Стационарды алмастыру медициналық көмегін дамыту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2003 жылғы 14 қарашадағы N 840 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 6 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2596

Қолданыстағы

      "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес бұйырамын:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) стационарды алмастыру бөлімшелері (палаталары) қызметінің ережесі;
      2) стационарды алмастыру бөлімшелерінде (палаталарында) көрсетілетін медициналық көмектің бағдарлары мен көлемдері бекітілсін.
      2. Облыстық, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының (департаменттерінің), емдеу-алдын алу жұмыстарын жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары осы бұйрыққа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында стационарды алмастыру бөлімшелерінің (палаталарының) жұмысын ұйымдастырсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі С.Ә.Диқанбаеваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 14 қарашадағы  
N 840 бұйрығымен бекітілген

Стационарды алмастыру бөлімшелері
(палаталары) қызметінің ережесі

      1. Стационарды алмастыру бөлімшелері қызметінің ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзірленді.

      2. Стационарды алмастыру көмегі - бұл меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан емдеу-алдын алу қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының жанындағы стационарлардағы күндізгі қарау бөлімшелерінде (палаталарында), емханалардың күндізгі стационарларында және үйдегі стационарларда (бұдан әрі - стационарды алмастыру бөлімшелері) көрсетілетін медициналық көмек.

      3. Стационарды алмастыру бөлімшелері емдеу-алдын алу қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері болып табылады және тәуліктік медициналық бақылау мен емдеуді талап етпейтін науқастарға емдік, алдын алу және оңалту іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ тәуліктік қабылдау стационарынан шығарылған және одан әрі қалпына келтіріп емдеуді талап ететін науқастарға арналған.

      4. Стационарды алмастыру және медициналық көмек амбулаториялық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдары қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

      5. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің негізгі міндеттері:
      1) білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсету;
      2) жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап етпейтін науқастарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
      3) жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап ететін диспансерлік науқастарға, қатерлі факторлары бар адамдарға емдеу-алдын алу іс-шаралары кешенін жүргізу;
      4) шұғыл және жедел стационарлық көмекті талап етпейтін жіті аурулары бар науқастардың есебінен, сондай-ақ жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап етпейтін асқынған ағымсыз созылмалы аурулары бар адамдар мен жүкті әйелдердің есебінен жалпы стационарлық желілерді жеңілдету;
      5) тәуліктік қабылдау стационарларына емделуге жатқызуды болдырмау және тұрақты соңғы нәтижелерге жету мақсатында шұғыл және жедел стационарлық көмекті талап етпейтін жіті патологиясы бар науқастар мен денсаулық сақтау ұйымдарына бекітіліп берілген созылмалы патологиясы бар науқастарды уақытында кешенді емдеу;
      6) кешенді оңалту және сауықтыру емдеулерін жүзеге асыру;
      7) аурудың ауырлық дәрежесін өзгерту кезінде аурудың алғашқы белгіленген диагнозы бар науқастарға немесе созылмалы науқастарға барабар терапияны іріктеу болып табылады.

      6. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің жұмыс режимін медициналық көмектің осы түріне халықтың қажеттілігін есепке ала отырып, денсаулық сақтау ұйымының басшысы жеке белгілейді.

      7. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің штаттық саны стационарды алмастыру бөлімшелері үшін көзделген штаттық нормативтерге сәйкес белгіленеді.

      8. Стационарды алмастыру бөлімшелерін дәрілік қамтамасыз ету тиісті қаржы жылында денсаулық сақтау ұйымдары үшін көзделген ақшалай қаражаттың шегінде Өмірлік маңызды дәрілік заттардың тізіміне сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Стационарды алмастыру бөлімшелерінде еңбекке жарамсыздық парағын (анықтамалар) беру және ұзарту жалпы негізде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      10. Стационарды алмастыру бөлімшелері жағдайында емдеу үшін науқастарды таңдау науқастың жалпы жағдайын, аурудың сатысын, ағымын, науқастағы ауыр қосалқы аурулар мен негізгі патология асқынуларының болмауын есепке алу арқылы жеке жүргізілуі тиіс.

      11. Стационарды алмастыру бөлімшесінде жатқан науқас ауруының ағымы нашарлаған кезде, тәуліктік бақылау қажет болған жағдайда аурухананың тиісті бөлімшесіне жедел ауыстырылуы тиіс.

      12. Стационарды алмастыру бөлімшелерінде науқасты емдеу үшін:
      1) тәуліктік қабылдау стационарында емдеу аяқталғаннан кейін науқасты емдеу мен оңалтуды жалғастырудың қажеттілігі;
      2) науқастарға дәрілік заттарды әртүрлі арнайы әдістермен (көк тамырға, бұлшық етке, терінің астына, фоноферез, ингаляциялардың және басқа да әдістердің көмегімен) енгізу, физиотерапиялық емшараларды, массажды, емдік дене шынықтыру және енгізу кезінде, сондай-ақ аяқтағаннан кейін жақын кезеңде арнайы медициналық бақылауды талап ететін басқа да емшаралардың түрлерін жүргізудің қажеттілігі;
      3) хирургиялық және гинекологиялық амбулаториялық операцияларды жүргізу;
      4) науқастың жағдайын күнделікті дәрігерлік бақылаудың, емдеу кезінде қорғау режимін сақтаудың қажеттілігі айғақтар болып табылады.

      13. Стационарды алмастыру бөлімшелеріне жіберу үшін:
      1) тәуліктік дәрігерлік бақылауды және оны медициналық күтуді талап ететін науқастың жағдайы;
      2) денсаулық жағдайына байланысты науқастың төсек режимін қатаң сақтауы қарсы айғақтар болып табылады.

      14. Жұқпалы аурулармен ауыратын науқастар мен 3 жасқа дейінгі балалар Стационарды алмастыру бөлімшелеріне емделуге жіберілмейді.

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 14 қарашадағы  
N 840 бұйрығымен бекітілген

Стационарды алмастыру бөлімшелерінде
(палаталарда) көрсетілетін медициналық
көмектің бағдарлары мен көлемдері

      1. Білікті және мамандандырылған медициналық көмек Стационарлық алмастыру бөлімшелеріндегі медициналық көмектің негізгі түрлері болып табылады.

      2. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің бағдарын медициналық көмектің осы түріне халықтың қажеттілігін есепке ала отырып, денсаулық сақтау ұйымының басшысы белгілейді.

      3. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің бағдарлары: хирургиялық, акушерлік-гинекологиялық, терапиялық, педиатриялық.

      4. Стационарды алмастыру бөлімшелерінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ол құрылымдық бөлімшесі болып табылатын денсаулық сақтау ұйымының көрсететін медициналық көмегінің түрі мен бағдарына байланысты болады.