Бұлтартпау шарасы ретінде тұтқынға алу таңдап алынған, жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан айыпталушыларды құжаттандыру тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы N 34, Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы N 8, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2003 жылғы 23 қаңтардағы N 16, Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі төрағасының 2003 жылғы 22 қаңтардағы N 10, Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігі төрағасының 2003 жылғы 22 қаңтардағы N 29 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 4 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2150.

Қолданыстағы

Келісілді:        
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры      
2-дәрежелі мемлекеттік 
әділет кеңесшісі    

Қазақстан Республикасы 
Жоғарғы Сотының    
төрағасының м.а.   

      Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды бас бостандығынан айыруға соттау фактілерін болдырмау және қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық жауапқа тартылатын азаматтардың паспорттары мен куәліктерін дер кезінде алып қоюын қамтамасыз ету мақсатында, БҰЙЫРАМЫЗ:
      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстың жасалуына күдікті (айыпталушы), жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан адамдарды құжаттандыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      2. Астана, Алматы қалалары Ішкі істер бас басқармаларының; облыстардағы және көліктегі Ішкі істер бас басқармаларының; Ішкі істер басқармаларының; Астана, Алматы қалаларындағы және облыстардағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің; Астана, Алматы қалаларындағы, облыстардағы және көліктегі Қаржы полициясы департаменттерінің; Кеден басқармалары мен кедендердің; Астана қаласының және облыстардағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басқармаларының бастықтары Нұсқаулықты мүдделі қызметтердің жеке құрамдарының оқып-үйренуін ұйымдастырсын және оның орындалуын қамтамасыз етсін.
      3. Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің, Күдіктілер мен тергеу қамауындағыларды алдын ала оқшаулау департаментінің, Тергеу департаментінің бастықтары тоқсан сайын күдіктілер мен айыпталушыларды құжаттандыру барысы туралы мәліметтерді, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды соттау фактілерін талдап, дер кезінде тиісті үйлестірілген шаралар қабылдасын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ішкі істер вице-министрі полиция генерал-майоры И.И.Оттоға, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор М.А.Нұримановқа, Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі төрағасының орынбасары қаржы полициясы полковнигі Ғ.Б.Жәшібековке, Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары кеден қызметі полковнигі Д.А.Құнанбаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен бастап қолданысқа енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрі
      генерал-полковник

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
      төрағасы
      генерал-лейтенант

      Қазақстан Республикасының
      Әділет министрі

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы полициясы агенттігінің
      төрағасы
      қаржы полициясы полковнигі

      Қазақстан Республикасы
      Кедендік бақылау агенттігінің
      төрағасы

Ішкі істер министрі     
2003 жылғы 22 қаңтар    
N 34 бұйрығымен бекітілген 

Ұлттық қауіпсіздік     
комитетінің төрағасы   
2003 жылғы 23 қаңтардағы 
N 16 бұйрығымен бекітілген

Әділет министрі      
2003 жылғы 22 қаңтардағы 
N 8 бұйрығымен бекітілген

Қаржы полициясы      
агенттігінің төрағасы   
2003 жылғы 22 қаңтардағы 
N 10 бұйрығымен бекітілген

Кедендік бақылау     
агенттігінің төрағасы  
2003 жылғы 22 қаңтардағы 
N 29 бұйрығымен бекітілген

Бұлтартпау шарасы ретінде тұтқынға алу таңдап алынған, жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан айыпталушыларды құжаттандыру тәртібі туралы
НҰСҚАУЛЫҚ

      1. Бұлтартпау шарасы ретінде тұтқынға алу таңдап алынған, жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан айыпталушыларды құжаттандыру тәртібі туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі N 1063 қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу тәртібіне сәйкес әзірленді.

      2. Нұсқаулық бұлтартпау шарасы ретінде тұтқынға алу таңдап алынған, жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан қылмыстың жасалуына күдіктілерді (айыпталушыларды) құжаттандыру тәртібін реттейді.

      3. Алдын ала тергеу және анықтау органы қылмыстың жасалуына күдіктіге (айыпталушыға) қатысты тұтқындау туралы мәселені шешу кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарын - паспортын, жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат қағазын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін (бұдан әрі жеке басын куәландыратын құжаттар) алып қояды.
      Алынып қойылған жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер иесінің тегі, аты және әкесінің аты, паспорттың, куәліктің сериясы мен нөмірі, қашан және қандай органның бергені көрсетіле отырып, тінту немесе алу хаттамасына енгізіледі. Алынып қойылған құжаттар қылмыстық іске қосылады, ал олардың көшірмелері тергеу қамауындағы адамның жеке ісіне қосу үшін қамауға алу орындарына жіберіледі.
      Тергеу қамауындағы адамның жеке басын куәландыратын құжаттар қылмыстық ісімен бірге (пакетте) соттылығы (тергеуге алынуы) бойынша жіберіледі. Тергеу қамауындағы адам қамаудан босатылған немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған жағдайда құжаттар иесіне қолхат арқылы қайтарылады.
      Егер қылмыстың жасалуына күдіктінің (айыпталушының) жеке басын куәландыратын құжаттары жоғалған болса (немесе болмаса), алдын ала тергеу және анықтау органы мекен-жай бюросы не болмаса Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің Көші-қон полициясы департаменті арқылы құжаттар туралы мәліметтерді анықтайды және оларды алып қою немесе қалпына келтіру жөніндегі шараларды қабылдайды.
      Жеке басын куәландыратын құжаттар жоғалған жағдайда қылмыстық қудалау органы қылмыстың жасалуына күдіктінің ішкі істер органы бастығының атына жоғалту мән-жайын, оның берілген датасын және берген органды міндетті түрде көрсетіп, еркін түрде жазған өтінішін алып қалады. Қылмыстық қудалау органы көші-қон полициясы бөлімшесінен жоғалған құжаттың елтаңбалы мөрі басылған және лауазымды адамның қолымен расталған 1-Н ксерокөшірмесіне сұрау салады, оны жоғалту туралы күдіктінің өтінішімен қоса көші-қон полициясының тиісті бөлімшесін қалпына келтіру үшін жолдайды.
      Шетелдік азаматты ұстаған немесе тұтқындаған жағдайларда қылмыстық қудалау органы ол туралы дереу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне, сондай-ақ бір мезгілде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы департаментіне хабарлайды. Онда ұсталған адамның жеке басын куәландыратын құжатының болуы не болмауы көрсетіледі.

      4. Көші-қон полициясының қызметкері қамауда ұсталатын адамға қатысты 1-Н өтінішін тергеу изоляторында тікелей өзі толтырады.
      Жеке басын куәландыратын құжаттардың жоғалуы туралы іс бойынша өндірісті көші-қон полициясының бөлімшесі он күннен аспайтын мерзімде, ал арнайы тексеру жүргізу, қосымша материалдарды талап ету және басқа да шараларды қабылдау қажет болған жағдайда бір айға дейінгі мерзімде аяқтауы тиіс.

      5. Облыстың, ауданның (қаланың) прокуроры және оларға теңестірілген прокурор тергеу қамауындағы адамға қатысты істі елеулілігі бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы мәселені шешу кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің  280-бабына сәйкес оның жеке басын куәландыратын құжаттардың болуын тексереді. Аталған құжаттар болмаған жағдайда тергеу органынан оларды қылмыстық іске қосуын, ал жоғалған жағдайда оны қалпына келтіру шараларды қабылдауын талап етеді.

      6. Аудандық (қалалық), облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары тергеу қамауындағы адамдарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарының болуын тексереді. Айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда оларды қалпына келтіру үшін қылмыстық іс прокурорға қайтарылуы тиіс.
      Бас бостандығынан айыруға сотталғанның жеке басын куәландыратын құжаттарды сот органы сотталғанның жеке ісіне қосу үшін үкімнің заңды күшіне енгені туралы хабарламамен бірге алдын ала оқшаулау орындарына жібереді.

      7. Күдіктілер мен тергеу қамауындағыларды алдын ала оқшаулау орындарының әкімшілігі сотталғандардың жеке басын куәландыратын құжаттарының болуын және олардың қылмыстық процесті жүргізуші органнан келіп түсуін бақылайды.
      Бас бостандығынан айыруға сотталғанды тіркеу есебінен шығару үшін қамауда ұстау орындарының әкімшілігі кету парағын 2 данада және статистикалық есеп талонын толтырады, кету парағының біреуі және статистикалық есеп талоны сотталғанның бұрынғы тұрған жеріндегі ішкі істер органына жіберіледі, ал екіншісі жеке ісіне қосылады.
      Жеке басын куәландыратын құжаттар сотталғанның жеке ісінде сақталады.
      Сотталғанды тергеу изоляторынан түзеу мекемесіне жазасын өтеу үшін жіберу түзеу мекемесінен тергеу изоляторына айдап алып жүруі кезінде, сондай-ақ оны бір түзеу мекемесінен екіншісіне ауыстырғанда жеке басын куәландыратын құжаттар жеке ісімен бірге жіберіледі, бұл ретте олар туралы мәліметтер (нөмірлері және кімнің бергені) сотталғанның жеке ісі мұқабасының ішкі жағына желімденген конвертте сақталатын құжаттар тізбесіне енгізіледі, ал олардың болуы міндетті түрде жеке іс бойынша анықтамада көрсетіледі.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босату кезінде жеке басын куәландыратын құжаттар иесіне қолхат арқылы қайтарылады, бұл ретте жеке іс мұқабасының ішкі жағында және босату туралы анықтаманың сыртқы бетінде нөмірлері көрсетіле отырып құжаттардың қайтарылуы туралы жазба жасалады.

      8. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген және жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды алдын ала оқшаулау орындарында ұсталатын адамдар сияқты тәртіппен түзеу мекемесі орналасқан жердегі көші-қон полициясы бөлімшелері құжаттандырады.
      9. Құжаттандыру жөніндегі шығыстар (фотосуретке түсіру, мемлекеттік бажды төлеу) қылмыстық жауапқа тартылған, сотталған адамның есебінен жүргізіледі. Аталған адамдардың қаражаты болмаған жағдайда құжаттандыру жөніндегі шығыстарды олар ұсталатын мемлекеттік мекемелер тиісті бюджеттер есебінен жүзеге асырады. Мемлекеттік мекеменің әкімшілігі құжаттандыруды жүргізетін көші-қон полициясы қызметкеріне құжат дайындау үшін мемлекеттік бажды төлеу туралы түбіртекті және фотосуреттерді ұсынады.
      Айыпталушыларды құжаттандыруға жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтаруды қылмыстық қудалау органдары қылмыстық іс бойынша сот өндірісіне дейінгі кезеңде оларға талап қою арқылы қамтамасыз етеді.