен кейiн ресми жариялауға жiберсiн.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрi, Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi А.А.Белоногқа жүктелсiн.

      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Министрдiң мiндетін


атқарушы



  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2005 жыл 15 желтоқсандағы
N 866 бұйрығымен бекітілген

"Бастауыш кәсіби, орта кәсіби, жоғарғы кәсіби білім
беретін ұйымдарды күтіп ұстауға және пайдалануға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар"
туралы санитарлық-эпидемиологиялық
ережелер мен нормалар
1. Жалпы ережелер

      1. "Бастауыш кәсіби, орта кәсіби, жоғарғы кәсіби білім беретін ұйымдарды күтіп ұстауға және пайдалануға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" туралы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (бұдан әрі - санитарлық ереже) барлық меншік нысанына қарамастан кәсіби білім беретін ұйымдарға арналған.

      2. Бастауыш кәсіби білім беретін, орта кәсіби білім беретін және жоғарғы кәсіби білім беретін ұйымдардың басшылары осы санитарлық ереженің талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      3. Осы санитарлық ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:

      1) оқу орындары - бастауыш кәсіби білім беретін, орта кәсіби білім беретін, жоғарғы кәсіби білім беретін ұйымдар;

      2) сабақ өткізудің академиялық сағаты (оқу сағаты) - сабақ басталғаннан үзіліске дейін созылатын сабақтың және лекциялардың ұзақтығы бастауыш кәсіптік, орта кәсіптік білім беретін ұйымдар үшін 45 минут, ал жоғары кәсіптік білім беретін оқу ұйымдары үшін 40 минуттан кем емес;

      3) оқу жүктемесі - оқыту орнындағы оқитындарға берілетін қабылданған сабақтың бір аптадағы сағат саны;

      4) оқу жүктемесінің жиынтығы - факультетті, секциялық сабақтарды және үйірме жұмыстарын өткізуге бөлінген оқыту сағаттарының жиынтығы.

2. Аумақ пен учаскеге қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      4. Оқу орындарына бөлінетін жер учаскесінің мөлшері мен орналасуы қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерінің (бұдан әрі - ҚНмЕ) талаптарына сәйкес болуы керек.

      5. Оқу орындарының жер учаскесінде мынандай негізгі аумақтар қараластырылуы керек: оқыту-өндірістік, дене тәрбиесі - спорттық және әскері дайындық, дем алу, тұрғын (жатақхана, сауда, қоғамдық тамақтандыру мен тұрмыстық қызмет көрсету объектілері), шаруашылық, автомобильдер және басқа да көліктік заттардың тұруына арналған ашық алаңдар. Оқыту-тәжірибелік аумақ білім беру ұйымдарының оқыту саласына байланысты бөлінеді.

      6. Компьютерлік және есептеу техникаларын, оқытудың электронды техникалық құрал-жабдықтарын, бағдарламалық және ақпараттық технологияны пайдаланатын оқу орындарында өндірістік оқыту аумағы бір орынға 6 шаршы метр (бұдан әрі - м 2 ) есебімен алынған қосымша резервті орын қарастырады.

      7. Қойма, гараж, жөндеу мастерскойларын және басқа да қосымша үй-жайларды бір блокқа біріктіріп, шаруашылық аумағына орналастырады. Шаруашылық аумағы учаскенің алыс түкпірінде орналасады және оқитындардың негізгі жүріп тұратын жолдарымен қиылыспай, көшеге кіріп-шығатын жеке жол болу қажет.

      8. Спортқа арналған аумақ, спорт залға жақын жерде орналасып, оқу үй-жайларының терезе орналасқан жағында болмауы керек.

      9. Көгалдандырудың ауданы учаске көлемінің кем дегенде 40 пайызын (бұдан әрі - %) құрауы керек. Егер учаскені орман немесе бақтың жанында орналастырса, көгалдандыру ауданын 30 %-ға дейін қысқартуға болады.

      10. Қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесі, уақытша сақтау, оны жүйелі түрде шығаруды ұйымдастыру мен аумақты тазалау халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің (бұдан әрі - НҚА) талаптарына сәйкес келуі тиіс.

3. Ғимараттар мен негізгі үй-жайларға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      11. Үй-жайлардың көлемін орнату оқитындардың санына және тағайындалуына байланысты қолданыстағы ҚНжЕ-нің талаптарына сай болуы керек.

      12. Аудиторияларды, оқу кабинеттерді, зертханаларды жертөледен жоғарғы қабаттарға орналастыру керек.

      13. Ғимараттың жертөлесінің ірге қабаттарында киім ілетін үй-жайды, дәретханаларды, себезгі бөлмені, қойма, кітап қоймаларын орналастыруға болады. Жертөле қабаттарында бойлерлік, сорғышы бар су құбырлары мен канализацияны, желдеткіш камераларды, ауаны салқындатуға арналған камераларды, лифттердің мәшине бөлімдерін орналастыруға болады.

      14. Спорт және акт залдарын, кітапханаларды, асханаларды оқу үй-жайларынан бөлек пайдаланыла алатындай етіп орналастыру керек. Асхана мен тамақ дайындайтын орын үшін 1 қабаттан жеке орын қарастырылып, шаруашылық зонасына шығатын есігі болуы керек.

      15. Оқу үдерісінің талаптарына сай бөлек оқу ғимараттарының арасында жылынатын өткелдердің болуын қарастыру керек. IV климаттық ауданда орналасқан жоғары оқу орындарында жылынатын өткелдерді құру міндет емес.

      16. Оқытуға арналған үй-жайлар өндірістік оқыту мастерскойларынан, спорт залдарынан, тағам дайындайтын орындарда бөлек болуы керек. Спорт залын оқу бөлмелерінің, әкімшілік үй-жайларының, медициналық ұйымдардың үстіне орналастыруға болмайды.

      17. Спорт залдарда себезгі бөлмесімен дәретханасы бар 2 шешінетін бөлме, мұғалімдерге арналған кабинет, спорттық керек-жарақтарды сақтайтын көлемі 18 м 2 кем емес бөлме қарастырылуы керек.

      18. Үй-жайлар ішінің әрленуі олардың атқаратын міндетіне сай орындалуы керек. Қабырғалардың, арақабырғалардың және төбенің беттері тегіс, ылғалды тазалау мен зарарсыздандыру жүргізуге оңтайлы болуы керек.

      19. Үй-жайлардың, ауа жүретін жолдардың, желдеткіш жүйелердің, сүзгілердің ішін әрлеуге қолданылатын барлық материалдар пайдаланылуға белгіленген тәртіп бойынша босатылуы керек. Қабырғалар мен төбелерді әкпен немесе сулы эмульсиямен ақтау және түсқағазды пайдалану арқылы жабуға болмайды.

      20. Iндетке қарсы және зарарсыздандыру режимін қадағалауды талап етпейтін үй-жайларға (вестибюлдер, дәліздер, холлдар) аспалы төбелерді қолдануға болады және жинап тазалау жұмыстарын жүргізе алатындай болуы керек.

      21. Ылғалды жұмыс істеу режимі бар үй-жайлардың төбелері суға төзімді бояулармен боялып, қабырғалары глазурленген тақтайшалармен немесе басқа да ылғалға төзімді материалдармен төбеге дейін қапталуы керек, едендерді қаптау үшін су өткізбейтін материалдарды қолданады.

      22. Химиялық, радиобелсенді заттармен және басқа да иондағыш сәуле көздерімен жұмысы байланысты және жұмыс істеу арнайы жағдайларды қажет ететін зертханалардың үй-жайларын әрлеу қолданыстағы НҚА-ға сәйкес орындалуы керек.

      23. Оқу үй-жайларындағы едендердің жылу ұстайтын қасиеттері (паркет, паркетті тақтай, ағаштан жасалған, майлы бояумен сырланған) жоғары болуы керек. Еденнің бетіне линолеум төсегенде олар тегіс, негізіне тығыз жапсырылып, ойықсыз, жарықсыз, тесіксіз болуы керек. Линолеумнің бір-біріне жанасатын жерлерінің арасы мұқият дәнекерленуі керек. Қабырғаның тұсындағы линолеумнің шеттері қабырға мен еденнің арасын біріктіретін еденкемерінің астына келтірілуі керек. Вестибюлдердегі едендерді механикалық әсерге (мәр-мәр үгітіндісі, мәр-мәр, таскестелік едендер) төзетіндей орнықты етіп жасау керек.

      24. Раковиналарды және басқа санитарлық-техникалық құралдарды, сонымен бірге қабырғалар мен арақабырғаларды ылғалдандыратын жабдықтарды пайдалану барысында еденнен биіктігі 1,8 метр (бұдан әрі - м) және жабдықтар мен құралдардан әр жағынан 20 сантиметр (бұдан әрі - см) шығып тұратындай етіп, судан оқшаулағыш глазурленген тақтайшамен немесе ылғалға төзімді басқа материалдардан жасауды қарастыру керек.

      25. Ғимараттың әрбір қабатында және оның жеке бөліктерінде жасөспірімдер мен қыздарға, сондай-ақ мұғалімдер мен қызметкерлерге арналған жеке дәретханалар қарастырылуы керек.

      26. Оқу орындарының салалық бағытына қарай құрал-саймандарды, дайындық заттарын мастерскойға және дайын өнімдерге керекті шикі заттары үшін үй-жайлар қарастырылуы керек. Әрбір мастерской арнайы жұмыс киімдерін сақтауға арналған шкафтармен және ыстық, суық сумен жабдықталған бақалшақпен жабдықталуы керек.

4. Сумен қамтамасыз етуге, канализация, жылыту,
желдету жүйелерінде және жарықтандыруға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      27. Оқу орындары қолданыстағы ҚНжЕ талаптарына сай су құбырымен, канализация жүйесімен, орталықтандырылған ыстық сумен, жылумен, желдету жүйесімен (керек болғанда ауаны тоңазытатын жүйе қарастырылуы керек) қамтамасыз етілуі керек.

      28. Ғимараттар осы елді мекенде жұмыс істейтін электр, телефон желілеріне және басқа да инженерлік коммуникацияларға қосылуы керек.

      29. Оқу орындарында ыстық сумен қамту жүйесі істен шыққан жағдайда немесе алдын ала жөндеу жұмыстарын жүргізгенде буфеттер мен ас блоктарында резервті (апат кезінде) ыстық сумен қамту жүйесі қарастырылуы керек.

      Зертханалық-техникалық және шаруашылық-тұрмыстық, медициналық қажетке және дәретханаға арналған үй-жайлар ыстық сумен қамтамасыз етілуі керек.

      30. Санитарлық-техникалық құралдар мен құрылғылар (крандар, раковиналар, унитаздар, писсуарлар) жөнделген қалыпта болып, дат немесе басқа да ластықтан тазартылып, жарықтары мен басқа да ақаулары болмауы керек. Дұрыс жұмыс істемейтін құралдарды ауыстыру қажет. Дәретханалар кабиналармен, ілгіштермен, қолды құрғатуға арналған құрылғымен, айналармен жабдықталуы керек.

      31. Санитарлық құралдардың санын бір құрал отыз адамға есебінен алу керек. Ерлер дәретханаларындағы писсуарлардың саны унитаздардың санымен бірдей болуы керек.

      32. Барлық жылыту кезеңінде үй-жайлардағы жылыту жүйелері ауаның бір қалыпты жылынуын қамтамасыз ету керек, пайдалану кезінде бөлінетін зиянды заттармен немесе иістермен ауаның ластануын болдырмауды қамтамасыз ете алатындай, рұқсат етілген деңгейден аспайтын шу шығармауды реттейтін құрылғылармен жабдықталуы қамтамасыз етіліп, күнделікті қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына ыңғайлы болуы керек.

      33. Жылыту құралдарын сыртқы қабырғаларда, терезелердің астында, қоршаусыз орналастыру керек. Спорт залдарында және зертханаларда жылыту құралдары әшекейлі тесіктері бар торлармен қоршалуы керек. Бұл қоршаулар күнделікті пайдалану кезінде және құралдарды тазалауға баратын жол ыңғайлы болып, құралдардың беттерін 15%-ке асыра көбейтпейтіндей етіп орналастыру керек.

      34. Жылытудың орталықтандырылған жүйесінде жылу тасығыш ретінде жоғарғы температурасы 85 градус Цельсий болатын су пайдаланылады.

      35. Жылыту, желдету мен ауаны салқындату жүйелері микроклиматтың және үй-жайлардағы ауа ортасының тиімді жағдайларын қамтамасыз ету керек.

      36. Барлық үй-жайларда желқағар ашылатын фрамугтер, терезе жармалары, сонымен бірге желдеткіш каналдар арқылы желденетін табиғи желдету қарастырылуы керек. Жұмыс істеп тұрған желдеткіштер мен электр двигательдерін реттеп, бөтен шу шығармайтын және діріл туғызбайтындай етіп жұмыс істету керек.

      37. Зерханаларда, өндірістік оқыту мастерскойларында, аудиторияларда, курстық және дипломдық жобалау жұмыстарын жүргізетін залда, асханада, медициналық үй-жайларда және дәретханалар үшін арнайы жеке сорып шығаратын желдету жүйесін қарастыру керек.

      38. Оқу орындарын үй-жайларындағы табиғи және жасанды жарықтандыру көздерінің беретін жарығы қолданыстағы ҚНжЕ-нің талаптарына сай болуы керек.

      39. Барлық оқу үй-жайларында, зертханаларда, кітапханаларда табиғи жарық көзі болуы керек. Сызу және сурет залдарындағы, информатика кабинеттеріндегі терезелердің бағыты солтүстікке, солтүстік-шығысқа және солтүстік батысқа қарау керек. Оқу және зертханалық үй-жайларды жобалау және онда жабдықтарды орналастыру кезінде студенттердің жұмыс орындарына жарық бүйірден сол жағынан түсуін қамтамасыз ету керек.

      40. Жасанды жарық көзі үй-жайда атқарылатын қызметке қарай жарық мөлшері жеткілікті, азайтылып көбейтілетіндей және қауіпсіз болып, көзді қараттырмайтындай және басқа да жайсыз жағдайды тудырмауы керек. Жалпы жасанды жарық көзі барлық үй-жайларда қарастырылуы керек. Кейбір функционалдық аумақтары және жұмыс орындары үшін жергілікті жарық көзі болуы керек.

      41. Табиғи жарық көзінсіз жасанды жарық көздері кітап сақтау орындарында, акт залдарында, телестудияларда, сурет зертханаларында, рентген кабинеттерінде, киім ілетін орындарында, себезгі бөлмелерінде, дәретханаларда қарастырылады. Оқыту-зертханалық үй-жайларында басқа жарық көздерінің болуына қарамастан, кездейсоқ жағдайда пайдаланатын жарық көздері қарастырылуы керек.

      42. Үй-жайларда жасанды жарық көзі ретінде люминесцентті және қыздыру шамдарын пайдаланады. Үй-жайларда қолданылатын төбеде орналасқан жарық көздері жарықты барлық жаққа бірдей шашырататын қақпақпен жабылуы керек.

      43. Аралас жарық көздерін пайдаланатын үй-жайда орындалатын жұмыс орындарында көру дәлдігін талап ететін жұмыстар үшін жарықтың қуаты 4000 люкстан (бұдан әрі - лк) кем болмауы керек.

      44. Техникалық құралдарды пайдалану арқылы оқыту жұмыстары (бұдан әрі - ТҚП) жүргізілетін кабинеттерде ТҚП-ны пайдалана отырып жазу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болуы керек, жұмыс бетіне түсетін жарық мөлшері экран жарығынан кем болып, бірақ жарық 300 лк кем болмауы керек.

      45. Слесарлық шеберханаларға жарық жалпы жарық көздері арқылы беріледі, мұндағы жұмыс орындарындағы жарық мөлшері 500 лк кем болмауы керек. Өндірістік шеберханаларда, арнайы технологияға арналған кабинеттерде жарық мөлшері істелетін жұмыстың дәлдігіне қарай, өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жұмыс орнындағы жарық нормасының контрастық фонымен анықталады, ол бірақ оқыту үй-жайларындағы жарықтан кем болмауы керек. Аралас жарық көздерін пайдалануға болады.

      46. Станоктарды жарықтандыру үшін қолданыстағы НҚА-ның стандарты мен талаптарына сәйкес жарық көздерді пайдалану керек.

      47. Сынып ішіндегі тақтаны жарықтандыратын шамды еденнен өлшегенде 2,2 м биіктікте, сынып тақтасының 0,6 м биіктік деңгейінде паралельді етіп қояды. Сынып тақтасына түсетін жарық 500 лк кем болмауы керек.

5. Оқыту жағдайларына қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      48. Оқитындардың саны оқу орнын жобалайтын қуатынан аспауы керек. Аудиторияларды, оқу кабинеттерді, зертханаларды құрал-жабдықтармен жабдықтау олардың бейімін ескеретіндей және қауіпсіздік техникасын сақтайтындай жүргізілу керек.

      49. Оқыту кабинеттерінде, зертханаларда қойылатын үстелдер мен орындықтар оқитындардың бойына қарай лайықтанып, қолданыстағы стандарттардың талаптарына сай болуы керек. Сүйенетін арқасы жоқ скамейкалар мен табуреттерді және істен шыққан жиhаздарды қолдануға болмайды.

      50. Оқыту кабинеттерінде және өндірістік үй-жайларда құрал-жабдықтарды көру бұрышын сақтай отырып, 35 градустан (бұдан әрі - o ) кем емес орналастыру керек, ол үшін:

      1) аудиториядағы және кабинеттегі үстелдер мен парталардың ені 0,5 м, ұзындығы 0,6 м, биіктігі 0,75 м болуы керек. Олардың арасындағы арақашықтық (жүріп тұратын жол) 0,6 м кем болмауы керек;

      2) сынып тақтасымен бірінші қатардағы үстелдердің арасы 2,4-2,7 м болуы керек; қабырға арасында және қабырғаға қарсы орналасқан тақтаның немесе жанастырыла жасалған шкафтар мен соңғы парталардың арасы 0,7 м кем болмауы керек;

      3) квадрат түрінде немесе ұзыншалай орналасқан кабинеттерде жиhаз 4 қатар болып орналасуы қажет. Алдыңғы үстел мен сынып тақтасының арақашықтығы 3 м кем болмауы керек;

      4) зертханаларда оқытуға керекті жиhаздардың ара қашықтығы 1,0 м болып, ал сызу кабинеттердегі сызу үстелдерінің арасы 0,7 м болуы керек;

      5) шеберханалардағы құрал-жабдықтар жарық түсетін қабырғаға перпендикулярлі орналасып, болмаса 35 o -45 o бұрыштай (станоктардың арасы 1,2 м, ал қатар арасы 0,8 м кем болмауы керек) орналасуы керек;

      6) шеберханалар шуды аз шығаратын құралдармен жабдықталып, бұған қоса оларды орналастыру барысында рұқсат етілген деңгейден аспайтындай етіп шу мен дірілді азайтатын шараларды қарастыру қажет.

      51. Сынып тақтасының мөлшері мен конфигурациясы әртүрлі болуы мүмкін: жылжымалы, ашылмалы, биіктігі мен еңкеюі өзгеретін. Сынып тақталарында бордың үгіндісін, сүртетін шүберекті немесе сіңіргіш затты қоятын ернеу болуы керек.

      52. Оқыту бөлмелерінің құрал-жабдықтары бейне дисплейлерінің терминалдары (бұдан әрі - БДТ) және дербес компьютерлердің, (бұдан әрі - ДК) дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын орындар ҚНжЕ талабына сай болуы керек.

      53. Оқу орындарының барлық үй-жайлары таза жағдайда ұсталынуы қажет. Жинау тазалау жұмыстары күн сайын, күрделі тазалау жұмыстры еденді, жарық көздерінің торларын, жиhаздарды, есіктерді жуғыш және зарарсыздандырғыш заттарды қолдану арқылы жетісіне бір рет жүргізілуі керек.

      Дәретханалар мен жарық көздерінің торларын жууға оқитындарды пайдалануға болмайды.

      54. Жинап тазалайтын материалдарға белгі салынып, арнайы шкафтарды немесе оларды сақтауға бөлінген орында сақтау керек.

      55. Оқу орындарында сабақ беруді екі ауысымды жүргізуге болады және кестені жасағанда топтардың санын, аудиториялық қорды, пәндердің еңбекқорлықты талап ету деңгейін және ағзалардың физиологиялық ерекшеліктерін еске ала отырып сабақ кестесімен реттелінеді. Аса интенсивтік сабақтар жұмыс қабілеттілігінің жоғары кезеңіне келу керек.

      56. Сабақ кестесін жасағанда аудиториядан тыс өзбетімен істелінетін жұмыс күн сайын дұрыс бөлініп, оқитындардың оқу жүктемесін біртіндеп көбейтіп, еңбек етудің қолайлы және тиімді түрі пайдаланылады, және бірінен соң бірі жалғасатын екі дәрісті өткізетіндей етіп жасауға болмайды.

      57. Жетісіне 4 сағаттан кем емес денешынықтыру сабақтарын жетінің кез келген күндері өткізуге болады. Жетісіне екі рет болатын дене шынықтыру сабақтарын екі күн бойы күн сайын өткізуге болмайды. Денешықтыру сабақтарын оқу күнінің соңында өткізген дұрыс.

      58. Сабақ кестесін жасағанда бір семестрге бірақ жасаған дұрыс. Оқу үдерісі күні бойы үзілмей оқу жетісінің ішінде біркелкі болып бөлінуі керек.

      59. Шектен тыс шаршауды болдырмау үшін мынандай шараларды міндетті түрде іске асыру керек:

      1) БДТ және ДК-мен жұмыс істегенде әрбір 20-25 минут сайын көзге арналған жаттығулар жүргізу;

      2) оқу үдерісіне қарамай әрбір академиялық сағаттан кейін ұзақтығы кем дегенде 15 минут үзіліс жасау;

      3) БДТ және ДК-мен нормаланған уақыт жұмыс істеуді қамтамасыз ету мақсатында БДТ және ДК-ге таймер қосу немесе видеомонитор экрандарында ақпараттардың көрінуін орталықтандырылған түрде өшірілуі;

      4) үзіліс кезінде оқитындарды үй-жайлардан шығарып, желдетуді ағынды түрде жүргізу;

      5) үзіліс кезінде дене шынықтыратын жаттығуларды 3-4 минут бойы жасау;

      6) БДТ және ДК-мен оқу сабақтарын сағат 17-ден кейін оқитындарға өткізуге болмайды.

      60. Өндірістік тәжірибеден өту кезінде немесе студенттік отряд құрамында (жазда) жұмыс істегенде БДТ және ДК-мен жұмыс істеу уақыты бірінші курс студенттері үшін 3 сағат, ал жоғары курс студенттері үшін 4 сағат болып, сабақ өткізу кезінде аурудың алдын алу шараларын жүргізу керек.

      61. Студенттердің оқыту жүктемесінің (аудиториялық және аудиториядан тыс жерде өтетіндерін) барлық жиынтығы бірінші курстағылар үшін жетісіне 54 сағат мөлшерінен асырмай, келесі курстағылар үшін 57 сағат мөлшерінде жоспарлап, іске асыру керек. Бір күнгі академиялық жүктеме орташа алғанда 10 сағатты құрауы керек, оның 6 аудиториялық сағатты, ал өз бетімен аудиториядан тыс жерде дайындалу 4 сағатты құрауы керек.

      62. Бастауыш және орта кәсіби білім беретін ұйымдарда сабақ оқудың кестесін жасағанда оқу үдерісіменен, оқу жоспарын есепке ала отырып, оқу жоспарында көрсетілмеген сабақтарды қарастырмау керек.

      63. Бастауыш және орта кәсіби білім беретін ұйымдардың оқушылары үшін берілетін жүктеме, жетісіне 36 сағаттан аспауы керек.

      64. Егер жұмыс бір түрде реңсіз (конвейрлі өндіріс, ұсақ өнімдерді жинастыру және басқалар) қайталанатын болса, әрбір 50 минут сайын 10 минуттік үзіліс жасау керек; жұмыс басталардан бұрын және әрбір 2 сағаттан кейін өндірістік гимнастика (7-8 минут) жасалынады. Кәсібі станоктармен байланысты тоқу өнеркәсібінде 3-3,5 сағат жұмыстан кейін 40-50 минутке үзіліс жасау керек.

      65. Металлургия саласындағы кәсіпке байланысты алғашқы 5-6 апта ішінде жұмыс ауырлығы азайтылу қажет және күннің ұзақтығы 3 сағатқа дейін қысқартылып, 6 сағатқа дейін бірте-бірте ұзартылуы керек. Жұмыс күні ішінде "ыстық" және "суық" жұмыстар ауыстырылып отырылады; жұмыс уақыт кезінде комфорттық жағдайы бар үй-жайларда қосымша үзілістер қарастырылады. Оқитындар жеке бастың қорғау құралдарымен және ұйымдастырылған су ішу тәртібімен қамтамасыз етілу керек.

      66. Құрылысшы кәсібіне келесі қарастырылады: арнайы киімдерді қолдану, 15 минуттік қосымша үзілістер, түскі асқа 40 минуттік үзіліс, су ішу тәртібін қамтамасыз етуі.

      67. Ауыл шаруашылық механизаторлық кәсіптегілерге, құрылыс саласындағыларға машиналарды жүргізу ұзақтығы күніне 3 сағаттан аспауы керек. Дала жағдайында жұмыс атқаратын (практика кезінде) 3 курс оқитындарға түскі тамақ үзілісі 35-45 минут, ал ыстық күндері - 3-4 сағат болу керек. Дала жұмыстары бір ауысым мерзімінде жүргізілуі керек. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 2780 тіркелген "Олардың кезінде алдын ала және мерзімдік медициналық қараулар міндетті зиянды өндірістік факторлардың, кәсіптердің тізбесі мен Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшыраған қызметкерлерді міндетті алдын ала және мерзімдік медициналық қарауларды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты" бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 ж. 12 наурыздағы N 243 бұйрығына сәйкес алдын ала және мерзімдік медициналық қараулардан өткен, сондай-ақ техника қауіпсіздігі жөніндегі кіріспе және мерзімдік нұсқамадан өткен адамдарға жұмыстың осы түрлерімен айналысуға рұқсат етіледі.

      68. Химиялық бағыттағы кәсіпке маман дайындағанда 1 курс үшін сабақтар зертханада, мастерскойларда немесе оқу кабинеттерінде жүргізілуі керек; 2-3 курстарда - цехтарда немесе өндірістік жұмыс орындарында қолданыстағы НҚА-ға сай өткізілуі керек.

      Үйрену жұмыстары алғашқы ауысымда жүргізіліп, жасөспірімдерді технологиялық құрал жабдықтарды жөндеу жұмысына жіберуге болмайды. Өндірістік жағдайда жұмыста болу 4 сағаттан аспауы керек.

      69. Жұмыс барысында сауықтыру шаралары қарастырылуы керек: күн сайын тамақты витаминдеу, үйлесімді тамақтандыру, ультракүлгін сәулелену, күніне 3 сағаттан таза ауада болу.

6. Тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын
санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      70. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 2526 тіркелген "Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық ережесі мен нормаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 ж. 25 шілдедегі N 569 бұйрығына сәйкес оқитындар үшін тұратын және оқитын орындарда ыстық тамақпен тамақтандыру ұйымдастырылуы керек.

      71. Қоғамдық тамақтану объектісіне келіп түскен өнімдер мен шикізаттардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы керек.

      72. Тамақтану тиімді, толыққанды, қауіпсіз болып және емдәмдік тағамдар да болуы керек. Тамақтың құрамындағы белок, май, көміртегі, витаминдер мен минералды тұздардың арақатысы үйлесімді болу керек.

7. Медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға
қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар

      73. НҚА-ның талаптарына жауап беретін медициналық пункттер оқитындардың тұратын жерлерінде қарастырылу керек.

      74. Білім беретін ұйымдарда медициналық пункт қарастырылуы керек. Медициналық пункт керекті аспаптармен, жиһаздармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуі керек.

      75. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тіркелімінде N 2556 тіркелген "Халықтың декреттелген тобына міндетті түрде медициналық тексерулерді жүргізу ережесін" бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 ж. 20 қазандағы N 766 бұйрығана сәйкес білім беретін ұйымдардың қызметкерлері медициналық қараудан өтуі керек.

  "Бастауыш кәсіби, орта кәсіби,
жоғарғы кәсіби білім беретін
ұйымдарды күтіп ұстауға және
пайдалануға қойылатын санитарлық-
эпидемиологиялық талаптар" туралы
санитарлық-эпидемиологиялық
ережелер мен нормаларына қосымша

      Дене шынықтырумен айналысатын медициналық топтар

Медицина-

лық топ

Студенттің медици-

налық сипаты

Рұқсат етілген

жүктеме

Негізгі топ

Денсаулығында ауытқу-

лары жоқ тұлғалар, ден-

саулығы жақсы жетілген

және дайындықтан өткен

бірақ денсаулығында

аздаған ауытқулары

бар тұлғалар

Оқу бағдарламасы бойынша

толық көлемде айналысу,

спорт секциясының бірі-

мен айналысуға, жарыс-

тарға қатысуға құқықты

Дайындық

тобы

Денсаулығында ауытқу-

лары жоқ тұлғалар,

денсаулығы дұрыс жетіл-

меген және дайындығы

жеткіліксіз денсаулы-

ғында аздаған

ауытқулары бар тұлғалар

Адам ағзаларына жаңа та-

лаптарды қоюға байланысты

қимылмен дағдының кешенін

біртіндеп меңгеретін оқу

бағдарламасы бойынша

жүргізілетін сабақтар.

Дене тәрбиесін жетілді-

ретін және дайындық

деңгейін көтеру үшін

қосымша сабақтар өткізу

Арнайы "А"

тобы

Шектелген жүктемені

талап ететін денсаулы-

ғында тұрақты және уа-

қытша сипаттағы ауытқу-

лар, оқу және өндіріс-

тік жұмыстарды

орындауға жіберілген

Арнайы оқу бағдарламалары

бойынша сабақтар өткізу

Арнайы "Б"

тобы

Емдік дене тәрбиесіне

жіберілген тұлғалар

(тез өрбитін аурулар-

дан, созылмалы аурулар-

дан, асқынулардан,

жарақаттардан және

операциядан кейінгі

кезеңде

Емдік дене тәрбиесінің

жеке әдістері бойынша

сабақтар өткізу