Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 712-1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 5.3.2.10-тармағын іске асыру мақсатында бұйырамыз:
1. Қоса берілген Инновациялық (венчурлық) өндіріс жасау кезінде техника мен технологиялардың патенттік тазалығына сараптама жүргізу жөніндегі ереже бекітілсін.
2. Осы Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Ж.Қ.Асановқа және Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі Ә.Ө.Исекешевке жүктелсін.
3. Осы Бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
Қазақстан Республикасының
Индустрия және сауда министрі
Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2004 жылғы 9 сәуірдегі N 97
және Қазақстан Республикасы
Индустрия және сауда
министрінің 2004 жылғы
6 сәуірдегі N 80
"Инновациялық (венчурлық)
өндіріс жасау кезінде техника
мен технологиялардың патенттік
тазалығына сараптама жүргізу
жөніндегі ережені бекіту
туралы" бірлескен бұйрығымен
Бекітілген
Инновациялық (венчурлық) өндіріс жасау кезінде техника мен технологиялардың патенттік тазалығына сараптама жүргізу жөніндегі ереже 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Инновациялық (венчурлық) өндіріс жасау кезінде техника мен технологиялардың патенттік тазалығына сараптама жүргізу жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік объектілерінің азаматтық айналымға тартылуы кезінде құқықтық тәртіпті жетілдіру және инновациялық (венчурлық) өндірістердің тәуекелін төмендету мақсатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 712-1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді.
2. Сараптаманы техника мен технологиялар объектілерін әзірлеуші және/немесе техника мен технологияларды әзірлеу, жасау және пайдаланудың барлық сатыларында оны пайдаланатын шаруашылық субъекті жүргізе алады.
3. Осы Ереженің мақсатында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Патенттік тазалық - осы елде оның аумағында қолданылып жүрген үшінші тұлғаларға тиесілі қорғау құжаттарын бұзу қауіпінсіз еркін пайдаланылуы мүмкін болып табылатын техника объектісінің және өнеркәсіптік меншік объектілерінің құқықтық қасиеті;
2) Техника объектісі - шаруашылық қызметтің нәтижелері және/немесе құралдары: өнеркәсіптік өнім (машиналар, аспаптар, жабдықтар, материалдар), өнеркәсіптік өнімнің басқа түрлері, күрделі құрылыс объектілері, ғылыми-техникалық өнім, микроорганизмдердің штаммдары, химиялық процестерді қоса алғанда технологиялық процестер, биотехнологиялық, ауыл шаруашылық, медициналық препараттар, адамдар мен жануарларды емдеу тәсілдері;
3) Қорғау құжаты - мемлекеттің қорғауындағы өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, тауар таңбаларына және басқа өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды куәландыратын құжат;
4) Өнеркәсіптік меншік объектілері - өнертабыстар, өнеркәсіп үлгілері пайдалы модельдер, тауар таңбалары, тауар шығарылған жерлердің атаулары;
5) Шаруашылық субъект - шаруашылық қызметті өзінің атынан жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
6) Техникалық шешім - қозғалыс пен материяның физикалық және химиялық, биологиялық және басқа нысандарына негізделген материалдық құралдармен және әдістермен мәселені шешу;
7) Техникалық нәтиже - өнертабысты жүзеге асыру кезінде алынуы мүмкін техникалық эффект, қасиет, құбылыс сипаты;
8) Инновациялық қызмет - нәтижелері экономикалық өсу мен бәсекелестікке қабілеттілік үшін пайдаланылатын өндірістің және қоғамды басқарудың түрлі салаларына жаңа идеяларды, жаңа білімдерді, технологияларды және өнім түрлерін енгізуге бағытталған қызмет;
9) Венчурлық өндіріс - құрылуы мен енгізілуі белгілі бір экономикалық тәуекелмен байланысты жаңалықтың сынағы және пайдалануы үшін жасалатын өндіріс;
10) Патенттік тазалыққа сараптама - елімізде немесе бірнеше елдерде объектіге қатысы бар, қолданылып жүрген барлық қорғау құжаттарын іздеу, оларды талдау, сондай-ақ объектіні елімізде немесе бірнеше елдерде кедергісіз жүзеге асыруға ықпал ететін жағдайларды зерделеу болып табылатын патенттік зерттеулердің бір түрі.
2-тарау. Техника объектісінің және өнеркәсіптік меншік объектілерінің патенттік тазалыққа сараптамасы
4. Өнертабыстарға қатысты техника объектілерінің барлық санаттары (заттек, тәсіл, құрылғы) тексеріледі.
Пайдалы модельдерге қатысты заңнамаға сәйкес пайдалы модельдерге жатқызылуы мүмкін объекті санаттары тексеріледі.
Өнеркәсіп үлгілеріне қатысты тек қана құрылғылар, атап айтқанда олардың сыртқы түрі тексеріледі.
Тауар таңбаларына қатысты өнімнің өзінде, сондай-ақ оның қаптауында маркировкамен жабдықталған барлық өнімдер, сондай-ақ шаруашылық субъектісінің тауар таңбасы орналастырылған техникалық және қызметтік құжаттама тексеріледі.
5. Сараптама:
1) техниканың инновациялық объектілерін жасаған;
2) экспортқа арналған объектілерді экспорт елдеріне жеткізген (жекелеген жеткізулерді алмағанда);
3) егер осындай экспонатқа қою жарнама мақсатын және осы объектіні кейін сатуды көздесе объектілерді кез келген көрмелерде (жәрмеңкелерде) экспонатқа қойған;
4) құқықтарды шарт бойынша берген;
5) осы объектіні дайындауға техникалық құжаттарды берген жағдайда жүргізіледі.
6. Сараптама үш сатыдан тұрады:
Сараптаманың бірінші сатысы - алда күтілетін тексерістің бағдарламасын жасау, тексерілетін объектіні және оны патенттік тазалыққа тексеру шарттарын талдау, тексеріс әдістемесін таңдау, тексерісті жүргізуге қажетті барлық бастапқы мәліметтерді және материалдарды дайындау.
Сараптаманың екінші сатысы - тексерілетін объектіге қатысты қорғау құжаттарын іздестіру, оларды зерделеу, талдау.
Қорытынды сатысы - тексеріс жүргізілген барлық өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты осы техника объектісінің патенттік тазалығы туралы негізделген қорытындыларды дайындау, елімізде және шет елдерде пайдаланудың (сатудың) мүмкіндіктері туралы ұсынымдарды ол үшін қандай шараларды қолдану керек екенін көрсетіп жасау, сараптама нәтижелерін сарапшылық қорытындылар ретінде құжаттамалық ресімдеу.
3. Сараптаманың бірінші сатысы
7. Сараптаманың бірінші сатысы негізгі сегіз кезеңді қамтиды:
1) жағдайларды талдау және осы объект үшін тексеріс әдістемесін таңдау, тексеріс елдерін белгілеу;
2) тексеріс жүргізіліп отырған елдердің заңнамаларындағы сараптама әдістемесіне әсер ететін ерекшеліктерді зерделеу;
3) патенттік тазалыққа сараптама жасалуы тиіс техникалық шешімдерді және басқа элементтерді таңдау;
4) патенттік тазалыққа сараптама жасалуы тиіс жинақтауыш (сатып алынатын) бұйымдарды және шала фабрикаттарды таңдау;
5) патенттік тазалығына сараптама жүзеге асырылатын осы объектіге техникалық құжаттаманы белгілеу және таңдау;
6) патенттік тазалыққа тексерілуі тиіс барлық техникалық шешімдер мен басқа элементтер үшін сыныптамалық айдарларды белгілеу;
7) объектіге патенттік тазалығына сараптама жүргізілетін патенттік құжаттаманы таңдау;
8) сараптама бағдарламасын жасау және келісу.
&1. Осы объект үшін жағдайларды талдау
және сараптама әдістемесін таңдау,
тексеру елдерін белгілеу
8. Сараптаманы жүргізу кезінде:
1) сараптаманың мақсаты;
2) алда күтілетін жұмыстың негізгі бағыттары (жаңадан жасалатын объектінің патенттік тазалығын қамтамасыз ету немесе жасалған не шығарылатын объектінің патенттік тазалығын тексеру) белгіленеді;
3) осы объектінің патенттік тазалығы қамтамасыз етілуге немесе жүргізілуге тиіс елдер таңдалады;
4) таңдалған елдердің патенттік құжаттамасының (патенттік қорларының) Қазақстан Республикасындағы көлемі, сипаты (түрі) және олардың бар-жоғы анықталады.
9. Сараптама әдістемесі тексерілетін объектінің түріне (жаңа әзірлеу, экспорт объектісі, стандарт жобасы, жинақтап жеткізу объектісі, көрме экспонаты және т.с.) қатаң сәйкес келуге тиіс.
10. Осы объектінің патенттік тазалығына сараптама әдістемесін таңдау кезінде:
1) сараптама жүргізілетін елдер мен өнеркәсіптік меншік түрлерін;
2) сараптама кезеңдері мен сараптама көлемін;
3) тексерілуі тиіс техникалық шешімдердің (элементтердің) жалпы сипатын және шамадағы санын;
4) сараптама жүргізу үшін қажетті патенттік қорлар мен көмекші материалдарды;
5) осы объектіні әзірлеушіден басқа сараптамаға тартылатын тұлғаны;
6) сатылар мен кезеңдер бойынша жұмыстарды орындау мерзімдерін белгілеу және негіздеу қажет.
&2. Сараптама әдістемесіне әсер ететін
тексеру жүргізілетін елдердің заңнамалары
ерекшеліктерін зерделеу
11. Тексеріс әдістемесіне әсер етуі мүмкін және сараптаманың өзін жүргізу, оның нәтижелерін бағалау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және/немесе басқа елдерде объектіні сатуға мүмкіндігін бағалауға байланысты ұсынымдарды дайындау кезінде тексеру әдістемесіне әсер етуі мүмкін және ескерілуі қажет тиісті елдердің патент заңдарының ережелеріне талдау жасалады.
&3. Патенттік тазалығына сараптамаға
жататын техникалық шешімдерді және
басқа элементтерді таңдау
12. Тексерілетін объектіде пайдаланылған тиісті елдердің патенттік қорлары бойынша тексерілуі тиіс техникалық шешімдердің (элементтердің) толық тізбесі, сондай-ақ осы объекті үшін өзінің бұрыннан белгілі болуына байланысты мұндай тексеріске жатпайтын басқа да барлық маңызды техникалық шешімдердің тізбесі белгіленеді.
13. Тексеріске жататын техникалық шешімдер мен басқа элементтерді таңдау:
1) тексерілетін объектінің түрімен (санатымен), яғни ол құрылғыға, тәсілдерге немесе заттектерге жататыны;
2) объектінің сипатымен және ерекшеліктерімен - ол өзі жаңа немесе бұрын шығарылатын өнімді білдіретіні, жинақталып жеткізудің, лицензияның және т.б. объектісі болып табылатыны анықталып;
3) объектінің күрделілігімен, оның құрылымдық бөліктері мен элементтерінің санымен;
4) объектінің шығарылу, сату мүмкіндігі мен экспорт көлемімен;
5) объектінің, оның түйіндерінің, тетіктерінің және басқа да элементтерінің белгілі болу дәрежесімен және мерзімдерімен;
6) басқа жағдайлармен, оның ішінде патенттік қордың түрімен және көлемімен белгіленеді.
&4. Патенттік тазалығына сараптама жасалуы
тиіс жинақтауыш (сатып алынатын) бұйымдар мен
шала фабрикаттарды таңдау
14. Жинақтауыш (сатып алынатын) бұйымдар мен шала фабрикаттардың тізбесі белгіленеді, олардың патенттік тазалығы туралы жалпы мәліметтер объектінің патенттік тазалығын бағалау кезінде назарға алынуы тиіс.
&5. Патенттік тазалығына сараптама жүзеге
асырылатын осы объектінің техникалық
құжаттамасын белгілеу және іріктеп алу
15. Сараптама жасау үшін патенттік қорлар бойынша тексеру үшін таңдап алынған барлық техникалық шешімдер толық көрсетілген немесе сипатталған техникалық құжаттаманы іріктеп алу жүзеге асырылады.
&6. Патенттік тазалыққа тексеруге жататын
барлық техникалық шешімдер мен басқа элементтер
үшін жіктеме айдарларын белгілеу
16. Өнеркәсіптік меншіктің тиісті объектілерінің жіктеме айдарларының толық тізімі (1971 жылғы 24 наурызда Халықаралық патенттік жіктеме туралы Страсбург келісімімен қабылданған Халықаралық патенттік жіктеме, 1968 жылғы 8 қазанда Локарнода қол қойылған Өнеркәсіптік үлгілердің халықаралық жіктемесін құру туралы Локарно келісімімен қабылданған Өнеркәсіптік үлгілердің халықаралық жіктемесі, 1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде, 1977 жылғы 13 мамырда Женевада қайта қаралған және 1979 жылғы 28 қыркүйекте өзгертілген 1957 жылғы 15 маусымдағы таңбаларды тіркеу үшін Тауарлар мен қызметтердің халықаралық жіктемесі туралы Ницца к елісімімен қабылданған Тауарлар мен қызметтердің халықаралық жіктемесі) белгіленеді, оларға сәйкес патенттік тазалығы тексерілуі тиіс техникалық шешімдердің әрқайсысына қатысы бар қорғау құжаттарын іздестіру жүргізіледі.
&7. Объекттің патенттік тазалығына сараптама
жасалатын патенттік құжаттаманы таңдау
17. Әрбір ел үшін тексерілетін объектіге қатысты осы елде қолданылып жүрген барлық қорғау құжаттарымен танысуға мүмкіндік беретін патенттік құжаттаманың түрі белгіленеді.
18. Патенттік тазалыққа сараптама жасаудың қандай да бір кезеңінде пайдаланылатын патенттік құжаттаманың түрі осы кезеңнің мақсатына сәйкес белгіленеді, атап айтқанда:
1) тексерілетін объектіге қатысы болуы мүмкін қорғау құжаттарын алғашқы іздеу кезеңінде тек қана барлық қолданылып жүрген қорғау құжаттары туралы мәліметтерді қамтитын ресми көздер пайдаланылады;
2) оларды бұдан әрі зерттеу үшін қорғау құжаттарын жүйелеу және сұрыптау кезеңінде барынша нақты мәліметтерді (мысалы, патенттік ведомстволардың, жеке ақпараттық фирмалардың және ұйымдардың рефераттық басылымдары), сондай-ақ, егер қажет болса, қорғау құжаттарына өнертабыстардың сипаттамаларын қамтитын көздер пайдаланылады;
3) қорғау құжаттарын детальды талдау кезеңінде тек қана қорғау құжаттарына өнертабыстардың толық сипаттамалары пайдаланылады. Патенттік құжаттаманың басқа түрлері қосымша материалдар ретінде берілуі мүмкін.
&8. Сараптама бағдарламасын құру және келісу
19. Патенттік тазалықты тексеру туралы сарапшылық қорытындының бірінші бөлімі жасалады.
20. Объектінің патенттік тазалығын тексеру туралы сарапшылық қорытындының бірінші бөлімі:
1) кіріспе бөлімді;
2) объектінің шағын сипаттамасын;
3) патенттік қорлар бойынша тексерілуі тиіс техникалық шешімдердің тізбесін;
4) объектісі үшін маңызды бұрын белгілі болуына байланысты патенттік қорлар бойынша тексерілмеуі мүмкін техникалық шешімдердің тізбесін;
5) жинақтауыш бұйымдар тізбесі, алуға қажет патенттік тазалық туралы мәліметтерді қамтиды.
21. Кіріспе бөлім осы объектіні әзірлеген шаруашылық субъект туралы, оны әзірлеу уақыты туралы (әзірлеудің басталуы - техникалық тапсырманы бекіту күні, аяқталуы - объектіні дайындауға арналған техникалық құжаттаманы бекіту күні) мәліметтерді, дайындаушы туралы мәліметтерді қамтиды.
Тексеріс мақсаты, техниканың осы саласында алдыңғы қатарда келетін елдер және сараптама жүргізілетін елдер көрсетіледі. Өздеріне қатысты объект тексерілуі тиіс өнеркәсіптік меншік объектілері көрсетіледі.
22. Объектінің қысқаша сипаттамасына тексерілетін объекті туралы жалпы мәліметтермен қатар кейін патенттік формулярды толтыру үшін қажет кейбір қосымша мәліметтер енгізілуі тиіс:
1) қорғау құжаттарының бастапқы деректерді көрсете отырып объектіні жасау кезінде пайдаланылған ұлттық және шетелдік өнертабыстар (пайдалы модельдер, өнеркәсіп үлгілері) туралы деректер;
2) объектіні әзірлеу барысында жасалған өнертабыстар (пайдалы модельдер, өнеркәсіп үлгілері) туралы деректер;
3) осы объектіде қолданылған техникалық шешімдердің белгілі болған көздері, адамдардың шексіз тобының осы көздерге қол жеткізерлік дәрежесі.
23. Объектінің патенттік тазалыққа сараптамасын жүргізу бағдарламасы (сарапшылық қорытындының бірінші бөлімі) объектіні жалпы әзірлеуге жауапты лауазымды тұлғамен, сондай-ақ сараптаманы жүзеге асырып отырған тұлғамен келісілуі тиіс.
4-тарау. Объект сараптамасының екінші сатысы
24. Объектінің патенттік тазалығы туралы қорытындылар мынадай кезеңдерге негізделеді:
1) тексерілетін объектіге қатысы болуы мүмкін қорғау құжаттарын іздеу;
2) табылған қорғау құжаттарын жүйелеу, оларды алдын ала бағалау және бұдан әрі нақты зерттеуді талап ететін қорғау құжаттарын сұрыптау, олардың дұрыстығын тексеру;
3) таңдап алған қорғау құжаттарын нақты талдау (зерттеу);
4) ұқсас қорғау құжаттарын іздеу және оларды талдау;
5) техника объектісіне қатысты қорғау құжаттарының заңды берілуін тексеру.
&1. Тексерілетін объектіге
қатысты қорғау құжаттарын іздеу
25. Патенттік қорлар бойынша тексерілуі тиіс техникалық шешімдерге осы объектінің және басқа да элементтерге қатысы бар барлық қолданылып жүрген қорғау құжаттары объектісіне сараптама жүргізілетін елдердің патенттік қорларынан анықталып табылады.
26. Ізденіс ретроспективасы (тереңдігі) ұзарту мүмкіндігі ескеріле отырып осы елдегі қорғау құжаттарының қолданылу мерзімімен белгіленеді.
&2. Табылған қорғау құжаттарын жүйелеу, оларды
алдын ала бағалау және бұдан әрі нақты зерттеуді
талап ететін қорғау құжаттарын сұрыптау, олардың
жарамдылығын тексеру
27. Табылғандардың ішінен тексеріліп отырған объектіге қатысы бар қолданылып жүрген құжаттар талдау үшін және олардың бұзылуы мүмкін болуы туралы мәселені дәлелдеп шешу үшін сұрыпталады.
28. Қорғау құжаттары олардың сипаттамаларының толық мәтіндерімен танысу арқылы жүйеленеді және зерделенеді.
29. Табылған қорғау құжаттарына қатысты олардың құқықтық мәртебесі тексеріледі.
&3. Сұрыпталған қорғау құжаттарын
нақты талдау (зерттеу)
30. Қорғау құжатымен қорғалатын объекттің белгілері және тексерілетін техника объектісінің тиісті белгілерімен салыстырылып олардың жиынтығы айқындалады және оған талдау жасалады. Осы қорғау құжаты тексерілетін объектіге немесе оның бөлігіне қолданылатыны, яғни осы қорғау құжатының объектіге қолданатыны анықталады.
&4. Ұқсас қорғау құжаттарын іздеу, оларды талдау
31. Тексерілетін объект сараптама жүргізілген елдердегі бір немесе бірнеше қорғау құжаттарының қолданысына жатса, аталғандардан басқа тағы қандай басқа елдерде өнеркәсіптік меншіктің осындай (ұқсас) объектілеріне берілген қолданылып жүрген қорғау құжаттарының бар-жоғы анықталады, сонымен осы объект патенттік тазалыққа ие болмайтын елдердің неғұрлым тұтас тобы анықталады.
&5. Техника объектісіне қатысты қорғау
құжаттарының заңды берілуін тексеру
32. Тексерілетін объектіге қатысы бар қолданылып жүрген қорғау құжатына наразылық білдіру немесе дауласу, оның күшін жою тиісті елдің патенттік заңнамасында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп тану немесе қорғау көлемін шектеу мүмкіндігі анықталады.
5-тарау. Сараптаманың қорытынды сатысы
33. Техника объектілеріне сараптаманың қорытынды сатысы мынадай кезеңдерден тұрады:
1) әрбір елге қатысты патенттік тазалық (немесе оның болмауы) туралы қорытындыларды тұжырымдау;
2) осы объектіні елімізде және шетелде пайдалану (сату) мүмкіндіктері туралы ұсынымдарды дайындау;
3) объектіні патенттік тазалыққа сараптау жөнінде жүргізілген жұмысты құжаттамалық ресімдеу.
&1. Елдердің әрқайсысына қатысты патенттік
тазалығы (немесе оның болмауы) туралы
қорытындыларды тұжырымдау
34. Алдыңғы кезеңдердің әрқайсысы бойынша барлық өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша объектінің патенттік тазалығы туралы және оған сараптама жасалған барлық елдерге қатысты негізделген соңғы қорытындылар дайындалады.
35. Оны тексеру барысында табылған өнеркәсіптік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын талдау нәтижелері объектінің соңғы қорытындысы үшін негіздеме болып табылады.
36. Осы елге қатысты мынадай жағдайларда:
1) сараптау кезінде жалпы объектіге, оның түйіндеріне, тетіктеріне, құрама бөліктеріне және басқа элементтеріне қатысты бірде-бір қолданылып жүрген қорғау құжаты анықталмағанда;
2) жоғарыда аталған қорғау құжаттары табылғанда, бірақ оларды талдау олар осы объектіге және оның элементтеріне қолданылмайтыны көрсетілген объекттің патенттік тазалығы бар деп саналады.
&2. Елімізде және шет елдерде осы
объектіні пайдалану (сату) мүмкіндіктері
туралы ұсынымдарды дайындау
37. Егер объекттің бір немесе бірнеше елге қатысты патенттік тазалығы болмаса тексеріліп отырған объектіге қатысты қорғау құжаттары қолданылатын елдерде объектіні пайдалану мүмкіндігі үшін қабылдануы тиіс шаралар туралы ұсынымдар беру қажет.
38. Көрсетілген шаралардың ішінде:
1) алғашқы пайдалану (кейін пайдалану) құқықтарын қолдану мүмкіндігін;
2) тексеретін объектіге қатысты қорғау құжатын айналып өту мүмкіндігін;
3) қорғау құжатына наразылық немесе дауласу мүмкіндігін;
4) объектіні оның жеке элементтеріне қатысты патенттік тазалығы болмаған кезде пайдалану мүмкіндігін;
5) қорғау құжатын пайдалану құқығына лицензиялық шартты бекіту қажеттілігін қарау қажет.
&3. Объектінің патенттік тазалыққа
сараптамасы нәтижелерін құжаттамалық ресімдеу
39. Сараптама нәтижелері сарапшылық қорытындылар түрінде құжаттап ресімделеді.
6-тарау. Патенттік тазалыққа сараптама ерекшеліктері
40. Инновациялық (венчурлық) өндірістердің мынадай объектілерін:
1) ғылыми-зерттеу жұмыстарын;
2) объектіні әзірлеу немесе оны маңызды түрде жетілдірілуін;
3) лицензиялық шарттар объектілерін;
4) Қазақстан Республикасының аумағында құрылысы салынатын объектілерді;
5) көрме экспонаттарын;
6) техникалық жағдайларды және фирмалық стандарттарды жасау кезінде патенттік тазалыққа сараптама жасаудың өз ерекшеліктері бар.
&1. Ғылыми-зерттеу жұмыстары
41. Ғылыми-зерттеу жұмыстарында өздерінің негізінде құрылғы, тәсіл немесе заттек әзірлеу болжанып отырған нақты техникалық шешімдердің бар-жоғы тексеріледі.
42. Гуманитарлық сипаттағы жұмыстар (тарих, әдебиет, әлеуметтік ғылымдар және т.с. салалардағы зерттеулер), жағрафиялық зерттеулер, математикалық ғылымдар саласындағы жұмыстар және нақты техникалық нәтижемен аяқталмайтын барлық басқа зерттеулер, сондай-ақ белгілі бір аудан, массив, алап және т.с. үшін ғана маңызды жергілікті мәселелерді зерттеуге бағытталған жұмыстар сараптауға жатпайды.
43. Бүгінгі таңда патенттік қорғауға жатпайтын есеп айырысу, жобалау және барлық басқа есеп айырысу әдістерінің теориялық негіздерін әзірлеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары тексеруді талап етпейді. Нақты құрылғыларды, тәсілдерді немесе заттарды жасаумен көзге көрінетін осы нәтижелердің практикалық қолданылуын тексеру қажет. Материалдық әлемнің "жаңалық" деген ұғымға жататын бұрын белгілі болмаған заңдылықтары мен құбылыстарын ашуға бағытталған іргелі зерттеулер патенттік тазалыққа тексерілмейді. Өздерінің негізінде жаңа технологиялық процестер, өлшеу әдістері, жаңа құрылғылар немесе заттектер әзірленуі мүмкін жаңалықтарды пайдаланудың нақты тәсілдері тексерілуі тиіс.
44. Қазақстан Республикасына және ғылым мен техниканың тиісті саласында алдыңғы қатарда келетін елдерге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері патенттік тазалыққа тексерілуі тиіс.
&2. Объектіні әзірлеу немесе
оны маңызды түрде жетілдіру
45. Жаңадан әзірленіп отырған немесе маңызды түрде жетілдіріліп отырған машиналар, аспаптар, жабдықтар, материалдар және технологиялық процестер сараптауға жатады.
46. Барлық жаңадан әзірленіп отырған объектілер өнертабыстарға қатысты патенттік тазалыққа, ал құрылғылар, бұдан басқа, сондай-ақ өнеркәсіп үлгілеріне қатысты тексерілуі тиіс.
&3. Лицензиялық шарттар объектілері
47. Лицензиялық шарттардың және зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды басқаға беру шарттарының жобалары, оның ішінде:
1) қорғау құжаттарымен қорғалмаған (патентсіз лицензиялық шарттар) "ноу-хауға" және басқа ғылыми-техникалық жетістіктерге;
2) қорғау құжаттарымен қорғалған (патентті лицензиялық шарттар) өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіп үлгілеріне;
3) қорғау құжаттарымен қорғалмаған ғылыми-техникалық жетістіктермен ("ноу-хау", "инжиниринг" түріндегі қызметтер және т.б.) бірге қорғалған өнертабыстарға (пайдалы модельдерге, өнеркәсіп үлгілеріне) (лицензиялық комплект) патенттік тазалыққа тексерілуі тиіс.
48. Барлық жағдайларда лицензиялық шарттар объектісін патенттік тазалыққа сараптау (оның ішінде лицензиатқа берілген техникалық құжаттама бойынша шығарылған өнімнің де) Қазақстан Республикасының және лицензиялық шарт бойынша құқықтардың берілуі болжанып отырған елдердің аумағына қатысты жүргізіледі.
Одан басқа:
1) лицензиатқа берілген техникалық құжаттама бойынша шығарылған өнімнің - лицензиялық шарт бойынша дайындалған осындай өнімді жеткізу мүмкін елдерге қатысты;
2) осы өнімді дайындау технологиясының - патенттік заңнама бойынша немесе сот практикасына сәйкес өнімдерді жанама қорғауы бар елдерге қатысты патенттік тазалық тексерілуі тиіс.
49. Егер құрылғыларды лицензиялық шарт бойынша сату жүзеге асырылатын елде (елдерде) өнеркәсіптік меншіктің осы түріне қорғау көзделсе өнертабыстарға, өнеркәсіп үлгілеріне, сондай-ақ пайдалы модельдерге қатысты құрылғыларға арналған лицензиялық шарттар тексеріледі. Тауар таңбасына қатысты тексеріс тек лицензиялық шартқа тиісті елдерде тіркелмеген тауар таңбасы немесе лицензиялық өнімнің арнайы атауы кірсе ғана жүргізіледі.
50. Патентсіз лицензиялық шарттарда осы объекті үшін барлық маңызды техникалық шешімдер, сондай-ақ лицензиатқа берілетін техникалық құжаттама бойынша дайындалатын немесе лицензиар жеткізетін барлық түйіндер, тетіктер, шала фабрикаттар және жинақтауыш бұйымдар патенттік тазалыққа тексеріледі.
&4. Қазақстан Республикасының аумағында
құрылысы салынатын объектілер
51. Қазақстан Республикасының аумағында жобаланатын және құрылысы салынатын объектілер - кәсіпорындар, электростанциялар, телеорталықтар, темір жолдар, электр беру желілері, газ- және мұнайқұбырлары мен күрделі құрылыстың барлық басқа объектілері Қазақстан Республикасына қатысты патенттік тазалыққа ие болуы тиіс, яғни Қазақстан Республикасында берілген және күші жойылмаған өнеркәсіптік меншік объектілеріне берілген қорғау құжаттарының қолдану аясына жатпауы тиіс.
&5. Көрме экспонаттары
52. Көрме экспонаттарының сараптамасы:
1) сараптаманың дұрыс әдістемесін таңдау үшін көрме немесе жәрмеңке түрін және орнын бағалау қажеттілігін;
2) экспонаттың сипатына (натурадағы бұйым, макет, сызбалар мен фотосуреттер және т.с.), стенд және жарнама материалдарының мазмұнына және басқа жағдайларға байланысты тексерілуі тиіс элементтерді белгілеуді;
3) экспонаттың және оған қоса берілетін жарнамалық материалдардың өнеркәсіптік меншік объектілеріне қатысты патенттік тазалығын қамтамасыз ету.