Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазына қойылатын талаптарды белгiлейтiн ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 31 наурыздағы N 79 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2001 жылғы 7 мамырда тіркелді. Тіркеу N 1494. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 237 Қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.08.24 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы вексель айналысы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын жүзеге асыру мақсатында" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
       Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда жазылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2004.09.13 N 120 қаулысымен.
      1. Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазына қойылатын талаптарды белгiлейтiн ереже бекiтiлсiн, Ереже және осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күндiк мерзiм өткеннен кейiн күшiне енгiзiлсiн. 
      2. Монетарлық операциялар департаментi (Әлжанов Б.А.): 
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазына қойылатын талаптарды белгiлейтiн ереженi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын; 
      2) осы қаулы және Ереже Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалдарына және екiншi деңгейдегi банктерге жiберсiн. 
      3. Халықаралық қатынас және жұртшылықпен байланыс басқармасы (Мартюшев Ю.А.) осы қаулы және Ереже Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң интернет-бетiнде жарияласын. 
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары М.Т. Құдышевке жүктелсiн. 

       Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкi Басқармасының
2001 жылғы 31 наурыздағы
N 79 қаулысымен   
БЕКIТIЛГЕН     

Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын 
немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазына 
қойылатын талаптарды белгiлейтiн
Ереже
 

          1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазының қорғаныш дәрежесiне қойылатын талаптарды, сондай-ақ вексель қағазына қойылатын басқа да талаптарды белгiлейдi. 
       Ескерту: 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 13 қыркүйектегі N 120   қаулысымен .
 

      2. Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе оның аумағына әкелiнетiн вексель қағазы осы Ережеде белгiленген қорғаныштың полиграфиялық және физикалық-химиялық нысандарының ең аз талаптарына сай болуға тиiс. 
 

      3. Вексель қағазын қорғаудың полиграфиялық нысанына мыналар кiредi: 
      1) гильошир элементтерi - вексель қағазын көркем безендiруде айшықты құрал қызметiн атқаратын және ашық түсте - күңгiрт, ал күңгiрт түсте - ашық етiп салынған эллипс түрiндегi және басқа нысандардағы тұтас сызықтар болып келетiн жiңiшке тор iспеттес ою-өрнек немесе белдеу түрiнде орындалған тұрақты қорғаныш элементтерi. Сонымен бiрге ою-өрнек иректермен айналдыра көмкеріледі және түрлі тәсілдермен осы тәрізді әлдеқайда күрделі тұйықталған қисық нұсқалар салу жолымен жасалады, ал белдеулер вексель қағазының белгiлi бiр бөлiгiн алып тұратын тұйықталған қисық сызықтардан құралады; 
      2) бет жағы мен сырт жағындағы түстi бейнелер - жiңiшке сызықтардан құралған, солғын түстi бояулармен басылған, тор (қиылысатын екi-үш гильошир тор) түрiнде салынған сурет. Негiзгi түс тұйықталған, жеткiлiктi ашық жер қалдыру үшiн және элементтер арасында байланыс болуы үшiн қажет. Негiзгi түстiң сызықтарынан тұратын, қалыңдығы бiркелкi етiп салынған суреттер ою-өрнек сипатында болуы мүмкiн; 
      3) штрихтi сурет - белгiлi бiр бөлiктерiн қарайтуға болмайтын нәзiк штрихтер арасы барынша жақын етiп жасалған сурет; 
      4) микромәтiн - сөздердiң арасына ашық жер қалдырылмай жазылған, әрiптердiң биiктiгi 0,2 - 0,3 мм-ден аспайтын жолдар, ол қандай да бiр суреттi көмкерiп тұратын не жиектің өзі ретінде қолданылатын, сондай-ақ негiзгi түс түрiнде құрастырылатын жиек элементтерiнiң ортасына орналастырылады. 
 

      4. Қорғаныш нысанының физикалық-химиялық (арнайы) нысанына вексель қағазына қойылатын талаптар: 
      1) қағаздың ұзын торлы немесе дөңгелек торлы су тамғы белгiсi; 
      2) қағаздағы көрiнiп тұратын арнайы талшық; 
      3) спектр аймағы - УК арқылы көруге болатын қағаздағы арнайы талшық; 
      4) қорғаныш (пластика, магниттi, металл қосылған) жiптердiң болуы; 
      5) индикаторлық қоспалардың болуы; 
      6) жарық түскен кезде сәулеленiп тұрмауға тиiс. 
 

      5. Осы Ережеде көзделген вексель қағазын қорғау нысандарынан басқа вексель қағазын шығаратын не оны Қазақстан Республикасының аумағына әкелетiн тұлғалар вексель қағазын қорғайтын басқа да көзге көрiнетiн және көрiнбейтiн қосымша элементтерді қабылдауы мүмкiн. 
 

      6. Вексель қағазын шығарушы тұтынушыға құжатты вексель қағазының әрбір тобына барлық қорғаныш элементтерiнің және оларды анықтау тәсiлдерiнiң толық талдамасымен қоса беруге мiндеттi.
 

      7. Вексель қағазының мәтiнi (вексель бланкi) мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жасалуға тиiс.
 

      8. <*>
       Ескерту: 8-тармақ алынып тасталды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы N 93   қаулысымен .

      Ұлттық Банк
      Төрағасы