Медицина ұйымдарының өзара іс-қимылдары Ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2003 жылғы 12 қыркүйектегі N 678 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 3 қазанда тіркелді. Тіркеу N 2513

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Заңының  7-бабының 10-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған медицина ұйымдарының өзара іс-қимылдары Ережесі бекітілсін.
      2. Облыстық, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының (департаменттерінің) басшылары осы бұйрықпен бекітілген Ережеге сәйкес, меншік нысанына қарамастан медицина ұйымдарының жұмысындағы сабақтастықты қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі С.Ә.Диқанбаеваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а.

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау министрінің
"Медицина ұйымдарының өзара
іс-қимылдары Ережесін   
бекіту туралы"       
2003 жылғы 12 қыркүйектегі
N 678 бұйрығымен      
бекітілген         

Медицина ұйымдарының өзара іс-қимылдары
Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы медицина ұйымдарының өзара іс-қимылдары Ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Заңына  сәйкес әзірленді.
      2. Осы Ереже меншік нысанына қарамастан медициналық бейіндегі Заңды тұлғаларға таралады және Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында жарамды.
      3. Осы Ереже:
      1) денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануды;
      2) медициналық көмекке қолжетімділікті;
      3) азаматтардың медициналық көмекке мұқтаждығын қанағаттандыруды;
      4) азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға кепілдік беруді және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыздығын;
      5) балалар мен аналарға және басқа да санаттағы адамдарға (Отан соғысына қатысқандар, мүгедектер және соларға теңестірілген адамдар; экологиялық апат аймағында тұратындар) медициналық көмек көрсетудегі басымдықты;
      6) медициналық көмек сапасының белгіленген стандартқа сәйкестігін;
      7) медициналық көмек көрсету деңгейінің ғылым мен техниканың жаңа жетістіктеріне сәйкестігін;
      8) емделушінің конституциялық құқығын сақтауды;
      9) медициналық көмек көрсету сапасының мониторингін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында медицина ұйымдарының барлық деңгейлерінде халыққа медициналық көмек көрсетуде кезеңдердің сабақтастығын белгілейді.

2. Медициналық көмек көрсету деңгейлері

      4. Медициналық көмек мынадай деңгейлерде көрсетіледі:
      1) дәрігерлік көмек көрсететін отбасылық және ауылдық дәрігерлік амбулатория, аумақтық емхана, ауылдық учаскелік аурухана;
      2) білікті дәрігерлік көмек көрсететін орталық аудандық аурухана, аудандық аурухана, консультативтік-диагностикалық емхана, аудандық емхана, диспансерлер, әйелдер консультациясы, балалар емханасы, жедел медициналық көмек станциясы;
      3) мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсететін облыстық аурухана, қалалық аурухана, облыстық диспансерлер, облыстық (қалалық) консультативтік-диагностикалық орталық, перзентхана, перинаталдық орталық; жедел медициналық көмек ауруханалары, балалар ауруханасы, санитарлық авиация, ведомстволық ауруханалар мен емханалар, сондай-ақ стоматологиялық клиникалар;
      4) жоғары мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсететін республикалық емдеу-алдын алу ұйымдары мен орталықтары, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының клиникалары, медицина академиялары.

3. Өзара іс-қимылдардың негізгі міндеттері

      5. Медицина ұйымдарының өзара іс-қимылдарының негізгі міндеттері:
      1) медициналық көмек және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері бойынша ақпараттарды уақытында және толық алмастыру;
      2) халыққа медициналық көмекті жақсартуға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына бағытталған іс-шараларды бірлесіп жоспарлау және өткізу;
      3) проблемалық мәселелерді шешу және бағдарламаларды әзірлеу үшін бірлескен мәжілістерді өткізу;
      4) барлық мамандық дәрігерлерінің арасында, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлері арасында науқастарды қараудағы қажетті сабақтастықты сақтау болып табылады.

4. Сабақтастық

      6. Медицина ұйымдарының қызметіндегі сабақтастықты тікелей және кері байланыс қағидаттары қарастырады және мынадай жолмен жүзеге асырылады:
      1) барлық деңгейлердегі шұғыл айғақтар бойынша жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету;
      2) жедел медициналық көмек қызметі қызмет көрсеткен науқастарға арналған емханаға шұғыл шақыруларды беру;
      3) медициналық көмек көрсету деңгейіне сәйкес және толық диагнозы, жүргізілген емі, диагностикалық және зертханалық зерттеу нәтижелері көрсетіле отырып, диагностика мен емдеу көлемінің стандарттарына сәйкес деңгейі бойынша жоғарғы емдеу-алдын алу ұйымдарына науқастарды консультацияға немесе емдеуге жіберу;
      4) ауруларды диагностикалау мен емдеу стандарттарының хаттамаларына сәйкес оны көрсету деңгейінде медициналық көмектің көлемінің орындалуын қамтамасыз ету;
      5) дәрігерлердің науқастың үйіне белсенді түрде баруын жүзеге асыру үшін ауруханадан емханаға шығарылған науқастар, оның ішінде балалар туралы мәліметтерді беру;
      6) отбасын жоспарлау мәселесі бойынша әйелдер консультациясы бар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары мен босандыру ұйымдарының өзара іс-қимылдары;
      7) үйде одан әрі белсенді түрде бақылау үшін жаңа туған нәрестелерді ауруханадан емханаға шығару туралы мәліметтерді беру;
      8) ауруды ерте анықтау және асқынуын болдырмау үшін таңдаулы мамандандырылған қызмет ұйымдары бар (онкодиспансерлер, тубдиспансерлер, наркодиспансерлер, психикалық денсаулық орталықтары, тері-венерология диспансерлері, ЖҚТБ орталығы) бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының өзара іс-қимылдары;
      9) жетуге жолы қиын және шалғай аудандардағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін санитарлық авиация қызметімен өзара іс-қимылдар;
      10) айнала үшін қауіп төндіретін жұқпалы ауруларға күдіктенген және анықталған жағдайларда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарлау;
      11) топтық ауруларды таратпау, жою бойынша бірлескен санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу;
      12) салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау мен қалыптастыруды қамтамасыз ету мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметімен өзара іс-қимылдар;
      13) барлық емдеу-алдын алу ұйымдарының сот медицинасы сараптамасы бюросымен соңғыларының құзыретіне енетін ақпарат ұсыну түріндегі өзара іс-қимылдары;
      14) кейіннен патологоанатомиялық конференциялар өткізе отырып, стационарлық өлімнің барлық жағдайларында міндетті түрде патологоанатомиялық союлар жүргізу;
      15) қан және оның құрамдас бөліктерінің қорын қамтамасыз ету және құру үшін қан қызметімен өзара іс-қимылдар;
      16) халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және медициналық техникалармен қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсететін ұйымдар мен дәріханалық ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимылдар;
      17) мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына науқастың денсаулық жағдайы туралы ақпаратты ұсыну;
      18) жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатында жеке бағдарламалық әзірлемелер мен медициналық ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін енгізу үшін денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың денсаулық сақтаудың практикалық жүйесімен өзара іс-қимылдары;
      19) жоғары білікті медициналық және фармацевтикалық кадрларды даярлау, сондай-ақ олардың біліктілігін көтеру үшін денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының өңірлік практикалық денсаулық сақтау органдарымен өзара іс-қимылдары;
      20) емдеу-алдын алу ұйымдары мен әскери-дәрігерлік комиссияның арасындағы жасөспірімдер мен әскерге шақырылғандардың денсаулық жағдайлары туралы мәліметтерді ұсыну түріндегі өзара іс-қимылдар;
      21) қиын жағдайларда және қолданыстағы заңнама негізінде жүзеге асырылатын мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін өзге де медицина ұйымдарымен (басқа ведомстволардың медициналық қызметтерімен, дәстүрлі емес медицина орталықтарымен) өзара іс-қимылдар.
      7. Барлық деңгейдегі медицина ұйымдары басқа денсаулық сақтау ұйымдарының, мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының жергілікті органдары мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның негіздемеленген сұранымы бойынша медициналық ақпараттың статистикалық және өзге де түрлерін ұсынады.
      8. Өзара іс-қимыл кезіндегі туындаған және денсаулық сақтау субъектісінің құзыретінен тыс өзге мәселелер бірлескен мәжілістерде шешім қабылдау арқылы немесе денсаулық сақтау басқармасының жоғарғы органына ұсыныс енгізу арқылы шешіледі.