Марапаттаудың салалық жүйесiнiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 15 қаңтардағы N 39 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 3 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2691

Қолданыстағы

      "Денсаулық сақтау жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес бұйырамын:
      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мынадай марапаттау түрлерi:
      "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi" кеуде белгiсi;
      "Құрметтi донор" кеуде белгiсi;
      Құрмет грамотасы;
      Алғыс бекiтiлсiн.
      2. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жүйесi қызметкерлерiн марапаттау тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.
      3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бiрiншi вице-министр А.Белоногқа жүктелсiн.

      Министр

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы   
N 39 бұйрығымен       
бекітілген          

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі
қызметкерлерін марапаттау тәртібі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін марапаттау тәртібі туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  негізінде әзірленген.

      2. Марапаттау денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру нысаны болып табылады.

      3. Денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлерді еңбектегі табыстары үшін марапаттаудың әрқилы түрлерін қолдануға құқығы бар. Марапаттаудың түрлері мен тәртібі денсаулық сақтау ұйымы басшысының актілерімен айқындалады.

      4. Денсаулық сақтау жүйесінде марапаттаулар:
      1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісімен наградтау;
      2) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес "Құрметті донор" кеуде белгісімен наградтау;
      3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен наградтау;
      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғысын жариялау болып табылады.

      5. Кеуде белгілері кеуденің оң жағына Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларынан төмен тағылады.

      6. Аталған екі кеуде белгісімен де наградтау қайталап жүргізілмейді.

2. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің
үздігі" кеуде белгісімен наградтаудың шарттары

      7. Кеуде белгісімен Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне ерекше үлес қосқан денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері:
      1) ұзақ жылғы еңбегі және практикалық денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін;
      2) диагностика мен емдеудің бірегей әдістерін әзірлегені, енгізгені үшін;
      3) денсаулық сақтау саласын жетілдіруге және реформалауға белсенді қатысқаны үшін;
      4) медицина ғылымын, білім беруді және денсаулық сақтау саласындағы инновациялық қызметті дамытқаны үшін наградталады.

      8. Кеуде белгісімен денсаулық сақтау жүйесінде кемінде 10 жыл жұмыс стажы бар денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері марапатталады.

      9. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісі алтын түсті шеңбер арасын қосқан мерейтой медалі мен түйреуіш түрінде жасалған.
      Көлемі 23 мм - 9 мм түйреуіш, алтын түсті "Қазақстан Республикасы" деген жазуы бар, көгілдір түсті (Қазақстан Республикасы туының түсі) эпоксидті эмальмен боялған ашық конвертті түрде болады.
      Мерейтой медалі 23 мм дөңгелек нысанда болады. Дөңгелектің төменгі бөлігінде Қазақстан Республикасы туының белгісі фрагменті - көгілдір фонда (эпоксидті эмаль) қанатын жайған алтын түсті қыран құс орналастырылған.
      Медальдің ортасында қызыл фонда (эпоксидті эмаль) алтын түсті "медицина" эмблемасы бейнеленген.
      Медальдің жиегінде эпоксидті эмальмен ақ фонда алтын түсті "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" деген жазу бар.

      10. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісімен наградталған адамдарға осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлік беріледі.
      Куәлік көгілдір түсті қатты мұқабалы екі беттен тұрады. Мұқабасында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі", "Министерство здравоохранения Республики Казахстан", "Куәлік", "Удостоверение" деген жазулар бар.
      Сол жақ бетінің ішкі жағында кеуде белгісінің суреті, ортасында медициналық нышанның суреті бар дөңгелек және оның айналасында "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" деген жазу бар, төменде наградталушының тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі.
      Оң жақ бетінің ішкі жағында мынадай жазулар болады:
      N ____ КУӘЛІК, УДОСТОВЕРЕНИЕ N ____;
      парақтың ортасында медициналық нышанды сурет пен оның айналасында "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" деген жазу;
      "Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісімен наградталғаны туралы осы куәлік берілді";
      "Настоящее удостоверение выдано в том, что он (она) награжден (а) нагрудным знаком "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" за особые заслуги в деле охраны здоровья населения Республики Казахстан";
      "Министр" ___________________;
      наградталған күні, айы, жылы.

3. "Құрметті донор" кеуде белгісімен
наградтаудың шарттары

      11. "Құрметті донор" кеуде белгісімен донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асыратын донорлар наградталады.

      12. Наградтаудың шарттары:
      1) кемінде 40 рет қан беру;
      2) кемінде 70 рет қанның компоненттерін (қан плазмасы мен клеткаларын) беру болып табылады.

      13. "Құрметті донор" кеуде белгісі алтын түсті шеңбер арасын қосқан мерейтой медалі мен түйреуіш түрінде жасалған.
      Көлемі 23 мм - 9 мм түйреуіш. Алтын түсті "Қазақстан Республикасы" деген жазуы бар, көгілдір түсті (Қазақстан Республикасы туының түсі) эпоксидті эмальмен боялған ашық конвертті түрде болады.
      Медаль 23 мм дөңгелек нысанда болады. Дөңгелектің төменгі бөлігінде Қазақстан Республикасы туының белгісі фрагменті - көгілдір фонда (эпоксидті эмаль) қанатын жайған алтын түсті қыран құс орналастырылған.
      Медальдің ортасында сары фонда (эпоксидті эмаль) донордың нышаны - қызыл түсті қан тамшысы бейнеленген.
      Медальдің жиегінде эпоксидті эмальмен ақ фонда алтын түсті "Құрметті донор" деген жазу болады. Белгі латуннан жасалады.

      14. "Құрметті донор" кеуде белгісімен наградталған адамдарға осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлік беріледі.
      Куәлік таңқурай түсті қатты мұқабалы екі беттен тұрады. Мұқабасында "Құрметті донор" кеуде белгісінің суреті, төменде "Құрметті донор" деген жазу болады.
      Сол жақ бетінің ішкі жағында кеуде белгісінің суреті және мынадай жазулар болады:
      "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі";
      "Министерство здравоохранения Республики Казахстан";
      ортасында КУӘЛІК/ УДОСТОВЕРЕНИЕ;
      N ______;
      наградталушының тегі, аты, әкесінің аты;
      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 200_ жылғы "___" _________ N ____ бұйрығы.;
      "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі" ______________.
      Оң жақ бетінің ішкі жағының ортасында мынадай жазулар болады:
      "Қазақстан Республикасының "Құрметті донор" кеуде белгісі туралы ереже";
      Науқастың өмірін сақтау үшін ұзақ уақыт бойы өз қанын, плазмасын берген адам "Құрметті донор" кеуде белгісімен наградталады.
      "Құрметті донор" кеуде белгісімен наградтауды республикалық мекемелердің, облыстық, қалалық денсаулық сақтау департаменттерінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі жүргізеді.
      "Қазақстан Республикасының "Құрметті донор" кеуде белгісі омыраудың оң жағында, мемлекеттік наградалардан төмен тағылады.
      Парақтың ортасында медальдің суреті болады;
      Положение о нагрудном знаке "Құрметті донор":
      Нагрудным знаком "Құрметті донор" награждаются лица, многократно сдавшие свою кровь и плазму для спасения жизни больных.
      Награждение нагрудным знаком "Құрметті донор" производит Министр здравоохранения Республики Казахстан по представлению республиканских организаций, областных, городских департаментов здравоохранения.
      Знак "Құрметті донор" носится на правой стороне груди, ниже государственных наград.

4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
министрлігінің Құрмет грамотасымен наградтаудың
шарттары

      15. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері:
      1) азаматтардың денсаулығын сақтау ісіндегі мінсіз адал еңбегі және азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі;
      2) медицина ғылымын, білім беруді және денсаулық сақтау саласындағы инновациялық қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі;
      3) денсаулық сақтау саласын жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін наградталады.

      16. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен денсаулық сақтау жүйесінде кемінде 3 жыл жұмыс стажы бар қызметкерлер наградталады.

5. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
министрінің Алғысын жариялаудың шарттары

      17. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғысы денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне:
      1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атаулы тапсырмаларын тиісті деңгейде және адал орындағаны;
      2) лауазымдық міндеттерін және аса маңызды әрі күрделі тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін жарияланады.

6. Наградтау материалдарын берудің және
қараудың тәртібі

      18. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерін наградтау үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне мынадай материалдар беріледі:
      1) осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес наградтау парағы ("Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісімен наградтау үшін);
      2) үміткердің нақты сіңірген еңбектері, сіңірген еңбегінің дәрежесін ашатын жетістіктері мен табыстары жазылуы тиіс мінездеме, ұсыныс (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Құрметті донор" кеуде белгісімен, Құрмет Грамотасымен наградтау және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғысын жариялау үшін).

      19. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына жататын ұйымдар, сондай-ақ басқа министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен орталық атқарушы органдардың құрған ұйымдары наградтау материалдарын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне береді.

      20. Меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдары, жеке медициналық және фармацевтикалық практикамен айналысатын жеке тұлғалар наградтау материалдарын денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына береді, ал олар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне береді.

      21. Наградтау материалдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Наградтау жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен ресімделеді.

7. Қорытынды ереже

      22. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Құрметті донор" кеуде белгілерін, Құрмет грамотасын және Денсаулық сақтау министрінің Алғысын табыс етуді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі жүргізеді.

      23. Марапаттау марапатталушыға жеке табыс етіледі.

      24. Денсаулық сақтау ұйымдарының кадр қызметі қызметкердің еңбек кітапшасына және жеке іс-қағазына марапаттау туралы бұйрықтың шыққан күні мен нөмірін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді.

      25. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесінің барлық марапаттау түрлерін есепке алуды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның кадр қызметі жүзеге асырады.

      26. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" және "Құрметті донор" кеуде белгілерін, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен Денсаулық сақтау министрінің Алғысын жоғалтқан жағдайда, наградталғандарға телнұсқалар берілуі мүмкін.

      27. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде белгісімен наградталған қызметкерлер жат әрекеттер жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен кеуде белгісінен айрылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы  
N 39 бұйрығымен бекітілген 
Қазақстан Республикасының 
денсаулық сақтау жүйесі  
қызметкерлерін марапаттау 
тәртібі туралы ережеге   
1-қосымша         

      РҚАО-ның ескертуі: 1-қосымшаның үлгісін қағаз мәтіннен қараңыз.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы  
N 39 бұйрығымен бекітілген 
Қазақстан Республикасының 
денсаулық сақтау жүйесі  
қызметкерлерін марапаттау 
тәртібі туралы ережеге   
2-қосымша         

      РҚАО-ның ескертуі: 2-қосымшаның үлгісін қағаз мәтіннен қараңыз.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы  
N 39 бұйрығымен бекітілген 
Қазақстан Республикасының 
денсаулық сақтау жүйесі  
қызметкерлерін марапаттау 
тәртібі туралы ережеге   
3-қосымша         

      РҚАО-ның ескертуі: 3-қосымшаның үлгісін қағаз мәтіннен қараңыз.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы  
N 39 бұйрығымен бекітілген 
Қазақстан Республикасының 
денсаулық сақтау жүйесі  
қызметкерлерін марапаттау 
тәртібі туралы ережеге   
4-қосымша         

      РҚАО-ның ескертуі: 4-қосымшаның үлгісін қағаз мәтіннен қараңыз.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің 
2004 жылғы 15 қаңтардағы  
N 39 бұйрығымен бекітілген 
Қазақстан Республикасының 
денсаулық сақтау жүйесі  
қызметкерлерін марапаттау 
тәртібі туралы ережеге   
5-қосымша         

"Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау
ісінің үздігі" кеуде белгісіне наградтау
парағы

      Қазақстан Республикасы
      ______________________
         (берілген жері)

Наградтау парағы

1. Тегі, аты, әкесінің аты _______________________________________
__________________________________________________________________
2. Лауазымы, жұмыс, қызмет орны (кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның,
министрліктің, мемлекеттік комитеттің бөлімшелерінің дәл атауын
көрсету керек)
3. Жынысы ________________________________________________________
4. Туған жылы мен туған жері _____________________________________
5. Білімі _________________
6. Ғылыми атағы, ғылыми дәрежесі__________________________________
__________________________________________________________________
7. Үйінің мекен-жайы _____________________________________________
__________________________________________________________________
8. Жалпы жұмыс стажы _____________________________________________
9. Саладағы жұмыс стажы __________________________________________
10. Осы еңбек ұжымындағы жұмыс стажы _____________________________
11. Наградталушының айрықша сіңірген нақты еңбектері көрсетілген
мінездеме
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
Кандидатура талқыланды және ұсынылды _____________________________
__________________________________________________________________
      (ұйымның атауы, талқыланған күні, хаттаманың N)

"Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" кеуде
белгісімен наградтауға ұсынылады

Денсаулық сақтау жүйесі   
ұйымының басшысы       
_________________________ 
(қолы)          
_________________________ 
(тегі, аты, әкесінің аты) 

___ жылғы "____" ________ 
(толтырылған күн) 

мөрдің орны       

      Ескерту:  наградталушының тегі, аты, әкесінің аты жеке куәлік бойынша толтырылады және міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде транскрипциясы көрсетіледі.