Қазақстан Республикасы халқының арасындағы жұқпалы және паразиттік ауруларды тіркеу мен есепке алу Ережесін және Қазақстан Республикасында тіркеу мен есепке алуға жататын халқының арасындағы жұқпалы және паразиттік ауруларының тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2003 жылғы 26 маусымдағы N 479 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 25 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 2412

Қолданыстағы

      "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының негізінде халықтың жұқпалы және паразиттік ауруларының есепке алынуын қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы халқының арасындағы жұқпалы және паразиттік ауруларды тіркеу мен есепке алу Ережесі;
      2) Қазақстан Республикасында тіркеу мен есепке алуға жататын халқының арасындағы жұқпалы және паразиттік ауруларының тізбесі бекітілсін.
      2. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының (департаменттерінің) бастықтары, республикалық медициналық ұйымдардың басшылары мыналарды қамтамасыз етсін:
      1) ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда жұқпалы және паразиттік аурулардың тіркелуі мен есепке алынуын жүргізуді;
      2) осы бұйрыққа сәйкес аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына шұғыл хабарламалар мен есептер беруді.
      3. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлері халық арасындағы жұқпалы және паразиттік аурулар туралы есеп пен есептілікті жүргізуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзiме қалдырамын.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап қолданысқа енгізеді.

      Министрдің м.а.

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 26 маусымдағы 
N 479 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы халқының арасындағы
жұқпалы және паразиттік ауруларын тіркеу
мен есепке алу ережесі

      1. Қазақстан Республикасының халқы арасындағы жұқпалы және паразиттік ауруларды тіркеу мен есепке алу ережесі (бұдан әрі - Ереже) халықаралық статистикалық аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалар жіктемесін оныншы рет қайта қарауға сәйкес жұқпалы және паразиттік ауруларды тіркеу мен есепке алуды реттеу мақсатында әзірленген.

      2. Осы Ереженің күші меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан емдеу-алдын алу ұйымдарында қолданылады.

      3. Халықтың арасында жұқпалы және паразиттік ауруларды есепке алу науқастың тұрақты тұрғылықты жеріне қарамастан науқасты тіркеу орны бойынша жүргізіледі.

      4. Емдеу-алдын алу ұйымдары мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарында жеке есепке алуға 1- қосымшаның 2 және 3-тармақтарында көрсетілген аурулардан басқа, осы қосымшаның 2-тармағына сәйкес жататын барлық жұқпалы және паразиттік аурулар жатады.
      Эпидемиологиялық сипаттаманы қоса алғанда, жұқпалы аурумен ауыратын науқас туралы барлық медициналық деректер емдеу-алдын алу ұйымының ерекшелігіне сәйкес негізгі медициналық құжаттамаға енгізіледі ("Амбулаториялық науқастың медициналық картасына", "Балалардың даму тарихына", "Стационарлық науқастың медициналық картасына" және басқаларға). Міндетті түрдегі тәртіппен аурудың әрбір жағдайына N 025-2/у "Қорытынды (нақтыланған) диагнозды тіркеуге арналған статистикалық талон" нысаны немесе N 025-6/у "Амбулаториялық пациент талоны" нысаны толтырылады.
      Жеке есепке алынуға жататын әрбір ауру жағдайына (күдікті), N 058/у нысаны бойынша хабарлама толтырылады, ол 12 сағат ішінде аурудың тіркелген жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына жіберіледі. Бұдан басқа, жедел тәртіппен телефон арқылы ақпарат беріледі.

      5. Карантиндік аурулар, алапес , тері аурулары мен жыныстық жолмен берілетін тері аурулары, туберкулез, АҚТҚ-дан туындайтын аурулар:
      1) оба, тырысқақ , сары қызба аурулар мен оларға күдікті әрбір жағдай туралы науқасты анықтаған медицина қызметкері N 058/у "Жұқпалы ауру, тамақтан, жіті кәсіби уланулар, егуге әдеттен тыс реакция" (бұдан әрі - N 058/у н. бойынша) хабарлама жасайды, оны аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына жібереді. Бұдан басқа, телефон, телетайп, модем байланыстары арқылы кейіннен жазбаша түрде растай отырып, жоғарыда тұрған денсаулық сақтау органдарына (облыстық басқармалар, департаменттер, Денсаулық сақтау министрлігі) кезектен тыс хабарлама жібереді;
      2) өмірінде ең алғашқы рет қойылған алапес ауруының және алапес рецидивінің әрбір жағдайы туралы үш данада арнайы хабарлама жасайды. Бір данасы лепрозорийдің эпидемиология бөлімінде қалады, екіншісі - облыстық тері-венерология диспансеріне беріледі, үшіншісі - тері-венерология ғылыми-зерттеу институтына жіберіледі;
      3) сифилис, гонорея, хламидий инфекциялары, трихофития, микроскопия, фавус, қышыма аурулардың әрбір жағдайына N 089/у "Өмірінде алғашқы рет белсенді түрдегі туберкулез, жыныстық қатынас аурулары, трихофития, микроскопия, фавус, қышыма, трахома, психикалық аурулар диагнозы қойылған науқастар туралы хабарлама" нысаны (бұдан әрі N 089/у нысаны) толтырылады. Хабарлама үш күндік мерзімде аудандық (қалалық) тері-венерология диспансеріне (бөлімшесі, кабинеті) жіберіледі.
      Аудандық (қалалық) тері-венерология диспансері (бөлімшесі, кабинеті) ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 2 күнінде телефон арқылы алынған хабарлама негізінде сифилистің, гонореяның барлық түрлерімен, хламидий инфекциясымен ауыратыны алғашқы рет анықталған науқастардың саны туралы жиынтық мәліметтерді аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына хабарлайды.
      Басқа министрліктер мен ведомстволардың медициналық ұйымдарының медицина қызметкерлері қызмет көрсететін адамдарда сифилис, гонорея мен хламидий инфекциясы анықталған жағдайда соңғылары аудандық (қалалық) тері-венерология диспансеріне (бөлімшесіне, кабинетіне) және бағыныстылығы бойынша тиісті ведомствоның медициналық мекемесіне N 089/у нысаны бойынша ауырғандар туралы хабарлама жібереді.
      Өмірінде алғашқы рет микроспориямен, трихофитиямен, фавуспен және қышымамен ауырады деген диагноз қойылған науқасқа (күдікті) диагнозды (күдіктену) қойған мезеттен бастап 24 сағат ішінде науқастың тұрғылықты жеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына N 089/у нысаны бойынша жіберілетін хабарламаның екінші данасы толтырылады.
      4) өмірінде алғашқы рет кез келген ағзаның белсенді туберкулезімен ауырады деген диагноз қойылған әрбір науқасқа N 089/у нысаны бойынша хабарлама толтырылады, ол үш күндік мерзімде аудандық (қалалық) туберкулезге қарсы күрес диспансеріне (бөлімшесіне, кабинетіне) және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына жіберіледі.
      Туберкулездің бациллалық түрімен ауыратын науқас анықталған кезде N 089/у нысанынан басқа N 058/у нысаны толтырылады, ол 24 сағат ішінде науқастың тұрғылықты жеріндегі аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына қайта жіберіледі. N 058/у нысаны бойынша хабарлама тек бациллалық туберкулезге алғашқы рет диагноз қою жағдайына ғана емес, сонымен қатар белсенді емес туберкулез нысанымен ауыратын науқаста бацилла шығарылымдары анықталғанда, сондай-ақ өмірінде есепке тұрмаған науқастың туберкулезден қайтыс болған кезінде де толтырылады.
      Басқа министрліктер мен ведомстволардың медициналық мекемелерінің қызметкерлері қызмет көрсететін адамдарда сифилис, гонорея мен хламидий инфекциялары анықталған жағдайда соңғылары аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына және бағыныстылығы бойынша тиісті ведомствоның медициналық мекемесіне N 089/у нысаны бойынша белсенді туберкулезбен ауырғандар туралы хабарлама жібереді.
      Аудандық (қалалық) туберкулезге қарсы күрес диспансері науқастардың саны туралы деректерді салыстыру үшін ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 2 күнінде телефон арқылы алынған хабарлама негізінде белсенді туберкулезбен ауыратыны алғашқы рет анықталған науқастардың саны туралы жиынтық мәліметтерді облыстық, қалалық (Астана, Алматы қалалары) аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына хабарлайды.
      5) АҚТҚ-ны тасымалдаушылар, АҚТҚ-дан туындайтын ауру (ЖҚТБ).
      Екінші қан сарысуы бойынша иммундық-ферменттік анализде әрбір алғашқы рет анықталған АҚТҚ-ға оң жағдайға аумақтық ЖҚТБ орталығы сарысуды зерттеуге жіберген медицина ұйымына және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына N 274/у нысаны бойынша АҚТҚ инфекциясы жағдайына күдіктену туралы шұғыл хабарлама жібереді.
      Республикалық ЖҚТБ орталығының референс-зертханасынан түпкілікті нәтиже алғаннан кейін аумақтық ЖҚТБ орталығы АҚТҚ инфекциясы диагнозын растау немесе жою туралы N 274/у нысаны бойынша жаңа шұғыл хабарлама жібереді.
      Диспансерлік есепте тұрған АҚТҚ-ны жұқтырған адамдарда "ЖҚТБ" диагнозы қойылған кезде ол туралы аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына N 274/у нысаны бойынша шұғыл хабарлама жіберіледі.
      N 274/у нысаны бойынша шұғыл хабарлама "қызметте пайдалану үшін" деген белгімен жабық түрде ғана жіберіледі. Қызметтік міндеттерін орындауға байланысты АҚТҚ-ны жұқтырған адамдар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастар туралы мәліметтермен таныс болған медицина қызметкерлері мен басқа да адамдар бұл мәліметтерді құпия сақтауға тиіс.
      Облыстық, қалалық (Астана және Алматы қалаларының) ЖҚТБ орталықтары ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 2 күнінде телефон арқылы салыстыру үшін облыстық, қалалық (Астана және Алматы қалаларының) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына АҚТҚ-ны тасымалдаушылар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастардың пайда болу саны туралы жиынтық мәліметтерді хабарлайды.

      6. Емдеу-алдын алу ұйымдарында жеке есепке және санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жинақтық есепке тұмау, бірнеше жерде орналасқан немесе орналасуы нақтыланбаған жоғарғы тыныс алу жолдарының өткір инфекциялары, функционалды диарея жатады.
      Осы жұқпалы аурулармен ауырған жағдайларға шұғыл хабарлама жіберілмейді, оларды есепке алу  амбулаториялық-емханалық ұйымдарда "Қорытынды (нақтыланған) диагнозды тіркеуге арналған статистикалық талон" (N 025-2/у нысаны) немесе "Амбулаториялық пациент талоны" (N 025-6/у нысаны) бойынша жүргізіледі. Амбулаторлық-емханалық ұйымдар ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 2 күні телефон арқылы аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына науқастардың саны туралы жиынтық деректерді хабарлайды.

      7. N 058/у нысанындағы шұғыл хабарламаны меншік нысаны және ведомcтволық бағыныстылығына қарамастан, мына емдеу-алдын алу ұйымдарында ауруды анықтаған немесе оған күдіктенген дәрігер немесе орта медицина қызметкері толтырады:
      1) ауру анықталған жағдайға қарамастан, барлық ведомстволардың амбулаториялық-емханалық ұйымдарында (емханаға, науқастың үйіне барған кезде, профилактикалық тексеру кезінде және басқа да);
      2) жұқпалы ауру диагнозы стационарда қойылған кезде барлық ведомстволардың стационарларында (науқас емхана ұйымының жолдауысыз түскенде, жұқпалы ауру диагнозы басқа ауру диагнозының орнына қойылғанда, ауруханаішілік инфекция секцияда анықталған жағдайда);
      3) сот-медициналық сараптама ұйымдарында;
      4) балалардың мектепке дейінгі ұйымдарының, мектептердің, жоғары оқу орындарының медицина кабинеттерінде;
      5) бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында.

      8. Денсаулық сақтау жүйесінің фельдшерлік-акушерлік пункттің медицина қызметкерлері N 058/у нысаны бойынша хабарламаны екі данада жасайды: бірінші дана аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына, екіншісі - қарауында осы фельдшерлік-акушерлік пункті бар емдеу-алдын алу ұйымына (учаскелік, аудандық, қалалық ауруханаға, амбулаторияға, емханаға және басқаға) салып жіберіледі.

      9. Ұйымдастырылған балалар ұжымдарына келетін балалар арасындағы ауруларды есепке алу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) мектепке дейінгі балалар ұйымдарына (ясли, ясли-балабақша, балалар балабақшасы, мектептер) қызмет көрсететін медицина қызметкері балаларды қараған немесе басқа да мән-жайлар кезінде ауруды осы ұйымдардың қызметкері алғашқы рет анықтаған жағдайда N 058/у нысанындағы шұғыл хабарламаны аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына жібереді;
      2) емдеу-алдын алу ұйымының (аурухананың, емхананың) медицина қызметкері балалар ұйымдарына баратын балаларда анықтаған жұқпалы аурулар туралы мәліметтерді аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына хабарлайды (телефон арқылы және N 058/у нысанындағы шұғыл хабарламаны жіберу жолымен);
      3) жазғы кезеңде қаладан тыс аймақта орналасқан балаларды сауықтыру ұйымдарына қызмет көрсететін медицина қызметкерлері сауықтыру ұйымының жазғы кезеңде уақытша орналасқан жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына N 058/у нысанындағы шұғыл хабарлама жібереді.

      10. Жедел медициналық көмек көрсету станциясының жұқпалы ауруды анықтаған немесе оған күдіктенген медицина қызметкерлері телефон арқылы анықталған науқас туралы аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына және емханаға (амбулаторияға), науқас тұратын қызмет көрсету ауданына хабарлайды.  Бұл жағдайларда шұғыл хабарламаны стационар, ауруханаға жатқызу немесе емханаға барған жағдайда ауруды үйде қарайтын дәрігер жасайды.

      11. Басқа министрліктер мен ведомстволардың емдеу-алдын алу ұйымдары N 058/у нысаны бойынша шұғыл хабарламаны екі данада жасайды, олар осы министрліктердің деректеріне сәйкес белгіленген тәртіппен оның біреуін аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына, екіншісін - жоғарыда тұрған ведомстволық медициналық ұйымға жібереді.

      12. Жұқпалы аурулармен ауыратын (жұқпалы ауруға күдікті) науқастардың стационарлық емдеуге келіп түсуі, жұқпалы ауру диагнозын нақтылау немесе өзгерту туралы ақпаратты ұсыну мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) жұқпалы аурулар ауруханасы (жұқпалы аурулар бөлімшесі бар аурухана) ауданында науқасты ауруханаға жатқызуға жіберген емдеу-алдын алу ұйымы орналасқан аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына ауру келіп түскен мезеттен бастап 12 сағат ішінде жұқпалы аурулармен ауырған науқастардың келіп түсуі туралы хабарлауға міндетті;
      2) диагнозды нақтылаған немесе өзгерткен емдеу-алдын алу ұйымы N 058/у нысаны бойынша шұғыл хабарламаны толтыруға және өзгертілген (нақтыланған) диагнозды, оны айқындаған күнін, бастапқы диагноз бен зертханалық зерттеу нәтижесін көрсете отырып, 12 сағат ішінде оны аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органына салып жіберуге міндетті;
      3) аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органы жедел тәртіппен  ауру анықталған емдеу-алдын алу ұйымына ауруханаға жатқызу, диагнозды растау (өзгерту) туралы хабарлауға тиіс.

      13. Меншік нысанына қарамастан, барлық емдеу-алдын алу ұйымдарында, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, мектептердің, жоғары оқу орындарының медицина кабинеттерінде, сауықтыру және басқа да ұйымдарда науқас туралы мәліметтер енгізілетін N 060/у "Жұқпалы ауруларды есепке алу журналы" нысаны міндетті түрде толтырылады.

      14. Емдеу-алдын алу ұйымдарында жұқпалы және паразиттік ауруларды тіркеу, есепке алу үшін жауапты лауазымдық тұлғалар:
      1) емдеу-алдын алу ұйымында - бас дәрігері;
      2) мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, мектептерде, балалар үйлерінде, сауықтыру ұйымдарында - осы мекеменің медицина қызметкері.

      15. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарында жұқпалы және паразиттік ауруларды есепке алу бұдан әрі шұғыл хабарламамен расталатын жұқпалы ауруларды (күдіктенуді) анықтау туралы телефон арқылы берілген жедел хабарламаның негізінде жүргізіледі.
      16. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары олардың аумақтарында басқа өңірлерден келген адамдарда жұқпалы аурулар жағдайы анықталған кезде аурудың ошақтарында тиісті эпидемияға қарсы іс-шараларды (аурумен байланысты, дезинфекцияны тексеру және басқалар) жүргізу үшін науқастардың тұрғылықты тұратын жері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органын хабардар етуге тиіс.

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 26 маусымдағы 
N 479 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасында тіркеу мен есепке
алуға жататын халқының арасындағы жұқпалы
және паразиттік ауруларының тізбесі

      Науқастың жұқтырған жері мен азаматтығына қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық аумағында арнайы есепке алуға жататын жұқпалы аурулар (аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктеуін он рет қайта қараудың кодына сәйкес):
      1) оба (А20);
      2) тырысқақ (А00);
      3) сары қызба (А95);
      4) алапес (А30);
      5) сифилистің (А50-(А53);
      6) гонококк инфекциясы (А54);
      7) хламидий инфекциясы (А55; А56);
      8) іш сүзегі (А01.0);
      9) А,В,С қылауы (А01.1-А01.4);
      10) басқа да сальмонеллез инфекциялары (А02);
      11) шигеллез (бактериялық дизентерия) (АОЗ);
      12) Yersіnіa enterocolіtіca туындаған (иерсиниоз) (А04.6; А28.2);
      13) басқа да бактериялық ішек инфекциялары (А04.0-04.5; А04.7-А04.9);
      14) басқа да бактериялық тамақтан уланулар (А05);
      15) амебиаз (А06);
      16) балантидиаз (А07.0);
      17) вирусты және басқа да нақтыланған ішек инфекциялары (А08);
      18) туляремия (А21);
      19) күйдіргі (А22);
      20) бруцеллез (А23);
      21) эризипилоид (А26);
      22) басқа да бактериялық зооноздар (А28);
      23) листериоз (А32);
      24) дифтерия (А36);
      25) көкжөтел (А37);
      26) жәншау (А38);
      27) менингококк инфекциясы (А39);
      28) сіреспе (А33-А35);
      29) адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышынан туындаған ауру (АҚТҚ) (В20-В24);
      30) өткір полиомиелит (А80);
      31) желшешек (В01);
      32) қызылша (В05);
      33) қызамық (В06);
      34) кене вирусты энцефалит (А84);
      35) буынаяқтылар арқылы берілетін вирусты қызбалар мен вирусты геморрагиялық қызбалар (А90-А99);
      36) вирусты гепатит (В15-В19);
      37) құтырма (А82);
      38) эпидемиялық паротит (В26);
      39) орнитоз, пситтакоз (А70);
      40) жұқпалы мононуклеоз (В27);
      41) аусыл (В08.8);
      42) риккетсиоздар (А75-А79);
      43) безгек (В50-В54);
      44) лейшманиоз (В55);
      45) лептоспироз (А27);
      46) гельминтоздар (В65-В83);
      47) педикулез (В85);
      48) легионерлер ауруы (А48.1);
      49) туберкулез (А15-А19);
      50) қышыма (В86);
      51) перинатальдық кезеңге тән жұқпалы аурулар (Р-36-Р39);
      52) көбіне босанғаннан кейінгі кезеңмен байланысты асқынулар (О85; О86; О90.0; О90.1; 091);
      53) хирургиялық және терапиялық араласу асқынулары (Т.80.2; Т.80.8; Т.80.9; Т.81.3; Т.81.4; Т.82.6; Т.82.7; Т.83.5; Т.83.6; Т.84.5-Т.84.7; Т.85.7);
      54) адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышынан (АҚТҚ) туындаған белгілері жоқ жұқпа мәртебесі (Z21);
      55) іш сүзегінің қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.0);
      56) сальмонеллездің қоздырғышын тасымалдаушылығы (Z22.1);
      57) дизентерия қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.1);
      58) дифтерияның қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.2);
      59) безгектің қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.8);
      60) жануарлардың тістеуі, түкіріктеуі, тырнауы (W54; W55);
      61) алдын ала егуге әдеттен тыс реакциялар, егуден кейінгі асқынулар (Т88.7);
      62) тұмау (J10-J11);
      63) бірнеше жерде орналасқан немесе орналасуы нақтыланбаған жоғарғы тыныс алу жолдарының өткір инфекциялары (J06);
      64) энтеробиоз (В86);
      65) функционалды диарея (К59.1- К59.9).