Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымының жарғылық және меншікті капиталдарының ең аз мөлшерін бекіту туралы" 2001 жылғы 20 сәуірдегі N 117 қаулысына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1513 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 2001 жылғы 21 мамыр - 3 маусымда жарияланған, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2096 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 13 қарашадағы N 452 қаулысымен бекітілген өзгерісімен бірге) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"5. 2003 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істеп тұрған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы үшін меншікті капиталдың мынадай ең аз мөлшері белгіленсін:
"жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы болса - 100 (жүз) миллион теңге плюс осы қаулының 6-тармағында көрсетілген сақтандыру кластарына сәйкес көлемдегі сома, сақтандыру ұйымы сол шеңберде өзінің сақтандыру қызметін жүзеге асырады, не 100 (жүз) миллион теңге плюс сақтандыру сыйлықақылары жиынтық сомасының кемінде 16%-ін шығару, оған қоса осы қаулының 5-1-тармағына сәйкес есептелетін түзету коэффициентіне қарай өткен қаржы жылында есептеліп қайта сақтандыруға берілген және қабылданған сақтандыру сыйлықақылары (комиссиялық сыйақыларды қоспағанда), не 100 (жүз) миллион теңге плюс сақтандыру төлемдері жиынтық сомасының кемінде 23%-ін шығару, оған қоса осы қаулының 5-1-тармағына сәйкес есептелетін түзету коэффициентіне қарай өткен қаржы жылында есептелген сақтандыру төлемдеріндегі қайта сақтандырушының үлесі - осы келтірілген көлемнің қайсысының көбірек болуына байланысты;
"өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы болса - 130 (жүз отыз) миллион теңге плюс осы қаулының 6-тармағында көрсетілген сақтандыру кластарына сәйкес көлемдегі сома, сақтандыру ұйымы сол шеңберде өзінің сақтандыру қызметін жүзеге асырады, не 130 (жүз отыз) миллион теңге плюс қалыптастырылған сақтандыру резервтері сомасының кем дегенде 4%-і - осы келтірілген көлемнің қайсысының көбірек болуына байланысты;
"жалпы сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы және қайта сақтандыру лицензиясы болса - 120 (жүз жиырма) миллион теңге плюс осы қаулының 6-тармағында көрсетілген сақтандыру кластарына сәйкес көлемдегі сома, сақтандыру ұйымы сол шеңберде өзінің сақтандыру қызметін жүзеге асырады, сақтандыру сыйақылары жиынтық сомасының кемінде 16%-ін шығару, оған қоса осы қаулының 5-1-тармағына сәйкес есептелетін түзету коэффициентіне қарай өткен қаржы жылында есептеліп қайта сақтандыруға берілген және қабылданған сақтандыру сыйлықақылары (комиссиялық сыйақыларды қоспағанда), не 120 (жүз жиырма) миллион теңге плюс сақтандыру төлемдері жиынтық сомасының кемінде 23%-ін шығару, оған қоса осы қаулының 5-1-тармағына сәйкес есептелетін түзету коэффициентіне қарай өткен қаржы жылында есептелген сақтандыру төлемдеріндегі қайта сақтандырушының үлесі - осы келтірілген көлемнің қайсысының көбірек болуына байланысты;
"өмірді сақтандыру" саласы бойынша лицензиясы және қайта сақтандыру лицензиясы болса - 150 (жүз елу) миллион теңге плюс осы қаулының 6-тармағында көрсетілген сақтандыру кластарына сәйкес көлемдегі сома, сақтандыру ұйымы сол шеңберде өзінің сақтандыру қызметін жүзеге асырады, не 150 (жүз елу) миллион теңге плюс қалыптастырылған сақтандыру резервтері сомасының кем дегенде 4%-і - осы келтірілген көлемнің қайсысының көбірек болуына байланысты;
қайта сақтандыруды қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асыратын лицензиясы болса - 200 (екі жүз) миллион теңге, не 180 (жүз сексен) миллион теңге плюс сақтандыру сыйлықақылары жиынтық сомасының кемінде 16%-ін шығару, оған қоса осы қаулының 5-1-тармағына сәйкес есептелетін түзету коэффициентіне қарай өткен қаржы жылында есептеліп қайта сақтандыруға берілген және қабылданған сақтандыру сыйлықақылары (комиссиялық сыйақыларды қоспағанда) және "өмірді сақтандыру" саласындағы сақтандыру кластары бойынша қалыптастырылған сақтандыру резервтері сомасының кем дегенде 4%-і - осы келтірілген көлемнің қайсысының көбірек болуына байланысты.";
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Түзету коэффициенті өткен қаржы жылында есептелген сақтандыру төлемдерінің жиынтық сомасына қайта сақтандырушының өткен қаржы жылында есептелген сақтандыру төлемдеріндегі үлесін шегергенде сақтандыру төлемдерінің жиынтық сомасының қатынасы ретінде есептеледі. Мұндай қатынас 0,5-тен кем болмауға тиіс. Егер түзету коэффициентін есептеу нәтижесінде алынған көлем 0,5-тен кем болса, онда есептеу үшін 0,5 қабылданады.
Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өткен қаржы жылында сақтандыру төлемдерін есептемеген болса, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының меншік капиталының мөлшерін есептеген кезде түзету коэффициенті қолданылмайды.".
2. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына жіберсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ. Сәйденовке жүктелсін.
4. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
Ұлттық Банк
Төрағасы