Вагондар (контейнерлер) операторы қызметінің ережесін бекіту туралы

Көлік және коммуникациялар министрінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегі N 345-І бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 22 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3088

Қолданыстағы

     "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 17) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
     1. Қоса беріліп отырған Вагондар (контейнерлер) операторы қызметінің ережесі бекітілсін.
     2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Темір жол көлігі комитеті (Н.Т.Байдәулетов) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
     3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар бірінші вице-министрі Ю.И.Лавриненкоға жүктелсін.
     4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

     Министр

"Вагондар (контейнерлер) операторы
қызметінің ережесін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы Көлік және
коммуникациялар министрінің     
2004 жылғы 13 қыркүйектегі      
N 345-І бұйрығымен бекітілген    

Вагондар (контейнерлер) операторы
қызметінің ережесі

     Осы Вагондар (контейнерлер) операторы қызметінің ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Темір жол көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және темір жол көлігі саласындағы өзге нормативтік құқықтық кесімдерге сәйкес әзірленген, вагондар (контейнерлер) операторы қызметінің тәртібін белгілейді және оның тасымалдау процесіне қатысушылармен өзара қарым-қатынасын реттейді.

1. Вагондар (контейнерлер) операторының
қызмет ету тәртібі

     1. Вагондар (контейнерлер) операторының қызмет ету мақсаты жолаушыларды, багажды, жүкбагажын, почта жөнелтімдерін және/немесе жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру үшін вагондарды (контейнерлерді) уақытша пайдалануға ұсыну, сондай-ақ бірге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес темір жол көлігі саласында өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.

     2. Вагондар (контейнерлер) операторы тасымалдаушыларға және тасымалдау процесін өзге де қатысушыларына қызмет көрсетуі үшін вагондар (контейнерлер) операторының қызмет көрсету шарты (бұдан әрі - Шарт) негіз болып табылады, онда тараптардың негізгі шарттары, құқықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері көрсетіледі.

     3. Осы Ереженің 1-тармағында көрсетілген қызметті іске асыру кезінде вагондар (контейнерлер) операторы:
     1) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарын, Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Ережені басшылыққа алады;
     2) вагондар, контейнерлер паркін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2000 жылғы 17-ақпандағы N 109-I бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Темір жолдарын техникалық пайдалану ережесіне, басқа нормативтік құқықтық кесімдерге және Қазақстан Республикасының темір жол саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік техникалық кесімдерге сәйкес күтіп ұстайды;
     3) тасымалдау процесінің қатысушыларынан мыналарды талап ете алады:
     Шарттың мерзімі аяқталған соң өз вагондарының, контейнерлерінің дер кезінде қайтарылуын;
     Шарт күшінде болған кезеңде өз вагондарының, контейнерлерінің сақталуының қамтамасыз етілуін;
     Шарт талаптарын бұзудан туындаған, келтірілген материалдық залалдың өтелуін;
     Шарттық негізде өз вагондарының, контейнерлерінің орналасқан жері туралы дер кезінде ақпарат алуды.

     4. Вагондар (контейнерлер) операторы тасымалдау процесінің қатысушыларымен мынадай қарым-қатынаста болады:
     1) жүк жөнелтеушімен - Шарт негізінде, бұл ретте тасымалдау құжаттарында вагондар иесі ретінде көрсетіледі немесе көліктік экспедиция шарты негізінде, бұл ретте тасымалдау құжаттарында вагондар иесі немесе тасымалға төлемші ретінде көрсетіледі;
     2) тасымалдаушымен - Шарт негізінде, бұл ретте тасымалдау құжаттарында вагондар иесі ретінде көрсетіледі;
     3) магистралдық темір жол желісінің операторымен - шатр бойынша магистралдық темір жол желісі операторының ақпараттық жүйесін қолдану шарты негізінде.

2. Вагондар (контейнерлер) операторларының
төтенше жағдайлардағы іс-әрекеті

     5. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай пайда болған жағдайда, сондай-ақ елде төтенше жағдай енгізілген кезде:
     1) олардың құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің негізінде төтенше оқиға немесе төтенше жағдай уақытында вагондар (контейнерлер) операторының шарттық қатынастарының қолданысы тоқтатылуы мүмкін;
     2) вагондар (контейнерлер) операторына тиесілі вагондар, контейнерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және шарттарда арнайы немесе мемлекеттік жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға тартылуы мүмкін;
     3) төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттен туындаған вагондар (контейнерлер) операторының барлық шығыстары мен зияндары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көздерден және тәртіппен өтеледі;
     4) вагондар (контейнерлер) операторына шығыстар мен зияндарды өтеу жөніндегі өтемді бағалауды олар сот тәртібімен даулай алады.