Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ережені бекіту жөнінде

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2003 жылғы 12 қарашадағы N 397 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 10 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2603

Қолданыстағы

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  19 және 20-баптарына  сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      3. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қор биржасы" жабық акционерлік қоғамына, бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және (немесе) брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" Қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауды қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының    
Ұлттық Банкі Басқармасының    
"Облигациялар ұстаушылар     
өкілінің өз функциялары мен  
міндеттерін орындау, оның    
өкілеттіктерін мерзімінен    
бұрын тоқтату тәртібі және   
жағдайлары туралы, сондай-ақ  
эмитент пен облигациялар    
ұстаушылардың өкілі арасында 
жасалатын облигациялар     
ұстаушылардың мүдделерін     
білдіру туралы шарттың      
мазмұнына қойылатын талаптар 
туралы ережені бекіту жөніндегі"
2003 жылғы 12 қарашадағы    
N 397 қаулысымен бекітілген   

Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары
мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін
мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары
туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар
ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар
ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың
мазмұнына қойылатын талаптар туралы
ереже

      Осы Ереже облигациялар ұстаушылар өкілінің (бұдан әрі - өкіл) өз функциялары мен міндеттерін орындау тәртібін, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен жағдайларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.

1-тарау. Өкілдің функциялары мен міндеттерін орындауы

      1. Өкіл эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауын бақылауды эмитенттен эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шартта (бұдан әрі - шарт) белгіленген тәртіппен және мерзімдерде кезеңдік есептер алу, сондай-ақ эмитентке тиісті сұратулар жіберу және одан эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауы туралы мәліметтер алу арқылы жүзеге асырады.

      2. Өкіл облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды:
      1) облигациялар ұстаушылар алдындағы облигациялар шығарылымының проспектісінде белгіленген міндеттемелерін орындауы жөніндегі талаптармен эмитентке;
      2) бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына;
      3) облигацияларды ұстаушылар берген сенімхаттар негізінде олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы талап арызбен сотқа өтініш жасау арқылы жүзеге асырады.

      3. Эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке қатысты кепіл шарты (бұдан әрі - кепіл шарты) облигациялар шығарылымы мемлекеттік тіркелгенге дейін эмитент пен өкіл арасында жасалады.
      Эмитенттің облигациялар ұстаушылардың алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлік толық немесе ішінара жоғалған немесе бүлінген жағдайда эмитент Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны қалпына келтіру немесе ауыстыру жөнінде іс-шаралар қабылдайды.

      4. Өкіл облигациялар ұстаушыларды өтініш жасалған немесе жариялау үшін нәтиже алынған күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде тиісті хабарды баспасөз басылымына беру арқылы осы Ереженің 2-тармағына сәйкес жасаған іс-әрекеттері туралы және осындай іс-әрекеттердің нәтижесі туралы хабардар етеді.

      5. Облигациялар ұстаушыларға зиян келтіруі мүмкін жағдайлар болған кезде немесе егер кепілге салынған мүлік эмитенттің міндеттемелерін орындауын толық көлемде қамтамасыз етпесе, өкіл бұл жөнінде осы жағдайларды анықтаған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде:
      1) жазбаша хабарлама жіберу арқылы уәкілетті органды;
      2) жариялау үшін тиісті хабарды баспасөз басылымына беру арқылы облигациялар ұстаушыларды хабардар етуге міндетті.

      6. Өкіл эмитенттің облигациялар ұстаушылардың алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің (бұдан әрі - кепілге салынған мүлік) жай-күйін бақылауды:
      1) эмитенттің кепілге салынған мүлікке құқығын растайтын құжаттардың түпнұсқаларымен танысу;
      2) эмитенттен кепілге салынған мүліктің жай-күйі туралы ақпарат алу;
      3) эмитенттен кез келген күнге немесе тоқсанның қорытындысы бойынша оның қаржылық есебін алу;
      4) жыл сайын эмитенттің аудитор растаған қаржылық есебі негізінде оның қаржылық жай-күйіне талдау жасау арқылы жүзеге асырады.

      7. Өкіл кепілге салынған мүлікке қатысты іс-әрекетін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

2-тарау. Өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен
бұрын тоқтату

      8. Облигациялар ұстаушылар өкілінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату:
      1) бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және (немесе) брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялар қайтарылып алынған;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастыруға, таратуға байланысты өкілдің қызметі тоқтатылған жағдайларда;
      3) тараптардың келісуі бойынша;
      4) шартты бұзу туралы сот шешімі негізінде басталады.

      9. Осы Ереженің 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде өкіл үш күнтізбелік күн ішінде эмитентке тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы оған бұл туралы хабарлайды.

      10. Шартты және кепілге салу шартын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. Эмитент пен өкіл арасында жасалатын
облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру
туралы шарты

      11. Шартта Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптардан басқа:
      1) эмитенттің өкілге:
      күн тәртібін қоса бере отырып акционерлердің (қатысушылардың) алда болатын жалпы жиналысы туралы, егер осы жиналыстың күн тәртібінде облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын мәселелері бар болса;
      егер облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша шешімдер қабылданса, директорлар кеңесінің және акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының шешімдері туралы;
      облигациялар бойынша сыйақылар және олар бойынша негізгі борышты төлеуі туралы;
      эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы, облигациялар шығару проспектісінде белгіленген өзге міндеттемелерін орындауы туралы ақпарат ұсыну;
      2) өкілдің функциялары мен міндеттемелерін орындау;
      3) өкілдің облигациялар ұстаушыларға хабарлау;
      4) өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      5) эмитенттің кепілге салынған мүлік бүлінген, бағалау құны төмендеген немесе жоғалған жағдайда оны ауыстыру (қалпына келтіру);
      6) эмитенттің өкілге қаржылық есебін беру тәртібі мен мерзімдері туралы мәліметтер болады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      12. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.