Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы. 2002 жылғы 23 желтоқсан N 510. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 6 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2158.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының аумағында есеп айырысудың қолма-қол нысанын жетілдіру және дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енгізіледі.
      3. Төлем жүйесі басқармасы (Мұсаев Р.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, филиалдарына, екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аударым операцияларын және банктік есепшоттар жүргізуге лицензиясы бар ұйымдарға жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.Т.Жангелдинге жүктелсін.

      Ұлттық Банк
       Төрағасы

Қазақстан Республикасының    
Ұлттық Банкі Басқармасының   
"Микропроцессорлық карточкалар 
негізінде төлем карточкаларының
Ұлттық банкаралық жүйесінің  
қызмет ету ережесін      
бекіту туралы"        
2002 жылғы 23 желтоқсандағы  
N 510 қаулысымен бекітілген  

Микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесінің қызмет ету ережесі

      Осы Ереже микропроцессорлық карточкалар негізінде төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесін (бұдан әрі - жүйе) ұйымдастыру және қызмет ету тәртібін анықтайды және жүйенің төлем карточкаларын пайдалана отырып қолма-қол емес төлемдерді және қолма-қол ақшаны алуға және/немесе өзге операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.

1-тарау. Негізгі ережелер

      1. Жүйе осы Ережеге сәйкес жүйенің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдық-техникалық шаралардың жиынтығын білдіреді.

      2. Осы Ереже төлем карточкаларының басқа жүйелеріне қолданылмайды және жүйе қатысушыларының оларға қатысуын шектемейді.

      3. Жүйенің негізгі мақсаты жүйенің төлем карточкаларының ұстаушыларына төлем карточкалары жүйесін пайдалана отырып қолма-қол емес төлемдер жүргізу, қолма-қол ақша алу және/немесе өзге операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін ұсыну болып табылады.

      4. Осы Ережеде Қазақстан Республикасының "Төлемдер және ақша аударымдары туралы" Заңында және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 1260 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын шығару және пайдалану ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 24 тамыздағы N 331 қаулысында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) күшін жою - карточканы жарамсыз деп тану және оны айналыстан алу;
      2) жүйенің қатысушы банкі - жүйе қатысушылары болып табылатын және жүйеде эмитенттің және/немесе эквайердің функциясын орындайтын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
      3) жүйе карточкасының ұстаушысы - жүйенің төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес жүйенің төлем карточкасын пайдалану құқығы бар жеке тұлға;
      4) жүйенің қатысушы банкінің коды - жүйеде оны бірегейлендіру үшін оған берілген жүйенің қатысушы банкінің сандық белгісі;
      5) он-лайн - операция жасау сәтінде сауда терминалы мен банкоматының процессинг ұйымымен тікелей байланысы кезінде жүйенің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер бойынша ақпарат алмасу режимі;
      6) оффлайн - процессинг ұйымы мен сауда терминалы арасында байланыс орнатпастан жүйенің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер бойынша ақпарат алмасу режимі;
      7) дербестендіру - жүйенің төлем карточкасының интегральды микросхемасында осындай ақпаратты жазу және оның үстіне бірегейлендіру жазбасын түсіру арқылы оның иесін және/немесе эмитентін бірегейлендіретін ақпаратты жүйенің төлем карточкасына беру процесі;
      8) жүйенің төлем карточкасы (бұдан әрі - жүйенің карточкасы) - тауарлар мен қызметтің ақысын ақша аудару арқылы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастау және жүйе шеңберінде жүзеге асыруға мүмкін болатын басқа операцияларды жасау үшін пайдаланылатын интегральды микросхемасы бар төлем карточкасы;
      9) кәсіпкер - тауарлары мен қызметінің ақысын төлеу үшін жүйе карточкасын қабылдауға құқығы бар заңды тұлға немесе заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлға;
      10) сауда терминалы - жүйенің карточкасын пайдалана отырып тауарлар мен қызметтің ақысына ақша аударуға және қолма-қол ақша алуға болатын электрондық механикалық қондырғы;
      11) стоп-парақ - пайдалануға тыйым салынған жүйе карточкаларының тізімі;
      12) жүйенің шоты - процессинг ұйымының клиринг нәтижелері бойынша уақтылы және үздіксіз ақша аударуды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын жүйенің қатысушы банктерінің ақшасын есептеуге арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) шоты;
      13) жүйенің қатысушылары - жасалған шарттарға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүйе шеңберінде құқықтар мен міндеттері туындайтын заңды және жеке тұлғалар;
      14) электронды әмиян - соның шегінде төлемдер жүзеге асырылуы мүмкін ақша туралы ақпарат сақталатын жүйенің карточкасы.

2-тарау. Жүйені ұйымдастырудың және қызмет етуінің
құқықтық негізі

      5. Жүйенің ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің құқықтық негізін осы Ереже, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ жүйенің қатысушылары арасында жасалатын шарттар қамтамасыз етеді.

      6. Жүйенің қатысушы банктеріне жүйе карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру және қолма-қол ақшаны алу және банкаралық клирингті жүзеге асыру кезінде қалыптасатын ақпаратты жинау, өңдеу және беру жөніндегі қызметтерді өздерінің арасында жасалған шарттың негізінде процессинг ұйымы ұсынады.

      7. Жүйенің қатысушы банкі мен процессинг ұйымы арасындағы шарт мынадай міндетті талаптардан тұруы тиіс:
      1) жүйенің қатысушы банктері мен процессинг ұйымының құқықтары мен міндеттері;
      2) төлем құжаттарын айырбастау тәсілі мен тәртібі және төлемдер туралы өзге ақпарат;
      3) ақпарат қауіпсіздігі режимін сақтауға және банктік құпияны сақтауға қойылатын талаптар;
      4) жүйенің карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған клиринг төлемдері нәтижелері бойынша ақша аудару мерзімі мен тәсілдері;
      5) жүйенің карточкасын шығару және қайта шығару талаптары;
      6) жүйенің қатысушы банкі мен процессинг ұйымының шарт талаптарын орындамағаны үшін жауаптылығы;
      7) жүйенің карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдерге байланысты даулы жағдайларды шешу рәсімі;
      8) шартты бұзу және шарт талаптарын өзгерту тәртібі.
      Процессинг ұйымы мен жүйенің қатысушы банкі арасындағы шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де қосымша талаптар көзделуі мүмкін.

      8. Жүйенің қатысушы банктері өз клиенттеріне (жүйенің карточкаларын ұстаушыларына және кәсіпкерлерге) қатысты қаржы-экономикалық саясатты және жүйе карточкасын шығару көлемін дербес анықтайды.

      9. Процессинг ұйымы Ұлттық Банкке жүйенің карточкасын пайдалана отырып төлемдерді және ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты операциялар туралы ақпаратты Ұлттық Банк белгілеген нысандар және мерзім бойынша ұсынады.

3-тарау. Процессинг ұйымы

      10. Жүйенің шеңберінде процессинг ұйымына мынадай функцияларды жүзеге асыру жүктеледі:
      1) жүйенің карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру кезінде қалыптасатын төлем құжаттарын қабылдау және өңдеу;
      2) жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдердің банкаралық клирингін жүзеге асыру және жүйенің қатысушы банктерінің таза позициялары туралы ақпаратты банкаралық ақша аудару жүйесіндегі клиринг нәтижелері бойынша ақша аударуды жүзеге асыру үшін "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - орталық) беру;
      3) жүйенің қатысушы банктеріне шығаруға дайын тұрған төлем карточкаларын дербестендіру және беру;
      4) жүйе шеңберінде айналыстағы төлем карточкаларын тіркеу және есепке алу;
      5) стоп-парақты қалыптастыру және тарату;
      6) екінші деңгейдегі банктермен және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдармен (бұдан әрі - банк) жүйеге кіру мәселелері бойынша өзара әрекетті қамтамасыз ету;
      7) жүйе қатысушыларының өзара әрекетін техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      8) мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен бірлескен жобаларды жүйенің базасында іске асыру;
      9) жүйеде хабарламалардың үздіксіз және тәулік бойы қабылдануы мен өңделуін қамтамасыз ету;
      10) жүйенің қызмет етуіне қатысты нормативтік құқықтық ақпаратты қалыптастыру және тарату;
      11) жүйенің қатысушы банктерінің анықтамалығын жүргізу;
      12) жүйенің қауіпсіз қызмет етуін, жүйенің қауіпсіз қызмет етуіне қолдау көрсету жөніндегі талаптарды әзірлеуді және жүйенің қатысушы-банктеріне дейін жеткізуді қамтамасыз ету;
      13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар.

4-тарау. Жүйенің қатысушы банктері

      11. Жүйенің қатысушы банктері арасындағы өзара қатынас осы Ережемен және жүйе шеңберінде жасалған шарттармен реттеледі.

      12. Жүйенің қатысушы банктері жүйе шеңберінде жүзеге асырылатын операциялар бойынша бір-біріне төлейтін комиссиялық сыйақысының мөлшері жүйе шеңберінде қолданылатын тарифтік келісіммен белгіленеді.

      13. Жүйе шеңберінде экваер болып табылатын банк мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:
      1) кәсіпкерлермен тауарлардың, жұмыстың және қызметтің ақысын төлеу кезінде жүйенің карточкасын қабылдау туралы шарттар жасау;
      2) осы кәсіпкерде тауарларды, жұмысты және қызметті жүйенің карточкаларын пайдалана отырып іске асыру жүріп жатқандығын көрсететін ақпараттық материалдарды кәсіпкерде орналастыру;
      3) кәсіпкерлердің банктік шоттарын жүргізу;
      4) төлем карточкаларын (төлем құжаттарын) пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялар туралы кәсіпкерлерден түскен ақпаратты жинау және өңдеу;
      5) жаңартылған стоп-парақтарды кәсіпкерлерге тарату;
      6) басқа жүйенің қатысушы банктерінің клиенттері болып табылатын жүйенің карточкаларын ұстаушылар жасаған төлемдер бойынша төлем құжаттарын процессингтік ұйымға беру;
      7) жүйенің жұмыс технологиясына сәйкес процессинг ұйымымен ақпарат алмасу;
      8) сауда терминалдарын және банкоматтарды орнату және қызмет көрсету;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар.

      14. Жүйенің шеңберінде эмитент мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:
      1) жүйенің карточкаларын шығару;
      2) карт-шоттарды жүргізу;
      3) процессинг ұйымдарына жүйе карточкаларының деректемелерін стоп-параққа енгізуге өтінішті қалыптастыру және беру;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар.

      15. Жүйеден шығу жүйенің қатысушы банкінің мынадай міндетті талаптарды сақтау талабымен жүйеден өз еркімен шығу туралы жазбаша өтінішінің негізінде жүзеге асырылады:
      1) процессинг ұйымына болжанған шығуға дейін кем дегенде бір ай бұрын жүйеден шығу туралы жазбаша өтінішті жіберу;
      2) жүйеден шығу туралы хабарламаны кем дегенде екі республикалық газетке жариялау;
      3) жүйе қатысушыларының және процессинг ұйымы алдындағы жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырған операциялар бойынша барлық берешегін өтеу;
      4) осы жүйенің қатысушы банкі шығарған барлық жүйенің карточкаларын айналыстан алу және күшін жою;
      5) жүйенің шеңберінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жарияламауға міндеттеме алу.

      16. Қатысушы банкті жүйеден шығару мына негіздердің кез келгені бойынша жүзеге асырылады:
      1) жүйенің қызмет ету ережесін жүйелі түрде (он екі күнтізбелік сабақтас ай ішінде үш немесе одан да көп) бұзу;
      2) жүйенің қатысушылары алдындағы шарттық міндеттемелерін жүйелі түрде (соңғы жиырма күнтізбелік ай ішінде үш және одан да көп рет) дұрыс орындамауы;
      3) жүйенің қатысушы банкіндегі банк операцияларын жүргізуге арналған лицензияның күшін жою;
      4) соттың банк қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы;
      5) банктің өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы;
      6) жүйенің қатысушы банкін банкаралық ақша аудару жүйесін пайдаланушы мәртебесінен айыру.

      17. Мынадай:
      1) жүйенің қатысушы банкі карточкалар жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырған төлемдер бойынша міндеттемелерін орындай алмаған және/немесе бас тартқан;
      2) банк операцияларын жүргізуге лицензияны Ұлттық Банк тоқтата тұрған;
      3) жүйенің қатысушы банкінің Ұлттық Банкте және банкаралық ақша аудару жүйесінде ашылған корреспонденттік шоты бойынша оның шығыс операциялары заңдарда және шарттарда көзделген тәртіппен және талаптармен тоқтатыла тұрған жағдайларда;
      4) жүйенің қатысушы банктері келіскен өзге де негіздер бойынша жүйенің қатысушысы банктің жүйеге қатысуы тоқтатыла тұруы мүмкін.

      18. Жүйеден шыққан не шығарылған күннен бастап жүйенің интеллектуалды меншік объектілерін (логотип, тауар белгісі және басқалары) пайдалануға банктің құқығы жоқ және банктер мен олардың клиенттері арасында жасалған шарттарда айқындалған мерзімдерде және тәртіппен өзінің клиенттерін жүйеден шығу туралы уақтылы хабарлауға тиісті.

      19. Жүйенің қатысушы банкі жүйеден шыққан немесе шығарылған кезде оның коды стоп-параққа енгізіледі.

      20. Жүйенің қатысушылары банктер өздерінің функцияларын орындау барысында алынған, жүйенің кез келген қатысушысының коммерциялық құпиясын құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндеттеме қабылдайды.

5-тарау. Жүйенің карточкаларын шығару және алып
қою тәртібі

      21. Жүйенің карточкаларын шығаруды жүйенің қатысушылары банктер Ұлттық Банктің Қазақстан Республикасындағы төлем карточкаларының айналысын реттейтін нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

      22. Жүйенің карточкаларын басқа төлем карточкаларының жүйелерімен, оның ішінде магнитті жолағы бар төлем карточкаларын пайдалануға негізделген жүйелермен үйлестіруге жол беріледі.

      23. Жүйенің карточкаларын дебет карточкалардың, кредит карточкаларының және электрондық әмияндардың функцияларын қоса атқара алады. Жүйенің карточкалары төлемдерді жүзеге асыруға және қолма-қол ақшаны алуға байланысты емес функцияларды орындай алады. Төлемдерді жүзеге асыруға және қолма-қол ақшаны алуға байланысты емес функцияларды жүйенің карточкаларын пайдалана отырып орындау жүйенің қатысушылары арасында жасалған тиісті шарттарда келісіледі.

      24. Жүйенің карточкаларын оның ұстаушыларынан алып қою эмитент және ұстаушылар арасында жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Алынып қойған карточка жойылады.

6-тарау. Төлемдерді жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асыру тәртібі

      25. Жүйедегі барлық төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.

      26. Жүйенің карточкаларын ұстаушылардың карт-шоттары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және сол сияқты шетел валютасымен жүргізіледі.

      27. Жүйенің карточкаларын пайдалана отырып төлемдер жасау Ұлттық Банктің Қазақстан Республикасындағы төлем карточкаларының айналысын реттейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Егер осы ережеде өзгеше белгіленбесе, жүйедегі төлем құжаттарын өткізу және қабылдау электрондық тәсілмен жүзеге асырылады.

      29. Жүйеде қолданылатын электрондық хабарлардың форматтарын Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарына сәйкес процессинг орталығы белгілейді.

      30. Жүйенің карточкаларын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру офф-лайн режимінде және сол сияқты он-лайн режимінде жүзеге асырылады.

      31. Жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын банкаралық төлемдерді қабылдау мен өңдеу және банкаралық төлемдердің клирингін жүзеге асыру жүйенің қатысушысы банк пен процессинг орталығы арасында жасалған шартқа сәйкес жүргізіледі.

      32. Жүйенің карточкаларын пайдалана отырып тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетулер үшін ақы төлеу төлем сомасы үшін берілген сауда чегінің екі данасымен расталуы тиіс. Сауда чегінің бірінші данасы кәсіпкерде қалады, екіншісі жүйенің карточкасын ұстаушыға беріледі.

      33. Кәсіпкер жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдер бойынша барлық төлем құжаттарын эквайерге электрондық түрде береді. Төлем құжаттарын электрондық түрде беруге мүмкіндік болмаған жағдайда кәсіпкер жүйенің карточкаларын пайдалана отырып онда жүзеге асырылған барлық төлемдер бойынша сауда чектерін эквайерге береді, олардың негізінде эквайер төлем құжаттарын қалыптастырады.

      34. Осы эквайердің клиенттері болып табылмайтын жүйенің карточкаларын ұстаушылары жасаған төлемдер бойынша кәсіпкерден алынған барлық төлем құжаттары өңдеу және жүйенің қатысушылары банктер арасында төлемдер мен ақша аударуды жүзеге асыру үшін процессинг орталығына өткізіледі.

      35. Процессинг орталығы алған төлем құжаттары көп жақты клиринг негізінде өңделеді және таза позициялар клиринг нәтижесі бойынша банкаралық ақша аудару жүйесінде ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін орталыққа әрбір жүйенің қатысушы банкі бойынша беріледі.

      36. Клиринг нәтижесі бойынша ақша аударуды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында жүйенің қатысушысы банк күн сайын жүйенің шотында төмендетілмейтін қалдық ретінде осы Ереженің 39-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде ақша сомасын қамтамасыз етуі тиіс.

      37. Дебеттік таза позициясы бар жүйенің қатысушы банкінде клирингтің нәтижесі бойынша банкаралық ақша аудару жүйесінде ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша жоқ болған немесе жетпеген жағдайда, процессинг ұйымы жүйенің шотынан жүйенің қатысушысы банктің банкаралық ақша аудару жүйесіндегі позициясына осы жүйенің қатысушысы банктің дебеттік таза позициясына сәйкес ақша аударуды жүзеге асыруға қажетті ақша сомасының шегінде, жүйенің қатысушысы банк пен процессинг орталығы арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде ақша аудару туралы нұсқау беруге құқылы.

      38. Жүйенің қатысушы банкінің міндеттемелерін орындау үшін ақшаның төмендетілмейтін қалдығы пайдаланылған жағдайда жүйенің қатысушысы банк ақшаның төмендетілмейтін қалдығы пайдаланылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жүйенің шотындағы төмендетілмейтін қалдықтың қажетті сомасын қалпына келтіруі тиіс. Жүйенің қатысушысы банк төмендетілмейтін қалдықты қамтамасыз етпеген жағдайда процессинг орталығы осы жүйенің қатысушысы банктің кодын операциялық күн аяқталғаннан кейін стоп-параққа енгізуге құқылы. Жүйенің қатысушысы банктің кодын процессинг орталығы жүйенің қатысушы банкі ақшаның төмендетілмейтін қалдығын қалпына келтіргеннен кейін бірден стоп-парақтан жояды.

      39. Әрбір жүйенің қатысушы банкі үшін ақшаның төмендетілмейтін қалдығын қажетті сомасының мөлшерін процессинг орталығы есепті айдан кейінгі айдың 5-нен кешіктірмей, осы жүйенің қатысушы банкі басқа жүйенің қатысушылары банктерінің желісінде өткен айда шығарған жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген төлемдердің орташа көлеміне қатысты айқындайды және осы көлемнің он процентінен кем болмауы тиіс. Егер төмендетілмейтін қалдықтың мөлшері ұлғаю жағына қарай түзетілген жағдайда, жүйенің қатысушысы банк процессинг орталығынан төмендетілмейтін қалдықтың мөлшерін өзгерту туралы хабарлама алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жүйенің шотындағы өзінің позициясын процесссинг орталығы есептеген мөлшерге дейін толықтырады және ағымдағы ай ішінде көрсетілген мөлшерде ұстап тұрады.

      40. Ақша аудару аяқталғаннан кейін, келесі операциялық күн басталғанға дейін процессинг орталығы жүйенің қатысушылары банктерге клирингте өңделген төлем құжаттары туралы ақпарат және жүйенің қатысушысы банктің таза позициясы туралы ақпарат бар түпкілікті үзінді-көшірме береді. Эмитенттерге жүйенің карточкаларын ұстаушылармен өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшін осы эмитент шығарған жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша барлық төлем құжаттары да жіберіледі.

      41. Процессинг орталығы және жүйенің қатысушылары банктер барлық жөнелтілген және алынған төлем құжаттарының, сондай-ақ олардың алынғаны туралы хабарламалардың есебін жүргізуді және бақылауды олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес электрондық және қағаздағы көшірмелерін сақтау арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

      42. Эквайер жүйенің карточкаларын қандай эмитент шығарғанына қарамастан барлық жүйенің карточкаларын ұстаушыларына қызмет көрсетеді.

      43. Жүйенің карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша даулы жағдай туындаған кезде жүйенің қатысушысы банк оны реттеуге процессинг орталығының қатысуының қажеттілігі туралы жазбаша хабарлама жіберуге құқылы. Жүйенің қатысушысы банктің хабарламасында мынадай мәліметтер көзделуі тиіс: карточканың нөмірі, карточка ұстаушының аты-жөні, операция жасалған күні, кәсіпкер немесе қызмет көрсету пункті туралы деректер, операция сомасы және эквайердің бірегейлендіру нөмірі, сондай-ақ даулы жағдайдың мәні.

      44. Жүйе қатысушыларының арасында даулы жағдайлар туындаған кезде транзакцияны немесе өзге төлем құжатын жүзеге асыру кезінде сауда терминалы/банкоматы берген сауда чегі төлемнің шынайылығын растайды.

      45. Төлемдерді және ақша аударуды дұрыс немесе уақтылы жүзеге асырмағаны үшін жауапкершілік, жүйенің қатысушыларына келтірілген зиянды өтеудің тәртібі мен талаптары жүйенің қатысушылары арасында жасалған тиісті шарттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде айқындалады.

7-тарау. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар

      46. Электрондық хабарлармен алмасу жөніндегі рәсімдерді процессинг ұйымы белгілейді және процессинг орталығы мен жүйенің қатысушысы банк арасында жасалған шартта белгіленген мерзімдерде жүйенің қатысушылары банктерге жеткізіледі.

      47. Электрондық хабарды қалыптастыру және беру кезінде процессинг орталығы мен жүйенің қатысушы банкі олардың арасында жасалған бағдарламалық-криптографиялық қорғауды және электронды сандық қол қоюды пайдалану туралы келісімде белгіленген қорғаныш әрекеттерінің тәртібін сақтайды.

      48. Қорғаныш әрекеттерінің тәртібі бұзылған немесе ол жария етілген жағдайда осы заң бұзушылықты анықтаған тарап бұл туралы басқа тарапқа жедел хабарлайды және салдарларын жою үшін шаралар қабылдайды.

8-тарау. Стоп-парақ

      49. Стоп-парақты жасауды, жүргізуді және таратуды процессинг орталығы жүзеге асырады.

      50. Эмитенттер стоп-параққа карточкаларды енгізуге арналған ақпаратты процессинг орталығына жүйенің карточкаларын ұстаушылардың өтініштері негізінде және өз шешімі бойынша ұсынады. Процессинг орталығы төлем карточкаларының деректемелерін ұстаушылардың өтініштері негізінде стоп-параққа енгізуге құқылы.

      51. Эмитент жүйенің карточкасын стоп-параққа енгізу туралы шешімді оның ұстаушысы төлеуге қабылетсіз болған немесе ол шарттың талаптарын бұзған жағдайда оның келісімінсіз, бір мезгілде жүйенің карточкасын ұстаушысына хабарлай отырып, шартта көзделген тәртіппен шығаруға құқылы.

      52. Жүйенің карточкасын оның ұстаушысынан заңсыз алып қойған не оның деректемелерін стоп-параққа негізсіз, қателесіп енгізген эмитент осы ұстаушыға оған жоғарыда көрсетілген әрекеттердің нәтижесінде келтірілген зиянды олардың арасында жасалған шартта және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен өтейді.

      53. Жүйенің карточкасын ұстаушы жүйенің карточкасының жоғалу, ұрлану немесе уәкілеттік берілмеген тұлғаның пайдалану фактісін анықтағаннан кейін бұл туралы жедел түрде эмитентке немесе процессинг орталығына ауызша немесе жазбаша түрде хабарлайды. Егер хабарлама ауызша түрде жасалса, онда ұстаушы эмитентпен жасалған шартта айқындалған мерзімдерде оны жазбаша өтінішпен растауы тиіс.

      54. Жүйенің карточкасын ұстаушыдан оның карточкасының жоғалу, ұрлану немесе уәкілеттік берілмеген тұлғаның пайдалану фактісі туралы хабар алу уақыты тіркелгеннен кейін эмитент осы карточканы стоп-параққа енгізуге арналған мәліметті электрондық (не қағазға басылған) түрде процессинг орталығына шұғыл береді.

      55. Процессинг орталығы өтініштің тіркеу нөмірін, күнін және уақытын көрсете отырып карточканы стоп-параққа енгізу жөніндегі өтініштің алынғанын растайды, эмитенттерден алынған өтініштер негізінде стоп-парақты қалыптастырады және жаңартылған стоп-парақты ағымдағы операциялық күн жабылғанға дейін электрондық түрде эквайерлерге таратады. Карточкаларды стоп-параққа енгізу жөніндегі өтініштерді қабылдауды процессинг орталығы ағымдағы операциялық күн жабылғанға дейін бір сағат бұрын тоқтатады.

      56. Стоп-парақты таратудың кезеңділігі және уақыты жүйенің шеңберінде қолданылып жүрген ішкі құжаттарда белгіленеді.

      57. Эквайер жаңартылған стоп-парақты алғаннан кейін, алынған күнін және уақытын көрсете отырып оның алынғаны жөнінде процессинг орталығын хабарлайды.

      58. Кәсіпкердің эквайерлерге стоп-парақты тарату кезеңділігі және уақыты кәсіпкермен жасалған шарттар белгіленеді және процессинг орталығынан стоп-парақты алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жүзеге асырылады.

      59. Карточкаларды стоп-парақтан алып тастау эмитенттің жазбаша сұратуы негізінде жүргізіледі.

9-тарау. Қорытынды ережелер

      60. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес шешіледі.