Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасы Төрағасының 2004 жылғы 16 ақпандағы N 32 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 18 наурызда тіркелді. Тіркеу N 2750

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының орталық депозитарийі туралы, Қазақстан Республикасында бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін жүргізу туралы, Қазақстан Республикасындағы кастодиандық қызмет туралы ережелерді бекіту туралы" 1996 жылғы 29 шілдедегі N 944 қаулысының  күші жойылған күннен бастап күшіне енеді.
      3. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (Шалғымбаева Г.Н.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан Тізілім ұстаушылар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне, орталық депозитарийге және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
      4. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасының осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауды қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасының    
Қаржы нарығын және қаржы     
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөніндегі агенттігі Басқармасының
"Бағалы қағаздарды ұстаушылар 
тізілімдерінің жүйесін жүргізу
ережесін бекіту туралы"    
2004 жылғы 16 ақпандағы    
N 32 қаулысымен       
бекітілген          

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін
жүргізу ережесі

      Осы Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) " Бағалы қағаздар рыногы туралы " және " Акционерлік қоғамдар туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін (бұдан әрі - тізілімдер жүйесі) құрайтын құжаттардың тізбесін, тізілімдер жүйесін қалыптастыру, сақтау және жүргізу тәртібін, тізілімдер жүйесіндегі жеке шоттан жасалатын үзінді көшірмелердің нысанын және мазмұнын белгілейді, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлердің тізіміне енгізілетін мәліметтерді айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) ортақ өкілдің жеке шоты - ортақ меншікке қатысушыларының ортақ өкіліне ашылған жеке шот, ол бойынша меншіктеу құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі бағалы қағаздарды есепке алу жүзеге асырылады;
      2) эмитенттің сатып алынған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шоты - эмитентке тізілімдер жүйесінде ашылған, қайталама бағалы қағаздар рыногында эмитент сатып алған эмиссиялық бағалы қағаздарды есепке алу жүзеге асырылатын жеке шот;
      3) эмитенттің жарияланған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шоты - эмитентке тізілімдер жүйесінде ашылған, орналастырылмаған эмиссиялық бағалы қағаздарды есепке алу жүзеге асырылатын жеке шот;
      4) тізілімдер жүйесіндегі операция - тіркеушінің тізілімдер жүйесіне деректер енгізу немесе оларды өзгерту және (немесе) тізілімдер жүйесінен ақпарат дайындау және беру нәтижесі болып табылатын іс-әрекеттерінің жиынтығы;
      5) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі - белгілі бір күнге бағалы қағаздарды ұстаушылар туралы және осы ұстаушыларды бірегейлендіруге мүмкіндік жасайтын мәліметтердің жиынтығы, сондай-ақ оларға тиесілі бағалы қағаздардың түрі және саны.

      2. Тіркеуші жұмыс күні ішінде бағалы қағаздарды ұстаушыларды, эмитенттерді және олардың өкілдерін бұйрықтар беру және тізілімдер жүйесінен ақпарат алу мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.

2-тарау. Тізілімдер жүйесін қалыптастыру

      3. Тіркеушінің тізілімдер жүйесін қалыптастыру жөніндегі іс-әрекеттері эмитенттің және бағалы қағаздарды ұстаушының тізілімдер жүйесіне берген мәліметтерді қабылдаудан, тексеруден, өңдеуден және енгізуден тұрады.

      4. Тізілімдер жүйесін мынадай құжаттар құрайды:
      1) операцияларды жүргізуге бұйрықтар;
      2) бұйрықтардың орындалуы туралы есептер;
      3) бұйрықтарды орындаудан бас тартулар;
      4) негізінде тізілімдер жүйесінде операциялар жүргізілген өзге құжаттар;
      5) эмитенттен (бұрынғы тіркеушіден) тіркеуші алған және тіркеуші шартты қолдану мерзімінде эмитентке жіберген құжаттар;
      6) операцияларды тіркеу журналы;
      7) келіп түскен құжаттарды тіркеу журналы;
      8) эмитенттердің және тіркелген тұлғалардың бұйрықтарын есепке алу журналы;
      9) сенімхаттарды есепке алу журналы;
      10) жіберілген құжаттарды тіркеу журналы;
      11) мұрағатты жүргізу журналы.

      5. Тізілімдер жүйесінде:
      1) эмитент және эмитенттің бағалы қағаздар шығарылымдары туралы;
      2) тіркелген тұлғалар, олардың жеке шоттарының нөмірлері, бағалы қағаздарды ұстаушылар және олардың өкілдері туралы;
      3) жеке шоттарда есепке алынған бағалы қағаздардың түрі, саны, ұлттық бірегейлендіру нөмірі туралы;
      4) тізілімдер жүйесінде жүргізілген операциялар және оларды жүргізу негіздері туралы;
      5) тізілімдер жүйесін құрайтын құжаттарды қабылдау және өткізу туралы мәліметтер болады.

      6. Тізілімдер жүйесінде эмитент туралы мынадай мәліметтер болады:
      1) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі толық және қысқаша атауы;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) жүзеге асырған мемлекеттік органның атауы, сондай-ақ эмитенттің мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі және күні;
      3) орналасқан жері, почталық мекен-жайы;
      4) телефон, факс және басқа байланыс құралдарының нөмірлері;
      5) эмитенттің атқарушы органы басшысының және бас бухгалтерінің аты-жөні;
      6) салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      7) кәсіпорындардың және ұйымдардың жалпы жіктеуіш коды.

      7. Тізілімдер жүйесінде эмитенттің бағалы қағаздары туралы мынадай мәліметтер болады:
      1) бағалы қағаздардың шығарылымы мемлекеттік тіркелген күн және бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған тіркеуші органның атауы;
      2) бағалы қағаздардың түрі, ұлттық бірегейлендіру нөмірі, шығару нысаны, оның ішінде бағалы қағаздарды айырбастау туралы ақпарат;
      3) жарияланған бағалы қағаздардың саны;
      4) орналастырылған бағалы қағаздардың саны;
      5) облигациялардың номиналдық құны;
      6) облигациялардың айналыс мерзімі және оларды өтеу күні.

      8. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі шартты (бұдан әрі - шарт) жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмитент ұсынған құжаттар негізінде тіркеуші тізілімдер жүйесіне эмитент туралы мәліметтерді енгізеді және оған жарияланған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шот және сатып алынған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шот ашады.

      9. Эмиссиялық бағалы қағаздарды эмитенттің жарияланған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шотына есепке алуды тіркеуші эмиссиялық бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі және бағалы қағаздар шығарылымы проспектісінің көшірмесі негізінде жүзеге асырады.

      10. Жеке тұлғаға тізілімдер жүйесінде жеке шот ашуды тіркеуші жеке шот ашуға берілген бұйрық және жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат негізінде жүзеге асырады.

      11. Заңды тұлғаға жеке шот ашуды тіркеуші мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырады:
      1) жеке шот ашуға бұйрық;
      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
      3) статистикалық карточканың көшірмесі;
      4) заңды тұлғаның бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу үшін, сондай-ақ жеке шоттан үзінді-көшірме және өзге ақпарат алу үшін тіркеушіге ұсынылған құжаттарға қол қоюға құқығы бар өкілдерінің қол қою үлгілерінің мөр басылған, нотариат куәландырған карточка.

      12. Бағалы қағаздарды ұстаушының өкіліне жеке шот ашылған жағдайда тіркеушіге өкілдің атына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресімделген сенімхат ұсынылады.

      13. Осы Ереженің 10, 11-тармақтарының талаптары тізілімдер жүйесін қалыптастыру кезінде жаңа тіркеуші эмитенттен немесе бұрынғы тіркеуші тізілімдер жүйесін қалыптастыру үшін қажетті құжаттарды қабылдаған жағдайда, сондай-ақ тіркеуші соттың орындау парағын орындау кезінде қолданылмайды.

      14. Егер бағалы қағаздарды меншіктеу құқығы бірнеше тұлғаға тиесілі болса, тізілімдер жүйесіндегі жеке шот олардың ортақ өкілінің жеке шот ашуға бұйрығы негізінде ортақ меншіктің барлық қатысушыларының оны сайлау туралы жазбаша келісімін қоса бере отырып ашылады.

      15. Жеке шотты ашуға бұйрыққа заңды тұлғаның өкілі (жеке тұлға немесе оның өкілі) қол қояды және мынадай мәліметтер болады:
      1) заңды тұлғаның атауы (жеке тұлғаның аты-жөні);
      2) жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы және деректемелері;
      3) жеке тұлғаның туған күні;
      4) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің күні және нөмірі;
      5) заңды тұлғаның орналасқан жері (жеке тұлғаның тұрғылықты жері), почталық мекен-жайы;
      6) салық төлеушінің тіркеу нөмірі.

      16. Эмитентті, орталық депозитарийді және ортақ меншік қатысушыларының ортақ өкілін қоспағанда, тіркелген тұлғаның тізілімдер жүйесінде бір жеке шоты болады.

      17. Тіркеуші жеке шотқа жеке нөмір береді. Жеке шотта:
      1) жеке шотты ашуға бұйрыққа сәйкес тіркелген тұлға;
      2) бағалы қағаздардың саны, түрі және ұлттық бірегейлендіру нөмірі;
      3) жүк артылған бағалы қағаздардың саны;
      4) оқшауланған бағалы қағаздардың саны;
      5) осы жеке шот бойынша жүргізілген операциялар;
      6) сенімгерлік басқарушы туралы мәліметтер болады.

      18. Нақтылы ұстауға берілген бағалы қағаздарды есепке алу жүргізілетін орталық депозитарийдің жеке шотында осы Ереженің 17-тармағының 3), 4), 6) тармақшаларында көрсетілген ақпарат көрсетілмейді.

      19. Жеке шотта жеке шот бойынша жүргізілген операциялар туралы мынадай ақпарат көрсетіледі:
      1) операцияның түрі;
      2) оны жүргізілген күн және уақыты;
      3) операцияны жүргізудің негізі;
      4) операцияға қатысқан жеке шоттардың нөмірлері;
      5) оларға қатысты операция жүргізілген бағалы қағаздардың саны, түрі, ұлттық бірегейлендіру нөмірі.

3-тарау. Тізілімдер жүйесін жүргізу

      20. Тізілімдер жүйесін жүргізу электрондық нысанда жазбалар жүргізу арқылы және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда құжаттандырылған нысанда жүзеге асырылады.

      21. Тіркеуші тізілімдер жүйесінде операциялардың мынадай түрлерін жүзеге асырады:
      1) жеке шоттар бойынша операциялар;
      2) ақпараттық операциялар.

      22. Жеке шоттар операциялар бойынша операцияларға мыналар жатады:
      1) жеке шот ашу;
      2) тіркелген тұлға туралы мәліметтерді өзгерту;
      3) бағалы қағаздарды бір жеке шоттар басқа жеке шотқа аудару;
      4) бағалы қағаздарға жүк арту және жүк артуды алып тастау;
      5) бағалы қағаздарды оқшаулау және бағалы қағаздарды оқшаулауды алып тастау;
      6) бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару және бағалы қағаздарды сенімгерлік басқаруды тоқтату туралы жазбалар енгізу;
      7) акциялар шығарылымын жою.

      23. Ақпараттық операцияларға мыналар жатады:
      1) белгілі бір күнге және уақытқа бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасау және беру;
      2) жеке шоттан үзінді-көшірмелер жасау және беру;
      3) есептер, хабарламалар және анықтамалар дайындау және беру.

      24. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу туралы бұйрықта мынадай мәліметтер болады:
      1) бұйрықтың нөмірі және күні;
      2) бағалы қағаздар эмитентінің атауы;
      3) мәмілеге қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
      4) мәмілеге қатысқан тұлғалардың жеке шоттарының нөмірлері;
      5) бағалы қағаздардың түрі, ұлттық бірегейлендіру нөмірі;
      6) операция жүргізуге арналған бағалы қағаздардың саны;
      7) бағалы қағаздарға қатысты белгілі бір іс-әрекеттер жасауға нұсқау;
      8) бағалы қағаздар бойынша құқықтарға қатысты мәліметтер.
      Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу туралы бұйрыққа мәмілеге қатысқан тұлға немесе оның өкілі қол қояды, егер мәміленің тарабы заңды тұлға болып табылса мөрмен бекітіледі.

      25. Ортақ меншік қатысушыларының ортақ өкілінің жеке шоты бойынша операциялар жүргізілген жағдайда тіркеушіге ортақ меншіктің барлық қатысушыларының операция жүргізуге жазбаша келісімі ұсынылады.

      26. Жеке шоттар бойынша операция жүргізу кезінде тіркеуші бұйрықтардағы қолдардың заңды тұлғаның өкілдерінің қолдары үлгілерінің карточкасында немесе мәміленің тарабы болып табылатын жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген қолдарға сәйкестігін салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      27. Осы Ереженің 13-тармағына сәйкес ашылған жеке шот бойынша осы Ереженің 22-тармағының 2)-4), 6) тармақшаларында көрсетілген операциялар (мұраға қалдырған немесе заңды тұлға таратылған кезде бағалы қағаздар бойынша меншік құқығы өткен жағдайда бағалы қағаздарды бір жеке шоттан басқа жеке шотқа аударуды қоспағанда) тіркелген тұлға осы Ереженің 10, 11-тармақтарында белгіленген құжаттарды тіркеушіге бергенге дейін жүргізілмейді.

      28. Жеке шоттағы тіркелген тұлға туралы мәліметтерді өзгерту операциясын тіркеуші көрсетілген тұлғаның ол туралы мәліметтерді өзгертуге бұйрығы және осы өзгерістерді растайтын құжаттар негізінде жүргізеді.

      29. Бағалы қағаздарды бір жеке шоттан басқа жеке шотқа аударуды тіркеуші эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу туралы қарама-қарсы бұйрықтарды және осы Ережеге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы операцияны жүргізу үшін қажетті құжаттарды алған кезде жүргізеді.

      30. Бағалы қағаздарды мұраға қалдырған жағдайда тіркеуші эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу туралы бұйрықтар, мұраға қалдыру құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және тізілімдер жүйесінде мұрагердің жеке шоты болмаған жағдайда осы Ереженің 10, 11-тармақтарында көрсетілген құжаттар негізінде бағалы қағаздарды бір жеке шоттан басқа жеке шотқа аударуды жүргізеді.

      31. Бағалы қағаздарды ұстаушының міндеттемесіне байланысты бағалы қағаздар бойынша құқықтарды шектеуді тіркеуші бағалы қағаздарына жүк артылған бағалы қағаздарды ұстаушының және пайдасына оларға жүк арту жүргізілетін тіркелген тұлғаның жүк арту туралы қарама-қарсы бұйрықтары негізінде жүк арту операцияларын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
      Тіркеуші тізілімдер жүйесіндегі бағалы қағаздарға жүк артуды алып тастау операциясын мәмілеге қатысқан тұлғалардың жүк артуды алып тастау туралы қарама-қарсы бұйрықтары негізінде жүргізеді.

      32. Бағалы қағаздарды оқшаулау және оқшаулауды алып тастау жөніндегі операцияларды тіркеуші тізілімдер жүйесінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай құқықты иеленген мемлекеттік органдардың актілері негізінде жүргізеді.

      33. Жеке шотқа бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару туралы жазбаны енгізу жөніндегі операцияны тіркеуші сенімгерлік басқару құрылтайшысының және сенімді басқарушының бағалы қағаздарды сенімгерлік басқаруға беру туралы қарама-қарсы бұйрықтары негізінде жүргізеді. Бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару туралы жазбаларды жоюды тіркеуші сенімгерлік басқарушы - азаматтың қайтыс болуына, ол қайтыс болды деп жариялануға, ол әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі, хабарсыз жоғалып кетті деп танылуға; сенімді басқарушы - заңды тұлғаның таратылуына байланысты мүлікті сенімгерлік басқару шарты тоқтатылған жағдайды қоспағанда, құрылтайшы сенімгерлік басқаруға және сенімгерлік басқарушыға берген бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару тоқтатылғаны туралы қарсы бұйрықтың негізінде жүргізеді.

      34. Акциялар шығарылымын жою операциясын тіркеуші уәкілетті органның акциялар шығарылымын жою туралы хабарламасын алғаннан кейін жүргізеді. Акциялар шығарылымын жою операциясын жүргізу тәртібі өзін-өзі реттейтін ұйымның ережесімен белгіленеді.

      35. Облигацияларды өтеу кезінде тіркеуші облигацияларды оларды ұстаушылардың жеке шотынан эмитенттің сатып алынған бағалы қағаздарды есепке алу жөніндегі жеке шотына аудару операциясын эмитенттің оның облигациялар бойынша міндеттемелерін орындауын растайтын хабарламасы негізінде жүргізеді.

      36. Ақпараттық операцияны жүргізуді тіркеуші эмитенттің жазбаша өкімі немесе тіркелген тұлғаның бұйрығы негізінде жүзеге асырады.

      37. Осы Ереженің 28, 31, 33, 36-тармақтарында көрсетілген бұйрықтардың нысаны және мазмұны өзін-өзі реттейтін ұйымның ережелерімен белгіленеді.

      38. Бағалы қағаздар бойынша кірістерді есептеуге арналған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасауды, акционерлердің жалпы жиналысын өткізуді, акциялардың он және одан көп (халықтық қоғамда бес және одан көп) процентін иеленген ұстаушылар туралы анықтамаларды дайындауды тіркеуші эмитенттің өкімінде көрсетілген күннің басында (00 сағат 00 минут) жүзеге асырады. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасаудың өзге жағдайларында және (немесе) тізілімдер жүйесінен кез келген басқа ақпаратты дайындауды тіркеуші эмитенттің өкімінде көрсетілген күні және уақытта жүзеге асырады.
      Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасау немесе жеке шоттан үзінді-көшірме жасау кезінде, сондай-ақ тізілімдер жүйесінен өзге ақпаратты берген кезде тіркеушінің бас офисі орналасқан сағаттық белдеудің уақыты қолданылады.

      39. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде (акционерлердің тізімінде) мынадай мәліметтер болады:
      1) эмитенттің мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      2) жарияланған бағалы қағаздардың саны;
      3) орналастырылған бағалы қағаздардың саны;
      4) эмитент сатып алған бағалы қағаздардың саны;
      5) бағалы қағаздардың түрі және ұлттық бірегейлендіру нөмірі;
      6) бағалы қағаздарды ұстаушының заңды тұлғасының атауы (жеке тұлғаның аты-жөні);
      7) бағалы қағаздарды ұстаушы болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі және күні (жеке тұлғаның және жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы және деректемелері);
      8) жүк артылған және (немесе) оқшауланған бағалы қағаздардың санын көрсете отырып бағалы қағаздарды ұстаушының жеке шотындағы бағалы қағаздардың саны;
      9) тіркеушінің атауы, бағалы қағаздар рыногындағы кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының нөмірі, оның нақты мекен-жайы, телефоны, факсы;
      10) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі (акционерлердің тізімі) жасалған күн және уақыт.
      Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізіліміне (акционерлердің тізіміне) тіркеушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы тұлға қол қояды және мөрмен бекітіледі.

      40. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінде (акционерлердің тізімінде) эмитенттің өкіміне сәйкес бағалы қағаздар рыногында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, осы Ереженің 39-тармағында аталғандардан басқа өзге мәліметтер болады.

      41. Бағалы қағаздарды ұстаушының жеке шотынан үзінді-көшірмеде мынадай мәліметтер болады:
      1) жеке шоттың нөмірі;
      2) бағалы қағаздарды ұстаушының заңды тұлғасының атауы (жеке тұлғаның аты-жөні);
      3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі және күні (жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы және деректемелері);
      4) эмитенттің атауы және орналасқан жері;
      5) бағалы қағаздардың түрі және ұлттық бірегейлендіру нөмірі;
      6) облигацияларды өтеу күні;
      7) жүк артылған және (немесе) оқшауланған бағалы қағаздардың санын көрсете отырып бағалы қағаздардың белгілі бір түрінің саны;
      8) бағалы қағаздарды ұстаушыға тиесілі бағалы қағаздар санының эмитенттің орналастырылған (дауыс беретін) бағалы қағаздарының санына арақатысы;
      9) тіркеушінің атауы, бағалы қағаздар рыногындағы кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының нөмірі, оның заңды мекен-жайы, телефоны, факсы;
      10) жеке шоттан үзінді-көшірме қалыптастырылған уақыт және күн.
      Жеке шоттан үзінді-көшірмеге тіркеушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы тұлға қол қояды және мөрмен бекітіледі.

      42. Тіркеуші жеке шоттан үзінді-көшірме жасаған кезде орталық депозитарийден және эмитенттен оны жасау үшін қажетті ақпаратты сұратады. Орталық депозитарий және (немесе) эмитент жеке шоттан үзінді-көшірме жасау үшін қажетті ақпаратты бермеген немесе оларда осындай ақпарат болмаған жағдайда тіркеуші жеке шоттан үзінді-көшірмеге оның тізілімдер жүйесін құрайтын құжаттар негізінде жасалғаны туралы жазба енгізеді.

      43. Тізілімдер жүйесіндегі операциялар жүргізу мерзімі тіркеуші немесе тіркеушіге трансфер-агенттік қызметтер көрсететін ұйым ұсынған құжаттар тіркелген сәттен бастап есептеледі.

      44. Тіркеуші жеке шот бойынша операцияны үш күнтізбелік күн ішінде жүргізеді. Тіркеуші жеке шоттан үзінді-көшірме жасау және беру жөніндегі ақпараттық операцияны бес күнтізбелік күн ішінде жүргізеді.

      45. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кірістер төлеу үшін бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасауды және беруді тіркеуші эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кірістер төленген күннің алдындағы күні жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырады.

      46. Өткен күнге бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін (акционерлердің тізімін) жасауды тіркеуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай құқықты иеленген тұлғадан жазбаша сұрату алған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырады.

      47. Тіркеуші бұйрықты орындаудан бас тартуды бұйрықта алған сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде бағалы қағаздарды ұстаушыға жібереді. Бұйрықты орындаудан бас тартуды тіркеуші бас тартудың себебін көрсете отырып жазбаша нысанда жасайды және тіркеушінің басшысы немесе оның орнындағы тұлға қол қояды.

4-тарау. Тіркеушінің құжат айналымы. Тізілімдер жүйесін
құрайтын құжаттарды және электрондық деректерді сақтау

      48. Тіркеушіге келіп түскен құжаттар келіп түскен құжаттарды, эмитенттердің және тіркелген тұлғалардың бұйрықтарын есепке алуды, сенімхаттарды есепке алуды тіркеу журналдарында тіркеледі. Тіркеуші құжатты қабылдағаннан кейін өтініш білдірген тұлғаға қабылдаған күнін (уақытын) және құжатты қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырған тіркеушінің қызметкерінің аты-жөнін көрсете отырып оны қабылдау фактісін растайтын құжат береді.

      49. Тіркеуші берген құжаттар жіберілетін құжаттарды тіркеу журналында тіркеледі.

      50. Тізілімдер жүйесіндегі кез келген өзгеріс операцияларды тіркеу журналында тіркеледі.

      51. Орындалуы туралы белгісі бар құжаттар тіркеушінің мұрағатына өткізіледі, олар мұрағат жүргізу журналында тіркеледі. Құжаттарды мұрағат жүргізу журналында тіркеу кезінде олардың тұтастығы, парақтары мен данасының саны, сондай-ақ олардың қосымшалары тексеріледі.

      52. Тізілімдер жүйесін құрайтын мынадай құжаттар кемінде бес жыл сақталады (мерзім бағалы қағаздарды ұстаушының осындай болуы тоқтаған немесе тіркеуші мен эмитент арасында жасалған шарт бұзылған күннен бастап есептеледі):
      1) операцияларды жүргізуге бұйрықтар;
      2) бұйрықтардың орындалуы туралы есептер;
      3) бұйрықтарды орындаудан бас тартулар;
      4) негізінде тізілімдер жүйесінде операциялар жүргізілген өзге құжаттар;
      5) шартты қолдану кезеңінде эмитенттен тіркеуші (бұрынғы тіркеуші) алған және эмитентке тіркеуші жіберген құжаттар;
      6) операцияларды тіркеу журналы;
      7) келіп түскен құжаттарды тіркеу журналы;
      8) эмитенттердің және тіркелген тұлғалардың бұйрықтарын есепке алу журналы;
      9) сенімхаттарды есепке алу журналы;
      10) жіберілген құжаттарды тіркеу журналы;
      11) мұрағатты жүргізу журналы.

      53. Тіркеуші мынадай талаптарды сақтай отырып тізілімдер жүйесін құрайтын электрондық деректердің резервтік көшіруді және сақтауды жүзеге асырады:
      1) резервтік көшірме айына кем дегенде бір рет жүзеге асырылады. Бұл ретте резервтік көшірмелер ақпаратқа санкцияланбаған енуден қорғалады;
      2) резервтік көшірмелерді сақтау сейфтік операцияларға лицензиясы бар ұйымда жүзеге асырылады;
      3) резервтік көшірмелер олар жаңартылған резервтік көшірмелерге ауыстырылғанға дейін сақталады.

      54. Тізілімдер жүйесін құрайтын, электрондық тасымалдағыштардағы (қағазға басылған) мәліметтер жоғалған немесе жоғалтып алған жағдайда тіркеуші:
      1) эмитентке және уәкілетті органға құжаттардың жоғалғаны немесе жоғалтып алғаны туралы бір күн ішінде хабарлайды;
      2) тізілімдер жүйесін құрайтын деректерді қалпына келтіру мақсатында баспасөз басылымында мүдделі тұлғалардың құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы ақпарат жариялайды;
      3) деректерді олар жоғалған немесе жоғалтып алған күннен бастап екі апта ішінде қалпына келтіреді.

5-тарау. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін және
тізілімдер жүйесін құрайтын өзге құжаттарды өткізу

      55. Лицензияны қолдану тоқтатыла тұрған кезде тіркеуші уәкілетті органның бұл туралы хабарламасын алған күннен бастап үш күнтізбелік күн ішінде лицензияны қолдану тоқтатыла тұрған күні ондағы шарт жасалған бағалы қағаздар эмитенттеріне жазбаша хабарлама жібереді.
      Лицензия қайтарылып алынған жағдайда тіркеуші үш күнтізбелік күн ішінде лицензия қайтарып алынған күні шарт жасалған бағалы қағаздар эмитенттеріне лицензияны қайтарып алу туралы және олармен шарттарды бұзу туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      56. Лицензия қайтарылып алынған жағдайда тіркеуші эмитенттің жазбаша хабарламасында көрсетілген жаңа тіркеушіге осы эмитенттің бағалы қағаздары бойынша мынадай құжаттарды өткізеді:
      1) жаңа тіркеушіден немесе эмитенттен алынған бағалы қағаздарды ұстаушылардың бастапқы тізілімін және шарттарды бұзған күнге бұрынғы тіркеушілер эмитентпен жасаған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдерін;
      2) эмитенттердің және тіркелген тұлғалардың бұйрықтарын есепке алу, операцияларды тіркеу, сенімхаттарды есепке алу, жіберілген құжаттарды тіркеу журналдарын;
      3) бағалы қағаздарды ұстаушылардың бұйрықтары және эмитенттің өкімдері;
      4) операциялар жүргізу үшін негіз болып табылатын құжаттар;
      5) өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса шарт жасау кезінде тіркеушіге эмитент ұсынған құжаттар;
      6) лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күнге тіркеуші жасаған бағалы қағаздар ұстаушылардың тізілімі.

      57. Шартты бұзу тіркеушіден лицензияны қайтарып алуға байланысты болмаған жағдайда тіркеуші жаңа тіркеушіге осы эмитенттің бағалы қағаздары бойынша мынадай құжаттарды өткізеді:
      1) жаңа тіркеушіден немесе эмитенттен алынған бағалы қағаздарды ұстаушылардың бастапқы тізілімін және шарттарды бұзған күнге бұрынғы тіркеушілер эмитентпен жасаған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдерін;
      2) эмитенттердің және тіркелген тұлғалардың бұйрықтарын есепке алу, операцияларды тіркеу, сенімхаттарды есепке алу, жіберілген құжаттарды тіркеу журналдарын;
      3) шарт бұзылған күнге қалыптастырылған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімін.

      58. Осы Ереженің 56, 57-тармақтарында көрсетілген құжаттар қағазға басып және (немесе) электрондық нысанда ұсынылуы мүмкін.

      59. Қағазға басылып жасалған және осы Ереженің 56, 57-тармақтарына сәйкес жаңа тіркеушіге өткізілген құжаттар тігілуі, нөмірленуі және соңғы парақта бір бөлігі қағаз пломбаға, бір бөлігі параққа қойылу тиіс мөр таңбасы қойылатын және құжаттарды өткізген тараптың бірінші басшысы немесе уәкілетті тұлғасы қол қойған қағаз пломбамен бекітіледі.

      60. Құжаттарды өткізу тіркеушілердің бірінші басшылары қол қоятын және олардың мөрлерімен бекітілетін қабылдау-өткізу актісін жасау арқылы жүзеге асырылады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      61. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.