Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға лицензия беру, беруден бас тарту, тоқтата тұру және қайтарып алу туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 13 қыркүйектегі N 122 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 19 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3161

Жаңартылған

      Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға лицензия беру, беруден бас тарту, тоқтата тұру және қайтарып алу шарттарын нақтылау мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға лицензия беру, беруден бас тарту, тоқтата тұру және қайтарып алу туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      3. Төлем жүйесі басқармасы (Мұсаев Р.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және аумақтық филиалдарына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары А.Р.Елемесовке жүктелсін.

       Ұлттық Банк Төрағасының
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық Банкі Басқармасының 
"Банк операцияларының   
жекелеген түрлерін жүзеге 
асыратын ұйымдарға төлем  
карточкаларын шығаруға   
лицензия беру, беруден бас 
тарту, тоқтата тұру және  
қайтарып алу туралы    
нұсқаулықты бекіту туралы" 
2004 жылғы 13 қыркүйектегі 
N 122 қаулысымен бекітілген

  Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға
лицензия беру, беруден бас тарту, тоқтата тұру
және қайтарып алу туралы
нұсқаулық

      Осы Нұсқаулық "Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкі  туралы", "Қазақстан Республикасындағы  банктер және банк қызметі  туралы", " Лицензиялау  туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға лицензия (бұдан әрі - лицензия) беру, беруден бас тарту, тоқтата тұру және қайтарып алу шарттарын нақтылайды.

  1-тарау. Лицензия беру және беруден бас тарту

      1. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі - ұйым) лицензия беру шарты қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті ұйым берген жеке және/немесе заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізуге онда лицензияның болуы болып табылады.

      2. Лицензия алу үшін ұйым Ұлттық Банкке:
      1) "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  16-бабында көзделген құжаттарды;
      2) ұйымның нотариат куәландырған жарғысының көшірмесін (мемлекеттік және орыс тілдерінде);
      3) қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті ұйым берген жеке және/немесе заңды тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізуге лицензияның нотариат куәландырған көшірмесі;
      4) төлем карточкаларын шығаруға экономикалық негіздеме, оған:
      төлем карточкаларына қызмет көрсетуге болжанған тарифтер;
      төлем карточкаларын шығару, алғашқы үш айда төлем карточкаларына қызмет көрсету желілерін құру және дамыту бойынша жоспарлар (болжамдар);
      төлем карточкаларын шығару және/немесе қызмет көрсету тиімділігінің (құнын өтеуі) есебі;
      5) өтініш беруші төлем карточкасы жүйесінде ие болып табылмайтын жағдайда, өтініш берушінің төлем жүйесінде мүшелігін растайтын құжаттар;
      6) өтініш беруші төлем карточкасы жүйесінде ие болып табылатын жағдайда төлем карточкасы жүйесін құрғанын растайтын құжаттар;
      7) өтініш берушінің уәкілетті органы бекіткен төлем карточкаларын пайдалануға байланысты операцияларды жүргізудің ішкі ережелері;
      8) төлем карточкасы жүйесі туралы негізгі сипаттамалар мен мәліметтерді сипаттау, оған:
      төлем карточкасы жүйесінің атауы;
      қызмет көрсететін процессинг ұйымының атауы;
      төлем карточкасының түрі (магнитті жолмен, интегралды микросхемамен, комбинирленген);
      төлем карточкаларын пайдалануға байланысты төлемдер бойынша ақпарат алмасу режимі (он-лайн, офф-лайн) кіреді;
      9) бағдарламалық-техникалық сипаттамалар туралы мәліметтер, оған:
      ақпарат алмасу, байланыстың телекоммуникациялық және пайдаланылған арналарының бағдарламалық-техникалық құралдарының құрамын сипаттау;
      электронды хабарлардың форматтары және оларды беру тәртібі;
      бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпаратты рұқсат етілмеген кіруден ұйымдық және басқа да қорғау тәсілдері туралы негізгі мәліметтер кіреді;
      10) ұйымның төлем карточкалары бөлімшелері туралы ереже, оған:
      бөлімшенің құрылымы туралы ақпарат;
      бөлімшенің міндеттері мен функциялары;
      қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері;
      ұйымның басқа құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-әрекет ету тәртібі туралы ақпарат кіреді.

      3. Ұйымға лицензия беру туралы  өтінішті  Ұлттық Банк барлық қажетті құжаттарды ұсынған күннен бастап бір ай ішінде қарайды.
      Ұлттық Банк құжаттарды ескертулермен пысықтауға қайтарған не құжаттар пакеті толық ұсынылмаған жағдайда құжаттарды қайта бергеннен кейін оларды Ұлттық Банктің қарау мерзімі қайтадан есептеледі.
      Қажет болған жағдайда Ұлттық Банк құжаттардағы ақпаратты растайтын құжаттар мен мәліметтерді, осы Нұсқаулықтың 2-тармағында белгіленген тізбені сұратады.

      3-1. Ұйымға төлем карточкаларын шығаруға лицензия Ұлттық Банк Басқармасы қаулысының негiзiнде осы Нұсқаулықтың 1-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша берiледi. 
       Ескерту: 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 93   қаулысымен .     

      4. Лицензияны беруден  бас тарту  Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

      5. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда  Ұлттық Банк  өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап жібереді.

  2-тарау. Лицензияны тоқтата тұру және қайтарып алу

      6.  Лицензияны  тоқтата тұру және оны қайтарып алу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер және тәртіп бойынша жүргізіледі.

      7. Лицензияның қолданылуын тоқтатуға себеп болған жағдайларды жойған кезде Ұлттық Банк ұйымның өтініші бойынша өтініш берген күннен бастап бір ай ішінде лицензияның қолданылуын қалпына келтіру туралы мәселені қарайды.

      8. Лицензияның қолданылуы лицензияның қолданылуын тоқтатуға негіз болған құқық бұзушылықтарды ұйымның жойғаны туралы ақпаратты растайтын тексеруді Ұлттық Банк жүзеге асырғаннан кейін Ұлттық Банк Басқармасының тиісті қаулысы негізінде қалпына келтіріледі.

      9. Ұлттық Банк Басқармасының қаулысында лицензияны қалпына келтіру күні белгіленбеген жағдайда Ұлттық Банк Басқармасының тиісті қаулысын ұйымға жіберген күн лицензияның қолданылуы тоқтатылған немесе қалпына келтірілген күн болып есептеледі.

      10. Ұлттық Банктен лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу туралы хабарлама алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде ұйым өзінің клиенттеріне жазбаша хабар жібереді және төлем карточкаларын шығарудың және ұйым клиенттері үшін қол жетімді жерлерде ұйым шығарған төлем карточкаларын пайдалануға байланысты операцияларды жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы хабарландыру жариялайды.

  3-тарау. Қорытынды ережелер

      11. Лицензияны жоғалтқан және лицензияны қайта ресімдеген кезде лицензияның көшірмесін алу Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      12. Ұлттық Банк осы Нұсқаулықтың 1-қосымшасында белгіленген нысан бойынша берілген, қайта ресімделген, тоқтатылған және қайтарылып алынған лицензиялардың тізілімін жүргізеді.

      13. Осы Нұсқаулықпен реттелмейтін мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.

Банк операцияларының жекелеген 
түрлерін жүзеге асыратын   
ұйымдарға төлем карточкаларын 
шығаруға лицензия беру,  
беруден бас тарту, тоқтата 
тұру және қайтарып алу туралы 
нұсқаулыққа 1-қосымша   

Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге
асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға
берілген, қайта ресімделген, тоқтатылған,
қайтарып алынған лицензияларды есепке алу тізілімі

___________________________________________________________________
Лицен.|Ұйымның|Лицензияны |Лицензия   | Лицензияны  | Лицензияны
зияның| атауы | берген    | беруге    |қайтарып алу,| қайтарып алу,
нөмірі|       | (қайта    | (қайта    |тоқтата тұру |  тоқтата
      |       | ресімде.  |ресімдеуге)|   күні      |  тұрудың
      |       | ген) күн  |негіздеме  |             | негіздемесі
______|_______|___________|___________|_____________|______________
___________________________________________________________________

                                           Банк операцияларының
                                         жекелеген түрлерiн жүзеге
                                          асыратын ұйымдарға төлем
                                           карточкаларын шығаруға
                                           лицензия беру, беруден
                                           бас тарту, тоқтата тұру
                                          және қайтарып алу туралы
                                           нұсқаулыққа 1-1-қосымша

       Ескерту: 1-1-қосымшамен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 93   қаулысымен

          Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге
        асыратын ұйымдарға төлем карточкаларын шығаруға
                           ЛИЦЕНЗИЯ

                               нөмiрi _____
                       берiлген күнi _____ жылғы "___"_____

      Осы лицензия Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi
Басқармасының __________ жылғы "___"__________ N __________
қаулысына сәйкес __________________________________________________
           (банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын
___________________________________________________________________
  ұйымның атауы және орналасқан жерi, мемлекеттiк тiркелген күнi
                             және нөмiрi)

берiлдi және төлем карточкаларын шығару құқығын бередi.
      Осы лицензияның шарттарынан туындайтын құқықтар үшiншi
тұлғаларға берiлмейдi.
      Осы лицензия бiр данада берiледi.

      Төрағаның орынбасары