"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы негiзiнде, бағалы қағаздар рыногын одан әрi дамыту жөнiндегi шараларды iске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді:
1. Банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару және айналымға жiберу ережесi бекiтiлсiн.
2. "Банктiк депозиттiк сертификаттарды бағалы қағаздар деп тану және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде N 1199 тiркелген, "Қазақстан Республикасының банктерiнде клиенттердiң банктiк шоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2000 жылғы 2 маусымдағы N 266 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 21 сәуiрдегi N 140 қаулысына (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 2343 тiркелген, 2000 жылғы 2-15 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында жарияланған) мынадай өзгерiс енгiзiлсiн:
4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) банктiк депозиттiк сертификаттар бойынша мәмiлелердi есепке алуды және құқығын растауды және тiркеудi орталық депозитарий жүзеге асырады.".
3. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
4. Қаржылық қадағалау департаментi (Бахмутова Е.Л.):
1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне және аумақтық филиалдарына, екiншi деңгейдегi банктерге, сауда-саттық ұйымдастырушыларға, орталық депозитарийге, "Активтердi Басқарушылар қауымдастығы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бiрлестiгiне, "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне жiберсiн.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсiн.
Ұлттық Банк
Төрағасы
"Банктiк депозиттiк сертификаттарды
шығару және айналысқа жiберу
ережесiн бекiту және Қазақстан
Республикасының Әдiлет
министрлiгiнде N 2343 тiркелген,
"Банктiк депозиттiк сертификаттарды
бағалы қағаздар деп тану және
Қазақстан Республикасының Әдiлет
министрлiгiнде N 1199 тiркелген,
"Қазақстан Республикасының
банктерiнде клиенттердiң банктiк
шоттарын ашу, жүргiзу және жабу
тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту
туралы" Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкi Басқармасының 2000
жылғы 2 маусымдағы N 266
қаулысына өзгерiс енгiзу туралы"
Қазақстан Республикасының Ұлттық
Банкi Басқармасының 2003 жылғы 21
сәуiрдегi N 140 қаулысына өзгерiс
енгiзу туралы" Қазақстан
Республикасының Ұлттық Банкi
Басқармасының 2003 жылғы
1 қыркүйектегi N 319 қаулысымен
бекiтiлген
Банктiк депозиттiк сертификаттарды
шығару және айналысқа жiберу
Ережесі
Банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару және айналысқа жiберу ережесi (бұдан әрi - Ереже) " Бағалы қағаздар рыногы туралы ", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жасалынған және Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiнiң (бұдан әрi - банк) банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару және айналысқа жiберу тәртiбiн және шарттарын реттейдi.
1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) банктiк депозиттiк сертификаттың бiрегейлендiру номерi - банктiң банктiк депозиттiк сертификаттарды бiрегейлендiру және есепке алуды жүйелендiру мақсатында оларға тағайындайтын сандық коды;
2) банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құны - банктiк депозиттiк сертификатты шығару кезiндегi және банктiк депозиттiк сертификатты ұстаушыға төленуге тиiстi оның құнының ақшалай түрде көрсетiлуi;
3) банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару регламентi (бұдан әрi - регламент) - банктiң банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару жөніндегі операцияларды жүргізу, олардың нақты құнын және ол бойынша сыйақы төлеу шарттарын айқындайтын құжат;
4) банктiк депозиттiк сертификатты шығару шарттары (бұдан әрi - шығару шарттары) - банктiк депозиттiк сертификатты шығаратын банктiң және банктiк депозиттiк сертификат ұстаушының құқықтары туралы мәліметтерден тұратын құжат.
2. Банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құны ұлттық валютамен көрсетiледi.
3. Банк банктiк депозиттiк сертификаттарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығару үшiн мiндеттi лицензиялардың қолданылуын тоқтата түру немесе қайтарып алу кезеңiнде банктiк депозиттiк сертификаттар шығармайды.
2-тарау. Банктiк депозиттiк
сертификаттарды шығару тәртiбi
4. Банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару осы Ережеге және банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Регламентке мыналар кiредi:
1) банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару тәртiбi;
2) шығарылған банктiк депозиттiк сертификаттарды есепке алу тәртiбi;
3) банктiк депозиттiк сертификаттарға бiрегейлендiру номерлерiн тағайындау тәртiбi;
4) банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнының ең аз және ең көп мөлшерi;
5) банктiк депозиттiк сертификаттың ең аз және ең көп айналыс мерзiмi;
6) банктiк депозиттiк сертификат бойынша сыйақы есептеу және төлеу тәртiбi;
7) банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнын төлеудiң шарты - және тәртiбi;
8) банктiң шығару шарттарына қол қоюға өкiлеттi басшы қызметкерлерiнiң тiзбесi;
9) банктiк депозиттiк сертификаттарды шығаруға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шарттар.
6. Регламент және оған енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар банктiң директорлар кеңесiнде бекiтiледi және директорлар кеңесi оларды бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде назарда ұстау үшiн бағалы қағаздар рыногын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органға берiлуге тиiстi. Банк регламент директорлар кеңесiнде бекiтiлгеннен кейiн банктiк депозиттiк сертификаттарды шығарады.
7. Шығару шарттарына мыналар кiредi:
1) банк туралы ақпараттар:
банктiң толық атауы, оның мекен-жайы туралы мәлiметтер, заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң номерi, банктiк депозиттiк сертификаттарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығару үшiн мiндеттi лицензиялардың номерi және берiлген күнi көрсетiледi;
2) банктiк депозиттiк сертификат туралы мәлiметтер:
банктiк депозиттiк сертификаттың бiрегейлендiру номерi және оның нақты құны (индекстеу жағдайында - банктiк депозиттiк сертификаттың индекстелген нақты құнын есептеу тәртiбi) көрсетiледi;
3) банктiк депозиттiк сертификат бойынша сыйақы туралы мәлiметтер:
банктiк депозиттiк сертификат бойынша сыйақы ставкасы, сыйақы есептеу басталатын күн, сыйақы төлеу тәртiбi, мерзiмi және шарттары, сыйақы төлеу әдiстерi (есеп айырысу нысаны: қолма-қол, қолма-қол жасалынбайтын) көрсетiледi. Егер сыйақы ставкасы шектеулi мөлшерде белгiленбеген болса, мөлшердi айқындау тәртiбi көрсетiледi;
4) банктiк депозиттiк сертификат шығарылған күн туралы мәлiметтер;
5) банктiк депозиттiк сертификаттың айналыс мерзiмi туралы мәлiметтер;
6) банктiк депозиттiк сертификаттың ұстаушысына берiлетiн құқықтар:
ұстаушының банктен банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнын (индекстеу жағдайында - индекстелген нақты құнын) алуға арналған құқығы, сондай-ақ шығару шарттарында көзделген банктiк депозиттiк сертификаттың айналыс мерзiмi мерзiмi өткеннен кейiн не ол аяқталғанға дейiн шығару шарттарына сәйкес ол бойынша сыйақы алуға арналған құқығы көрсетiледi.
8. Банк банктiк депозиттiк сертификат ұстаушысының талап етуi бойынша осы банктiк депозиттiк сертификатты шығару шарттарының көшiрмелерiн, регламенттi, осы Ереженi және банктiк депозиттiк сертификаттарды шығаруды және айналысқа жiберудi реттейтiн басқа нормативтiк құқықтық актiлердi танысу үшiн оған ұсынады.
9. Орталық депозитарий банктiк депозиттiк сертификат ұстаушының жеке шотын ашуды оның жеке шот ашуға арналған бұйрығы және орталық депозитарийдiң iшкi құжаттарында көзделген құжаттар негiзiнде жүзеге асырады. Банктiк депозиттiк сертификаттарды орналастыру кезiнде орталық депозитарий банктiң бұйрығы негiзiнде банктiк депозиттiк сертификат ұстаушысының жеке шоты бойынша жазбалар жазуды жүзеге асырады.
10. Шығару шарттары банктiк депозиттiк сертификаттарды орналастыру басталғанға дейiн орталық депозитарийге берiлуге тиiс.
11. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында банктiк депозиттiк сертификаттармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау сауда-саттық ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
12. Банк банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнын және ол бойынша сыйақы төлеу туралы мәлiметтердi банктiң және банктiк депозиттiк сертификат ұстаушының бұйрықтары негiзiнде банктiк депозиттiк сертификат ұстаушысының жеке шотын жабуды жүзеге асыратын орталық депозитарийге бередi.
13. Банктiк депозиттiк сертификат ұстаушысы оның айналыс мерзiмi аяқталғанға дейiн банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнын және шығару шарттарында белгiленген мөлшерде ол бойынша сыйақы төлеудi талап ете отырып, банкке өтiнiш жасаған жағдайда банк шығару шарттарында аз мерзiм көзделмеген болса он жұмыс күнi iшiнде төлем жасайды.
14. Банк таратылған жағдайда таратылатын банктiң банктiк депозиттiк сертификаттың нақты құнын және ол бойынша сыйақыны төлеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
15. Осы Ережемен реттелмеген мәселелер заңдарда белгiленген тәртiппен шешiледi.