Ғылыми дәрежелер беру ережелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы N 16 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 29 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 2141.

Жаңартылған

      Жоғары білікті кадрларды аттестаттаудың нормативтік құқықтық  базасын жетілдіру мақсатында  бұйырамын :
      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми дәрежелер беру ережелері бекітілсін.
      2. Жоғары аттестациялық комитет (Құсайынов А.Қ.) жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды аттестаттау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық құжаттарын осы бұйрыққа сәйкес келтірсін.
      3. Құқықтық қамтамасыз ету және аудит басқармасы (Күзембаев М.М.) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен  Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуден өткізуге тапсырсын.
      4. Осы бұйрық 2003 жылғы 1 наурыздан қолданысқа енгізіледі.
      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі міндетін атқарушының 2001 жылғы 4 маусымдағы "Ғылыми дәрежелер беру ережелерін бекіту туралы" N 422  бұйрығы  күшін жойды деп саналсын.
      6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр Ғ.М.Мұтановқа жүктелсін.

       Министр

Қазақстан Республикасы    
Білім және ғылым Министрінің 
2003 жылғы 10 қаңтардағы   
N 16 бұйрығымен бекітілген  

  ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛЕР БЕРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

       Ескерту: Барлық мәтіндегі "ЖАК" сөзі тиісті септікте "Комитет" сөзімен ауыстырылды - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 234   бұйрығымен .

1. Жалпы қағидалар

      1. Осы Ережелер ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрлардың біліктілігін бағалаудың құқықтық негіздерін және ғылыми дәреже алу үшін ұсынылған диссертациялар жауап беруге тиісті критерийлерді анықтайды.

      2. Ғылымның әр саласы бойынша ғылыми дәрежелер беру жөніндегі біртұтас мемлекеттік саясатты мемлекеттік аттестаттау органы - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті (бұдан әрі - Комитет) қамтамасыз етеді.
       Ескерту: 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 234   бұйрығымен

      3. Ғылыми қызметкерлердің біліктілігін бағалауды және олардың ғылыми дәреже алу үшін ұсынған диссертацияларының белгіленген критерийлерге сәйкестігін анықтауды диссертациялық кеңестер мен Комитет жүзеге асырады.
      Комитет ғылыми дәрежелер беру жөнінде түпкілікті шешім қабылдағанға дейін ізденушілердің диссертациялары мен аттестациялық істері сараптау кеңестерінде, Комитет Алқасында, Төралқасында сараптаудан өтіп, тиісті қорытынды немесе шешім қабылданады.
      Диссертациялық кеңес туралы Ереже Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітіледі. Комитеттің Төралқасы, Алқасы, сараптау кеңесі туралы ережелер Комитетпен бекітіледі.
        Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 234   бұйрығымен .

      4. Ғылым докторы ғылыми дәрежесін ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар ізденушінің көпшілік алдында диссертация қорғауының нәтижесі бойынша қабылданған диссертациялық кеңесінің өтінішінің, Комитеттің тиісті сараптау кеңесінің қорытындысы және Комитет Төралқасының шешімінің негізінде Комитет береді.
      Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі жоғары кәсіптік білімді біліктілігі бар маманның немесе магистр академиялық дәрежесі бар ізденушінің көпшілік алдында диссертация қорғауының нәтижесі бойынша, Комитеттің тиісті сараптау кеңесінің қорытындысы және Комитеттің Алқасы немесе Төралқасы шешімінің негізінде беріледі. Бакалавр академиялық дәрежесі бар тұлғалар кандидаттық диссертация қорғауға жіберілмейді.
      Ғылым докторы және ғылым кандидаты ғылыми дәрежелері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің 2001 жылғы 16 наурыздағы N 174 бұйрығымен бекітілген Ғылыми қызметкерлер мамандықтарының номенклатурасына сәйкес нақты ғылым саласы бойынша беріледі.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 234   бұйрығымен .

      5. Ғылыми кадрларды аттестаттау жүйесі органдарының жұмысына қатысушы (диссертациялық кеңестердің, сараптау кеңестерінің, Комитет Алқасының, Төралқасының мүшелері) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі болуы керек.

      6. Осы Ережелерде қаралмаған, ерекше жағдайларды ескеруді талап ететін мәселелерді өз құзырының шегінде, олардың Комитеттің Төралқасында қаралуын ескере отырып Комитет шешеді.
      Осы Ережелермен реттелмеген даулар, оның ішінде ғылыми дәрежелерден айыру (қалпына келтіру) мәселелері жөніндегі, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарында қарастырылған тәртіппен шешіледі.

      7. Ғылыми дәрежелер беру жөніндегі түпкілікті шешімді мемлекет атынан Комитет қабылдайды.

  2. Диссертацияларға және ізденушілерге қойылатын
талаптар

      8. Ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін орындалған диссертация ізденуші тиісті ғылым саласының нақты мамандығы бойынша өз бетінше дайындаған қолжазба түріндегі білікті ғылыми жұмыс болуы және төмендегі талаптардың біріне жауап беруі қажет:
      ірі ғылыми мәселені шешетін жаңа ғылыми негізделген нәтижелердің болуы;
      пайдаланылуы ірі қолданбалы мәселені шешуді қамтамасыз ететін жаңа ғылыми негізделген нәтижелердің болуы;
      жиынтығы нақты ғылыми бағыттардың дамуындағы ірі жетістік болып табылатын жаңа ғылыми негізделген теориялық және (немесе) эксперименттік нәтижелердің болуы.

      9. Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін орындалған диссертация ізденуші тиісті ғылым саласының нақты мамандығы бойынша өз бетінше немесе ғылым докторының (ғылым кандидатының) ғылыми жетекшілігімен дайындаған қолжазба түріндегі білікті ғылыми жұмыс болуы және төмендегі талаптардың біріне жауап беруі қажет:
      маңызды ғылыми мәселені шешетін жаңа ғылыми негізделген нәтижелердің болуы;
      пайдаланылуы маңызды қолданбалы мәселені шешуді қамтамасыз ететін жаңа ғылыми негізделген нәтижелердің болуы;
      жиынтығы нақты ғылыми бағыттардың дамуы үшін маңызды мәнге ие жаңа ғылыми негізделген теориялық және (немесе) эксперименттік нәтижелердің болуы.

      10. Диссертация ізденушінің өзі жазған, автордың көпшілік алдында қорғауға ұсынатын жаңа ғылыми нәтижелері мен қағидаларының жиынтығынан тұратын, ішкі бірлігі сақталған және автордың ғылымға қосқан жеке үлесін танытатын жұмыс болуы керек. Автор ұсынған жаңа шешімдер қатаң түрде дәлелденіп, бұрыннан белгілі шешімдермен салыстырғанда сыни тұрғыдан бағалануы тиіс.
      Қолданбалы мәні бар диссертацияда авторлық куәліктермен, патенттермен және басқа ресми құжаттармен расталған автордың қол жеткізген ғылыми нәтижелерінің практикада қолданылуы туралы мәліметтер келтірілуі, ал теориялық мәнге ие диссертацияда оның ғылыми нәтижелерін пайдалану жайында ұсыныстар болуы керек.
      Диссертация мемлекеттік немесе орыс тілінде жазылады.
      Диссертацияның ресімделуі Комитет белгілеген талаптарға сәйкес болуы қажет.

      11. Диссертацияның негізгі мазмұны ғылыми, ғылыми-талдау және ғылыми-практикалық журналдарда, жинақтар мен басылымдарда жариялануы тиіс. Автор жариялаған жұмыстардағы диссертация материалдарының баяндалуының толықтығын диссертациялық кеңес анықтайды, ол бұл ретте төмендегі көрсеткіштерді басшылыққа алуы тиіс:
      1) кандидаттық диссертацияның негізгі ғылыми нәтижелері тізбесін Комитет бекітетін басылымдардағы кем дегенде 3 мақалада және ғылыми конференциялар материалдарындағы 3 жұмыста (баяндамалар, баяндамалардың тезистері) жариялануы керек;
      2) докторлық диссертацияның негізгі ғылыми нәтижелері кем дегенде 30 ғылыми, оның ішінде 5 жеке өзінің және тізбесін Комитет бекіткен басылымдарда (ең кемі бес түрлі) жарық көрген 10 еңбекте жариялануы қажет.

      12. Диссертация жазу үстінде ізденуші материалдарын немесе жекелеген нәтижелерін пайдаланған авторлар мен дерек көздеріне сілтеме жасауға міндетті.
      Ізденуші диссертациясында өзге авторлармен ұжымдық бірлікте жазылған ғылыми еңбектердегі ойлар мен ізденістерді пайдаланған жағдайда оны диссертациясында атап өтуге міндетті.
      Сондай-ақ, аталған сілтемелер ізденушінің телавторлармен бірлесіп орындаған ғылыми жұмыстары секілді жеке өзінікіне қатысты да жасалуы тиіс.
      Ізденуші авторы мен алынған дерек көзін көрсетпей бөтен материалды пайдаланған жағдайда диссертация талқылануының қай кезеңінде екеніне қарамастан, қайта қорғау және апелляция беру құқығынсыз, қараудан алынып тасталады.

      13. Диссертациясын ұсынғанға дейін ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін ізденуші ғылым тарихы мен философиясы (салалары бойынша), қазақ тілі, шет тілі, арнаулы пән (мамандығы) бойынша кандидаттық емтихандар тапсыруы тиіс. <*>
      Кандидаттық емтихандарды өткізу тәртібін Комитет белгілейді. <*>
      Орындайтын диссертациясының бағытына сай келмейтін жоғары кәсіптік білімі бар ізденуші тиісті ғылым саласының (немесе мамандықтар тобының) негізгі мазмұнын қамтитын жалпы курсы бойынша қосымша кандидаттық емтихан тапсыруы керек.
      Жалпығылыми пәндер, жалпы курс бойынша кандидаттық емтихандар бағдарламаларын және арнаулы пәндер бойынша кандидаттық емтихандардың типтік бағдарламаларын Комитет бекітеді.
      Кандидаттық емтихандардың бағалары он жыл бойына жарамды болады.
      Ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі бар ғылым докторы ғылыми дәрежесін ізденуші ғылым саласы бойынша (мамандықтар тобын ескере отырып) орындайтын диссертациясының бейініне сәйкес келмейтін болса, диссертациясының мамандығы бойынша кандидаттық емтихан тапсыруы тиіс, ал кәсіптік жоғары білімі бар ізденуші орындалатын докторлық диссертациясының бейініне сай келмесе тиісті ғылым саласының жалпы курсы бойынша кандидаттық емтихан тапсырады.
       Ескерту: 13-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 1 наурыздағы N 159   бұйрығымен .
       Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 535   бұйрығымен .

      14. Медицина ғылымдары бойынша диссертация қорғауға жоғары медициналық білімді маман біліктілігі немесе медицина магистры академиялық дәрежесі бар тұлғалар, мал дәрігерлігі ғылымдары бойынша - жоғары мал дәрігерлік білімді маман біліктілігі немесе мал дәрігерлігі магистры академиялық дәрежесі бар тұлғалар жіберіледі.

  3. Диссертацияларды қорғауға ұсыну және қорғау

      15. Диссертация орындалған немесе ізденуші бекітілген ұйым диссертацияны алдын ала сараптаудан өткізіп, автордың диссертацияда баяндалған ғылыми нәтижелерді алудағы нақты жеке өзінің қатысын, жүргізілген зерттеу нәтижелерінің негізділігінің дәрежесін, олардың жаңалығы мен практикалық маңыздылығын, төлқұжатына диссертация сәйкес келетін мамандық атауын, диссертация материалдарының ізденушінің жарияланған еңбектерінде толық қамтылуын айқындайтын қорытынды береді.
      Егер диссертациялық зерттеулер екі немесе одан да көп ұйымда орындалған болса, онда олардың әрқайсысында немесе бірлескен мәжілісінде алдын ала талқылау өткізіліп, тиісті қорытындылар диссертациялық кеңеске берілуі қажет.
      Қорытынды ізденушіге диссертация алдын ала сараптауға ұсынылған күннен кандидаттық диссертация үшін екі ай, докторлық диссертация үшін үш ай мерзімнен кешіктірілмей берілуі керек.
      Ізденуші диссертациясын Комитеттің шешімімен құрылған кез келген диссертациялық кеңеске қорғауға ұсынуға құқылы. Бұл ретте диссертацияның орындалған мамандығы диссертациялық кеңес бекітілген мамандыққа сәйкес болуы керек.
      Диссертация орындалған немесе ізденуші бекітілген ұйымда алдын ала диссертацияны сараптамадан өткізу тәртібін Комитет белгілейді.<*>
       Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 535   бұйрығымен .

      16. Диссертациялық кеңес диссертацияларды алдын ала қарауға және содан кейін қорғауға құжаттары Комитет бекіткен тізбе бойынша түгел болғанда қабылдайды.
      Диссертацияны алдын ала қарау рәсімі Диссертациялық кеңес туралы ережемен белгіленеді.

      17. Диссертациялық кеңестер осы кеңес жұмыс істейтін ұйымдардың басшыларының (басшыларының орынбасарларының) диссертацияларын қарауға қабылдауға құқықсыз.

      18. Диссертация мамандықтар түйісінде орындалып, ал кеңеске олардың тек біреуі бойынша диссертацияларды қорғауға қабылдауға құқық берілген жағдайда Комитет келісімімен бір жолғы қорғау өткізілуі мүмкін.
      Сондай-ақ, бір жолғы диссертация қорғауға жеткілікті негіз болғанда Комитеттің келісімімен кеңесте бар мамандыққа жақын, бірақ басқа кеңестерде жоқ бір мамандық бойынша да өткізілуі мүмкін.
      Бір жолғы қорғау өткізу үшін кеңеске қосымша мүшелер енгізу тәртібі Диссертациялық кеңес туралы ережемен белгіленеді.

      19. Диссертациялық кеңес ізденуші барлық қажетті құжаттарды тапсырған күннен кейін кандидаттық диссертация үшін екі ай және докторлық диссертация үшін үш айдан кешіктірмей диссертацияны қорғауға қабылдайды немесе сол мерзімде Комитетке және ізденушіге диссертацияны қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді қорытынды береді.
      Диссертацияны қорғауға қабылдаудан бас тарту мәселесі бойынша диссертациялық кеңеске немесе Комитетке түскен апелляциялар белгіленген тәртіпте қаралады.

      20. Кеңес рұқсатымен диссертациялар бойынша докторлық диссертация үшін екі баспа табаққа және кандидаттық диссертация үшін бір баспа табаққа дейінгі көлемде диссертация жазылған тілде қолжазба құқығында диссертациялардың авторефераты басылуы тиіс. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы докторлық және кандидаттық диссертациялар бойынша автореферат көлемі тиісінше 2,5 және 1,5 баспа табаққа дейін көбейтілуі мүмкін. Авторефераттың ресімделуі Комитет белгілеген талаптарға сәйкес болуы керек.
      Авторефератта диссертацияның негізгі ойлары, нәтижелері мен қорытындылары баяндалып, жүргізілген зерттеуге автордың қосқан үлесі, жаңалық дәрежесі мен зерттеу нәтижелерінің практикалық құндылығы көрсетілуі тиіс. Диссертацияның авторефераты диссертациялық кеңес белгілеген, бірақ кем дегенде 70 данамен басылады.
      Автореферат диссертациялық кеңес мүшелеріне және мүдделі ұйымдарға диссертация қорғаудан бір ай бұрын таратылады. Автореферат жіберілуге тиісті адресаттар тізімін диссертацияны қорғауға қабылдап алған диссертациялық кеңес анықтайды. Бұл тізімге диссертация саласы бойынша жұмыс істейтін өзге диссертациялық кеңестер, Қазақстан Республикасының ірі және арнаулы кітапханалары, мүдделі ұйымдар мен тиісті ғылым саласының жетекші ғалымдары, сондай-ақ тиісті диссертациялық зерттеулер жүргізілген ұйымдар енгізіледі.
      Авторефераттар міндетті түрде жіберілетін ұйымдардың тізімін Комитет белгілейді.
      Афторефераттарды жіберуді диссертациялық кеңестердің ғалым хатшылары қамтамасыз етеді және жіберілгендігі туралы мәліметтердің растығына дербес жауап береді.

      21. Қорғауға қабылданған диссертацияның бір данасы мен авторефераттың екі данасын ізденуші қорғауға ең кемі бір ай қалғанға дейін диссертациялық кеңес құрылған ұйымның кітапханасына (біріккен кеңесте қорғаған жағдайда құрылтайшы-ұйымның әрқайсысының кітапханасына авторефераттың екі данасын) тапсырады, онда ол кеңес шешімін Комитет бекіткенге дейін қолжазба құқығында сақталады.

      22. Диссертациялық кеңестер диссертация бойынша тиісті мамандық пен ғылым саласының өздерінің келісімін берген, диссертация тақырыбына жақын кемінде үш мақаласы бар білікті ғалымдарының ішінен ресми оппоненттер тағайындайды, бұл ретте олардың тек біреуі ғана осы диссертациялық кеңестің мүшесі бола алады.
      Докторлық диссертация бойынша тиісті мамандық пен ғылым саласы бойынша ғылым докторы дәрежесі бар үш ресми оппонент тағайындалады.
      Кандидаттық диссертация бойынша тиісті мамандық пен ғылым саласы бойынша біреуі ғылым докторы, ал екіншісі ғылым докторы немесе кандидаты болып келетін екі ресми оппонент тағайындалады.
      Ресми оппоненттерді диссертациялық кеңес белгілей алмаған жағдайда, оларды Комитет тағайындай алады.
       Ескерту: 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 1 наурыздағы N 159   бұйрығымен .

      23. Комитет Төралқасының, сараптау кеңестерінің мүшелері мен Комитет, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аппаратының қызметкерлері, диссертацияны қорғауға қабылдаған диссертациялық кеңестердің төрағалары, төрағаларының орынбасарлары мен ғалым хатшылары, ізденушінің ғылыми жетекшілері (кеңесшілері), диссертация тақырыбы бойынша жарияланған еңбектерінің телавторлары, сондай-ақ диссертациялық жұмыс дайындалған немесе ізденуші қызмет ететін жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, сонымен қатар ізденуші тапсырыс беруші немесе орындаушы (бірге орындаушы) болып табылатын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кафедралардың, лабораториялардың, секторлардың, бөлімдердің қызметкерлері ресми оппонент бола алмайды. Ресми оппоненттер әр түрлі ұйымдардың қызметкерлері болуы керек және жетекші ұйымның қызметкерлері болмауы тиіс.

      24. Ресми оппонент диссертация мен оның тақырыбы бойынша жарияланған еңбектерді зерттеудің нәтижесінде диссертациялық кеңеске таңдалған тақырыптың өзектілігі, диссертацияда тұжырымдалған ғылыми ережелердің, қорытындылар мен ұсыныстардың негізделу дәрежесі, олардың жаңалығы бағаланған жазбаша пікірін тапсырады, сондай-ақ диссертацияның осы Ережелердің талаптарына сәйкестілігі туралы қорытынды береді.
      Ресми оппоненттердің пікірлерінің көшірмесі ізденушіге диссертациясының қорғалуынан кем дегенде 10 күн бұрын беріледі.
      Диссертациялық кеңес ресми оппоненттің пікірлері көрсетілген талаптарға сай келмеген жағдайда қайта өңдеу үшін оны қайтарып беруге, болмаса Комитеттің рұқсатымен диссертация қорғалатын күннен кем дегенде 10 күн бұрын ресми оппонентті ауыстыруға құқылы.

      25. Диссертациялық кеңестер тиісті ғылым немесе экономика, құқық және т.б. саладағы жетістіктерімен кеңінен танымал ұйымдардан (ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік, өндірістік ұйымдар мен жоғары оқу орындары) диссертациялар бойынша жетекші ұйымдарды тағайындайды. Жетекші ұйым Комитет бекіткен тізбедегі ұйымдардан тағайындалады.
      Жетекші ұйымның пікірінде диссертация авторының қол жеткізген нәтижелерінің ғылым мен практика үшін маңыздылығы көрсетіледі. Сонымен бірге, пікірде диссертацияның нәтижелері мен қорытындыларын пайдалану туралы нақты ұсыныстардың болуы шарт.
      Жетекші ұйым пікірінің көшірмесі ізденушіге диссертация қорғалардан ең кемі 10 күн бұрын беріледі.
      Диссертациялық кеңес жетекші ұйымның пікірі көрсетілген талаптарға сай келмесе оны қайтарып беруге, немесе Комитеттің рұқсатымен диссертация қорғалатын күннен кем дегенде 10 күн бұрын жетекші ұйымды ауыстыруға құқылы.

      26. Кеңес ізденушінің тілегі бойынша теріс пікірлер мен қорытындылардың болғанына қарамастан диссертация қорғауды тағайындауға міндетті.

      27. Докторлық диссертация қорғау 11-тармақ талаптарына сәйкес диссертацияның негізгі ғылыми нәтижелері баяндалған ізденушінің жұмыстары жарияланған соң ең кемі үш айдан, ал кандидаттық диссертация қорғау ең кемі екі айдан кейін өткізілуі мүмкін.

      28. Диссертациялық кеңестің мәжілісі, егер оның жұмысына ресми оппоненттер және кеңес құрамының кемінде үштен екісі, қорғалатын докторлық диссертациясының әр мамандығы бойынша кеңес мүшелерінен кемінде үш ғылым докторы және қорғалатын кандидаттық диссертацияның әр мамандығы бойынша кемінде екі ғылым докторы міндетті түрде қатысса, құқықты болып саналады.
      Диссертациялық кеңестің ғылыми дәреже беру мәселесі туралы шешімі мәжіліске қатысып отырған кеңес мүшелерінің ең кемінде үштен екісі дауыс берсе қабылданды деп есептеледі.

      29. Көпшілік алдында диссертация қорғау ғылыми пікірсайыс сипатында болуға тиіс және жоғары талапшылдық, принципшілік пен ғылыми этика нормаларын сақтау жағдайында өткізілуге тиіс, сонымен бірге диссертацияда баяндалған ғылыми және практикалық сипаттағы барлық нәтижелер, қорытындылар мен ұсыныстардың жаңалығы, негізділігі барынша байыпты тұрғыдан талдануы керек.
      Ресми оппоненттер диссертация қорғауға қатысуға міндетті. Ерекше жағдай ретінде, диссертация бойынша оң пікір білдірген ресми оппоненттердің тек біреуі дәлелді себептермен кеңес мәжілісіне қатыса алмаған жағдайда докторлық диссертация қорғауды өткізуге рұқсат етіледі. Мұндайда диссертациялық кеңестің мәжілісіне келе алмаған ресми оппоненттің пікірі толығымен жария етіледі.
      Кеңес мәжілісіне оппоненттердің біреуі келмей қалса да кандидаттық диссертация қорғауды өткізуге тыйым салынады.

      30. Диссертация қорғау аяқталғаннан кейін диссертациялық кеңес ғылыми дәреже беру туралы мәселе бойынша жасырын дауыс беруді өткізеді.
      Есеп комиссиясының хаттамасы мәжіліске қатысқан диссертациялық кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруімен жәй көпшілік дауыспен бекітіледі.
      Диссертация қорғау жөніндегі кеңес мәжілісін өткізу рәсімі, сонымен бірге жасырын дауыс беру және есеп комиссиясының жұмыс тәртібі Диссертациялық кеңес туралы ережеде белгіленеді.

      31. Ғылыми дәреже беру жөнінде дауыс беру нәтижесі оң болған жағдайда, кеңес ашық дауыс беру арқылы диссертация бойынша қорытынды қабылдайды, онда ізденушінің жеке өзі қол жеткізген ең елеулі ғылыми нәтижелері, олардың негізділігі мен жаңалығының бағасы, олардың теория және практика үшін мәні, диссертациялық зерттеудің нәтижелерін пайдалану жайындағы ұсыныстары айқындалуы қажет, сондай-ақ диссертацияның осы Ережелердің 8 немесе 9-тармақтарының қайсысы бойынша бағаланғаны көрсетілуі тиіс.
      Қорытындының көшірмесі ізденушіге өзінің өтініші бойынша бір ай мерзімде беріледі.

      32. Диссертация қорғау нәтижелері бойынша оң шешім қабылданған жағдайда, диссертациялық кеңес диссертация қорғалғаннан кейін бір ай мерзімінде диссертацияның, мәжілістің және ізденушінің аттестациялық ісінің бірінші даналарын Комитетке жібереді. Аттестациялық іс құжаттарының екінші даналары диссертациялық кеңесте он жыл бойы сақталады. Ізденушілердің аттестациялық істерінің құжаттарының тізімі мен олардың ресімделу тәртібін Комитет белгілейді.
       Ескерту: 32-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 234   бұйрығымен .

      33. Диссертациялық кеңес теріс шешім қабылдаған жағдайда ізденушіге тиісті құжаттарын қайтару және диссертация қорғау нәтижесі туралы Комитетке хабарлау тәртібі Диссертациялық кеңес туралы ережеде белгіленеді.
      Қорғау нәтижесінде кеңес теріс шешім қабылдаған диссертация сол шешім шығарылғаннан бір жылдан соң өңделген күйде қайта қорғауға ұсынылуы мүмкін. Теріс шешімді Комитет шығарған жағдайда да дәл осылай диссертацияны қайта қорғауға ұсынуға болады. Қайта қорғауға Комитеттің рұқсаты қажет емес. Қайта қорғау кезінде ресми оппоненттер мен жетекші ұйым толығымен ауыстырылуға тиіс.

      34. Ғылыми дәреже берілген ізденушілердің диссертацияларын Комитет авторефераттарының бір данасымен бірге белгіленген тәртіп бойынша тұрақты сақтау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына береді.

  4. Диссертациялардың Комитетте қаралуы

      35. Диссертациялардың ғылыми біліктілік деңгейінің осы Ережелер талаптарына сәйкестігін Комитеттің сараптау кеңестері (сарапшылар) қарайды.
      Егер осы Ережелердің 31-тармағына сәйкес қабылданған диссертациялық кеңес қорытындысы жеткілікті дәлелденбеген болса, онда Комитеттің сараптау кеңесінің (сарапшының) қорытындысы негізінде оны жетілдіру үшін диссертациялық кеңеске қайтара алады. Мұндай жағдайда диссертациялық кеңес мәжілісінде диссертацияны қайта қарағанда ізденушінің қатысуы міндетті емес.
      Егер сараптау кеңесі (сарапшы) диссертация қорғау кезінде кеңесте диссертацияны сараптау сапасыз жүргізілгенін анықтаса, онда  Комитет диссертацияны аттестациялық ісімен бірге осы Ереже талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында қосымша қорытынды (ұжымдық пікір) шығару үшін басқа диссертациялық кеңеске жібере алады.
      Диссертациялық кеңестің қосымша қорытынды (ұжымдық пікір) беруге жіберілген диссертацияны қарау кезіндегі мәжілісін өткізудің рәсімі Диссертациялық кеңес туралы ережеде белгіленеді.
      Қажетті жағдайларда Комитеттің сараптау кеңесінің мәжілісіне ізденушілерді, диссертация қорғау өткізілген немесе қосымша қорытынды (ұжымдық пікір) жүргізілген диссертациялық кеңестердің басшыларын, ресми оппоненттерді, ғылыми жетекшілерді (кеңесшілерді), сондай-ақ жетекші ұйымының өкілдерін шақыра алады, немесе диссертациялық кеңестің диссертацияны қорғау жөніндегі мәжілісіне өз өкілдерін жібере алады. Ізденуші дәлелсіз себептермен келмей қалған жағдайда сараптау кеңесі диссертацияны оның қатысуынсыз қарай береді.
      Ізденуші өзінің диссертациясы мен аттестациялық ісі жөніндегі сараптау кеңесінің (сарапшының) қорытындысымен, ол туралы Комитет Төралқасының шешімі қабылданғаннан кейін екі ай мерзім ішінде танысуға құқылы.

      36. Ғылым докторы ғылыми дәрежесін ізденушінің диссертациясы мен аттестациялық істерін Комитетте қарау мерзімі сегіз айдан, ал ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін ізденушінің диссертациясы мен аттестациялық істерін қарау мерзімі төрт айдан аспауға тиіс.
      Диссертацияларды сараптау уақытты қажет ететін ерекше жағдайларда сараптау мерзімін ұзарту мәселесін әрбір нақты іске байланысты Комитет шешеді.

      37. Ізденушінің аттестациялық іс құжаттарына техникалық сипаттағы түзетулер енгізу тек Комитеттің рұқсатымен жүзеге асады.

      38. Ізденуші диссертациясын оның қаралуының кез келген кезеңінде, диссертациялық кеңес немесе Комитет ізденушінің диссертацияда авторы мен дерек көзіне сілтемесіз бөтен материалды пайдаланғанын анықтаған жағдайдан басқа, диссертациялық кеңесте мәжіліс басталғанға дейін, ал Комитет ғылым докторы ғылыми дәрежесін беру немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін беру туралы диссертациялық кеңес шешімін бекіту жөнінде шешім қабылданғанға дейін қараудан алуға құқылы.
      Ізденушінің жазбаша өтініші бойынша диссертацияны қараудан алып тастау хаттамамен ресімделеді және қабылданған шешім түпкілікті болып табылады. Диссертация диссертациялық кеңесте немесе Комитетте қаралудан алынғаннан кейін, өтініш берген күннен бір жылдан соң тиісті өңдеуден өткізіліп, жаңа жұмыс ретінде қорғауға ұсыныла алады.

      39. Диссертация қорғау рәсімі бұзылған жағдайда (оппоненттердің біреуі жоқ болғанда, оппоненттер мен жетекші ұйым дұрыс таңдалмағанда), сондай-ақ стенограмма талқылаудың шынайы жүрісіне сәйкес келмегенде Комитет диссертацияны қайта қорғауға жіберуге құқылы. Қайта қорғауға ұсыну Комитет шешім қабылдағаннан 3 айдан кейін өтуі мүмкін және ондайда қайта қорғауға әкеп соқтырған кемшіліктер міндетті түрде түзетілуі тиіс.

      40. Осы Ережелердің талаптары бұзылғандығын анықтаған жағдайда Комитет диссертациялық кеңестердің шешімінің күшін жойып, кең басшылығы мен мүшелерін ауыстыруы, диссертациялық кеңестердің қызметін уақытша тоқтатуы немесе біржола доғаруы мүмкін, сондай-ақ әр түрлі мерзімге ғылыми жетекшілік жасау және оппоненттік ету құқынан айырып, Жетекші ұйымдар тізбесінен шығарып тастай алады.

      41. Ғылыми дәреже беру жөніндегі құжаттар Комитет белгілеген тізбеге сәйкес мемлекеттік немесе орыс тілінде тапсырылады.

  5. Дипломдарды ресімдеу және беру

      42. Ғылым докторлары мен кандидаттарына белгіленген мемлекеттік үлгідегі дипломдар беріледі.
      Ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесін беру туралы шешім оны Комитет қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді.
       Ескерту: 42-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 1 наурыздағы N 159   бұйрығымен .

      43. Ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дипломын жоғалтқандарға жаңа реттік нөмірмен телқұжат берілуі мүмкін.

      44. Ғылым докторы және кандидаты дипломдарын Комитет ресімдейді және береді.
      Дипломдарды және олардың телнұсқаларын беру және ресімдеу тәртібін Комитет белгілейді.
       Ескерту: 44-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 1 наурыздағы N 159   бұйрығымен .

  6. Жоғары білікті кадрларды қайта аттестаттау

      45. Қазақстан Республикасында тек Комитет берген ғылым докторы және кандидаты дипломдары танылады.
      Басқа елдердің мемлекеттік аттестаттау органдары берген ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежелері бар Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды қайта аттестаттауды олар жұмыс істейтін ұйымның немесе өздерінің жеке өтінішімен бірге Комитет белгілеген тізбе бойынша құжаттарын ұсынған жағдайда Комитет жүргізеді.

      46. Мемлекеттік емес ұйымдар ғылыми дәреже берген тұлғаларға қайта аттестаттау жасалмайды. <*>
       Ескерту. 46-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 535   бұйрығымен .

      47. Қайта аттесттауға ұсынылып, Комитеттің теріс шешімін алған диссертациялық жұмыс қайта өңделгеннен кейін, Комитет белгілейтін диссертациялық кеңесте жалпы негізде қарауға қабылдануы мүмкін.

  7. Апелляцияларды қарау

      48. Ұйымдар, ізденушілер және басқа тұлғалар шешім қабылданған күннен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей диссертация қорғаған кеңеске және Комитетке диссертациялық кеңестердің ғылыми дәрежелер беру мәселелері жөніндегі шешімдеріне апелляция (шешімдерге шағым) бере алады. Диссертациялық кеңес апелляцияны Диссертациялық кеңес туралы ережеде белгіленген тәртіппен екі ай мерзім ішінде қарауға тиіс.
      Диссертациялық кеңестің қорытындысы мен апелляцияны қарау жөніндегі басқа да материалдар диссертациялық кеңестің мәжілісінен кейін 10 күнде Комитетке жіберіледі.

      49. Диссертациялық кеңестердің ғылыми дәрежелер беру мәселелері жөніндегі шешімдеріне берілген апелляциялар бойынша шешімді диссертациялық кеңестердің апелляцияларды қараған материалдары мен сараптау кеңестерінің қорытындыларын ескере отырып  Комитет қабылдайды.

      50. Комитет Төралқасының ғылыми дәрежелер беру, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды қайта аттестаттау жөніндегі шешімдеріне шешім шыққан күннен екі айдан кешіктірмей Комитетке апелляция беруге болады.
      Көрсетілген мерзім өткеннен кейін апелляция Комитеттің қарауына қабылданбайды. Апелляцияларды қарау рәсімі Комитет бекітетін Комитеттің апелляциялық комиссиясы туралы ережемен белгіленеді.

      51. Комитеттің апелляция жөніндегі түпкілікті шешімі шағымданушыға (шағымданушыларға) хабарланады.