Халықаралық ұшуларды орындау үшін Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесін бекіту туралы

Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 27 желтоқсандағы N 442-І бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 1 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2146.

Қолданыстағы

Келісілген:           
Қазақстан Республикасының   
Денсаулық сақтау министрлігі 
2002 жылғы 27 қараша     

Келісілген:          
Қазақстан Республикасының  
Кедендік бақылау       
агенттігінің төрағасы    
2002 жылғы 18 қараша    

Келісілген:          
Қазақстан Республикасының 
Ішкі істер министрі,    
генерал-полковник      
2002 жылғы 23 желтоқсан   

Келісілген:          
Қазақстан Республикасының  
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 
төрағасының орынбасары,  
Шекара қызметінің директоры,
генерал-лейтенант      
2002 жылғы 28 қараша    

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 28 ақпандағы N 285 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы Ереженің 43-тармағын орындау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Халықаралық ұшуларды орындау үшiн Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Азаматтық авиация комитетi (Б.А.Омаров) заңнамада  белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде бұйрықтың мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз eтсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Вице-министр H.З. Нығматулинге жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Министр

Қазақстан Республикасы     
Көлiк және коммуникациялар  
министрiнiң          
2002 жылғы 27 желтоқсандағы 
N 442-І бұйрығымен     
бекiтiлген          

  Халықаралық ұшуларды орындау үшiн Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Халықаралық ұшуларды орындау үшiн Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесi (бұдан әрi - Ереже) халықаралық ұшуларды орындау үшiн азаматтық авиация әуеайлақтарын ашу тәртiбiн және халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге арналған әуеайлақтарға, аэровокзалдарға қойылатын талаптарды белгiлейдi.

      2. Осы Ережеде пайдаланатын негiзгi терминдер мен анықтамалар:
      1) бақыланатын аймақ - әуежайдың, әуеайлақтың жұмыс алаңы және оларға жанасқан аумақ, кiруi бақыланатын қызметтiк ғимараттар, құрылыстар, қоймалар;

      2) таза аймақ - жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, қол жүгiн бiрiншi тексеру, қарау пунктi мен әуе кемесiнiң арасындағы оларға кiруi қатаң бақыланатын аймақтың бөлiгi;

      3) жалпы тексеру аймағы - авиациялық қауiпсiздiк қызметiнің тексеру аймағы және кедендiк бақылау аймағы;

      4) шекаралық бақылау - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң шекаралық бақылау бөлiмшесi:
      Қазақстан Республикасына келу және Қазақстан Республикасынан кету құқығын беретiн құжаттарды тексерудi;
      көлiк құралдарын, жүктердi және басқа мүлiктi тексерудi;
      көлiк құралдарын қадағалау және олармен iлесiп жүрудi;
      Қазақстан Республикасына келуге жолы жабық адамдарды бақылауды қоса жүргiзетiн iс-шаралар кешенi.
      Шекаралық бақылау жедел және режимдiк шаралармен үйлесiмде жүзеге асырылады.

      5) транзит жолаушы - аралық әуежайға келiп қонған, халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес әрi қарай сол рейспен тасымалданатын жолаушы;

      6) трансфер жолаушы - халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес трансФерт пунктiне бiр рейспен жеткiзілiп, әрi қарай сол немесе өзге тасымалдаушының басқа рейсiмен тасымалданатын жолаушы;

      7) әуеайлақ минимумы - осы әуеайлақта осы үлгідегi әуе кемесiмен ұшу және қону рұқсат етiлетiн ұшу-қону жолағындағы көрудiң минималды мүмкiн мәнi және бұлттың төменгi шегiнiң биiктiгi (немесе шешiм қабылдау биiктiгi);

      8) аэровокзал - тiркеу тексеру, авиарейстер бойынша жинақтау мен толықтыру кезiнде жолаушыларға қызмет көpceтугe, кедендiк, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылауды жүзеге асыруға арналған құрылыс кешенi;

      9) техникалық-пайдаланымдық тексеру - объектiлердiң, құрылыстардың, жабдықтардың және әуежай қызметтерiнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн тексеру;

      10) амалсыздан қону - ұшу жоспарына сәйкес ұшуды орындау мүмкiн болмаған себептерден әуеайлаққа немесе әуеайлақтан тыс жерге қону;
      11) қосалқы әуеайлақ - егер көзделген әуеайлаққа дейiн жету немесе оған қону мүмкiн болмаған немесе мақсатқа сай келмеген жағдайда әуе кемесi баратын әуеайлақ;

      12) уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегінде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыратын азаматтық және эксперименталдық авиацияның қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы;

      13) санитарлық-карантиндiк бақылау - әуежай кемелерiнде және әуежайда карантиндiк, ерекше қауiптi және басқа да жұқпалы аурулардың әкелiнуi мен жайылуының алдын алу жөнiндегi Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық комитетiнiң органдары жүргiзетiн iс-шаралар кешенi;
      14) зона пограничного контроля - часть стерильной зоны между зоной таможенного контроля и воздушным судном, доступ в которую проводится по согласованию с Пограничной службой Комитета национальной безопасности Республики Казахстан.(Ескерту: тармақшаның қазақша мәтіні болмағандықтан орыс тілінде беріліп тұр.)
 

  2. Халықаралық ұшулар үшiн ашылған кезде әуеайлақтарға қойылатын талаптар

      3. Әуеайлақтарда халықаралық ұшулар үшiн ашылған кезде мыналар болуы тиiс:

      1) бiрiншi сыныптан төмен емес әуе кемелерiн қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге мүмкiндiк беретiн жасанды ұшып-қону жолағы, рулеж жолдары, перрон, тұрақ орындары мен басқа жабдықтар;

      2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынған тәжiрибесiмен және стандарттарымен белгіленген үш санаттың (I, II, III) бiреуi бойынша әуеайлақтың минимумын қамтамасыз ететiн қонудың жарық-техникалық жүйесi;

      3) әуежайда орналасқан әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң, кедендiк, шекаралық органдардың және санитарлық-карантиндiк бақылау органдарының тiркеуiне, ресiмдеуiне және тексерiс жүргiзуiне оқшауланған "ұшу", "қону" залдары, аса маңызды кiсiлерге (VIP) қызмет көрсету залы мен (СIР) бизнес-залы;

      4) жолаушылардың кедендiк декларациясын ресiмдеуге арналған үй-жай;

      5) жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, қол жүгін әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметi және кеден органдары тексеретiн кемiнде екi арнайы техникалық құралмен жабдықталған, кем дегенде үш тексерiс тiрегi. Бұл ретте арнайы техникалық жабдықтар әуе кемесiмен тасымалдауға тыйым салынған барлық заттар мен бұйымдарды табуы тиiс;

      6) төлқұжаттық бақылау үшiн "ұшу", "қону" залдарында кемiнде үш кабинадан және VIP пен СIР залдарында бiр-бiр кабинадан;

      7) байланыс (сондай-ақ халықаралық) құралдарымен қамтамасыз етілген шекаралық, кеден органдарының "ұшу", "қону" залдарындағы жұмыс бөлмелерi, азаматтардың арыздары мен өтiнiштерiн таза аймақтан тыс қабылдау тiркеу үшiн iшкi iстер органдарының үй-жайлары және жұмыс бөлмелерi. Бұл ретте, жұмыс бөлмелерi мен үй-жайлар саны әуежайда орналастырылған Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiмен, Кедендiк бақылау агенттiгiмен, көлiктегi iшкi iстер органдарымен және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органымен келiсiледi;

      8) анықтама бюросымен (телефонмен), қалааралық (халықаралық) телефонмен, ұшып келетiн және ұшып кететiн әуе кемелерi туралы ақпараттық тақтамен жабдықталған, транзиттiк (трансферлi) жолаушыларды орналастыруға арналған және тиiстi санитарлық-тұрмыстық жағдайы бар бөлме;

      9) өрт және күзет дабылымен жабдықталған қойма үй-жайлары, теңдеме жүкке, жүктерге (оның iшiнде белгiсiз жүктерге, теңдеме жүкке, почтаға, қол жүгiне) арналған сақтау камералары, сондай-ақ кеден бақылауындағы тауарларды уақытша сақтау қоймалары;

      10) әуежайда орналасқан әуежай қызметтерiнiң шекаралық және кеден органдарымен, санитарлық-карантиндiк бақылау қызметiмен, iшкi iстер органдарымен өзара iс-қимыл сызбалары мен технологиялық нұсқаулықтар;

      11) сауда-сервистiк және санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етiлген таза аймақта жолаушыларды оқшауланған жинаушылар;

      12) жолаушыларды аэровокзалдан әуе кемесiне дейiн және керi жеткiзуге арналған көлiк құралдары;

      13) жолаушыларды жеке тексерудi жүргiзуi үшiн, жалпы тексеру аймағында және шекаралық бақылау аймағында құжаттарды алдын ала оқып бiлу үшiн кемiнде екi-екiден оқшауланған үй-жайлар (кабиналар);

      14) әуежайларда орналасқан кеден, шекара органдары, көлiктегi iшкi iстер органдары, санитарлық-карантиндiк бақылау қызметi ауысымдарының демалуына арналған, байланыс құралдарымен, санитарлық-тұрмыс жағдайымен қамтамасыз етiлген таза аймақтан тыс орналасқан қызметтік үй-жайлар;

      15) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетiнiң келiсiмi бойынша санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен жабдықталған, жер аударылған, ұсталған азаматтарды орналастыру үшiн оқшауланған үй-жайлар (оқшаулайтын);

      16) арнайы қызметтiк жануарларды ұстауға арналған үй-жайлар;

      17) әуежайда орналасқан шекаралық, кедендiк органдар, авиациялық қауiпсiздiк қызметтерiнiң және iшкi iстер органдарының (кезекшiлер) тексеру пункттерi арасындағы селектрлi (дауыс зорайтатын) байланыс;

      18) қажет болған жағдайда санитарлық талаптарға сәйкес жабдықталған әуежай кемелерiне дезинфекция өткiзу үшiн алаң.

  3. Халықаралық ұшуларды орындау үшiн
әуеайлақтардың ашылуы 

      4. Халықаралық ұшулар үшiн әуеайлақтың ашылуы мақсатында әуеайлақ (әуежай) иесi (пайдаланушы) уәкiлеттi органға алдын ала облыс (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкiмдiгiмен келiсiлген өтiнiм бередi. Ұсынылған өтiнiмнiң негiзiнде әуеайлақтың (әуежайдың) осы Ереже талаптарына сәйкестiгiн зерттеу жүргiзу үшiн мүдделi мемлекеттiк органдардың мамандарын тарта отырып, әуежайға Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi қалыптастыратын мемлекеттiк қабылдау комиссиясы (бұдан әрi - комиссия) жiберiледi.
      Комиссия белгiленген тәртiппен әуеайлақтың осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлгендей әуежай қызметтерiн, жабдықтар мен үй-жайларды күтiлетiн жағдайда қолданылып жүрген жарамдылық нормаларына сәйкестiгiн пайдалануға дайындығын тексередi және нәтижелерi бойынша әуеайлақтың халықаралық ұшуды қамтамасыз етуге дайындығы туралы акт жасайды.

      5. Халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуге әуеайлақтың (әуежайдың) дайындығы туралы комиссияның актiсi Қазақстан Республикасының Үкiметiне халықаралық ұшуларды орындауға арналған әуеайлақтарды ашу туралы шешiм қабылдауы үшiн жiберiледi. Халықаралық ұшулар үшiн әуеайлақтар ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi қабылданғаннан кейiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекаралық қызметiнің, Қазақстан Республикасы Кедендiк бақылау агенттiгiнiң бөлiмшелерi және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетiнiң органдары жұмысқа кiрiседi.

      6. Iшкi авиажелiлерге қызмет көрсететiн әуеайлақтар техникалық, мәжбүрлi қону және гуманитарлық рейстердi орындауға байланысты халықаралық ұшуларға, сондай-ақ мемлекеттiк мiндеттердi орындау үшiн қызмет көрсетуге жiберiлуi мүмкiн.

      7. Халықаралық ұшуларды орындайтын әуе кемелерiне арналған қосалқы әуеайлақтар халықаралық авиатасымалдауға қызмет көрсетуге жiберілген әуеайлақтар қатарынан белгiленедi.

      8. Осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген халықаралық ұшуларға қызмет көрсетуге әуеайлақтын жiберiлуiн мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган белгiлейдi.