Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ғылыми жарыстарын өткiзу ережелерiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 11 қарашадағы N 901 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 13 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3265. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгінің 2007 жылғы»28 желтоқсандағы N 668 бұйрығымен

Күшін жойған

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгінің 2007.12.28.  N 668  Бұйрығымен.

      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2004 жылғы 22 қазандағы N 319-ө  өкiмiн  орындау үшiн БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ғылыми жарыстарын өткiзу ережелерi бекiтiлсiн.
      2. Орта бiлiм департаментi (Есбосынова С.Б.) белгiленген тәртiппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап күшiне енедi.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым вице-министрi К.Шәмшидиноваға жүктелсiн.

      Министр

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым министрінің 
2004 жылғы 11 қарашадағы   
N 901 бұйрығымен бекітілген 

  Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми
жарыстарын өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жарыстарын (бұдан әрі - ғылыми жарыстар) жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі атынан (бұдан әрі - Министрлік) өткізеді.

      2. Жарыстардың негізгі мақсаттары мен міндеттері:
      1) оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарын ынталандыру;
      2) ой еңбегінің беделін арттыру;
      3) ең талантты және дарынды жас зерттеушілерді іріктеу және оларға қолдау көрсету;
      4) Қазақстан Республикасының интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету болып табылады.

      3. Ғылыми жарыстары төрт кезеңде өтеді:
      1) бірінші кезең - мектептік;
      2) екінші кезең - облыстық (Алматы және Астана қалаларының мектептері мен республикалық мектептер жарыстары мәртебесі жағынан облыстық жарыстармен теңестіріледі);
      3) үшінші кезең - іріктеу кезеңі екі турда өтеді:
      бірінші тур - бейінді пән бойынша тестілеу;
      екінші тур - жобаны алдын ала сараптау;
      4) төртінші (қорытынды) кезең - республикалық.

      4. Ғылыми жарыстардың бірінші кезеңін өткізу мерзімі облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының (департаменттерінің) бұйрықтарымен белгіленеді. Жарыстардың екінші-төртінші кезеңдерін ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің (бұдан әрі - Министр) бұйрығымен белгіленген мерзімде өткізіледі. Осы Ереженің 1 қосымшасына сәйкес ғылыми жарыстар өткізілетін пәндер тізбесі Министрдің бұйрығымен бекітіледі.

  2. Жарыстарға қатысушылар

      5. Ғылыми жарыстарының бірінші кезеңіне оқушылардың ғылыми қоғамдарының немесе ғылыми жетекшілерінің ұсынуымен 8-11 сынып оқушылары қатыса алады. Командалық жобаны екі оқушы ғана орындай алады.

      6. Ғылыми жарыстардың екінші кезеңіне бірінші кезең жүлдегерлері қатысады, олар ғылыми жетекшінің пікірі және қоса жүретін құжаттары (өтінім, мектептің есебі, ғылыми зерттеу журналы) жұмыстарын (жобалары) ұсынады. Ғылыми жобалардың тақырыптары ағымдағы жылғы 20 қыркүйектен кешікпей тіркелуі керек.

      7. Жарыстың екінші кезеңіне қатысу үшін өтінім облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларына (департаменттеріне) жарыс басталардан кемінде 15 күн бұрын тапсырылуға тиіс.

      8. Ғылыми жарыстарының іріктеу кезеңіне қатысуға үмітті - облыстық, Астана, Алматы қалалары мектеп оқушыларының ғылыми жобалары жарыстарының жүлдегерлері, сондай-ақ ғылыми-техникалық жарыстардың жеңімпаздары әр секция бойынша бір жобадан ғана қатыса алады.

  3. Жарыстардың сараптау комиссиясы

      9. Әр секцияның сараптау комиссиясының құрамына ғылымның осы саласы бойынша кемінде бес ғалым (маман) кіреді. Сараптау комиссиясының құрамы ғылыми жарыстардың тиісті кезеңін ұйымдастыратын ұйымның бұйрығымен бекітіледі.

      10. Iріктеу кезеңінің комиссиясы (осы Ережеге сәйкес 2-қосымша) сәйкес бағалау өлшемдері бойынша ғылыми жобаларды қарап, әрбір жобаны рецензиялайды және республикалық кезеңге қатысушылардың тізімін анықтайды.

  4. Ғылыми жарыстардың үшінші, төртінші
кезеңдерін өткізу

      11. Үшінші кезең екі турда өткізіледі:
      бірінші тур - бейіндік пәндер бойынша тестілеу. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ғылыми жарыстарының жүлдегерлері үшін, екінші кезеңнің қорытындылары хабарланған соң секцияға сынып пен сәйкес осы пәнді тереңдетіп оқыту бағдарламасы бойынша (осы Ережеге сәйкес 3-қосымша) бейіндік пәннен тестілеуден өткізіледі.
      Республикалық әдістемелік кеңес дайындаған тест 60 сұрақтан тұрады (120 балл), оны орындауға 2 астрономиялық сағат беріледі.
      Алдын ала сараптауға авторлары тестілеудің жалпы балл санынан 50%-дан төмен емес балл жинаған жобалар ғана жіберіледі. Iріктеу кезеңін қорытындылағанда тестілеуде алған баллдар қосылмайды.
      Командалық жобалар үшін өтеу балы жоба авторлары жинаған орташа баллдың арифметикалық саны болып табылады, екінші тур - жобаларды алдын ала сараптау, оны іріктеу кезеңінің сараптамалық комиссиясы жүргізеді.

      12. Төртінші кезеңге қатысушылардың тізімін Министрлік бекітеді және бекітілгеннен соң үш күн ішінде облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының (департаменттерінің) назарына жеткізіледі.
      Iріктеу кезеңінің қорытындыларынан кейін апелляция өткізілмейді.

      13. Төртінші кезең - жобаны қорғау және 5-бөлімнің талаптарға сәйкес безендірілген стенд материалын ұсыну. Жобаны қорғау кезінде авторға (біріккен авторларға) баяндама үшін 10-15 минут беріледі.
      Жобаны алдын ала сараптауда алынған баллдарды есепке ала отырып республикалық ғылыми жарыстарының қорытындылары шығарылады.
      Республикалық кезеңнен кейін апелляция жүргізілмейді.

  5. Жарыстарға ұсынылатын ғылыми жобалар мен
оларды ресімдеуге қойылатын талаптар

      14. Ғылыми жарыстарына мынадай жұмыстар ұсынылуы:
      1) ғылымның осы саласындағы фактілерді, құбылыстарды және жаңалықтарды, оның бұрын танылмаған жекелеген қырларын ашатын;
      2) практикалық міндеттерді шешуге жаңалықтар әкелетін, мектеп эксперименттерін жетілдіруде, өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға ықпал ететін аппараттар, модельдер мен құралдар конструкцияларын ұсынатын;
      3) әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған компьютерлік модельдер және экономикалық-құқықтық негізі бар жобалар;
      4) кәмелетке толмағандар үшін рұқсат етілмейтін аппаратура пайдаланған жағдайда, жануарларға қатігездік көрсетілетін, адам денсаулығы және жануарлар үшін зиян келтіретін заттарды (улы, радиоактивтік, канцорегендік және мутагендік әсері бар зерттелмеген биологиялық белсенді қосылыстар, адам және жануарлар үшін патогенді немесе шартты патогенді заттар микроағзалар, вирустар, ішімдік, никотин) пайдалануға байланысты эксперименттер бар жұмыстар жіберілмейді;
      5) ғылыми жарыстарда бұрын қаралған және қорғалған жобалар жарыстарға қатысуға жіберілмейді.

      15. Ғылыми жобаларды ресімдеуге қойылатын талаптар:
      1) жоба мәтіні компьютерде басылуы керек және мынандай құрылымнан тұрады:
      титул парағы;
      мазмұны;
      қазақ немесе орыс тілдерінде абстракты (аннотация) (жобаның қай тілде дайындалғанына байланысты), сондай-ақ ағылшын тілінде жазылады;
      кіріспе;
      зерттеу бөлімі;
      қорытынды;
      пайдаланылған әдебиеттер тізімі;
      2) титул парағында мыналар көрсетіледі:
      жұмыс орындалған ұйымның толық атауы, қаласы, мектебі;
      автордың (біріккен автордың) тегі, аты, сыныбы;
      жұмыстың атауы;
      жұмыстың дайындалған бағыты, секциясы;
      жетекшінің тегі, аты, әкесінің аты;
      қаласы (жарыстың өтетін жері), жылы;
      3) абстракт (аннотация) (250 сөзден артық емес) мыналарды қоса алғанда, жобаның қысқаша мазмұнын білдіреді:
      зерттеудің мақсатын;
      гипотезасын;
      кезеңдерін, зерттеудің рәсімін;
      эксперименттің әдістемесін;
      зерттеудің жаңалығын және дербестік дәрежесін;
      жұмыстың нәтижесін және қорытындысын;
      нәтижелерді практикалық қолдану салаларын;
      4) кіріспеде (екі беттен артық емес) мыналар келтіріледі: зерттеу тақырыбының өзектілігін, жұмыстың мақсаты (міндеті), алға қойылған міндеттерді шешу әдісі қысқаша көрсетіледі;
      5) жұмыстың зерттеу бөлімі (20 беттен артық емес) жеке бөлімдерден (параграфтардан) тұруы мүмкін және мына құрылымда:
      Таңдап алынған жұмысты атқарудың қажеттілігіне көз жеткізу және мақсатын (міндетін) құрастыруға мүмкіндік беретін; таңдалған тақырып бойынша нәтижелерге талдама шолу жасау;
      алға қойылған міндеттерді шешудің әдістерін сипаттау;
      жұмыстың нәтижесі және оны талқылау;
      безендірілген материал (сызбалар, кестелер, фотосуреттер және суреттер т.б.);
      6) пайдаланылған әдебиетке сілтемені төртбұрышты жақшада беру керек, мысалы [4]. Мәтінде кездесетін сілтемелерге орай нөмірлеу жүйелі болуы керек;
      7) қорытынды (бір беттен артық емес) негізгі жұмыстың нәтижелері (1-5) және олардың негізінде жасалған қорытындыларын (1-2), жұмыстың нәтижелерін ғылыми және практикалық мақсаттарға пайдалану жөніндегі ұсыныстарды қамтиды;
      8) пайдаланылған әдебиеттер жұмыс соңында жалпы тізіммен мынандай тәртіпте беріледі:
      автордың тегі және қысқартылған аты-жөні;
      мақаланың және журналдың аты (журналдық мақалалар үшін);
      журналдың, кітаптың аты;
      басып шығарылған орны және баспа (кітаптар үшін);
      басылған жылы, шығу нөмірі, беті;
      9) әрбір жұмыста таңдалған тақырыптың өзектілігі, автордың жұмысқа сіңірген жеке еңбегі, жұмыстың кемшіліктері және нәтижелерін әрі қарай пайдалану жөніндегі ұсыныстар сөз болған жетекшінің пікірі қоса берілуі керек;
      10) республикалық ғылыми жарыстардың төртінші кезеңіне (баяндамаға) 135х125 (см) 2  көлемдегі стендке орналастыратындай етіп демонстрациялық материалдарды жасау ұсынылады.

      16. Стендті ресімдеуге қойылатын талаптар:
      стендтің жоғарғы жағына көлденеңінен абстракты, қатысушының тегін, жасын, мектебінің, қаласының, облысының атын орналастыру қажет;
      стендтегі материал жұмыстың мазмұнын айқындайтын, талғаммен ресімделген болуы керек, нөмірленген кестелер, фотосуреттер, суреттер, диаграммалар, қорытындылар болуы тиіс;
      мазмұнын дайындау кезінде негізінен назарды жоба авторының алған нәтижелерін көрсетуге аудару қажет.

      17. Ғылыми жетекші алынған нәтижелердің нақтылығы мен мүлтіксіздігіне, жұмыс диплом жұмыстарынан, магистрлық және кандидаттық диссертациялардан, ғылыми ұжымдардың есептерінен көшірілген нәтижелер жоқтығына дербес жауапкершілік алады. Оқушы жаңа білім мен өз бетінше зерттеу қызмет дағдыларын ала отырып өз қолынан келетін жұмысты орындау керек.

  6. Жеңімпаздарды марапаттау

      18. Облыстық, Астана және Алматы қалалары жарыстарының жеңімпаздары, облыстық, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының (департаменттерінің) бұйрығы негізінде бірінші дәрежелі, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталады.

      19. Оқушылардың республикалық ғылыми жарыстарының төртінші кезеңінде әр секциядан алтыдан артық емес үздік жобалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталады.

  7. Халықаралық ғылыми жарыстары

      20. Ғылыми жарыстарының қорытындылары бойынша халықаралық жарыстарға қатысу үшін кандидаттарды іріктеу жұмыстары жүргізіледі.

      21. "Дарын" РҒПО-ның ұсынысымен Министрлік оқушыларды халықаралық ғылыми жобалар жарыстарына дайындау және оларды алып жүру үшін ғылыми жетекшісін Қазақстанның құрама командасының жетекшісін тағайындайды. Ғылыми жетекшіге команда дайындығының сапасы мен деңгейі үшін жауапкершілік жүктеледі. Команда жетекшісіне команда мүшелерінің өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік жүктеледі.

      22. "Дарын" РҒПО шығу құжаттарын ресімдейді және қатысушылар мен команда жетекшілерін республикалық бюджеттен беретін қаражаттардан іссапар қаражаттарымен қамтамасыз етеді.

                                        Жалпы білім беретін пәндер
                                        бойынша ғылыми жарыстарды
                                       өткізу ережелеріне 1-қосымша

                Ғылыми жарыстар өткізілетін пәндер

___________________________________________________________________
 N |                 Бағыты              |          Пәндері
___________________________________________________________________
1.  Физика                                    физика
2.  Техника                                   физика
3.  Жер және космос туралы ғылымдар           физика
4.  Математика                                математика
5.  Қолданбалы математика                     математика
6.  Информатика                               математика
7.  Биология                                  биология
8.  Химия                                     химия
9.  Адам денсаулығы және қоршаған
    ортаны қорғау                             биология
10. Тарих                                     тарих
11. Өлкетану                                  география және тарих
12. Әдебиет                                   әдебиет
13. Этномәдениеттану                          тарих және әдебиет
14. Тіл білімі                                қазақ тілі немесе
                                              орыс тілі
___________________________________________________________________

                                        Жалпы білім беретін пәндер
                                        бойынша ғылыми жарыстарды
                                       өткізу ережелеріне 2-қосымша

             "Қазақстан-2030" стратегиясын іске асыруда
       республиканың экономикалық және әлеуметтік-мәдени
          дамуының модельдері атты ғылыми жарыстарға
        ұсынылатын оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларын
                      бағалау өлшемдері
___________________________________________________________________
  Бағаланатын   |Мүмкін бағалар |          Бағалау негіздемесі
     өлшем      |               |
___________________________________________________________________
1. Шығармашылық  30 балл жеке    Егер жоба автор(лар)ы проблеманы
қабілеттілік     жоба үшін,      шешудің жаңа ғылыми әдіс-тәсілін
                 25 балл         жасауда шығармашылық қабілеттілік
                 командалық      танытса, жеке жоба үшін 25-30,
                 жоба үшін       командалық жоба үшін 20-25 балл
                                 қойылады.
                                 Егер автор(лар) мәліметтерді
                                 талдаудың жаңа қондырғылар жасау
                                 немесе жаңа тәсілін қолдануда
                                 шығармашылық қабілеттілік танытса,
                                 жеке жоба үшін 20-25, командалық
                                 жоба үшін 15-20 балл қойылады.
                                 Егер автор(лар) мәліметтерді
                                 өзінше түсіндіруде шығармашылық
                                 қабілеттілік танытса, жеке жоба
                                 үшін 10-20, командалық жоба үшін
                                 10-15 балл қойылады.
                                 Егер жоба реферативті сипатта
                                 болса 10 баллға дейін қойылады.

Ғылыми ойлау     30 балл жеке    Жекелеген өлшемдердің әрбірі жеке
                 жоба үшін,      жоба 3 балл және командалық жоба
                 25 балл         үшін 2,5 балл көлемінде
                 командалық      бағаланады. Ғылыми жоба үшін:
                 жоба үшін       1. қарастырылып отырған проблема
                                 қаншалықты айқын және нақты
                                 ұсынылған;
                                 2. жоспарланған ғылыми нәтиже алу
                                 мүмкіндігі мол болуы үшін шешетін
                                 міндет қаншалықты айқын
                                 көрсетілген;
                                 3. міндетті шешудің нақты жоспары
                                 бар ма;
                                 4. міндетті шешуде ауыспалылар
                                 нақты анықталған ба;
                                 5. автор нәтижелерді кезең-
                                 кезеңімен тексеруден қажеттілігін
                                 (егер ол қажет болса) көре алды ма
                                 және оны дұрыс қолданды ма;
                                 6. қорытындыны нақтылау үшін
                                 мәліметтер сәйкес таңдалған ба;
                                 7. автор(лар) мәліметтердің
                                 қорытынды үшін шектеулілігін
                                 мойындай ма;
                                 8. автор (команда) қойылған
                                 мәселені шешуде осы жоба
                                 мүмкіндіктерінің шектелетінін
                                 сезіне ме;
                                 9. автордың (команда) мәселені
                                 шешуге кепілдік беретін,
                                 зерттеудің келесі кезеңі турасында
                                 идеясы бар ма;
                                 10. автор(лар) ғылыми
                                 әдебиеттерден дәлелсіз келтіре ме,
                                 әлде көпшілік әдебиеттерге
                                 сүйенген бе; техникалық жобалар
                                 үшін:
                                 1. жұмыс мақсаты қаншалықты
                                 айқын;
                                 2. жаңалықтың әлеуетті
                                 тұтынушылары бар ма;
                                 3. нәтиже өмірде іске аса ма;
                                 4. үнемді орындалған ба;
                                 5. әлеуетті тұтынушыға тиімді ме;
                                 6. нәтиже түпкілікті қойылған
                                 мәселені шешуде жетістікпен
                                 қолданыла ма;
                                 7. техникалық шешімнің шын мәнінде
                                 алдыңғы белгілі нұсқаларымен
                                 салыстырғанда елеулі артықшылығы
                                 бар ма;
                                 8. нәтиже нақты жағдайда
                                 тексерілген бе;
                                 9. зерттеудің келесі кезеңіне
                                 байланысты мәселені шешуге
                                 кепілдік беретін автордың
                                 (команданың) идеясы бар ма;
                                 10. автор(лар) ғылыми,
                                 әдебиеттерде дәлелсіз келтіре ме,
                                 әлде көпшілік әдебиеттен ғана ма.

3. Қолданылған   15 балл жеке    Егер жоба автор(лар)ы жұмыс
зерттеу әдісте-  жоба үшін,      барысында білімнің саласында
рінің тиімділігі 12 балл ко-     мүлдем жаңа нәтижелер алуға
                 мандалық жоба   мүмкіндік беретін қазіргі тиімді
                 үшін            қондырғыларды немесе қазіргі
                                 теориялық әдістерді пайдаланса,
                                 жеке жоба үшін 10-15 балл,
                                 командалық жоба үшін 10-12 балл
                                 қойылады. 5-10 жеке және 5-10
                                 командалық. Егер зерттеудің
                                 бұрынғы (ескірген) әдістерін
                                 пайдаланылып, бірақ жаңа нәтиже
                                 шығарылса қойылады. Егер жоба
                                 реферативті сипатта болса, 5 баллға
                                 дейін қойылады.

4. Тақырыпты     15 балл жеке    Бұл параметр үшін баға жекелеген
ашу дәрежесі     жоба үшін,      өлшемдер бойынша бағалар негізінде
(жете ашуы)      12 балл коман-  қойылады:
                 далық жоба үшін 1. жұмыс жоспарланған деңгейге
                                 дейін жеткізілген бе;
                                 2. шешілетін проблема қаншалықты
                                 толық қамтылған;
                                 3. қорытынды жекелеген
                                 экспериментке негізделген бе, әлде
                                 қайталанған ба;
                                 4. материал жобада қаншалықты
                                 айқын және нақты берілген;
                                 5. автор(лар) мәселені шешудің
                                 басқа тәсілдерін біле ме;
                                 6. автор(лар) зерттеліп отырған
                                 тақырып бойынша ғылыми
                                 әдебиеттермен қаншалықты таныс әр
                                 өлшем бойынша жеке жобаға 2,5
                                 балл, командалық жоба үшін 2 балл
                                 қойылады

5. Шеберлігі     10 балл жеке    Бұл параметр үшін баға жекелеген
шешендік, ұсы-   жоба үшін,      өлшемдер бойынша бағаларды ескере
нылатын мате-    10 балл коман-  отырып қойылады:
риалдың сапасы,  далық жоба үшін 1. автор(лар) жұмысты қандай
айқындылығы                      дәрежеде айқын және ұтымды баяндай
                                 алады (3 балл);
                                 2. баяндамада жоба мазмұны қандай
                                 дәрежеде толық баяндалған
                                 (2 балл);
                                 3. жобаның негізгі жерлерін
                                 қаншалықты баса көрсете алған
                                 (1 балл);
                                 4. жобада қолданылған
                                 эксперименталдық мәліметтер
                                 қаншалықты нақты және айқын
                                 ұсынылған (1 балл);
                                 5. жоба нәтижелері қаншалық айқын
                                 және нақты көрсетілген (1 балл);
                                 6. жоба нәтижелерін стенд
                                 қаншалықты жақсы ұғындырады
                                 (2 балл);

6. Команда мү-   Барлығы         Бұл параметр үшін баға жекелеген
шелерінің үй-    16 балл         өлшемдер бойынша бағалар негізінде
лестіру деңгейі                  қойылады:
тек командалық                   1. жалпы жұмыста әр қатысушының
жұмыстар үшін                    міндеттері қаншалықты айқын және
                                 нақты белгіленген (4 балл);
                                 2. команданың әр мүшесі команданың
                                 барлық жұмысымен қаншалықты таныс
                                 (3 балл);
                                 3. аяқталған жұмыс команда
                                 мүшелерінің күш-жігер үйлесімдігін
                                 қаншалықты көрсетті (3 балл);
                                 4. команданың әр мүшесі жоба
                                 материалын қаншалықты жақсы
                                 баяндайды (3 балл);
                                 5. берілген жобаны командамен
                                 орындаудың қажеттілігі қандай
                                 болды (3 балл) немесе бұл
                                 нәтижелерді жекелей алуға болатын
                                 ба еді (0 балл).
___________________________________________________________________

      (Әрбір өлшем үшін қойылатын максималды балдар көрсетілген)
      БАРЛЫҒЫ: 100 балл

                                        Жалпы білім беретін пәндер
                                        бойынша ғылыми жарыстарды
                                       өткізу ережелеріне 3-қосымша

                  Тестілеуді өткізу үшін бейіндік
                         пәндердің тізімі
___________________________________________________________________
 N |                 Секциялар            |   Бейіндік пәндер
   |                                      |  бойынша тестілеу
___________________________________________________________________
1.  Физика                                      физика
2.  Техника                                     физика
3.  Жер және космос туралы ғылымдар             физика
4.  Математика                                  математика
5.  Қолданбалы математика                       математика
6.  Информатика                                 математика
7.  Биология                                    биология
8.  Химия                                       химия
9.  Адам денсаулығы және қоршаған
    ортаны қорғау                               биология
10. Тарих                                       тарих
11. Өлкетану                                 география және тарих
12. Әдебиет                                     әдебиет
13. Этномәдениеттану                         тарих және әдебиет
14. Тіл білімі                                қазақ тілі немесе
                                                  орыс тілі
___________________________________________________________________