Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып және мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне немесе оларды ауыстырушы адамдарға материалдық көмек көрсету мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне немесе оларды ауыстырушы адамдарға материалдық көмек тағайындау және төлеу жөніндегі ұсынылып отырған Ереже бекітілсін.
2. Облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне дер кезінде материалдық көмек тағайындалуына және төленуіне бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. Қ. Есенғалиевке жүктелсін.
Облыс әкімі
Облыс әкімдігінің
2003 жылғы 23 тамыздағы
N 179 қаулысымен
бекітілген
Мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін
және оқытатын ата-аналардың біріне
материалдық көмек тағайындау және төлеу
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. Бұл Ереже Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы туралы" Заңдарына негізделіп жасалды.
2. Материалдық көмек 16 жасқа дейінгі мүгедек балалары бар, оларды үйде тәрбиелеп және оқытып отырған ата-аналардың біріне немесе оларды ауыстырушы адамға (бұдан әрі - алушы) беріледі.
3. Материалдық көмек облыс әкімдігінің "Мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне материалдық көмек тағайындау туралы" 2002 жылғы 12 мамырдағы N 100 (тіркеу N 1576) қаулысымен белгіленген мөлшерде алушыға ай сайын ақшалай төленеді.
4. Материалдық көмек-мүгедек бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған ата-аналарға тағайындалады және төленеді.
5. Материалдық көмек мемлекеттік толық қамсыздандыруындағы мүгедек балалардың ата-аналарына тағайындалмайды және төленбейді.
6. Материалдық көмек басқалай табыс көздеріне қарамастан, отбасының жалпы табысы есепке алынбастан тағайындалады.
2. Материалдық көмек тағайындау тәртібі
7. Мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын материалдық көмек алуға құқығы бар азаматтар тұрғылықты жеріндегі халықтық әлеуметтік қорғау органына арыз береді.
8. Арызға мынандай құжаттар қоса тіркеледі:
1) облыстық білім басқармасы жанындағы ведомствоаралық дәрігерлік-педагогикалық консультативтік комиссияның мүгедек баланы үйде тәрбиелеудің немесе оқытудың қажеттігі туралы қорытындысы;
2) баланың тууы туралы куәлігі (көшірмесі);
3) алушының жеке куәлігі;
4) алушы-салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
5) қорғаншылыққа алынған факті анықталған жағдайда қорғаншылық туралы шешім (қамқорлыққа алу туралы тиісті орган шешімінің көшірмесі);
6) үй кітапшасының көшірмесі және отбасының құрамы туралы анықтама;
7) үйде жеке оқытуды ұйымдастыру туралы мектептен анықтама (тоқсан сайын).
9. Уәкілетті орган тапсырылған құжаттар негізінде 10 күннің ішінде материалдық көмек тағайындау немесе тағайындамау туралы шешім шығарады. Тағайындалмаған жағдайда өтініш берушіге жазбаша хабарлама жіберіледі.
10. Даулы мәселелер Қазақстан Республикасының қазіргі заңнамаларына сәйкес қаралады.
11. Материалдық көмек әр тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленіп отырады.
12. Материалдық көмек барлық қажетті құжаттармен қоса өтініш берген күннен бастап тағайындалады.
3. Материалдық көмекті төлеу
13. Материалдық көмекті төлеу уәкілетті органмен агенттік келісімге сәйкес Халықтық Банктің есеп айырысу-кассалық бөлімдері арқылы алушының есеп шотына ақша аудару жолымен жүзеге асырылады.
14. Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімдері Халықтық Банктің есеп айырысу-кассалық бөлімдерімен бірлесіп, мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне төленген материалдық көмектің сомасын тоқсан сайын салыстырып тексеруді қамтамасыз етеді.
4. Қаржыландыру көздері
15. Мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналардың біріне материалдық көмекті қаржыландыру көздері тиісті әкімшілік-аймақтық бірліктің жергілікті бюджеті болып табылады.