Мемлекеттiк қызметшi емес су жолдары ұйымдарының жұмыскерлерiнiң мамандықтары бойынша жұмыс өтiлiн есептеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 8 тамыздағы N 275-І бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 23 тамызда тіркелді. Тіркеу N 1959.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мемлекеттiк кәсiпорын туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы N  2335  заң күшi бар Жарлығына
сәйкес 
                        БҰЙЫРАМЫН: 

      1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк қызметшi емес су жолдары ұйымдарының жұмыскерлерiнiң мамандықтары бойынша жұмыс өтілін есептеу ережесi бекiтiлсiн. 
      2. Су көлiгi департаментi (Ж.М.Қасымбек) заңнамада белгiленген тәртiппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен келiссiн және мемлекеттiк тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне ұсынсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар вице-министрi Н.З.Ниғматулинге жүктелсiн.
      4. Бұйрық мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қарым-қатынастарға таралады.

       Министр 

        Келiсiлдi                       Қазақстан Республикасы
  Қазақстан Республикасының             Көлiк және коммуникациялар
 Еңбек және халықты әлеуметтiк                  министрiнiң   
   қорғау вице-министрі                  2002 жылғы 8 тамыздағы 
  2002 жылғы 23 шілде                 N 275-І бұйрығымен бекiтiлдi

          Мемлекеттiк қызметшi емес су жолдары ұйымдарының
               жұмыскерлерiнiң мамандықтары бойынша
                   жұмыс өтiлiн есептеу ережесi 

       1. Осы Ереже "Мемлекеттiк кәсiпорын туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 19 маусымдағы N  2335  заң күшi бар Жарлығына сәйкес әзiрленген. Ереже мемлекеттiк қызметшi емес су жолдары ұйымдарының жұмыскерлерiнiң мамандықтары бойынша жұмыс өтiлiн (бұдан әрi - жұмыс өтiлi) есептеу тәртiбiн анықтайды. 
      2. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiне су жолдары ұйымдарында және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, басқа ұйымдарда сол мамандықпен iстеген барлық жұмыс уақыты кiредi, сондай-ақ: 
      1) сол мамандық бойынша мемлекеттiк қызметте болу; 
      2) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, Қарулы Күштерде, iшкi, шекара әскерлерiнде, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағының азаматтық қорғаныс басқармалары органдары мен бөлiмшелерiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдары жүйесiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнде және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың, мерзiмнен тыс және мерзiмдiк әскери қызметтегi әскери қызметшiлердiң мiндеттi әскери қызметiн өткерген; 
      3) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, басшы құрамдағы адамдардың iшкi iстер органдары жүйесiнде, прокуратура органдарында қызмет iстеген, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағындағы сот аппаратында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тергеу комитетiнде жұмыс iстеген; 
      4) еңбек сiңiрген жылдары үшiн үстемеақы алатын құқық беретiн лауазымдардағы жұмысы, сот органдарындағы, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағының соттарында, прокуратура органдарында, iшкi iстер органдарында, КСРО-ның мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнде тақылеттес лауазымдарда жұмыс iстеген; 
      5) КСРО Мемлекеттiк банкi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жүйесiнде сол мамандықтар бойынша жұмыс iстеген; 
      6) жүктi болу және бала тууға байланысты демалыс, сондай-ақ баланы күту жөнiндегi жалақысы сақталмайтын, заңнамаға сәйкес берілетiн қосымша демалыс уақыты; 
      7) егер шетелге жiберер алдында қызметкер мемлекеттiк кәсiпорында жұмыс iстеген болса және көшу уақытын қоспағанда, шетелден қайтып келген күнiнен бастап екi айдың iшiнде мемлекеттiк кәсiпорынға қызметке тұрса, сол мамандық бойынша шетелде жұмыс iстеген; 
      8) егер қызметкер курсқа түскенге дейiн мемлекеттiк кәсiпорында жұмыс iстесе және бiтiрген соң кәсiпорынға қайта оралса, оның кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында мемлекеттiк кәсiпорындар жолдамасымен жұмыстан қол үзiп оқыған; 
      9) мамандық салалары бойынша ұйымдардағы ғылыми жұмыс; 
      10) заңсыз жұмыстан шығару және кейiн жұмысқа қайта орналасудағы мәжбүрлi жұмыста болмау; 
      11) Қазақстан Республикасының Парламентi депутатының, мәслихат депутатының өкiлеттiктерiн жүзеге асыру уақыты кiредi. 
      3. Осы Ережеге сәйкес есептелетiн жұмыс өтiлi күнтiзбелiк есептеуде ескеріледi. 
      4. Күнтiзбелiк ай iшiнде лауазымдық жалақысын көбейту құқығы туындаған қызметкерлерге, жұмыс өтiлiн ескере отырып, лауазымдық жалақысын есептеу осындай құқық туындаған күннен бастап жүзеге асырылады. 
      5. Жұмыс өтілiн құрамын ұйым басшысы бекiтетiн комиссия анықтайды. 
      Жұмыс өтiлiн белгiлеу жөнiндегi комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Шешiмнен көшiрмелер екi данада жасалады және бiр данасы кадр қызметiне, екiншiсi - бухгалтерияға берiледi.
      6. Еңбек кiтапшасы (ол бар болғанда) немесе жеке еңбек шарты не жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардан көшiрмелер, қызмет тізімі мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу үшiн негiзгi құжат болып табылады. Жұмыс iстеген кезеңдерi туралы қажеттi жазбалар болмағанда немесе қате немесе дәл емес жазбалар болған жағдайда жұмыс өтiлін растау үшiн анықтамалар, дербес шоттар және жалақы беру ведомостерi және заңнамада көзделген жұмыс кезеңдерi туралы мәлiметтер бар өзге де құжаттар қабылданады.