Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 217 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 13 тамызда тіркелді. Тіркеу N 2443

Қолданыстағы

      Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеудi жетiлдiру мақсатында, "Акционерлiк қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  17 және 20-баптарына , "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Акциялар эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу, мемлекеттiк тiркелуге жатпайтын акциялардың эмиссияларына ұлттық бiрегейлендiру нөмiрiн беру, акцияларды шығару және орналастыру қорытындылары жөнiндегi есептi қарау және акциялар эмиссиясын жою ережесiн бекiту туралы" 2002 жылғы 3 тамыздағы N 304 қаулысының   (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 1979 тiркелген, 2003 жылғы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында жарияланған) күшi жойылды деп танылсын.
      3. Қаржылық қадағалау департаментi (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне, "Активтердi Басқарушылар қауымдастығы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бiрлестiгiне, "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне, "Қазақстан Тiзiлiм ұстаушылар қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне және жинақтаушы зейнетақы қорларына жiберсiн.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсiн.
      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енедi.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының  
Ұлттық Банкi Басқармасының 
"Жарияланған акциялар    
шығарылымын мемлекеттiк   
тiркеу, акцияларды     
орналастыру қорытындылары 
туралы есептi бекiту және 
     акциялар шығарылымын жою  
ережесiн бекiту туралы"  
2003 жылғы 4 шілдедегі  
N 217 қаулысымен     
бекiтiлген         

Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою ережесi

      Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының " Акционерлiк қоғамдар туралы " (бұдан әрi - Заң) " Бағалы қағаздар рыногы туралы " Заңдарына сәйкес әзiрлендi және акционерлiк қоғамның (бұдан әрi - қоғам) жарияланған акцияларын мемлекеттiк тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акцияларын шығарылымын жою тәртiбiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтудi және акциялар шығарылымын жоюды бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеудi және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

      2. Жарғылық капиталының мөлшерi кемiнде 200.000 айлық есептiк көрсеткiш болатын қоғамды (қаржы ұйымдарын қоспағанда) қайта ұйымдастыруға не таратуға байланысты акциялар шығарылымын не мемлекеттiк тiркеудi, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтудi, сондай-ақ акцияларын жоюды уәкiлеттi органның филиалдары жүзеге асырады.

2. Жарияланған акцияларды мемлекеттiк тiркеу

      3. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн қоғам уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) еркiн нысанда жасалған өтiнiш;
      2) қоғамның құрылтай жиналысының (бiр құрылтайшының шешiмi) немесе акционерлерiнiң жиналысының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционердiң шешiмi) жарияланған акциялар шығару туралы шешiммен бiрге хаттамасының көшiрмесi;
      3) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң және статистикалық карточканың көшiрмелерi;
      4) жарғының көшiрмесi;
      5) соңғы екi қаржылық жылдың аудиторлық есептермен расталған қаржы есебiмен (жаңа құрылған қоғамдарды қоспағанда) және жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге құжаттар ұсыну алдындағы соңғы ай соңындағы жағдай бойынша қаржы есебiмен бiрге осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша акциялар шығарылымының проспектiсiн екi данамен;
      6) құрылтайшылардың жарғылық капиталды төлегенiн растайтын құжаттардың көшiрмелерi.

      4. Қоғамды қайта ұйымдастыру арқылы құру кезiнде қоғам осы Ереженiң 3-тармағының 1)-6) тармақшаларында аталған құжаттардан басқа:
      1) қосу және бiрiктiру арқылы қайта ұйымдастыру кезiнде - өткiзу актiсiнiң және бiрiктiру немесе қосу шартының көшiрмелерiн;
      2) бөлу және бөлiнiп шығу арқылы қайта ұйымдастыру кезiнде - бөлiну балансының көшiрмесiн;
      3) қайта құру кезiнде - өткiзу актiсiнiң және заңды тұлға тiркелген күнгi қаржы есебiнiң көшiрмелерiн ұсынады.

      5. Уәкiлеттi орган жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге ұсынған құжаттарды олар алынған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.

      6. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган:
      1) қоғамға жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк бередi;
      2) акциялар шығарылымы проспектiсiнiң уәкiлеттi органның оны тiркеу туралы белгiсi қойылған бiр данасын қоғамға қайтарады.

3. Акциялар шығарылымының проспектiсiне
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      7. Акцияларды орналастыру және (немесе) айналысының барысында акциялар шығарылымының тiркелген проспектiсi деректерiнiң қоғамның қызметi туралы және ол эмиссиялаған акциялар туралы ақпаратпен салыстыру бойынша iстiң нақты жағдайы туралы, инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын барлық өзгерiстер уәкiлеттi органда тiркеледi.

      8. Акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу үшiн қоғам уәкiлеттi органға:
      1) еркiн нысанда жасалған өтiнiштi;
      2) акциялар шығарылымының проспектiсiне енгiзiлген, бiрiншi басшы, бас бухгалтер, iшкi аудит қызметiнiң (егер ол бар болса) басшысы қол қойған және қоғам мөрiнiң таңбасымен расталған өзгерiстер мен толықтыруларды екi данамен;
      3) негiзiнде акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген қоғам органының шешiмiнiң көшiрмесiн;
      4) әдiлет органының белгiсi қойылған барлық енгiзiлген өзгерiстерi мен толықтыруларымен бiрге жарғының көшiрмесiн (eгep өзгерiстер мен толықтырулар акциялар шығарылымының проспектiсiндегi мәлiметтерге қатысты болса);
      5) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң түпнұсқасын (eгep өзгерiстер мен толықтырулар жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктегi мәлiметтерге қатысты болса);
      6) орналастырылған акциялардың (қоғам сатып алған акцияларды шегерiп тастағанда) жалпы санының он және одан көп (халықтық қоғамдар үшiн - бес және одан көп) процентiн ұстаушылар туралы тiркеушi берген анықтаманың түпнұсқасын ұсынады.

      9. Уәкiлеттi орган акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды олар алынған күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.

      10. Акциялар шығарылымының проспектiсiне енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы заңдарының және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган қоғамға акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстермен толықтырулардың оларды тiркеу туралы белгi қойылған бiр данасын бередi.

      11. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк:
      1) қоғамның атауы өзгерген;
      2) жарияланған акциялардың саны көбейген мынадай жағдайларда ауыстырылады.

      12. Жарғылық капиталы кемiнде 50.000 еселенген ең төменгi есептiк көрсеткiш мөлшерiнде төленген, акциялары жабық немесе жеке тәсiлмен орналастырылған қоғам акцияларға ұлттық бiрегейлендiру нөмiрiн (нөмiрлерiн) беру туралы куәлiктi (бұдан әрi - ҰБН беру туралы куәлiк) ауыстыру мақсатында осы қаулы күшiне енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде уәкiлеттi органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) еркiн нысанда жасалған өтiнiш;
      2) соңғы екi қаржылық жылдың аудиторлық есептермен расталған қаржы есебiмен және жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге құжаттар ұсыну алдындағы соңғы ай соңындағы жағдай бойынша қаржы есебiмен бiрге осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша акциялар шығарылымының проспектiсiн екi данамен;
      3) ҰБН беру туралы куәлiктiң (куәлiктердiң) түпнұсқасы (түпнұсқалары).

      13. Уәкiлеттi орган жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi ауыстыру үшiн ұсынылған құжаттарды олар алынған күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.

      14. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi ауыстыру үшiн ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган қоғамға жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк және акциялар шығарылымы проспектiсiнiң оны тiркеу туралы белгi қойылған бiр данасын бередi.

4. Акцияларды орналастыру қорытындылары
туралы есептi бекiту

      15. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту үшiн қоғам уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) еркiн нысанда жасалған өтiнiш;
      2) акцияларды орналастыру аяқталған күнгi немесе есептi тоқсан (ай) соңындағы жағдай бойынша қаржы есеп;
      3) баспасөз басылымының нөмiрiн шыққан күнiн көрсете отырып акцияларды орналастыру туралы хабар жарияланған баспасөз басылымы бетiнiң көшiрмесiн;
      4) осы Ереженiң 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасалған акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi екi данамен;
      5) егер осы орналастыру құрылтайшылар арасында жүзеге асырылмаса, қоғамның директорлар кеңесiнiң акциялар орналастыру туралы шешiмiнiң көшiрмесi.

      16. Қоғамның акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту үшiн ұсынған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган:
      1) есептi бекiтедi және қоғамға акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептiң бекiтiлгендiгi туралы хабарлама жiбередi;
      2) есептiң бекiтiлгендiгi туралы уәкiлеттi органның белгiсi қойылған есептiң бiр данасын қоғамға қайтарады.

      17. Егер орналастыру басталған не акцияларды орналастыру қорытындылары туралы соңғы есеп ұсынылған күннен бастап алты ай iшiнде қоғам бiр де бiр акция орналастырмаса, ол уәкiлеттi органға:
      1) осы кезеңде акцияларды орналастырy жүзеге асырылмағаны туралы жазбаша хабарлама;
      2) орналастырудың алты айлық мерзiмi аяқталған күнi тiркеушi берген, орналастырылған акциялардың (қоғам сатып алған акцияларды шегерiп тастағанда) жалпы санының он және одан көп (халықтық қоғамдар үшiн - бес және одан көп) процентiн ұстаушылар туралы анықтаманың түпнұсқасын ұсынады.

      18. Акциялардың орналастырылмағандығы туралы хабарды қарау нәтижесi бойынша уәкiлеттi орган қоғамға осы хабарламаның назарға алынғандығы туралы хат жiбередi.

5. Акциялар шығарылымын жою

      19. Акциялар шығарылымы:
      1) соттың шешiмiмен мәжбүрлеп қайта ұйымдастырылған немесе таратылған;
      2) қоғам ерiктi түрде қайта ұйымдастырылған (осы қоғамға басқа заңды тұлғаны қосуды немесе осы қоғамнан жаңа акционерлiк қоғамды бөлiп шығаруды есептемегенде) немесе таратылған;
      3) соттың шешiмiмен эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу мемлекеттiк тiркеу жарамсыз деп танылған жағдайларда жойылады.

      20. Акциялар шығарылымын жою үшiн қоғам немесе оның филиалдары уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) еркiн нысанда жасалған өтiнiш;
      2) соттың мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешiмiнiң, немесе шығарылымды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану туралы шешiмнiң көшiрмесi; немесе
      акционерлердiң жалпы жиналысының қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату және акциялар шығарылымын жою туралы шешiмi;
      3) жарияланған акциялардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң және (немесе) ҰБН беру туралы куәлiктiң түпнұсқасы;
      4) акциялар шығарылымы проспектiсiнiң оған енгiзiлген өзгерiстерiмен және толықтыруларымен бiрге түпнұсқасы;
      5) акцияларды орналастыру қорытындылары есептiң (есептердiң) және уәкiлеттi органның акцияларды орналастыру қорытындылары есептi бекiту туралы хабарламасының (хабарламаларының) түпнұсқасы (нұсқалары).

      21. Осы Ереженiң 20-тармағының 3)-5) тармақшаларында аталған құжаттардың түпнұсқалары жоғалған жағдайда қоғам баспасөз басылымында жоғалған құжаттардың жарамсыздығы туралы жарияланған ақпараттың көшiрмесiн ұсынады.

      22. Осы Ереженiң 19-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтпестен акциялар шығарылымын жоюға жол берiледi. Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтпестен акциялар шығарылымы жойылған жағдайда қоғам уәкiлеттi органға осы Ереженiң 20-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған құжаттарды ұсынады.

      23. Акциялар шығарылымын жою үшiн уәкiлеттi органға қоғам ұсынған құжаттар олар алынған күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қаралады.

      24. Акциялар шығарылымын жою үшiн ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының және осы Ереженiң талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган акциялар шығарылымын жояды және қоғамға акциялар шығарылымын жою туралы хабарлама жiбередi.

6. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден және акциялар шығарылымын жоюдан бас тарту

      25. Уәкiлеттi орган бас тарту себептерiн көрсете отырып, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңдарында белгiленген жағдайларда жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден және акциялар шығарылымын жоюдан бас тартады.

      26. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеуден, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден және акциялар шығарылымын жоюдан бас тартылған жағдайда қоғам уәкiлеттi органның ескертулерiн екi ай iшiнде жояды. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою үшiн құжаттарды қайтадан ұсынған кезде қарау мерзiмi қайтадан есептеледi.

7. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою үшiн ұсынылған құжаттардың мазмұны және ресiмдеу

      27. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою үшiн уәкiлеттi органға қоғам ұсынған өтiнiш және құжаттар өтiнiште осы Ереженiң 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң тiзiлiмiн ұстаушының мемлекетте осы қоғам акцияларының бар (жоқ) екенi туралы мөртабанының таңбасы болса қарау үшiн қабылданады.

      28. Акциялар шығарылымының проспектiсi қаржы есебiмен бiрге тiгiледi, тiгiлген және нөмiрленген парақтардың саны туралы жазба жасалатын қағаз пломбамен бекiтiледi және қоғам мөрiнiң таңбасы қойылады. Акциялар шығарылымының проспектiсiндегi мәлiметтер уәкiлеттi органға проспектiсiн ұсыну алдындағы есептi кезең үшiн қаржы есебi жасалған күнге сәйкес келуi тиiс. Көрсетiлген күн "проспект күнi" болып табылады.

      29. Қосымша (түзетiлген) құжаттар уәкiлеттi органға iлеспе хатпен ұсынылады. Iлеспе хатта уәкiлеттi органның жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуден, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеуден, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден және акциялар шығарылымын жоюдан бас тарту туралы хатының шығыс нөмiрi мен күнi, сондай-ақ ұсынылған құжаттардың тiзбесi көрсетiледi.

      30. Егер осы Ережеде құжаттардың көшiрмелерiн ұсыну белгiленбесе қоғам құжаттардың түпнұсқаларын ұсынады.

      31. Құжаттың көшiрмелерiндегi парақтар көп болған кезде әрбiр парақ расталады не құжат тiгiледi және тiгiстiң түйiнiне және параққа жартылай желiмделген қағаз пломбамен бекiтiледi. Бiрiншi басшының, бас бухгалтердiң қолдары және мөр таңбасы қағаз пломбаға жартылай, құжаттың парағына жартылай қойылуы тиiс.

      32. Құжаттарда түсiнiксiз түзетулер, сызып тастаулар, тазалаулар, түзетiлген жерлер, қосымша жазулар (қосымша басулар) жасауға жол берiлмейдi. Түзету жасалған кезде сызып тасталған сөз анық оқылуы тиiс. Әрбiр түзету (толықтыру) түсiндiрiлуi тиiс, мысалы: "түзетiлген ... дұрыс", "қосымша жазылған .. дұрыс", "сызып тасталған ...оқылмасын", құжатқа қол қойған тұлғалар растауы және қоғамның мөрiнiң таңбасымен расталуы тиіс.

8. Қосымша ережелер

      33. Уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде Мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң, қоғамның жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы бар заңды тұлғалардың тiзiлiмiн ұстаушыға осы Ереженiң 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша:
      1) жарияланған акциялардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеу;
      2) акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу;
      3) акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту;
      4) акциялар шығарылымын жою туралы хабарлама жiбередi.

      34. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу, акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды тiркеу, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту және акциялар шығарылымын жою кезiнде уәкiлеттi орган берген құжаттардың түпнұсқалары жоғалған жағдайда қоғам баспасөз басылымдарында жоғалған құжаттардың жарамсыздығы туралы ақпарат жариялау шартымен дубликат бepу үшiн өтiнiш жасауға құқылы.
      35. Осы Ережелерде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

Жарияланған акциялар   
 шығарылымын мемлекеттiк 
тiркеу, акцияларды   
орналастыру қорытындылары
туралы есептi бекiту  
және акциялар шығарылымын
жою ережесiне     
1-қосымша        

Акциялар шығарылымының проспектiсi

      Акциялар шығарылымының проспектiсiнiң мәтiнi акционерлiк қоғамның қаржы жағдайы мен қызметi туралы ақпараттан тұрады.
      1. Акциялар шығарылымының проспектiсiнiң титул парағында:
      1) құжаттың атауы: "Акциялар шығарылымының проспектiсi";
      2) қоғамның толық және қысқартылған атауы;
      3) "Уәкiлеттi органның жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу проспектiде жазылған акцияларды сатып алуға қатысты инвесторларға қандай да бiр ұсынымдар ұсынуды бiлдiредi. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi орган осы құжаттағы ақпараттың шынайылығына жауап бермейдi. Акциялар шығарылымының проспектiсi Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келуiне ғана қаралды. Акционерлiк қоғамның лауазымды тұлғасы осы проспектiдегi ақпараттың шынайылығына жауап бередi және онда ұсынылған барлық ақпараттың дұрыстығын және қоғамға және оның орналастыратын акцияларына қатысты инвесторларды шатастырмайтындығын растайды" деген жазба болады.

Акциялар шығарылымы проспектiсiнiң мәтiнi
1. Акционерлiк қоғам туралы жалпы мәлiметтер

      2. Акционерлiк қоғамның атауы.
      Осы тармақта акционерлiк қоғамның толық және қысқартылған атауын көрсету қажет.
      Егер акционерлiк қоғамның жарғысында оның шетел тiлiнде толық және қысқарған атауы көзделген болса, онда осындай атауды қосымша көрсету керек.
      Акционерлiк қоғамның атауы өзгерген жағдайда оның бұрынғы толық және қысқарған атаулары, сондай-ақ оның өзгерген күнi көрсетiледi.
      Егер акционерлiк қоғам заңды тұлғаның (заңды тұлғалардың) қайта ұйымдасу нәтижесiнде құрылған болса, онда қайта ұйымдасқан заңды тұлға және акционерлiк қоғамға қатысты құқық иеленушiлiк туралы мәлiмет көрсетiлуге тиiс.
      3. Акционерлiк қоғамды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы мәлiмет.
      Осы тармақта акционерлiк қоғамды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) күнi және куәлiгiнiң нөмiрi, сондай-ақ мемлекеттiк тiркеудi (қайта тiркеудi) жүзеге асыратын органның атауы көрсетiлуi қажет.
      4. Салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi.
      5. Акционерлiк қоғамның орналасқан жерi, байланыс телефоны мен факстiң нөмiрi, электронды почтаның мекен-жайы туралы ақпарат.
      6. Акционерлiк қоғамның банктiк деректемелерi.
      7. Акционерлiк қоғам қызметiнiң түрлерi.
      8. Акционерлiк қоғамға немесе олар шығарған бағалы қағаздарға халықаралық рейтинг агенттiктерi және (немесе) Қазақстан Республикасының рейтинг агенттiктерi берген рейтингтердiң болуы туралы мәлiмет.
      9. Акционерлiк қоғамның барлық филиалдары мен өкiлеттiктерiнiң атауы, тiркелген күнi, орналасқан жерi және почталық мекен-жайлары.
      10. Акционерлiк қоғамның қаржылық есебiне аудитті жүзеге асыратын (жүзеге асырған) аудиторлық ұйымның толық ресми атауы (аудитордың аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты).

2. Қоғамның органдары және құрылтайшылары (акционерлерi)

      11. Акционерлiк қоғамның директорлар кеңесi.
      Осы тармақта:
      1) қоғамның директорлар кеңесi төрағасының және мүшелерiнiң аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты, туған жылы;
      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген тұлғалардың хронологиялық тәртiппен соңғы үш жылда және қазiргi уақытта атқаратын лауазымы, оның iшiнде қоса атқаратын қызметi;
      3) акционерлiк қоғам орналастырған акциялардың жалпы санына директорлар кеңесi мүшелерiне тиесiлi акциялардың проценттiк ара қатынасы;
      4) еншiлес және тәуелдi ұйымдардың директорлар кеңесi мүшелерiне тиесiлi акциялардың (жарғылық капиталдағы үлесiнiң) осы ұйымдардың орналастырылған акцияларының (жарғылық капиталдағы үлесiнiң) жалпы санына проценттiк ара қатынасы;
      5) соңғы екi жыл iшiндегi директорлар кеңесi құрамының өзгеруi көрсетiлуi қажет.
      12. Акционерлiк қоғамның алқалы (жеке дара) атқару органы.
      Осы тармақта:
      1) акционерлiк қоғамның жеке дара атқару органының функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты не акционерлiк қоғамның алқалы атқару органының әрбiр мүшесiнiң, оның iшiнде басқарма төрағасының аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты;
      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген тұлғалардың өкiлеттiктерiн көрсете отырып хронологиялық тәртiппен соңғы үш жылда және қазiргi уақытта атқаратын лауазымы, оның iшiнде қоса атқаратын қызметi;
      3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген тұлғаларға тиесiлi акциялардың (жарғылық капиталдағы үлесiнiң) жалпы санына директорлар кеңесi мүшелерiне тиесiлi акциялардың (жарғылық капиталдағы үлесiнiң) проценттiк ара қатынасы көрсетiлуi керек.
      13. Директорлар кеңесiнiң мүшелерiне, атқарушы орган мүшелерiне және басқа басшы қызметкерлерге төленетiн сыйақы.
      Акционерлiк қоғам акциялар шығару туралы шешiм қабылданған күнге дейiн үш және одан да көп айда құрылған жағдайда, сыйақының (ақшалай, бағалы қағаздармен немесе қандай да бiр басқа нысанда) және соңғы үш айда осы Қосымшаның 11 және 12-тармақтарында көрсетiлген тұлғалардың (тұлғалардың тобы ретiнде) акционерлiк қоғамнан алған жалақысының жалпы мөлшерiн көрсету қажет.
      14. Акционерлiк қоғамның ұйымдық құрылымы.
      Осы тармақта:
      1) акционерлiк қоғамның құрылымдық бөлiмшелерi;
      2) акционерлiк қоғам қызметкерлерiнiң, оның iшiнде акционерлiк қоғам филиалдары мен өкiлеттiктерi қызметкерлерiнiң жалпы саны;
      3) акционерлiк қоғамның акцияларын иеленетiн акционерлiк қоғамның қызметкерлерiнiң жалпы саны және процентпен орналастырылған жалпы санындағы олардың жиынтық үлесi;
      4) акционерлiк қоғам бөлiмшелерiнiң басшылары туралы мәлiмет (аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты, туған жылы);
      5) филиалдар мен өкiлдiктердiң басшылары туралы мәлiмет (аты-жөнi, бар болса - әкесiнiң аты, туған жылы).
      15. Акционерлiк қоғамның құрылтайшылары (акционерлерi).
      Осы тармақта акционерлiк қоғамның орналастырылған акцияларының он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан көп) процентiн иеленетiн акционерлердiң жалпы санын көрсету қажет.
      Егер банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, жинақтаушы зейнетақы қоры, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым, бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушысы, тiркеушi, брокер және дилер (бұдан әрi - қаржылық ұйымдар) акционерлiк қоғам болып табылатын болса, онда қаржы ұйымдарының дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентпен тiкелей немесе жанама дауыс беру мүмкiндiгi бар не шарттың күшiмен немесе өзге түрде қаржылық ұйым қабылдаған шешiмге әсер ететiн қаржы ұйымдарының дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн тiкелей немесе жанама иеленетiн акционерлер туралы ақпарат көрсетiлуi тиiс.
      Акционерлiк қоғамның олар бойынша құқықтарды жүзеге асыру мерзiмi жарияланған акциялардың мемлекеттiк тiркеуге құжаттарын ұсыну күнiнен бастап 60 күннен аспайтын дауыс беретiн акцияларын сатып алуға жасалған опциондар туралы ақпарат көрсетiлуi тиiс.
      16. Акционерлiк қоғам орналастырылған акциялардың (жарғылық капиталдағы үлесiмен) он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан да көп) процентiн иеленетiн iрi акционер болып табылатын ұйымдар туралы мәлiметтер.
      Мәлiметтерде заңды тұлғаның толық атауы, орналасқан жерi, қоғамға, ұйымның орналастырылған акцияларының жалпы санына акциялардың (жарғылық капиталдағы үлесi) проценттiк ара қатынасы, қызмет түрi, бiрiншi басшы туралы ақпарат болуға тиiс.
      17. Қоғам қатынасатын өнеркәсiптiк, банктiк, қаржылық топтар, холдингтер, концерндер, қауымдастықтар, консорциумдар туралы ақпарат.
      Осы тармақта көрсетiлген ұйымдардың толық және қысқартылған атауы, орналасқан жерi көрсетiледi.
      18. Акционерлiк қоғамның басқа аффилиирленген тұлғалары туралы мәлiмет.
      Осы тармақта осы Қосымшаның 11-16-тармақтарында көрсетiлген барлық тұлғалар туралы мәлiметтер берiледi, бiрақ олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлiк қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылады.

3. Акционерлiк қоғам қызметiнiң сипаты

      19. Акционерлiк қоғам қызметiнiң негiзгi түрлерiнiң қысқаша сипаты, акционерлiк қоғамдарға бәсекелес болып табылатын ұйымдар туралы мәлiметтер.
      20. Акционерлiк қоғам қызметiнiң негiзгi түрлерi бойынша сату (жұмыс, қызмет көрсету) кiрiстiлiгiне оң және терiс әсер ететiн факторлар.
      21. Соңғы екi жыл немесе акционерлiк қоғам нақты жұмыс iстейтiн кезең iшiнде сатылған өнiмдердiң (орындалған жұмыстың, қызмет көрсетудiң) көлемi.
      Соңғы екi жыл немесе акционерлiк қоғам нақты жұмыс iстейтiн кезең iшiнде сатылған өнiмдердiң (орындалған жұмыстың, қызмет көрсетудiң) көлемiндегi өзгерiстердi талдау.
      22. Өз өнiмдерiн (жұмыстарын, қызмет көрсетулерiн) сатуды ұйымдастыру бойынша акционерлiк қоғамның қызметi. Осы тармақтың талаптары өз қызметiн экономиканың өндiрiс секторында жүзеге асыратын ұйымдарға ғана қолданылады.
      Осы тармақта акционерлiк қоғамның негiзгi жеткiзушiлерi мен тұтынушылары, олардың жұмыс iстеп жүрген жеткiзушiлер мен тұтынушыларға тәуелдiлiк дәрежесi туралы мәлiметтердi көрсету қажет, оның iшiнде:
      1) жалпы жеткiзу көлемiнде барлық жеткiзулердiң он процентiнен көп үлесi бар жеткiзушiлердiң атауы;
      2) сатудың жалпы көлемiнде олардың үлесiне акционерлiк қоғамның өнiмдерiн (жұмыстарын, қызмет көрсетулерiн) сатудан түскен жалпы түсiмнiң он процентiнен көп бөлiгi тиесiлi тұтынушылардың атауы.
      23. Акционерлiк қоғамның қызметiне әсер ететiн факторлар:
      1) қызметтiң маусымдық сипаты бар түрлерi, олардың акционерлiк қоғамның жалпы кiрiсiндегі үлесі;
      2) акционерлiк қоғамға жеткiзiлетiн (көрсетiлетiн) шикiзаттағы (жұмыстардағы, қызмет көрсетулердегi) импорттың үлесi және сатылатын өнiмнiң жалпы көлемiндегi экспортқа акционерлiк қоғам сататын өнiмнiң (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) үлесi;
      3) сот процестерiне акционерлiк қоғамның қатысуы туралы мәлiмет. Оның қатысуымен сот процестерi мәнiнiң сипаттамасын ұсыну қажет, оның нәтижелерi бойынша акционерлiк қоғамның қызметi тоқтатылуы немесе өзгеруi, одан ақшалай және өзге мiндеттемелер өндiрiлiп алуы мүмкін;
      4) акционерлiк қоғамға және оның лауазымды тұлғаларына соңғы жыл iшiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдар және (немесе) сот салған барлық әкiмшiлiк жазалар туралы мәлiметтер;
      5) тәуекел факторлары:
      бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында немесе биржадан тыс рынокта акциялардың бағасына, сондай-ақ рынокта өнiм құнының өзгеруiне, қоғамның акцияларының құнына әсер ететiн;
      инфляцияға, құнсыздануға және банктiк проценттерге байланысты;
      шығарылатын өнiмнiң бәсеке қабiлетiне байланысты;
      елдегi саяси ахуалдың өзгеруiне және заңдардың өзгеруiне байланысты;
      әлеуметтiк факторларға және тағы басқаларға байланысты тәуекелдердiң толық талдауын ұсыну қажет.

4. Қаржылық емес ұйымдардың қаржы жағдайы

      24. Инвестициялар.
      Басқа ұйымдардың капиталына ұзақ мерзiмдi инвестициялар туралы мәлiметтер ашылады.
      25. Дебиторлық берешек.
      Осы тармақта:
      1) акционерлiк қоғамның алдында дебиторлық берешектiң жалпы сомасының бес және одан да көп процентi мөлшерiнде дебиторлық берешегi бар ұйымдардың атауы және олардың орналасқан жерi не акционерлiк қоғамның мейлiнше iрi дебиторларының тiзiмi;
      2) дебиторлық берешектi өтеу мерзiмдерi бойынша;
      3) жақын арадағы он екi ай iшiнде өтелетiн сомалар тоқсанға бөлiнедi, қалған сомалар жылдарға бөлiнiп көрсетiледi.
      26. Қоғамның жарғылық капиталы.
      Осы тармақта қоғамның жарғылық капиталы туралы мәлiметтер көрсетiледi.
      27. Заемдар.
      Осы тармақта қолданыстағы облигацияларды, банк заемдарды және кредиттiк желiлердi шығару туралы ақпарат ашылады. Заемдар туралы ақпарат мiндеттемелердiң валюта бөлiгінде және оларды орындау мерзiмдерi бойынша баяндалады. Валюта түрлерi бойынша жылдық өлшемде орташа проценттiк ставка, жақын арадағы он екi ай iшiнде өтелетiн сомалар тоқсанға бөлiнедi, қалған сомалар жылдарға бөлiнiп көрсетiледi.
      28. Қоғамның негiзгi қызметiн жүзеге асыруға байланысты кредиторлық берешек (жеткiзушiлер алдындағы берешек, алынған аванстар):
      1) дебиторлық берешектiң жалпы сомасының бес және одан да көп процентi мөлшерiнде акционерлiк қоғамның дебиторлық берешегi бар ұйымдардың атауы және олардың орналасқан жерi не акционерлiк қоғамның неғұрлым iрi дебиторларының тiзiмi;
      2) кредиторлық берешектердi өтеу мерзiмдерi бойынша; жақын арадағы он екi ай iшiнде өтелетiн сомалар тоқсанға бөлiнедi, қалған сомалар жылдарға бөлiнiп көрсетiледi.
      29. Қаржы нәтижелерiн талдау. Осы тармақта соңғы екi жылдағы аса маңызды қаржы көрсеткiштерiне талдау келтiрiледi: сатылған өнiмдердiң (көрсетiлген жұмыстар, қызметтер) көлемi, таза кiрiс, проценттiк және процентсiз кiрiстер мен шығыстар. Таяудағы жылға аталған көрсеткiштердiң орындалу болжамы ұсынылады.

5. Қаржылық ұйымдардың қаржы жағдайы

      30. Инвестициялар және бағалы қағаздар портфелi.
      Осы мәселе бойынша ақпарат мынадай құрылымда берiледi: басқа ұйымдардың капиталына ұзақ мерзiмдi инвестициялар, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес бағалы қағаздар портфелiнiң бөлiгiнде сатуға арналған бағалы қағаздар портфелi, өзге де инвестициялар.
      Қоғам стратегиясының қысқаша сипаттамасын беру қажет: басқа ұйымдардың капиталына қатысуы, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды басқаруы.
      31. Жарғылық капитал
      Осы тармақта акционерлiк қоғамның төленген жарғылық капиталы туралы мәліметтер көрсетiледi.
      32. Банкаралық заемдар.
      Осы тармақта банкаралық заемдар рыногында акционерлiк қоғам позициясының сипаттамасы ұсынылады.
      33. Салымдар (банктер толтырады).
      Осы тармақта депозиттiк базаны сипаттайды, оның iшiнде:
      1) заңды және жеке тұлғалардың салымдары бөлiгiнде және мерзiмдi салымдар мен талап ету бойынша салымдар бөлiгiнде салымдардың өсу динамикасы;
      2) тартылған салымдардың валюта бөлiгiндегi салымдар бойынша орташа сыйақылар;
      3) заңды және жеке тұлғалардың салымдары бойынша бөлек;
      салымдардың уақытша құрылымы (кредиторлық берешектердi өтеу мерзiмдерi бойынша; жақын арадағы он екi ай iшiнде өтелетiн сомалар тоқсанға бөлiнедi, қалған сомалар жылдарға бөлiнiп көрсетiледi);
      4) соңғы үш жыл iшiндегi валюта түрлерi бойынша бөлек салымдар бойынша дебет және кредит айналымдары.
      34. Облигациялардың қолданылып жүрген шығарылым құрылымының сипаттамасы және соңғы үш жылдағы өтелген облигациялар туралы мәлiметтер.
      35. Акционерлiк қоғам активтерiнiң бес процентiнен асатын қолданылып жүрген халықаралық заемдарының (сома, өтеу кестесi, сыйақы) шарттары туралы және соңғы үш жылдағы оның активтерiнен бес проценттен асатын тартылған және орындалған халықаралық заемдар туралы мәлiмет.
      36. Басқа ұйымдардан алынған акционерлiк қоғамда бар ашық кредиттiк желiлер туралы мәлiмет.
      37. Қаржы нәтижелерiн талдау.
      Осы тармақта соңғы екi жылдағы аса маңызды қаржы көрсеткiштерiне талдау келтiрiледі: сатылған өнiмдердiң (көрсетiлген жұмыстар, қызметтер) көлемi, таза кiрiс, проценттiк және процентсiз кiрiстер мен шығыстар. Аталған көрсеткiштердiң таяудағы жылға орындалу болжамы ұсынылады.
      38. Соңғы екi жылдағы кiрiстер мен шығыстардың құрылымы.
      39. Акционерлiк қоғамның пiкiрi бойынша аса маңызды болып табылатын және қоғам қызметiн сипаттайтын қаржы коэффициенттерiнiң есебi.
      40. Акциялар шығарылымының проспектiсiнiң күнiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген пруденциалдық нормативтер мен орындалуы мiндеттi нормалар мен лимиттердiң маңызы.
      41. Қоғамның акция шығару туралы шешiмi қабылданғанға дейiнгi соңғы алты ай iшiнде берiлген кепiлдiктердiң көлемi мен саны.
      42. Бұрын берiлген кепiлдiктер, сот талаптары нәтижесiнде пайда болған акционерлiк қоғамның ықтимал мiндеттемелерiне қатысты өзге де ақпарат.

6. Бағалы қағаздардың шығарылымдары туралы мәлiмет

      43. Барлық тiркелген бағалы қағаздар шығарылымдарына қатысты:
      1) бағалы қағаздардың әрбiр шығарылымының жалпы саны, түрi, санаты және нақтылы құны, сондай-ақ бағалы қағаздардың шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған орган, бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу нөмiрi және тiркеу күнi;
      2) бағалы қағаздарды орналастыру күнiнiң басталуы және аяқталуы. Егер бағалы қағаздарды орналастыру аяқталмаған болса, онда бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге қоғам берген құжаттардағы деректерге сәйкес бағалы қағаздарды орналастыру басталған және аяқталған нақты күндi көрсету қажет;
      3) қоғамның бағалы қағаздар ұстаушыларының алдында өз мiндеттемелерiн орындамауы, облигациялар бойынша сыйақыларды төлемеуi (төлемдi кешiктiруi), жай және артықшылықты акциялар бойынша төлемеуi (төлемдi кешiктiруi) орындалмаған мiндеттемелердiң мөлшерi және оларды орындаудың мерзiмi өткен күнi туралы ақпаратты қоса алғандағы фактiлер туралы мәлiметтер. Дивидендтердi есептеу және төлеу бойынша берешектер болған жағдайда оның себебiн көрсету;
      4) бағалы қағаздарды орналастыру немесе айналысқа жiберу тоқтатылған немесе бағалы қағаздар шығарылымы жарамсыз деп танылған жағдайларда осы шешiмдi қабылдаған мемлекеттiк органның атауы шешiм қабылданған күн және оның негiздемесi көрсетiледi;
      5) облигациялар бойынша төлемдердiң өтеу күнi және жалпы мөлшерi;
      6) бiр акцияға (жай, артықшылықты) дивидендтiң сомасы және екi соңғы қаржы жылының iшiндегi әрбiр жыл үшiн әрбiр акция түрiне дивидендтiң жалпы сомасы;
      7) сауда-саттық ұйымдастырушыларының атауын қоса алғанда, қоғамның бағалы қағаздарымен сауданы жүзеге асыратын негізгi рыноктар көрсетiледi.

7. Жарияланған акцияларды шығару туралы мәлiмет

      44. Акциялар туралы мәлiмет:
      1) акциялардың саны, түрлерi;
      2) құрылтайшылар арасында орналастырылған акциялардың саны, түрлері;
      3) құрылтайшылар төлейтiн бiр акцияның нақтылы құны;
      4) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтiң кепiлдiк берiлген мөлшерi.
      45. Қоғамның айырбасталатын бағалы қағаздары.
      Айырбасталатын акциялар шығарған жағдайда осындай айырбастың тәртiбi мен шарты көрсетiледi.
      46. Акционерлiк қоғамның тiркеушiсi туралы мәлiмет.
      Тiркеушiнiң толық және қысқартылған атауы, оның орналасқан жерi, байланыс телефоны, сондай-ақ бағалы қағаздар ұстаушысының тiзiлiмiн жүргiзу бойынша қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиясы (нөмiрi, берiлген күнi, лицензияны берген орган) туралы деректердi көрсетедi.

8. Қосымша ережелер

      47. Акциялар шығару шығындардың сомасы.
      48. Инвесторларға арналған ақпарат.
      Инвесторлардың қоғам жарғысының және акция шығару проспектiсiнiң көшiрмесiмен танысуға болатын орын туралы, сондай-ақ қоғам инвесторлар арасында таратуға қажеттi деп санайтын өзге де ақпарат көрсетiледi.
      49. Акцияларды шығару проспектiсiне бiрiншi басшы, бас бухгалтер, iшкi аудит қызметiнiң басшысы (егер ол бар болса) қол қояды және қоғамның мөрiмен куәландырылады.

Жарияланған акциялар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу, акцияларды 
орналастыру қорытындылары туралы
есептi бекiту және акциялар  
шығарылымын жою ережесiне   
2-қосымша          

Акцияларды орналастыру қорытындылары бойынша
ЕСЕП

      1. Қоғамның атауы.
      2. Орналасқан жерi және банктiк деректемелерi (қызмет көрсететiн банктiң аты, оның орналасқан жерi, коды).
      3. Жарияланған акциялар шығарылымының мемлекеттiк тiркелген күні.
      4. Қоғамның жарғылық капиталы туралы мәлiмет.
      5. Акциялар туралы мәлiмет:
      1) шығаруға жарияланған акциялардың жалпы саны _____________;
      жай акциялар _____________;
      артықшылықты акциялар _____________;
      2) артықшылықты акциялар бойынша дивидендтiң кепiлдiк берiлген
мөлшерi _____________.
      6. Акцияларды орналастыру туралы мәлiмет:
      1) акцияларды орналастыру кезеңiнiң басталу және аяқталу күнi (келесi есептi беру кезiнде - жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеген сәттен бастап орналастырудың барлық кезеңiндегi төлем сомасын көрсете отырып, бұрынғы есептi бекiту күнi);
      2) акцияларды орналастыру туралы ақпарат (орналастыру түрi, бағасы және егер болса, соңғы сауда-саттықтың күнi);
      3) орналастырылмаған акциялардың саны.
      7. Акцияларға ақы төлеу тәсiлi:
      1) ақшалай;
      2) бағалы қағаздармен;
      3) мүлiктiк құқықпен;
      4) зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне құқықпен;
      5) қоғамның таза кiрiсiн бөлу есебiнен;
      6) өзге де тәсiлмен.
      Осы тармақтың 1)-6) тармақшаларын толтыру кезiнде олардың деректемелерiн көрсете отырып, акцияларға ақы төлеудi растайтын алғашқы құжаттарға сiлтеме жасау керек.
      8. Қоғамның тiркеушiсi туралы мәлiмет:
      1) акция ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiнiң атауы және орналасқан жерi ____________________________
____________________________;
      2) қоғам акциясын ұстаушылардың тiзiлiмi туралы шарттың күнi және нөмiрi.
      9. Акцияларды орналастыру туралы хабар жарияланған баспасөз басылымының атауы және жарияланған күнi.
      10. Дивидендтер төлемi туралы мәлiмет:
      1) аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша бiр (жай, артықшылықты) акцияның төленген дивидендтерiнiң мөлшерiн көрсете отырып дивидендтердi соңғы төлеу күні;
      2) аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша төленген дивидендтердiң жалпы сомасы;
      3) егер дивиденд уақытында төленбеген жағдай болса, онда акционерлер алдында берешектi өтеу бойынша қоғам қандай шаралар қолданғанын көрсетедi.
      11. Акцияларды орналастыру кезеңiнiң аяқталу күнiне қоғамның орналастырылған (қоғам сатып алған акцияларды шегерiп тастағанда) акцияларының он және одан да көп (халықтық қоғамда - бес және одан да көп) процентiн иеленетiн акционерлер туралы мәлiмет. Осы мәлiметтер тiркеушi берген анықтама негiзiнде толтырылады, ол анықтама есептiң ажырамас бөлiгi болып табылады:
____________________________________________________________________
Заңды тұлға -   |  Заңды  тұлға  |Акцияның түрiн  |Орналастырылған
акционерлердiң  |акционерлердiң  |көрсете отырып, |  акциялардың
толық атауы     | нақты  орналас.| акционерлерге  |   жалпы санына
немесе жеке     |қан жерi немесе |   тиесiлi      | проценттiк ара
  тұлға -       |- жеке тұлға -  | акциялардың    |   қатынасы
акционерлердiң  |акционерлердiң  |  жалпы саны    |
аты-жөнi, бар   |  мекен-жайы    |                |
болса, әкесiнiң |                |                |
   атауы        |                |                |
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________

      Есепке бiрiншi басшы, бас бухгалтер қол қояды және акционерлiк қоғамның мөрiмен куәландырылады. Есептiң әрбiр данасы тiркеушi берген анықтаманың түпнұсқасымен тiгiледi және тiгiстiң ұшына және жартылай параққа желiмделген қағаз пломбамен бекiтiледi. Мөрдiң таңбасы қағаз пломбаға, iшiнара құжаттың парағына соғылады және бiрiншi басшының қолымен куәландырылады.

Жарияланған акциялар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу, акцияларды 
орналастыру қорытындылары туралы
есептi бекiту және акциялар  
шығарылымын жою ережесiне   
3-қосымша           

Мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң, жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысуы бар заңды тұлғалардың тiзiлiмiн ұстаушыға
ХАБАРЛАМА

      Уәкiлеттi орган _____________________________________________
       (уәкiлеттi органның немесе уәкiлеттi орган филиалының атауы)

мыналар туралы (жөнiнде) хабарлайды (қажетiнiң астын сызу керек):
      жарияланған акциялар шығарылымын (акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды) мемлекеттiк тiркеу;
      жарияланған акциялар шығарылымын (акциялар шығарылымының проспектiсiне өзгерiстер мен толықтыруларды) мемлекеттiк тiркеуден бас тарту;
      акциялар шығарылымын жою;
      акциялар шығарылымын жоюдан бас тарту;
      акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiту;
      акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тарту;
      қоғамның ____ жылғы "____" ____________ N ________ (өтiнiштiң
Мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң, жарғылық капиталға мемлекеттiң қатысуымен заңды тұлғалардың тiзiлiмiн ұстаушының мөртабанына сәйкес реттiк нөмiрi) өтiнiшi негiзiнде:
___________________________________________________________________
                            Атауы:
   (Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес)
   Мемлекеттiк тiркеудiң (қайта тiркеудiң) негiзгi деректерi
   (Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес)

   Күнi (кк/аа/жж)           Нөмiрi             КҰЖЖ коды
___________________________________________________________________
   Мемлекеттiк тiркеудiң (қайта тiркеудiң) басқа да деректерi
   (Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес)

Орналасқан жерi:
Бастапқы мемлекеттiк тiркелген күнi (кк/аа/жж)
___________________________________________________________________
Бірінші басшы:
(лауазымы және аты-жөні)

                   Тіркеуші туралы деректер
Атауы:
Орналасқан жері:
Шарттың күні және
нөмірі
___________________________________________________________________

Акцияларды орналастыру туралы мәлiметтер (оның iшiнде акциялар
                  шығарылымын жою кезiнде)
___________________________________________________________________
Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк
          (мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы хат)

      Күнi (кк/аа/жж)                          Нөмiрi
___________________________________________________________________
                  Жай акциялар туралы деректер
     (Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
                     куәлiкке, өтiнiшке сәйкес)
      ҰБН                         Саны       Сомасы (теңге)
___________________________________________________________________
                Артықшылықты акциялар туралы деректер
      (Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
                       куәлiкке, өтiнiшке сәйкес)
      ҰБН                     Саны             Сомасы (теңге)
___________________________________________________________________
Шығарылымның жалпы сомасы (нақтылы құны бойынша, теңге)
___________________________________________________________________
Шығарылымның реттiк нөмiрi
___________________________________________________________________
Шығарылымның Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiндегi нөмiрi
___________________________________________________________________

      Акциялар шығарылымын жою туралы мәлiметтер
___________________________________________________________________
Акциялар шығарылымын жою туралы (акциялар шығарылымын жоюдан
                      бас тарту туралы) хат

      Күнi (кк/аа/жж)                              Нөмiрi
___________________________________________________________________
Жою негiзi:                   | қоғамды тарату
                              | қоғамды қайта ұйымдастыру
                              | басқасы (көрсету керек)
___________________________________________________________________
Шығарылымның реттiк нөмiрi
___________________________________________________________________
                   Жай акциялар туралы деректер
    (Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
                    куәлiкке, өтiнiшке сәйкес)
    ҰБН                        Саны             Сомасы
___________________________________________________________________
                Артықшылықты акциялар туралы деректер
      (Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
                      куәлiкке, өтiнiшке сәйкес)
    ҰБН                        Саны             Сомасы
___________________________________________________________________
Акциялар шығарылымын жою туралы хабарлама күнi
___________________________________________________________________
Шығарылымның Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiндегi нөмiрi
___________________________________________________________________

Акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есеп (бекiтiлген немесе
           бекiтуден бас тартылған) жөнiндегi мәлiметтер
___________________________________________________________________
Есептiң бекiтiлгендiгi туралы (есептi бекiтуден бас тарту туралы)
                              хат

      Күнi (кк/аа/жж)                            Нөмiрi
___________________________________________________________________
Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы деректер
    (Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
                      куәлiкке, өтiнiшке сәйкес)
Жарияланған акциялар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берiлген күн
Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу туралы
куәлiктiң нөмiрi
Шығарылымның Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiндегi нөмiрi
___________________________________________________________________
             Акцияларды орналастыру туралы деректер
        (акциялар шығару және орналастыру қорытындылары
                      туралы есепке сәйкес)
Акцияларды орналастыру басталған күн
(кк/аа/жж)
Акцияларды орналастыру кезеңiнiң аяқталған
күнi (кк/аа/жж)
Орналастырылған акциялардың жалпы сомасы
Бiр акцияны орналастыру бағасы
Орналастырылған акциялардың саны
___________________________________________________________________

Жарияланған акциялар шығарылымын
мемлекеттiк тiркеу, акцияларды 
орналастыру қорытындылары туралы
есептi бекiту және акциялар  
шығарылымын жою ережесiне   
4-қосымша           

Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың тізілімін ұстаушының мөртабандары таңбаларының үлгілері

_____________________________      _______________________________
         МЕМЛЕКЕТТІҢ                          МЕМЛЕКЕТТІҢ
         ҚАТЫСУЫМЕН                           ҚАТЫСУЫМЕН
     Республикалық бөлімше                    ХХ филиалы
        20__ жылғы "__"                     20__ жылғы "__"
      _________________                    _________________
      _________________                    _________________
      N _______________                    N _______________

  Оператор: ___________                Оператор: ___________
_____________________________      _______________________________

_____________________________      _______________________________
         МЕМЛЕКЕТТІҢ                          МЕМЛЕКЕТТІҢ
         ҚАТЫСУЫНСЫЗ                          ҚАТЫСУЫНСЫЗ
     Республикалық бөлімше                    ХХ филиалы
        20__ жылғы "__"                     20__ жылғы "__"
      _________________                    _________________
      _________________                    _________________
      N _______________                    N _______________

  Оператор: ___________                Оператор: ___________
_____________________________      _______________________________