Ауыл шаруашылығы жануарларының кейбір ауруларының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 12 қарашадағы N 658 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 6 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3248

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы"  Заңының  26-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілгендер бекітілсін:
      1) Ауыл шаруашылығы жануарларының листериоз ауруының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережесі;
      2) Ауыл шаруашылығы жануарларының пастереллез ауруының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережесі.
      2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстардың және Астана, Алматы қалаларының аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторларына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен күннен бастап күшіне енеді.

      Министр

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы Министрінің  
"Ауыл шаруашылығы жануарларының 
кейбір ауруларының алдын-алу  
және жою бойынша шараларды   
жүзеге асырудың ветеринариялық 
ережелерін бекіту туралы"   
2004 жылғы 12 қарашадағы    
N 658 бұйрығымен бекітілді   

Ауыл шаруашылығы жануарларының листериоз ауруының
алдын алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың
ветеринариялық ережесі

      Осы Ауыл шаруашылығы жануарлардың листериоз ауруының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына  сәйкес жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібін анықтайды.

1. Жалпы ереже

      1. Листериоз (Lіsterіosіs) - жануарлар мен адамдардың жұқпалы ауруы, қойларда жиі кездеседі, шошқаларда, ірі қарада және ешкілерде, аңдарда, қояндарда, үй және жабайы құстарда сирек кездеседі.

      2. Листериоз қоздырушысы - Lіsterіa monocytogenes - қозғалатын, полиморфты, грам оң, ұштары домаланған ұсақ таяқша.

      3. Листериялар өте төзімтал, қоршаған ортада кең таралған, төменгі температурада (+4 - +6С о ) топырақта, суда, сабанда, жемде ұзақ уақыт бойы сақталады. Топырақта, суда, сүтте, етте, сүрлемде, сонымен қатар өлекселердің органдарында өсіп өнеді.

      4. Листериоздың қоздырушысының көзі - ауру және аурудан сауыққан малдар. Олар листерияларды сыртқы ортаға несеппен, нәжіспен, сүтпен, көзден, танаудан, жыныс мүшелерінен аққан соралармен бөліп шығарады. Сонымен қатар, ондай малдар - листерия тасымалдаушылар, олар аурудың тұрақты ошақтарының (жабайы ұсақ сүтқоректілер және құстар, сонымен қатар қансорғыш буынаяқтылар, әсіресе жайылым кенелері) сақталуында белгілі роль атқарады. Листерия тасымалдаушылық адамдарда да байқалған (шетелдік авторлардың мәліметтері бойынша).

      5. Листерия тасымалдаушылық қой мен шошқада 30 күн, кейбір кемірушілерде 260 күнге дейін, иксода кенелерінде листерия қоздырушысы 500 күнге дейін сақталады, листериоздан болған желінсау кезінде қойларда 90 күнге дейін, сиырларда 300 күнге дейін қоздырушы сүтпен бірге бөлінеді.

      6. Табиғатта қоздырушының негізгі резервуары жабайы жануарлардың кейбір түрлері, әсіресе кемірушілер болып табылады. Листериялар ұзақ уақыт бойы топырақ, нәжіс, су мен өсімдіктерде сақталып қана қоймай төмен температурада (+4С о ) көбейе алады. Сапасыз сүрлем, әсіресе оның жоғарғы қабаттары листериялардың көбеюіне қолайлы орта болып табылады. Листериялармен ластанған су қоймалары эпизоотологиялық және эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда аса қауіпті. Листериялар күн сәулесінің әсерінен 2-15 тәулік ішінде, 2,5 % формальдегид ерітіндісі немесе қышқылды натрий 20 минутта, хлорлы әк ерітіндісінде (1 литр суға 100 мг активті хлор) 1 сағаттан кейін, 100С о  температурада 5-10 минут ішінде өледі. Листериозға табиғи ошақтылық пен стационарлық тән. Қойда көбінесе қыс - көктем айларында кездеседі. Басқа жануарларда айқын маусымдылық байқалмайды.

      7. Листериозға тұрақтылық тән және үш формада өтеді: жүйкелік (энцефалит, менинго-энцефалит), септикалық және симптомсыз. Жүйкелік түрі ірі қара мен қойларда байқалады. Аурудың бастапқы кезінде дене қызуы 41-42С о  көтеріледі, кейін төмендеп қалпына келеді, кейде қалыптан төмен болады. Бұзаулар мен қозыларда ауру әдетте септикалық түрде өтіп, жиі 1-2 күннен кейін өледі. Шошқаларда листериоз екінші немесе аралас инфекция түрінде болады (оба, тілме, пастереллез, Ауэски ауруы, инфлюэнца, паратифте және басқа да ауруларда), ал торайларда өзіндік ауру ретінде орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Листериоз ет қоректілерде (ит, мысық, түлкі), сонымен қатар қояндарда және басқа кемірушілерде жүйкелі формада жүйке жүйесінің зақымдануымен байқалады.

      8. Қалыпты жағдайда листериозбен зақымдану ас қорыту жүйесі, тыныс жолдары, сондай-ақ зақымданған тері мен кілегейлі қабықтар арқылы болады. Жануарлар листериялармен ластанған су мен жем арқылы, кемірушілерден, сондай-ақ ауру және ауырып жазылған малдардан зақымданады. Адамның зақымдануы ауру малдар мен листерия тасымалдағыш малдардан алынған өнімдерді (сүт, ет) тамаққа қолданған кезде, сонымен бірге заласыздандырылмаған нәжіс пен ағынды сумен суарылған аймақтарда өсірілген көкөністерді термикалық өңдемей тамаққа пайдаланған кезде болады. Кәсіптік зақымдалу болуы мүмкін, әсіресе ет өңдейтін кәсіпорындардың және мал шаруашылығы фермаларының ветеринариялық мамандары, қасапхана жұмысшылары.

      9. Листериозға диагноз эпизоотиялық мәліметтер және лабораториялық зерттеулер негізінде қойылады. Шешуші диагноз бактериологиялық зерттеу нәтижесінде таза листерия культурасын бөлу арқылы қойылады.

      10. Зертханаға жаңа ғана өлген ұсақ малдың өлексесін, немесе басын (миын), бауырын, көк бауырды, бүйректі, лимфо түйіндерін, өкпенің жарақаттанған бөлігін, іш тастағанда - тастанды төлді, шарана қабын жібереді. Жазғы уақытта материалды глицериннің 40 проценттік судағы ерітіндісімен консервілейді. Малдардың тірі кезінде диагноз қою үшін ауырған малдан іш тастағандағы аққан сораны, ауру малдың немесе ауруға күмәнді сезікті малдың сүтін, қанын, немесе қан сарысуын алып лабораторияға жібереді.

2. Малдың листериоз ауруының алдын алу шаралары

      11. Малдарды қайтадан жасақтаған кезде, тек қана листериоздан таза шаруашылықтардан ғана жаңадан алуға, толықтыруға болады.

      12. Сырттан келген жануарларды бөлектеп, алдын алу, сақтандыру және ветеринариялық іс-шараларды іске асыру үшін, 30 күн жеке ұстайды.

      13. Жеке тұрған кезде, малдарды қайтадан жасақтаған кезде, барлық малдарға клиникалық байқау жүргізіледі, ыстығын өлшейді. Орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері бар малдарды, іш тастаған, денесінің ыстығы көтерілген, жоғары температурасы бар малдарды оқшаулап, листериозға бактериологиялық және серологиялық тексеру жүргізеді.

      14. Барлық уақытта тышқандар мен егеуқұйрықтарды және қан сорғыш жәндіктерді жойып отыру қажет.

      15. Шала - өлі туған, іштастау және шығын болған малдардың есебін қатаң жүргізу керек және ветеринариялық зертханаға патологиялық материалдарды дер кезінде жіберіп отыру қажет.

      16. Желінсау ауруы байқалған жағдайда, сүтті бактериологиялық тексеруге жібереді.

3. Ауруды жою шаралары

      17. Листериоз ауруы анықталған шаруашылық субъектісі сол ауру бойынша таза емес (кейін - Қолайсыз шаруашылық) деп жарияланып, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27-бабының  1-тармағына сәйкес шектеу енгізіледі.

      18. Листериоздан таза емес пунктте тиым салынады:
      1) індет ошағынан жануарларды шығаруға, союға жіберетін малдардан басқа;
      2) лажсыз сойылған малдардың етін шикі түрде шығаруға, ет өңдейтін кәсіпорындарға өңдеуге жіберуден басқа;
      3) ауру малдармен жанасқан немесе листериялармен залалданғанына күмәнді жем-шөпті шығаруға.

      19. Қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі барлық малдарға клиникалық байқау жүргізеді, листерия тасымалдағыш малдар мен белгілері жоқ ауру малдарды анықтау үшін қансарысу сынамаларына серологиялық зерттеулер жүргізеді. Тексеру кезінде оң реакция берген малдарды оқшаулайды, антибиотиктермен емдейді немесе союға жібереді.

      20. Қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі ауруға шектеу кезінде, ауруға серологиялық тексеруге оң реакция берген малдардан алынған сүтті 15 минут қайнатады немесе тоң май алу үшін өңдеуден өткізеді.

      21. Қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі малдарды алдын-ала серологиялық әдіспен листериозға тексерілген сау малдың ұрығымен қолдан ұрықтандырады.

      22. Кезекті дезинфекцияны келесі көрсетілген тәртіппен жүргізіледі:
      1) алғашқы ауру малдар шыққан кезде және мал өлген жағдайда мал ұсталынған қораларды;
      2) ауру мал немесе ауруға күдікті малдар орналасқан мал қораларына күнделікті таңертең тазалау жүргізген кезде;
      3) ауру мал немесе ауруға сезікті малдар орналасқан мал қораларына, олардың жүріп өткен, жанасқан, жеке-жеке бөлімшелерге, қораның едендеріне, жақтауларына, астауларға жұмыс киімдеріне, аяқ киімдерге дезинфекция жасайды. Ауру малдар орналасқан қоралардың кіре берісінде аяқ киімдерді залалсыздандыратын дезбарьер, дезинфекциялық төсеніш орналастырылады;
      4) ауру мал немесе ауруға сезікті малдар орналасқан мал қораларына әрбір ауру мал шыққан сайын және әрбір он күн сайын шектеу алынғанға дейін, дезинфекция жасалынады.
      5) малдың қиларын-көңдерін, нәжістерін және жем шөптің қатты заты листериямен ластанған қалдықтарын биотермиялық өңдеуден өткізу қажет немесе химиялық дезинфекциялық заттармен залалсыздандырады.

      23. Дезинфекция жасау үшін, мынадай дезинфекциялық заттар қолданылады: 10-20 процент жаңадан сөндірілген известь немесе құрамында 2 процент активтік хлоры бар хлорлы известьтің ерітіндісі, немесе 2 процент күйдіргіш натрийдің ерітіндісі немесе 3 процентті креолиннің ыстық ерітіндісі, немесе 0,5 процентті формальдегидтің ерітіндісі және басқа дезинфекциялық заттар тиісті нұсқамаларға сәйкес жүргізіледі.

      24. Шөмеленген азықтық жем-шөптерді, топандарды, азықтық қоспаларды листериозға қолайсыз шаруашылықтарда кемірушілермен ластануына тексереді. Егер кемірушілер кезіккен жағдайда, дератизация жүргізеді. Шөмеленген азықтық жем-шөптерді, топандарды, азықтық қоспаларды листериозға тексерген кезде, шаруашылықтарда кемірушілердің орасан көбейгені байқалса, орналасқаны табылса, онда 100 градус температурада 30 минут термиялық жолмен өңдеу жүргізеді. Листериямен ластанған силостардан сынама алып, оларды бактериологиялық тексеруге жібереді.

      25. Листериямен ластанған траншеядағы силос одан әрі ауру тудырмас үшін, барлық ластанған силосты биотермиялық жолмен залалсыздандырады.

      26. Листериоз ауруынан өлген малдың немесе лажсыздан сойылған малдан алынған теріні 1-процент тұз қышқылының ерітіндісімен және астұзының 20 процент ерітіндісінің араласқан қоспасымен залалсыздандырады. Терінің салмағын бір бөлік деп алсақ, сондай 4 бөлік салмақтағы көлемде ерітінді дайындалады. Теріні 17-20 градус температурадағы ерітіндіде 48 сағат ұстайды. Шошқаның терісін, шашты, жүнді залалсыздандыру алдында, қапқа салып, орап ықшамдайды, көлемі бір квадрат метрге 50 килограмм орналасатындай есеппен, ыстық дезинфекциялық камераға орналастырады, осыдан кейін 109-111 градус ыстық жоғары температурада пармен, бумен 30 минут залалсыздандырады.

      27. Шаруашылық субъектілерін листериоздан таза деп соңғы ауру мал шыққаннан соң 2 айдан кейін және эпизоотиялық ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін таза деп хабарланады.

      28. Таза емес ошақтардан шектеу Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27-бабының  3-тармағына сәйкес алынады.

      29. Малдарды ұстап тұту үшін және асыл тұқымды малдарды, қойларды сатып пайдалану үшін, сауықтырылған шаруашылықтан 2 жылға дейін қан алып, сывораткасын лабораторияда листериозға тексеріп отырылады, егер ауруға теріс реакция берген малдарды ғана сатып пайдалануға болады. Ал басқа түрлі малдарды да тексереді, олар үшін 1 жыл жеткілікті.

      30. Шаруашылыққа жаңадан әкелінген малдарға, листериозге қарсы егу жұмыстарын шектеу мерзімі ішінде жасалынады.

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы Министрінің  
"Ауыл шаруашылығы жануарларының 
кейбір ауруларының алдын-алу  
және жою бойынша шараларды   
жүзеге асырудың ветеринариялық 
ережелерін бекіту туралы"   
2004 жылғы 12 қарашадағы    
N 658 бұйрығымен бекітілді   

Ауыл шаруашылығы жануарларының пастереллез ауруының
алдын алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың
ветеринариялық ережесі

      Осы Ауыл шаруашылығы жануарлардың пастереллез ауруының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына  сәйкес жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринариялық шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің тәртібін анықтайды.

1. Жалпы ереже

      1. Пастереллез (Pasteurellosіs) - көптеген үй және жабайы жануарлардың контагиозды жұқпалы ауруы, жіті өту барысында септицемия белгілерімен, өкпенің крупозды қабынуымен, домбығуымен, ал жітіден төмен және созылмалы түрлерінде - іріңді-некрозды пневмониямен, артиритпен, маститпен, кератокюнъюктивитпен, эндометритпен және кейде энтеритпен сипатталады. Қоздырушысы - Рasteurella multocіda. Ауру жазғы-күзгі кезеңдерде жиі байқалады. Ауру қоздырушысы шаруашылыққа ауырып жазылған малдармен - пастерелла тасымалдаушылармен, сонымен қатар жем-шөппен, тышқан тәріздес кемірушілермен (әсіресе олардың көбею кезеңінде) және көліктер арқылы енеді. Қоздырушының негізгі берілу көзі болып пастерреллезбен ауырған немесе лажсыз сойылған, өлген малдардан алынған сүт, ет, сонымен қатар тері, жүн және басқа шикізаттар болып табылады. Қоздырушының механикалық тасымалдаушысы жабайы хайуандар және қан сорғыш жәндіктер болуы мүмкін.

      2. Пастереллезге диагнозды эпизоотиялық мәліметтер, клиникалық белгілер және паталогоанатомиялық өзгерістер негізінде, патологиялық материалдарды міндетті түрде бактериологиялық зерттеулер жүргізу арқылы қойылады.

      3. Бактериологиялық зерттеу үшін лабораторияға антибиотиктермен сульфаниламидті препараттармен емделмеген малдардың 2-3 өлекселерінен өлгенінен кейін 3-5 сағаттан артық емес мерзімде алынған көк бауырдың, бауырдың, бүйректің кесінділерін, өзгеріске ұшыраған өкпенің телімін сөл түйіндерімен қоса және жілігін жібереді. Ұсақ жануарлардың өлексесін тұтастай жөнелтеді. Жаздың күні патологиялық материалды глицериннің 40% стерильді сулы ерітіндісімен консервілейді.

      4. Пастереллезді шошқаның обасынан, тілмесінен, паратифтен, сібір жарасынан және пироплазмоздардан сәйкес лабораториялық зерттеулер жүргізу арқылы ажырату керек.

2. Пастереллездің алдын алу шаралары

      5. Жануарлардың пастереллез ауруының алдын алу үшін шаруашылық субъектілерінің басшылары, мал иелері, сонымен қатар ветеринариялық мамандар келесі шараларды жүзеге асырады:
      1) жаңадан келген жануарларды алдын-ала 30 күн бойы оқшаулап ұстағаннан кейін ғана жалпы табынға жіберуге болады;
      2) пастереллезден таза шаруашылықтардың малдарынан ғана отарларды жасақтау қажет;
      3) жем-шөптің залалдануының алдын-алу үшін мал қораларында, айналасындағы аумақта және азық қоймаларында кеміргіштерді ұстауды кезекті жүргізу қажет;
      4) тұрақты түрде азықтың, әсіресе сүрлем мен комбикормның сапасын бақылап отыру қажет, ал көрсеткіштер пайда болған жағдайда бактериологиялық тексеру;
      5) желінсау болған жағдайда сүтті бактерилогиялық тексеру;
      6) малдар арасында пастереллез ауруы тіркелген шаруашылық субъектісі орналасқан, әкімшілік аудандардағы барлық малдарды пастереллезге қарсы вакцинамен қолдану нұсқамасына сәйкес егеді;
      7) пастереллез ауруы тіркелген шаруашылық субъектісінде бір жыл ішінде пастереллезге қарсы егілген малдарды топтастырады, немесе 30 күндік оқшаулап ұстау кезінде егеді;
      8) сауықтырылғаннан кейін бір жыл бойы қолайсыз отарларға егілмеген малдарды енгізуге болмайды.

3. Пастереллез ауруын жою шаралары

      6. Пастереллез ауруы анықталған шаруашылық субъектісі сол ауру бойынша таза емес (кейін - Қолайсыз шаруашылық) деп жарияланып, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27-бабының  1-тармағына сәйкес шектеу енгізіледі.

      7. Пастереллез шыққан қолайсыз шаруашылықта тиым салынады:
      1) індет ошағынан жануарларды шығаруға, союға жіберетін малдардан басқа;
      2) пастереллезге бейім малдарды енгізуге (кіргізуге);
      3) малдарды қайта топтастыруға, таңбалауға, сондай-ақ хирургиялық операциялар жасауға және басқа ауруларға қарсы егуге;
      4) пастереллезбен ауырған лажсыз сойылған малдардың етін шикі түрінде шығаруға, ет өңдейтін кәсіпорындарға өңдеуге жіберуден басқа;
      5) малдарды жаюға және ашық жайылма суаттардан суаруға болмайды;
      6) ауру малдан алынған сүтті залалсыздандырмаған күйінде сатуға;
      7) қондырғыларды, құрал-жабдықтарды, сондай-ақ ірі, сүрленген және концентрленген азықтарды шығаруға;
      8) пастереллездің қоздырушысы табылған малдардың қиын және сұйық қиын егістіктерге шығаруға.

      8. Сүтті 90 о С температурада 5 минут бойы пастерилизациялайды және малдарды азықтандыру үшін қолданады.

      9. Қиды бөлек жинайды және биотермиялық жолмен залалсыздандырады, ал сұйық қиға әр 1 куб метрге 0,5 литр хлорлы әктің ақшыл ерітіндісін қосады, мынадай есеппен: 1 литрге 25 миллиграмм активті хлор, ерітіндіні араластырады да 12-18 сағатқа қояды.

      10. Індетті ошағын қоршау мен оны жою мақсатында шаруашылық субъектілерінің басшылары, ветеринариялық мамандар төмендегі іс-шараларды жүзеге асырады:
      1) қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі барлық малдарға клиникалық байқау және термометрия жүргізеді. Ауруға күдікті және ауру деп танылған малдарды бөлек бөлмелерге оқшаулайды;
      2) барлық ауру және олармен жанасқан малдарға пастереллезге қарсы гипериммунді қан сарысуын емдік дозада және антибиотиктер егеді. Антибиотиктерді қолдану нұсқамаларына сәйкес дозада қолданады. Емдік мақсатта сульфаниламид препараттарын, глюкоза және басқа симптоматикалық заттар қолданылады;
      3) пастереллезбен ауру аналықтарымен бірге жүрген барлық торайлар мен қозыларға пастереллезге қарсы гипериммунді қан сарысуын емдік дозада егеді және антибиотиктермен емдейді. Қолайсыз шаруашылықтағы 3-айға дейінгі бұзауларға пастереллезге қарсы гипериммунді қан сарысуын егеді және сау малдың сүтімен қоректендіреді. Гипериммунды қан сарысуын еккеннен кейін 14 күннен соң барлық егуге жарамды жасқа жеткен малдарға пастереллезге қарсы нұсқамаға сәйкес вакцинациялайды;
      4) барлық ауру малдарды және олармен жанасқан малдарды бұрын болған қораларда қалдырады, ал жаз кезінде оларға шектеу аяқталғанға дейін байлауда күтіп-бағуды ұйымдастырады. Оларға пастереллезге қарсы гипериммунді қан сарысуын нұсқамаға сәйкес профилактикалық дозада егеді, ал 14 күннен кейін пастереллезге қарсы нұсқамаға сәйкес, вакцинация жасайды;
      5) шаруашылықтағы басқа қалған малдарды орналасқан жеріне қарамастан, пастереллезге қарсы нұсқамасына сәйкес, вакцинация жасайды. Вакцинация алдында қолайсыз шаруашылық субъектілеріндегі малдардың барлығын клиникалық тексереді және термометрия жүргізеді. Вакцина егілген малдарға 14 күн бойы ветеринариялық тексеру жүргізеді.

      11. Пастереллезден қолайсыз шаруашылықтарда егу жұмыстарымен қатар аурудың мүмкін көзі деп саналатын кеміргіштерді жою мақсатында кезекті түрде дератизациялық шаралар жүргізеді.

      12. Кезекті дезинфекцияны мынадай көрсетілген тәртіппен жүргізеді:
      1) алғашқы ауру шыққан кезде және мал өлген жағдайда мал ұсталынған қораларға;
      2) ауру мал немесе ауруға күдікті малдар орналасқан мал қораларына күнделікті таңертең тазалау жүргізген кезде;
      3) ауру мал жанасқан барлық заттар (қораның едендері, қабырғалары, астауларға, жұмыс киімдері, аяқ киімдері), қоралардың өтетін жолдары дезинфекцияланады. Ауру және ауруға күдікті малдар орналасқан қоралардың кіре берісіне аяқ киімдерді залалсыздандыратын дезбарьер, дезинфекциялық төсеніш орналастырылады;
      4) ауруға күдікті (шартты сау) малдар орналасқан қоралар мен серуендету алаңдарын әрбір ауру мал шыққан сайын және одан кейін әр 10 күн сайын шектеу алынғанға дейін дезинфекция жүргізеді. Дезинфекциялауға келесі заттар қолданылады: 10-20 % жаңадан сөндірілген әк немесе құрамында 2 % активті хлоры бар хлорлы әк ерітіндісі, немесе 2 % күйдіргіш натрий ерітіндісі, немесе 3 % ыстық креолин ерітіндісі, немесе 0,5 % формальдегидтің ерітіндісі және басқа дезинфекциялық заттар нұсқамаларға сәйкес жүргізіледі.

      13. Пастереллезден өлген малдың өлексесін өртейді немесе биотермиялық орларда залалсыздандырады. Өлген малдан немесе лажсыздан сойылған малдан алынған теріні 1 % тұз қышқылының ерітіндісімен және астұзының 20 % ерітіндісінің араласқан қоспасымен залалсыздандырады. Тері салмағының бір бөлігіне 4 бөлік көлемде ерітінді дайындалады. Теріні 17-20 о С температурадағы ерітіндіде 48 сағат ұстайды. Жүнді, қылшықты, шашты залалсыздандыру алдында қапқа салып, бос орайды, көлемі бір квадрат метр камераға 50 килограмм орналасатындай есеппен булы дезинфекциялық камераға орналастырады. Дезинфекцияны ағынды бумен 109-111 о С температурада 30 минут бойы залалсыздандырады.

      14. Жұмыс киімдерді залалсыздандыру үшін ыстық ағынды бумен 1,5 сағат бойы камерада ұстайды немесе 2 % кальцийленген соданың ерітіндісінде бір сағат бойы, немесе 2 сағат бойы 1 % хлорамин ерітіндісінде залалсыздандырады, бір килограмм затқа 5 литр ерітінді есептеледі. Резинадан немесе кожадан жасалынған аяқ киімдерді 2 сағат бойы 5 % хлорамин ерітіндісінде немесе 4 % формалдегидтің ерітіндісіне камерадағы ыстық буға орналастыру арқылы залалсыздандырады.

      15. Пастереллезге қолайсыз шаруашылықтардан шектеу шараларын алудың алдында, келесі шаруашылық-ұйымдастыру және ветеринариялық- санитариялық іс-шараларды жүргізеді:
      1) ауру мал немесе ауруға күдікті малдар орналасқан мал қораларына қажет болған кезде жөндеу жұмыстарын;
      2) мал қораларын, қашарларды, қоралардың айналасын, алаңдарды шаруашылықтағы басқа қора-жайларды тазалап, көң-қидан тазартып, астын таза қабатына дейін аударып, содан кейін залалсыздандырады;
      3) мал қораларына дезинсекция, дератизация және қорытынды дезинфекция жүргізеді. Дератизацияны мал қораларының барлығын түгел қамтиды, шаруашылықтың барлық аумағына жасайды.
      Қорытынды дезинфекция 12-тармақтың 4-тармақшасында көрсетілгеніндей дезинфекциялық заттармен жүргізіледі.

      16. Таза емес ошақтардан шектеу Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  27-бабының  3-тармағына сәйкес алынады.

      17. Шектеуді алғаннан кейін 1 жыл бойы пастереллезге қарсы егу жұмыстарын жүргізеді. Шаруашылыққа жаңадан келген малдар 30 күндік оқшаулап ұстау мерзімінде пастереллезге қарсы егіледі.