Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және оны қарау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі N 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 5 қарашада тіркелді. Тіркеу N 3185

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің  153-бабының  3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және оны қарау ережесі бекітілсін.
      2. Стратегиялық жоспарлау және инвестициялық саясат департаменті (Т.Б. Нұрашев) және Заң басқармасы (М.Д. Әйтенов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Б.А. Исаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

       Министрдің
      міндетін атқарушы

"Заңды тұлғалардың жарғылық    
капиталын қалыптастыруға және   
ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге  
асырылатын бюджеттік        
инвестициялардың қаржылық-    
экономикалық негіздемесін әзірлеу 
және оны қарау ережесін бекіту  
туралы" Қазақстан Республикасының
Экономика және бюджеттік жоспарлау
министрі міндетін атқарушының  
2004 жылғы 30 қыркүйектегі   
N 143 бұйрығымен бекітілген   

Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға
және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік
инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін
әзірлеу және оны қарау ережесі

      1. Осы Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесін әзірлеу және оны қарау ережесі Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің  153-бабының  3-тармағына сәйкес әзірленді және заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялардың (бұдан әрі - бюджеттік инвестициялар) қаржылық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі - ҚЭН) әзірлеудің және оны қараудың жалпы құрылымын, мазмұнын, тәртібін айқындайды.

      2. Бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-інің әзірленуін ұйымдастыруды осы Ережеге қосымшаға сәйкес акционерлік қоғамдарда акциялардың мемлекеттік пакетін, ұйымдарда қатысу үлестерін иелену, пайдалану және/немесе басқару құқығын жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар немесе жаңа заңды тұлға құруға бастамашы болатын мемлекеттік органдар (бұдан әрі - уәкілетті мемлекеттік органдар) қамтамасыз етеді.

      3. Бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-ін әзірлеуді заңды тұлғаны басқаруға уәкілетті орган белгіленген тәртіппен заңды тұлғаның жарғылық капиталын бюджет қаражаты есебінен ұлғайту туралы оң шешім қабылдағаннан кейін жүзеге асырады.
      Құрылатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға арналған бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-ін әзірлеуді уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      4. Бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-ін қарау уәкілетті мемлекеттік органның салалық сараптама жүргізуін және экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның сараптама жүргізуін көздейді.

      5. Уәкілетті мемлекеттік органның салалық сараптамасы мынадай мәселелерді:
      заңды тұлға инвестицияларының негіздемесін;
      мынадай аспектілерді:
      сала экономикасының құрылымындағы жобаның рөлі мен орнын;
      мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларға сәйкестігін;
      инвестициялардың орналасатын жерін таңдаудың және ауқымының негіздемесін;
      шикізат және құрамдауыш бұйымдар рыноктарын талдауды;
      өнімді өткізу рыноктарын талдауды;
      заңды тұлға инвестициялары бойынша техникалық шешімдер тиімділігінің жеткілікті болуын және оларды бағалауды;
      қаржыландыру схемасы мен көзінің негіздемесін көрсете отырып, заңды тұлғаның инвестициялары іске асырылған немесе іске асырылмаған жағдайларда саладағы ахуалды талдауды;
      заңды тұлғаның инвестицияларын жүзеге асырудың орындылығы туралы қорытындыны;
      заңды тұлғаның қаржылық көрсеткіштерін және заңды тұлғаның инвестицияларын жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаржылық пайданы бағалауды;
      бюджеттік инвестициялардың мақсаттарына қол жеткізудің баламалы нұсқаларын бағалауды;
      бюджеттік инвестицияларды іске асырудан түсетін түсімдердің бөлінуін бағалауды қарауды көздейді.

      6. Салалық сараптаманың қорытындысы оң болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар ҚЭН мен салалық сараптама қорытындысын экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға мынадай тәртіппен табыс етеді:
      ұлттық компаниялардың жарғылық капиталдарына бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-і Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 маусымдағы N 647  қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарларын әзірлеу ережесінде белгіленген мерзімде тиісті ұлттық компанияның алдағы үш жылдық кезеңге арналған даму жоспарының жобасымен бірге табыс етіледі;
      басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-і жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында мұндай шешім қабылдауға уәкілеттік берілген заңды тұлғаның басқару органы алдын ала мақұлдаған тиісті заңды тұлғаның қаржылық-шаруашылық қызметі жоспарының жобасымен бірге табыс етіледі.

      7. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның сараптамасы:
      бюджеттік инвестициялардың мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларға сай келуін;
      бюджеттік инвестицияларды жүзеге асырудың тұтастай экономикаға әсерін бағалауды жүргізуді;
      экономикалық түсімдерді бағалауды жүргізуді;
      бюджеттік инвестициялардың негіздемесін көздейді.

      8. Қажет болған жағдайда экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органнан қосымша ақпарат сұратады, сараптама жүргізу үшін заңнамада белгіленген тәртіппен сарапшыларды және консультанттарды тартады, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-ін қарау барысында туындаған жекелеген мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын құру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      9. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру туралы мәселені бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасының   
 Экономика және бюджеттік   
жоспарлау министрі      
міндетін атқарушының     
2004 жылғы 30 қыркүйектегі  
N 143 бұйрығымен бекітілген 
Заңды тұлғалардың жарғылық  
капиталын қалыптастыруға және
ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге
асырылатын бюджеттік      
инвестициялардың қаржылық- 
экономикалық негіздемесін 
әзірлеу және оны қарау   
ережесіне         
қосымша          

Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға
және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттік
инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесінің
үлгілік құрылымы және оны әзірлеуге қойылатын талаптар

      1. Заңды тұлғаның бюджеттік инвестициялар есебінен жүзеге асыру ұйғарылып отырған инвестициясының (бұдан әрі - заңды тұлғаның инвестициялары) жалпы сипаттамасы.
      Заңды тұлға инвестициялары бағыттарының тізбесі келтіріледі (инвестициялық жобалар, бағдарламалар немесе іс-шаралар). Заңды тұлға инвестицияларының әрбір бағыты бойынша: мақсаты, міндеттері, құны, қаржыландыру көлемі, іске асыру мерзімі мен кестесі, инвестиция құрамдауыштары мен құрылымының сипаттамасы, инвестицияны жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізу жоспарланып отырған сандық және сапалық көрсеткіштер, инвестицияны жүзеге асырудың институционалдық кестесі және баламалары, құқықтық негізі, инвестицияларды жүзеге асыру процесіне қатысатын ұйымдар туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылдары, пайда мен жауапкершіліктің бөлінуі көрсетіледі.
      2. Әрбір инвестициялық жоба, бағдарламалар және іс-шаралар бөлінісіндегі және инвестициялардың жиынтығындағы мынадай тәртіптегі заңды тұлғаның инвестициялары бағыттарының негіздемесі:
      1) Қаржылық бөлім.
      Бұл бөлімде инвестицияларға қаржылық талдау, қаржылық шығындарға және инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын заңды тұлғаның кірістеріне бағалау жүргізіледі.
      Инвестицияларды қаржылық талдау мыналарды қамтиды:
      қаржылық бағалаудың қарапайым әдістерін пайдалана отырып жобалардың инвестицияларын талдау: өтелу мерзімін, пайда нормасын, берешекті жабу коэффициентін есептеу;
      инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын ақша ағынын жиынтық есептеу;
      жалпы кіріс көлемін есептеу, инвестицияларды жүзеге асырудан алынатын бөлінбеген және таза табыстың мөлшері;
      инвестицияларды дисконттау әдістерінің көмегімен талдау: таза дисконтталған кірісті (NPV), табыстылықтың ішкі нормасын (IRR), дисконтталатын пайда мен шығындардың қатынасын (B/C), өтелудің дисконтталған мерзімін есептеу;
      белгісіздік жағдайларында инвестициялардың іске асырылуын талдау (жобаның негізгі өлшемдер бойынша сезімталдығын талдау (өткізу көлемі, өткізу бағасы, тікелей шығасылар) және шығынсыздық нүктелерін есептеу);
      инвестициялардың өтімділігін бағалау;
      тәуекелдердің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын ажыратып көрсете отырып, қаржылық тәуекелді талдау, тәуекелдерді төмендету жөніндегі болжамды іс-шаралар.
      2) Экономикалық бөлім.
      Бұл бөлім заңды тұлға инвестицияларының ұлттық экономика тұрғысынан тиімділігін бағалауға негізделеді және экономикалық талдау, оның ішінде:
      инвестицияларды жүзеге асыра отырып және оларсыз экономикалық жағдайға талдау;
      экономикалық табыстар мен шығыстарға бағалау, оның ішінде: инвестициялардың мемлекет экономикасына тигізетін нәтижелеріне, салдары мен әсеріне талдау (шығындар тиімділігін талдау және өлшенбейтін пайда, өсірілген пайда мен шығындар, тұтынушының қосымша пайдасы, қайтымсыз шығасылар, сыртқы әсерлер, халықаралық әсерлер, жобалардың жанама пайдалары);
      ең аз шығындарға талдау;
      экономикалық таза дисконтталған табыс (ENPV) пен табыстылықтың экономикалық ішкі нормасының (EIRR) есептерін келтіре отырып, инвестициялардың экономикалық тиімділігіне сандық бағалау жүргізуді көздейді.
      3. Әрбір инвестициялық жоба, бағдарламалар және іс-шаралар бөлінісіндегі заңды тұлғаның инвестициялары көлемінің негізделуі және расталуы.
      Құрылысқа инвестицияларды жүзеге асырған кезде мемлекеттік комиссияның сараптамасын растайтын жоба алдындағы және жобалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың қорытындысы ұсынылады.
      Басқа бағыттар бойынша инвестициялардың құнын растайтын есептер мен негіздемелер ұсынылады (бағамдық ұсыныстар, статистикалық мәліметтер, бағалау актілері, маркетингтік зерттеулердің нәтижелері, консультанттардың бағалары және басқалар).
      4. Бюджеттік инвестициялау қажеттілігінің негіздемесі:
      1) Өз әлеуетін пайдалану тиімділігіне кешенді бағалауды, қаржы-шаруашылық қызметтің, ішкі өндірістік көрсеткіштерді, жарғылық және меншікті капиталдар көлемінің өзгеру серпінін және активтерді одан әрі капиталдандыру бойынша заңды тұлғаның жоспарларын талдауды жүргізе отырып, заңды тұлғаның ағымдағы қаржы жағдайын сипаттау;
      2) Бюджет қаражатының қатысу қажеттілігін растайтын мейлінше толық аргументтер келтіру, мұнда, соның ішінде заңды тұлғаның жоспарланып отырған кезеңде қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асыру ұйғарылып отырған барлық инвестициялық жобаларының, бағдарламаларының немесе іс-шараларының басымдылығын бағалауды келтіру қажет және оларды іріктеу логикасын айқындау;
      3) Инвестициялық жобаларды, бағдарламаларды және іс-шараларды қаржыландырудың баламалы көздерін және кестелерін қарау, мұнда мынадай баламалы нұсқалар: бюджеттік инвестицияларды, жарғылық капиталдың заңды тұлғаның меншікті қаражаты есебінен ұлғаюын есепке ала отырып;
      инвестицияларды жүзеге асыру (кірістер мен айналымдағы қаражаттың тиісті көлемі жұмсалғаннан кейінгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштердің өзгерістерін келтіре отырып);
      басқа көздерден қарыз алу және қаржыландырудың өзге тәсілдері көзделуі тиіс.
      5. Қосымшалар.
      Жобаны (бағдарламаны) іске асырудың қарастырылып отырған әрбір нұсқасы бойынша қаржы-экономикалық модельдер, шығыстар серпіндері кестесі, өтелу кестесі, диаграммалар, суреттер, елді мекеннің карталары және бюджеттік инвестициялардың ҚЭН-де келтірілген ақпаратты растайтын және ашатын басқа материалдар мен құжаттар.