"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны операторы болып табылатын Қазақстан Республикасының төлем жүйесіне кіру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі N 235 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 25 тамызда тіркелді. Тіркеу N 2458. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2008 жылғы 28 қарашадағы N 95 Қаулысымен.

Күшін жойған

       Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2008.11.28  N 95 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының төлем жүйесіне кіру талаптарын реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны операторы болып табылатын Қазақстан Республикасының төлем жүйесіне кіру ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем жүйесіне кіруді қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтамасыз етуге және техникалық құралдарға қойылатын талаптар жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1325 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 2000 жылғы 4-17 желтоқсанда жарияланған) 2000 жылғы 30 қазандағы N 400 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйесі басқармасы (Мұсаев Р.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.Б. Жәмішевке жүктелсін.
      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасы    
Ұлттық Банкі Басқармасының  
"Қазақстан Республикасы   
Ұлттық Банкінің Қазақстан  
банкаралық есеп айырысу   
орталығы" шаруашылық жүргізу
құқығы бар республикалық  
мемлекеттік кәсіпорны    
операторы болып табылатын  
Қазақстан Республикасының  
төлем жүйесіне кіру      
ережесін бекіту туралы"   
2003 жылғы 25 шілдедегі   
N 235 қаулысымен      
бекітілген          

"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны операторы болып табылатын Қазақстан Республикасының төлем жүйесіне кіру ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны операторы болып табылатын Қазақстан Республикасының төлем жүйесіне (бұдан әрі - төлем жүйесі) кіруді қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Төлем жүйесіне кіруді қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтамасыз ету (бұдан әрі - төлем жүйесінің терминалы) төлем жүйесінің пайдаланушылары (бұдан әрі - пайдаланушылар) болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде, екінші деңгейдегі банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда қойылады.

      3. Төлем жүйесінің терминалы хабар қабылдауға және беруге арналған. Төлем жүйесінің терминалын пайдалану әрбір пайдаланушы үшін міндетті.

      4. Төлем жүйесінің терминалы хабарларды төлем жүйесінде қолданылатын ақпарат жіберу форматтарына сәйкес өңдеуі тиіс.

      5. Төлем жүйесінде қолданылатын ақпарат жіберу форматтарын "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Орталық) белгілейді.

2-тарау. Төлем жүйесінің терминалы

      6. Төлем жүйесінің терминалы мынадай функциялар атқарады:
      1) пайдаланушыны және Орталықты аутентификациялау;
      2) берілетін және алынатын ақпараттың құпиялылығын және аутентификациялануын қамтамасыз ету;
      3) пайдаланушының Орталыққа және Орталықтың пайдаланушыға беретін хабарларын қабылдау және жіберу;
      4) алынған хабарлардың тұтастығын тексеру;
      5) төлем жүйесі терминалының бүтіндігін тексеру;
      6) жұмыстың хаттамаларын жүргізу;
      7) криптографиялық негізгі ақпаратты қолдану;
      8) пайдаланушының хабар қабылдауына және жіберуіне байланысты өзге де функциялар.

      7. Төлем жүйесі терминалының төлем жүйесінің терминалын әзірлеуші тағайындаған, Орталық арқылы бақыланып отыратын сериялы бірегей нөмірі болуы керек.

3-тарау. Пайдаланушының және Орталықтың аутентификациясы

      8. Пайдаланушының және Орталықтың төлем жүйесіндегі аутентификациясы Орталықтың пайдаланушыны, пайдаланушының Орталықты анықтау мақсатында криптографиялық қорғаныс құралдарын пайдалана отырып, пайдаланушы мен Орталықтың ақпарат алмасуы арқылы жүзеге асырылады.

      9. Төлем жүйесіндегі пайдаланушыны аутентификациялау кезінде қателік болған кезде, қате жөнінде хабар берілуге тиіс және хабар үзіліп кетуге тиіс.

4-тарау. Хабар алмасу

      10. Төлем жүйесі терминалы мен төлем жүйесінің арасында хабар алмасу ТСР/IP хаттамасы бойынша жүзеге асырылады.

      11. Төлем жүйесін пайдаланушының жұмыс орнында ТСР/IP хаттамасы бойынша төлем жүйесімен қосуды қамтамасыз етуге қажетті құралдар болуға тиіс. Пайдаланушылардың ол үшін Орталықтың корпоративтік желісіне кірудің мына тәсілдерінің бірін:
      1) PPP (Point-to-Point) хаттамасы бойынша коммутацияланатын желісін (DialUp);
      2) PPP, SLIP, Frame Relay хаттамалары бойынша бөлінген желісін (LeasedLine);
      3) Орталықтың шлюзі бар провайдерлердің көпшілікке арналған желілерін;
      4) Internet желісісін пайдалануына болады.

      12. Пайдаланушының төлем жүйесіне берген әрбір хабары тек қана хабардың жүйелі түрдегі бірегей нөмірімен анықталады.

      13. Пайдаланушының төлем жүйесіне алғаш қосылған кездегі бірінші хабары бірге тең болып белгіленуге тиіс. Әрбір келесі хабардың нөмірі бір бірлікке артып отырады. Хабарлардың нөмірі жүйелі түрде үздіксіз артып отырады.

      14. Пайдаланушы беретін хабардың нөмірінің ең үлкен мәнін Орталық белгілейді. Пайдаланушы хабарының нөмірі ең үлкен мәнге жеткенде, пайдаланушы хабарының кезекті нөмірі бірге тең болып белгіленеді де, бұдан ары қарай артып отырады.

      15. Пайдаланушының берген хабарының нөмірі төлем жүйесі күткен нөмірге сәйкес келмегенде, пайдаланушыға тиісті хабар берілуі керек.

5-тарау. Төлем жүйесінің терминалында оқиғаларды тіркеу

      16. Төлем жүйесінің терминалы жауапты орындаушыны авторландыруы керек (пароль, смарт-карточка арқылы немесе өзгеше тәсілмен).

      17. Төлем жүйесінің терминалы журналдар жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс, онда негізгі оқиғалар мен жауапты орындаушының мынадай іс-әрекеттері тіркелуге тиіс:
      1) төлем жүйесі терминалының ашылу және жабылу уақыты мен күні;
      2) Орталықпен байланыс жасалған және Орталықпен байланыс үзілген уақыт пен күн;
      3) жауапты орындаушының хабарларға қатысты жасаған іс-әркеттерінің басталу уақыты және аяқталу уақыты, бұл іс-әрекеттердің сипаты.

6-тарау. Ақпаратты қорғау

      18. Төлем жүйесіне қосылғанда, "ТҰМАР" криптографиялық ақпарат қорғау пакетін пайдалану міндетті шарт болып табылады, ол мыналарды:
      1) екіжақты аутентификацияны;
      2) электрондық сандық қол қоюды жасау және тексеру механизмін;
      3) ақпараттың құпиялылығын (деректердің шифрлануын);
      4) берілетін ақпараттың тұтастығын (деректерді имитация жасап қорғау);
      5) сақталатын ақпараттың және бағдарламалық қамтамасыз етудің тұтастығын (деректердің хэширленуін қамтамасыз етеді).

      19. Төлем жүйесінің терминалымен жұмыс істегенде қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      20. Төлем жүйесінің терминалымен жұмыс істеу рәсімі, сондай-ақ төлем жүйесі терминалының жұмысын қамтамасыз ететін техникалық құралдарға қойылатын талаптар төлем жүйесі терминалының құжаттамасында баяндалуға тиіс.

7-тарау. Төлем жүйесінің терминалын пайдалануға беру

      21. Төлем жүйесінің терминалын пайдалануға енгізу Орталықтың оны пайдалану жөнінде берген рұқсатының негізінде жүзеге асырылады.

      22. Төлем жүйесінің терминалын пайдалану төлем жүйесі терминалының сенімді және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады және төлем жүйесі терминалының құжаттамасында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      23. Төлем жүйесі терминалының бағдарламалық қамтамасыз етуінің жұмысында пайдаланушыға немесе Орталыққа зиян келтіретіндей мүкіс байқалған жағдайда, соңғысы төлем жүйесінің бұл терминалының төлем жүйесіне кіруін жауып тастауға құқылы.

      24. Төлем жүйесінің қауіпсіздік деңгейін көтеру қажеттілігі туындаған кезде, Орталықтың төлем жүйесіне кіру жөнінде қосымша талаптар қоюына болады.

8-тарау. Қорытынды ереже

      25. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шешіледі.